• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Маусым, 2012

Португалия – төрттіктің алғашқысы

321 рет
көрсетілді

Португалия – төрттіктің алғашқысы

Сенбі, 23 маусым 2012 7:25

Маусымның 21-і күні Еуропа чемпионатында 1/4 финалдың алғашқы матчы ойналды. Бұл күні Чехия және Португалия құрамалары кездесті. Онда 1:0 есебімен жеңіске жеткен португалдар 1/2 финал төрттігінің бірінші ұжымы болып тіркелді.

 

 

Сенбі, 23 маусым 2012 7:25

 

Маусымның 21-і күні Еуропа чемпионатында 1/4 финалдың алғашқы матчы ойналды. Бұл күні Чехия және Португалия құрамалары кездесті. Онда 1:0 есебімен жеңіске жеткен португалдар 1/2 финал төрттігінің бірінші ұжымы болып тіркелді.

Матчқа дейін. Ширек фи­нал­дық шайқас алдында Чехия құрамасының бас жаттықты­ру­шысы Михал Билек қарсыластар құрамында Криштиану Роналдудан басқа да күшті ойыншылар көп екенін атап өтті. «Біз португалдарды бөліп-жармай, бәріне қарсы тұра білуіміз керек, – деді ол. – Бірінші матчта тым ашық ойнап едік, оның жазасын тез тарттық. Бұл бізге сабақ болды. Ендігі ойын басқаша болады». Ал Португалия құрамасының бас жаттықтырушысы Паолу Бенту команданың өз стиліне берік, яғни бұрынғысынша ша­буылдың шашбауын көтере бе­рет­інін мәлімдеді. «Тек тым алып-ұшпай, салқынқанды және мұқият ойнауымыз керек», – дегенді де сол айтты.

Дерек. Бұл командалар бі­рін­ші рет бұдан тура 16 жыл бұрын, 1996 жылғы 23 маусымда Еуропа біріншілігінде кездесіп еді. Сонда тұманды Альбион жерін­дегі жан алып, жан берген шай­қаста Карел Поборски бастаған чех ойыншылары 1:0 есебімен басым түскен. Мұның қарым­та­сын «Селесау» тек 2008 жылы 11 маусымда ғана 3:1 етіп қай­та­ра алды. Құрамалар мұнда Еуропа біріншілігінің топтық сайы­сы­ның екінші турында ұшырасқан.

Ойын. Михал Билектің жі­гіттері өздерінің бұрынғы тактикаларын өзгерте қоймады. Ыс­қы­рық үні естілісімен алға ұм­тыл­ған олар алғашқы сәттегі абыр-дабырды пайдаланып қалу­ға тырысты. Чехтардың оң қап­талдан айып алаңына бірнеше рет жеткізген доптары шынында біраз қауіп үйірді. Португалдың қорғаныс шебіндегі Фабиу Коэнтрау бастаған сарбаздар шыр­ға­лаңы көп бұл шабуылдарға бар­лық уақытта бірдей лайықты тосқауыл қоя алмады. Жағдайды чехтардың өз қателіктері түзеп кетіп жатты. Өз кезегінде Бенту қырандары қайтарған қауырт жауаптар бұдан да қауіпті бола түсті. Мұнда жанкүйер жұрт Криштиану Роналдудың көп бел­сенділігіне куә болды. Топтағы алғашқы екі кездесуді оншама оралымды ете қоймаған команда капитанының Голландия құрама­сымен матчта қаншалықты орасан зор еңбек сіңіргенін де мамандар қапысыз байқады. Алдын ала айта кетейік, Криш­тиа­нудың бұл жолы анық төрт гол соғуына болатын еді. Соның еке­уі тағы да қақпа бағанынан қайт­са, біреуін форвардтың өзі мүлт жіберді.

Ойынның екінші бөлігінде чехтар қарсыластарын қарсы шабуыл кезінде қапыда қалдыру ние­тімен алаңсыз артқа кетіп тынды. Бірақ португалдар олар­дың бұлайша тұтқиылдан жамырап шыға келулеріне енді жол бермеді. Мұның орнына олар Пе­тер Чех қорғаған қақпаны құр­сауланған қоршауға алып алды. Осы тұста голкиперге бірнеше рет шеберлігін көрсетуге тура келді. Алайда, 79 минутта Криштиану Роналду ұрған допқа оның да қарсы қояр амалы қалмады. Шабуылшының сол қапталдан жылдам жеткен допты басымен ұру арқылы қалай тамаша етіп түсіргенін көрермен көпшілік өз көздерімен көрді ғой деп ойлаймыз. Ал Билектің шәкірттері бұ­дан кейін қаншама рет қарсы жо­рық ұйымдастыруға ұмтыл­ған­дарымен, ол ойларын жүзеге асы­ра алмады. Жалпы, олар бү­кіл ойын бойына бір рет те қақ­па­ға туралап соққы жасай алған жоқ.

Матчтан соң. Португалия құ­­рамасының бас бапкері Паолу Бенту ең алдымен: «Біздің мақ­сатымыз Испанияны не Фран­ция­ны ұту», дегенді айтты. «Бұл ойын Голландиямен айқастан бі­раз өзгешелеу болды, – деді бұ­дан ары. – Бізді чехтардың алғаш­қы 20-25 минут тең дә­ре­жеде шайқасқаннан кейін біржо­ла қор­ғанысқа кеткені таң қал­дырған жоқ. Оларды біз соған мәжбүр еттік. Ал үзілістен кейін тамаша футбол көрсеттік. Сол жеңіс әкелді». Чехия құрама­сы­ның бас жаттықтырушысы Михал Билек өте күшті қарсы­лас­тың тап кел­­генін бірден мойындады. «Бұл командамен күресу­дің қиынға соғатынын білдік», – деді ол. Содан соң бұрыннан қалыптасқан әдеп ережесі бойынша бүгінгі қарсыластарына бұдан әрі де табысқа жете беруді тіледі.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».

Ойлар, пікірлер, көзқарастар

Дик АДВОКАТ,

Ресей құрамасының бұрынғы бас жаттықтырушысы:

– Жұрт барлық кінәны маған аудара салғысы келеді. Бірақ шындықтың бетіне тура қарайық. Біз Чехиямен тамаша матч өткіздік, Польшаны бірінші таймда тырп еткізбедік. Гректерді де талқандауға тиіс едік. Бірақ бұған қол жетпей, үш ойыннан кейін турнирден шығып қалдық. Біз жұлдыздарсыз команда едік. Еуропаға барған орыс жігіттері ылғи запаста отырады. Осыған қарамастан, біз керемет команда жасай білдік. Шамасы, қорғанып жатып алған гректердің шебін бұзып шығуға олардың шеберліктері жетпесе керек…

Уэйн РУНИ,

Англия құрамасының шабуылшысы:

– Бізді итальяндармен өтетін күрделі матч күтіп тұр. Оған қарамай, ақырына дейін шайқасамыз. Маған біздің қазіргі құрама осыған дейін өзім ойнағандардың ішіндегі ең ұйымшылы сияқты көрінеді. Біз өз күшімізге сенімдіміз, ең маңыздысының өзі де сол.

Ален БОГОССЯН,

Франция құрамасы бас жаттықтырушысының көмекшісі:

– Біз шведтерді жеңіп, топтан бірінші болып шығуға тиіс едік. Өкінішке қарай, оған қол жетпеді. Енді ол туралы ойлап жатуға уақыт жоқ. Испандармен ойынға дайындалуымыз керек. Біз олардың ойындарын түн жарымы ауғанша талдап шықтық. Бұл команданы тоқтату оңай емес. Ал біз соны жасаймыз.

Игнацио АБАТЕ,

Италия құрамасының қорғаушысы:

– Қазір Англия ойыншыларының көңіл-күйлері жақсы. Оларға Руни қосылды. Алайда, біз де сорлы емеспіз. Сондықтан ертеңгі кездесуде ағылшындарға өз ойынымызды таңуымыз керек. Олардың қапталдардан жылдам өрбитін өте қауіпті қарсы шабуылына тосқауыл қоймай болмайды. Бұл біздің қолымыздан келеді.