Бейсенбі, 30 тамыз 2012 7:44
АЙШЫҚТЫ АТА ЗАҢ – АЗАТТЫҚ АЙҒАҒЫ
Біз билік құрудың жаңа ұстанымдарын бекіткен және азаматтардың негізгі құқықтарын қорғайтын өз Конституциямызды қабылдадық. Және біз басты жетістіктерімізге 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституциямыздың арқасында жетіп отырмыз.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Бейсенбі, 30 тамыз 2012 7:44
АЙШЫҚТЫ АТА ЗАҢ – АЗАТТЫҚ АЙҒАҒЫ
Біз билік құрудың жаңа ұстанымдарын бекіткен және азаматтардың негізгі құқықтарын қорғайтын өз Конституциямызды қабылдадық. Және біз басты жетістіктерімізге 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституциямыздың арқасында жетіп отырмыз.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.
* * *
Биыл еліміз Негізгі Заңымыздың қабылдануының он жеті жылдығын мерекелеуде. Бүкілхалықтық маңызы бар актіге айналған Конституцияның қағидалары мен нормаларына бұлжытпай сүйене отырып, Қазақстан осы жылдар ішінде орасан табысқа қол жеткізді. Ата Заңымызда 1995 жылғы 30 тамызда елдің конституциялық саясатының негіздері айқындалып, ол уақыт талабына қарай бірқатар өзгерістерге ұшырады. Міне, осы орайда біз Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь РОГОВКЕ жолығып, Ата Заңымызға байланысты тың ойларымен бөлісуді сұраған едік.
– Игорь Иванович, Республика Конституциясының кезекті мерекеліжылын қазақстандықтар өмірдің барлық саласындағы жоғары табыстармен қарсы алып отырғаны көңіл қуантады. Ендеше халқымыздыңосы саяси, экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және өзге десалалардағы табыстарында, сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік саласынжаңғыртуда Конституцияның бүгінгі рөлі қандай?
– Мемлекет басшысы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан-ақ ұстанып отырған Конституцияның әлеуетін өмірдің барлық саласында мейлінше жүзеге асырылуын қамтамасыз ету арқасында республикамыз әлемдегі қарқынды дамып отырған елдердің біріне айналды.
Өткен жылы Қазақстан өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Ел Парламенті қабылдаған Қазақстанның Мемлекеттік Тәуелсіздігінің 20 жылдығы Декларациясында республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және өзге де жетістіктері паш етілді. Еш күмәнсіз – Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі заңды деп танылуына Негізгі Заң іргетас болды. Мемлекеттік билік органдарының, қоғамдық институттар мен азаматтардың қызметі, еліміздің жетістіктері, бейбіт те тыныш өміріміз, ертеңгі күнге деген сеніміміз, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің артуы Конституция белгілеген құқықтық негіздерге сүйенеді. Біздің жетістіктеріміз Негізгі Заңның авторы – халықтың қалауы іске асырылғанының жарқын айғағы.
Еліміздің бағдарламалық-стратегиялық құжаттарының, Республика Президентінің жолдаулары мен сөйлеген сөздерінің негізгі мазмұны әрбір қазақстандыққа деген қамқорлықтан тұрады. Мемлекет басшысының таяуда жарияланған, қоғамымызда оң қабылданып, тың серпіліс туғызған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында, елдің әлеуметтік жаңғыртылуы қоғамды жаңа индустриялық-инновациялық экономика жағдайында өмір сүруге дайындауды, Қазақстанның үдемелі экономикалық дамуы мен қоғамдық игіліктермен қамтамасыз ету арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті табуды, құқық пен әділеттілік қағидаларына негізделген әлеуметтік қатынастар орнатуды мақсат тұтады, деп айрықша атап өтілген. Өзінің көз алдаушы екенін дәлелдеген тұтынушылық қоғамының тұжырымдамасы орнына Елбасы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынды. Оның мынадай маңызды конституциялық негізі бар: әркімнің еркін еңбек ету құқығы, қызмет түрін және мамандығын еркін таңдау құқығы, кәсіпкерлікпен шұғылдану және өзінің мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызметпен шұғылдану үшін пайдалану құқығы.
– Биыл елімізде тағы да бір оқиға – бүкіл адамзаттың қауіпсіздігінқамтамасыз ету жолында асқан маңызға ие – Ядролық сынақтарғақарсы халықаралық іс-қимыл күні кеңінен атап өтілуде. Бұл күн Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін алған алғашқы сәттен басталғанболатын. Қандай халықаралық құжаттар мен конституциялықактілердің, соның ішінде ел Конституциясының қағидалары бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге негіз болып табылады?
– Кеше тек қазақстандықтар ғана емес, бүкіл әлем қауымдастығы Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтті. Оны Қазақстанның ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы 2009 жылғы желтоқсанда жариялады (64/35-резолюция). 1991 жылғы нақ осы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы тарихи да батыл шешімі қабылданған болатын. Соның арқасында қазір бүкіл әлем ядролық қарусыз мемлекет ретінде Қазақстанды тілге тиек етеді.
Бұл жерде ерекше айтарымыз, Қазақстан қуаты жағынан әлемдегі 4-орынды иеленген ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Бұл теңдессіз қадамға Мемлекет басшысы бүкіл адамзаттың өмір сүруінің негіздерін айқындайтын бұлжымас жалпы гуманистік қағидаларды ұстана отырып, бірінші кезекте, адам үшін ең маңызды, оның ең басты және туа біткен құқығы – өмір сүру құқығын қамтамасыз етуге ұмтыла отырып барды.
Көп мемлекеттердің, солардың ішінде Қазақстанның да Конституциясы адамның өмір сүру құқығын асқан құндылық ретінде таниды. Шын мәнінде ол демократиялық қоғамдағы басты меже, құқықтар мен бостандықтар институтының өлшемі болып табылады.
Өзінің кең мағынасында өмір сүру құқығы – бұл адамның өмір сүруге, оның өмірін ешкім өз бетімен қимауына (бұл өзінен-өзі түсінікті) ғана құқығы емес, оның еркін, бейбіт те лайықты өмір сүруіне де құқығы. Кезінде Аристотель мемлекет өмір сүруге мүмкіндікті қамтамасыз ету үшін емес, көбіне, бақытты өмір сүруге мүмкіндікті қамтамасыз ету үшін құрылады деген болатын.
Жылдар өте, қазіргі құқықтық жүйелерге арқау болуға тиіс бұл түбегейлі құндылықтар Қазақстан басшысының ядролық қаруға қарсы бастамаларында шынайы көрініс тапты. АҚШ Президенті Барак Обама жуырда «ядролық қарудан бас тарту елдің экономикалық өсуі мен оның гүлденуіне әкелді. Қазақстан осы бағытта күш жұмсау үшін бүкіл әлемге үлгі болды» деп атап өткен болатын. Негізгі Заңды құрметтеу, конституционализм идеялары мен қағидаларын басшылыққа алу Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ мемлекеттік саясат деңгейіне шығарылды деп айту әбден негізді. Мұндай ұстаным әрқашанда алдымызға биік мақсаттар қойып, өркениетті жолмен соған жетуге мүмкіндік беріп келді.
– Мемлекет тарапынан қолға алынып отырған шаралардың қайсысынсіз елдегі конституциялық заңдылықты нығайтуға бағытталған деперекше атап көрсете аласыз? Осы орайда Мемлекет басшысыныңбағдарламалық сөздерінде көрсетілген жаңа міндеттер тұрғысында қоғамымыздың қол жеткізген табыстары мен алдында тұрған міндеттерінқорыта айтып бере аласыз ба?
– Еліміз әлеуметтік бағытталған нарықтық экономика жолымен алға нық басып келеді. Ұзақ мерзімді бағдарламалық құжаттар – Қазақстан-2030, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық бағдарламасы, 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасы және т.б. сәттілікпен іске асырылуда.
Қос палаталы Парламент уақыт сынынан сүрінбей өтіп, елімізде іске асырылып жатқан қайта өзгертулердің заңнамалық локомотивіне айналды. 2012 жылғы 16 қаңтарда өткізілген кезектен тыс сайлау қорытындысы бойынша Парламент Мәжілісіне үш саяси партияның өкілдері сайланды. Осы арқылы, заң шығару өкілеттігін іске асыратын жоғары өкілді орган – Парламенттің көппартиялылығы қағидасын қамтамасыз ету бөлігінде 2007 жылғы конституциялық реформаның мақсаты мерзімінен бұрын жүзеге асырылды.
Әлем экономикасындағы дағдарыс пен басқа да қолайсыз жағдайлар қатар келіп отырған кезеңде, мемлекеттілік қалыптасуының күрделі жағдайында атқарушы билік органдары өзінің біліктілігі мен кәсібилігін дәлелдеп, қазір де көрсетіп келеді. Сот ісін жүргізудің тиімді нысандарын бойына сіңірген тәуелсіз сот жүйесі қалыптасты. Үстіміздегі жылғы шілдеден бастап елімізде істердің сот сатыларынан өтуінің жаңа тәртібі енгізілді, ол іс жүргізуді оңтайландыруға және жеделдетуге бағытталған.
Құқық қорғау органдарының, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, адвокатураның, нотариаттың және басқа да құқық қорғау институттарының қызметі адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Қарулы күштер және ұлттық қауіпсіздік органдары ел егемендігін күзетуде.
Мемлекет басшысы еліміз дамуының стратегі әрі дем берушісі, Конституцияның мызғымастығының, халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң, мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісіп жұмыс істеуінің және олардың халық алдындағы жауапкершілігінің нышаны әрi кепiлi болып табылады.
Республика Президентінің тапсырмаларына сәйкес құқық қорғау жүйесі жаңғыртылуда. Қазақстанда жүргізіліп отырған демократиялық қайта өзгертулер, адам құқықтарын асқан құндылық деп тану қағидатын жаппай орнықтыру аясында Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің және Әкімшілік іс жүргізу кодексінің жаңа редакциялары әзірленуде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барған сайын күшеюде. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының 2012 жылғы 8 сәуірдегі Жарлығына сәйкес республиканың құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау өткізілуде. Барлық кезеңі ішінде бақылаудың көп деңгейлі жүйесі қарастырылған мұндай ауқымды іс-шара елімізде алғаш рет өткізілуде. Кезектен тыс бұл аттестаттаудың мақсаты мен міндеті – қоғам күткендегідей және құқықтық мемлекет қағидаттарына жауап беретін қазіргі заманғы құқық қорғау жүйесін жасау үшін кадрлық әлеует қалыптастыру, біліксіз, өзін жағымсыз жағынан көрсеткен лауазымды тұлғалардан тазара отырып, сонымен бір уақытта өз ісіне адал әрі кәсіби сауатты қызметкерлерді іріктеудің тиімді тетіктерін жасау, құқық қорғау органдарының кадр саясатын сапалы түрде өзгерту және халықтың оларға деген сенімін арттыру болып табылады.
– Халықаралық құқықтық қатынастар саласында қандай іс-шараларконституциялық маңызға ие?
– Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактілерді, БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа және Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенцияларын ратификациялады. Адам құқықтарын қорғау саласындағы бірқатар көпжақты халықаралық әмбебап актілерді өзінің қолданыстағы құқық жүйесіне енгізді, олардың ішінде – Геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жазалау, нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою, бала құқықтары, кепілге алуға қарсы күрес туралы конвенциялар, Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенция және т.б.
Еліміздің халықаралық ауқымдағы бастамалары ең жоғарғы деңгейде іске асырылуда. Мәселен, 2010 жылы Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі өзінің асқақ әрі жауапты миссиясын абыроймен атқарып шықты. Мемлекет басшылары мен ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің үкімет басшылары 2010 жылғы 3 желтоқсанда Астанада қабылдаған Декларацияда адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын сақтай отырып бейбітшілікті қолдау туралы Қазақстан Республикасының Конституциясымен үндес ереже бекітілді. Биыл Қазақстан халқының саны 1,5 млрд. адамды құрайтын 57 мемлекетті біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Төрағасының міндетін атқаруды табысты аяқтады.
Үстіміздегі жылғы 13 наурызда Республика Президенті «Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссиядағы (Венеция комиссиясындағы) Қазақстан Республикасының мүшелігі туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл акті Еуропа Кеңесі министрлері комитетінің Қазақстанның тиісті өтінішін қанағаттандыру туралы шешімінен кейін қабылданды. Бұл Қазақстанның құқық үстемдігін нығайту саласындағы жетістіктерін халықаралық қоғамдастық танып, мойындауын айғақтай түседі.
Үстіміздегі жылғы мамырда Астанада V Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІV съезі өтті. Қазақстан беделді халықаралық ұйымдар – БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның, ИЫҰ-ның, ТМД-ның, ШЫҰ-ның, АӨСШК-нің, ҰҚШҰ-ның, ЕурАзЭҚ-тың белсенді мүшесі болып табылады.
– Құқық үстемдігін орнатуда, конституциялық заңдылық режіміннығайтуда Конституциялық Кеңестің бүгінгі таңдағы рөлі қандай?
– Конституциялық заңдылық режімін сақтау және Конституция ережелерінің бірізді түсіндірілуіне кепілдік беру тетігінде Конституциялық Кеңеске маңызды рөл бөлінеді. Егер күні кеше ғана заң ғылымында Конституция өзін-өзі қамтамасыз ете алады, оның бойындағы реттеушілік әлеуеттің іске асырылуы үшін Конституцияның болғаны-ақ жетерлік деген пікір кеңінен етек алған болса, енді бүгінде конституционализм идеялары мен қағидаларының елімізде орнығып, дамуы үшін Конституцияның әртүрлі «сұғынушылықтардан» қорғалуын қамтамасыз ететін мамандандырылған институттың қажет екені айқындала түсті. Өзі құрылған сәттен бастап Конституциялық Кеңес мемлекеттің тәуелсіздігі және егемен құқығы туралы; мемлекеттіліктің конституциялық негіздері туралы; аумақтық тұтастығы туралы; шекарасына ешкімнің қол сұқпауы және аумағының ешкімге берілмеуі туралы; мемлекеттің біртұтастығы және президенттік басқару нысаны туралы; халық пен мемлекеттік биліктің біртұтастығы туралы; азаматтық туралы; мемлекеттік тіл туралы және басқа да көптеген конституциялық нормаларға ресми түсіндірме берді. Кейін оның құқықтық ұстанымдары нормативтік құқықтық актілер әзірлеу және мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдау кезінде негіз етіп алынды.
Өзінің көптеген шешімдерінде Конституциялық Кеңес еліміздің құқық үстемдігі қағидасына сәйкес дамуының маңыздылығын атап өткен болатын. Венеция комиссиясының 2011 жылғы наурызда бекітілген арнайы баяндамасында құқық үстемдігі түсінігінің құрамдас элементтері ретінде мыналар: заңдылық, соның ішінде заңнама қабылдаудың ашық, есепті және демократиялық үдерісі; құқықтық айқындылық; өктемдікке тыйым салу; тәуелсіз және әділ сот тарапынан қамтамасыз етілетін сот төрелігіне қол жеткізу; адам құқықтарын сақтау; кемсітпеушілік және заң алдындағы теңдік арнайы бөліп көрсетілген.
Құқық үстемдігі, Конституцияның ұлықтығы, заңның билігі, тікелей айтқанда – тиімді заңның билігі – бүгінгі таңда Қазақстанның ойдағыдай дамуының және жаһанданған әлемде өзін лайықты көрсете білуінің бірден-бір шарты. Құқықтық мемлекетте бұл қағидаттар бірінші кезекте мемлекеттік органдарға қаратылған. Құқық үстемдігі күнделікті өмірдің бір бөлшегіндей құқықтық санамызға мықтап ұялауы, тіпті, мемлекеттік идеологияға айналуы тиіс.
– Демек, сіз қоғамда басымдыққа ие идеология болуы керек деппайымдайсыз ғой. Сонда пікір сан-алуандылығы қағидасымен бұлқалай үйлеседі?
– Әрине, түрлі мақалаларда бірыңғай мемлекеттік идеология болмауы тиіс, бұдан бұрынғы кеңестік кезеңге қайта оралу деген тұжырымдарды кездестіруге болады. Мұндай тұжырым нақтылауды қажетсінетін секілді.
Конституцияның 5-бабында идеологиялық және саяси сан-алуандылықтың танылуы азаматтардың сол немесе өзге бір құндылықтарды таңдап, соған сену бостандығын қарастырады, бірақ сонымен бірге олардың ортақ көзқарастары мен идеялары негізінде ерікті түрде бірлесуіне кедергі жасамайды. Ал егер олар көкейкесті проблемаларды шешуге ықпал ете алатын, соның ішінде мемлекеттік билік органдарындағы өздерінің өкілдері арқылы ықпал ете алатын көпшілік болса, бұдан келіп-кетер пайда молая түспек. Сондықтан, көпшілік мүддесін білдіретін мемлекеттік идеология немесе ұлттық идея қажет деп шартты түрде болса да айта аламыз. Республика Президенті қоғам дами келе ұлттық идея да дүниеге келетінін, оның құрамдас элементтері ретінде ұлттың тұтастығын, қуатты әрі бәсекеге қабілетті экономиканы, жасампаздық әлеуеті жоғары зиялы қоғамды, Қазақстанды құрметке лайық мемлекет етіп құруды атап көрсеткен болатын. Қазақстан басшысының пікірінше, осыдан 17 жыл бұрын 7 миллионнан астам (немесе 89,14 пайыз) азаматтарымыз жақтап дауыс берген Республика Конституциясы осындай ұлттық идеяның, идеологияның және т.б. құрамдас бөліктерін өз бойына сіңірген түпқазық болып табылады. Оның үстіне, «Біз қайда барамыз? Түпкілікті мақсатымыз не? Оған қалай жетеміз?» деген сұраққа жауап беретіндей етіп, қоғам мен мемлекеттің аяқ алысының негізгі бағыт-бағдарын да нақ осы Конституция айқындайды. Бұл сұрақтың жауабында халқымыздың ең бір жүрекжарды тілегі жатқанына нық сенімдімін. Оларды іске асыруда Конституцияның рөлі орасан.
Біріншіден, Негізгі Заң ұлт құралатын қағидаттарды айқындайды. Жалпыға ортақ танылған адами құндылықтарды және іргелі халықаралық құжаттарды ескере отырып, Конституция адам тұлғасының асқан құндылық екенін, адамдардың тең құқылы екенін танып, кез келген жағдаяттарға қатыссыз кімді де болмасын кемсітуге тыйым салды, меншікке қол сұғылмауына, түрлі пікір болуына, адамды туа біткен құқықтары мен бостандықтарынан айырмауға, халықтың егемендігіне және т.б. кепілдік берді.
Екіншіден, Конституцияда ұлттың бет алған мақсаты айқын көрсетілген. Қолданыстағы Ата Заңымыздың 1-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары оның ең қымбат қазынасы болып табылады деп бекітілген. Бұл Қазақстанның осы бағытта өзінің мүмкіндігіне қарай сөзсіз алға жылжи беретінін және бұл үрдістің тоқтаусыз екенін білдіреді.
Үшіншіден, Конституция осы биік мақсатқа жетудің тәсілдерін айқындайды. Конституцияның 1-бабының 2-тармағында бекітілген Республика қызметінің түбегейлі қағидаттары: қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық жолдармен, соның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу осы тәсілдерге тікелей меңзейді. Мемлекеттік саясат та осы амалдарға сәйкес құрылып, іске асырылып, тәуелсіз Қазақстанның өмір сүруінің сара жолы қалыптасады.
Құқықтық мемлекет қоғаммен, азаматтық қоғаммен қабаттасып қана өмір сүре алады. Өз кезегінде азаматтық қоғам құқықтық мемлекет болмаған жерде толыққанды дами алмайды. Сондықтан бәріміз де, бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілер, Негізгі Заңның әрбір қағидасы мен әр сөзіне жауап беретін конституциялық тағылым қалыптасуы үшін қажетті барлық жағдайды жасауымыз, конституциялық нормалардың күнделікті іске асырылып, бірізділікпен қолданылуын қамтамасыз етуге тиіспіз.
Республика Президенті қайта-қайта атап өткендей, еліміздің Ата Заңы біздің биік мұратымыз – тәуелсіз, экономикалық дамыған, әлем қауымдастығына етене кіріккен, азаматтарының әл-ауқатты өмір сүруі қамтамасыз етілген мемлекет құру жолындағы аяқ алысымызды реттейтін түбегейлі құжат болып табылады.
– Салмақты да салиқалы әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».