• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
03 Шілде, 2012

Құрлықтың мықтысы – Испания

333 рет
көрсетілді

Құрлықтың мықтысы – Испания

Сейсенбі, 3 шілде 2012 7:28

«Қызыл фурия» бұл атаққа тарихта бірінші болып қатарынан екінші мәрте қол жеткізіп отыр

Шілденің 1-і күні Киевте ойналған Еуропа чемпионатының финалында Испания құрамасы Италия командасын 4:0 етіп ұтып, Еуропа чемпионы атанды. Егер осылардың арасында, 2010 жылы «қызыл фурияның» әлем чемпионатын да жеңіп алғанын еске алар болсақ, бұл оның соңғы төрт жылдың ішіндегі үшінші толағай табысы болып табылады.

 

Сейсенбі, 3 шілде 2012 7:28

«Қызыл фурия» бұл атаққа тарихта бірінші болып қатарынан екінші мәрте қол жеткізіп отыр

Шілденің 1-і күні Киевте ойналған Еуропа чемпионатының финалында Испания құрамасы Италия командасын 4:0 етіп ұтып, Еуропа чемпионы атанды. Егер осылардың арасында, 2010 жылы «қызыл фурияның» әлем чемпионатын да жеңіп алғанын еске алар болсақ, бұл оның соңғы төрт жылдың ішіндегі үшінші толағай табысы болып табылады.

Еуропа қарсыластардың бірі айқын басымдылық танытқан мұндай финалды көптен бері көрген жоқ. Мәселе испандар­дың чемпионат басталғалы бері бірінші рет осындай жойқын ойынның жортуылына жалын қосқанында ғана емес. Олар өз елдеріндегі «Барселонаның» ең бір керемет бабында тұрған кезінде ұсына алатын барынша үздік ойындарының үлгісін көр­сетті. Сардар Висенте дель Бос­кенің сарбаздары үшін бұл күні алаң үстінде артық-ауыс доп бе­ріс, босқа жүгіріс, тіпті бол­ма­ған есепті. Олар бәрін өте дәл, мейлінше нақты, қолдан келге­нінше таза істеді. Ұйым­дастыр­ған комбинацияларының өзі бірінен бірі асып түсті. Сондай кездерде аренаның алқымында бір ғана команда ойнап жат­қан­дай әсер қалдырды. Себебі, ойыны құйындай ұйытқығанымен, дәлдіктің дәргейіне бас ұрған испандардың қимылына итальяндар ілесе алмай жатты.

Матчтың басы екі жақтың да бір-бірлеріне қатаң прессинг қолдана отырып, сақтана әрекет етуімен есте қалды. Ал қақпаға қарай сартылдатып сақпан атуды аппениндік жігіттер бастады. Бірақ айып алаңының ауқымы­нан орағыта ұрылған доп дарбазадан дүрегей ұшты. Бұдан кейін пиренейлік қорғаушылар итальяндардың мұндай еркінші­лігіне аса көп жол бере қойма­ды. Олар қарсы жаққа бірінші қауіпті соққыны 6 минутта айып добын орындау арқылы жасады. Осыдан бастап испандардың басымдылығы сәт сайын ұлға­йып, тамшыдан құралған теңіз­дей бірте-бірте көлемін көбейте берді. Олар итальяндарды жан-жақтан қыспаққа алып, доп бе­руді мүлдем дерлік қойды. Бұ­ған «скуадра адзурра» қат-қабат қорғанысын қарсы қойды. Енді оны бұзып-жарып, ішке қарай өту оңай болмады. Дегенмен, испандар мұның да ебін тапты. Олар бір-бірлеріне қыс­қа қа­шықтықта пас бере отырып, өзгенің өрісінен саңы­лау тапты. Алғашқы соққылар алыстан ұрылды – Андрес Иньестаның аяғынан ұшқан бұл екі допты да қорғаушылар жолай қағып үлгерді. Бұдан соң екі аңдушы­сын соңына ерте-мерте алға ұмтылған Сеск Фабрегас­тың тас­таған добын Хави қақпа бағанынан сәл ғана жоғарыдан зіңк еткізді. Осы тұста нағыз шарасыздың халін кешкен итальяндар қарсыластарынан доп­ты да тартып ала алмады, олардың толқынданып үйіріліп келіп жатқан шабуылдарын да тоқтатуға әлдері келмеді. Испан­дардың осы табанды шабуылы ақыры голға жеткізді. Өзінің қыр-соңынан қалмай жүрген Джорджо Кьеллиниден оң қа­нат­тың шегіне қарай сытылып шыққан Фабрегас сәл артқа бұрылып, ала бауыр допты Давид Силваға қарай дәл бағыт­тады. Ал форвард өзінің басына әдемі келіп қалған допты құдды бір бильярдтың тасын ұрғандай етіп, бір серпіп қалып, қарсы алдындағы қақпаның төріне гүмп еткізді – 1:0. Бір минуттан кейін итальян жағы осы голдың қарымтасын қайтарып кете жаздады. Стандартты жағдайда доп ұру құқығын алған олар тәп-тәуір комбинация ұйымдастыр­ды. Бірақ соңына дейін мүлтік­сіз орындай алмады. Соның салдарынан ол бірер бұлталақтан соң қақпашы Икер Касильястың олжасына айналды. Итальяндар осыдан соңғы біршама уақытты да жаман өткізген жоқ. Олар бірнеше рет бұрыштама добын беру арқылы испандарды өз айып алаңына қуып тастады. Ал қақпаға қарай соғылған екі соққының біреуі ғана Касильяс­тың алдынан қайтты.

Әлбетте, Испания бұған қа­рыздар болып қалған жоқ. Олар тағы да шұғыл түрде қау­ырт шабуылға көшті. Тағы да Кьеллини өз қанатындағы позициясында ұтылыс тапты. Одан қаш­қан доп Иньестаның аяғымен айып алаңына жетті. Осы жерде оны Андреа Пирло одан ары апарғызбады. Осыдан соң итальяндар ойын тізгінін қолға алуға біраз талаптанып бақты. Бұған ептеп бей-жай қараған испандар сәлден кейін қайтадан атқа қонғандай әсер қалдырды. Олар 35 минуттан бастап қар­сы­ластарының айып алаңын біраз шарлады. Содан соң итальяндар бірер рет алға қарай жөңкілді. Міне, солардың соңғысында испандардың қарсы шабуылын жіберіп алды. Алаң ортасының арғы түкпірінен жедел алға асырылған доп ғаламат бір дәл­дікпен Жорди Альбаны қақпа­шы Джанлуиджи Буффонмен бірге-бір шығарды. Бұдан арғы­сы шеберліктің шегінен көрінді – 2:0. Итальяндар осы голдан кейін тағы да тайлы-таяғы қал­май көтерілді. Олардың жаппай шабуылы Риккардо Монтоливо­ның алыстан жөнелткен жалғыз соққысымен аяқталды.

Екінші таймды Италия құра­масы құрамдағы өзгеріспен бас­тады. Шабуылшы Антонио Кас­саноның орнына шыққан Антонио Ди Натале алғашқы сәтте қарымта гол соғудың сәл алдында қалды. Оның баспен ұрған добы нысанадан шамалы жоға­ры кетті. Осы кездері итальяндар ашыла шабуыл жасауға әрекет етті. Осыны жақсы пай­даланған испандар бірнеше қау­іпті жорықтар ұйымдастырып үлгерді. Айталық, Фабрегастың алыстан ұрған добы бағанның жанынан зу етті. Бұдан соң «қы­зыл фурия» ойыншылары айып алаңына топырлай кірді. Олар­дың соққыларын Буффон мен қорғаушылар әупірімдеп жүріп қайтарды. Ақырында кезекті мәрте ішке ену Серхио Рамос­тың құлап бара жатып баспен доп ұруына жол ашты. Осы доп итальян қорғаушысының қолы­на сарт етіп тиді де, бағытын өзгертіп, жерге қарай жантайды. Бірақ португалиялық рефери мұны көрсе де, көрмеген болды.

Осыдан кейін итальяндарда шабуылды өрістеткеннен өзге жол қалмады. Соның бірінде 50 минутта Касильянс қатты келген соққыны алдына қайтарды. Оны қайта соқпақ болған Ди Натале мүмкіндікті босқа жіберіп алды. Ал испандардың жауабы бұдан әлдеқайда қауіпті шықты. Кезек­ті голды олар тағы да қарсы шабуыл кезінде салды. Итальян­дардың алға асырған добын жолай іліп әкеткен Хави оны жедел Фернандо Торреске жеткізді. Со­ның арқасында Буффонмен жек­пе-жек шыққан Фернандо қақ­паның бір бұрышына допты тас­тай салды – 3:0. Соңғы төртінші гол да осыған ұқсас болды. Бұл жолы Торрес алаңға енді ғана шыққан Хуан Матаға айып ала­ңы­ның ішінде әдемі пас берді. Есепті талқандау дәрежесіне дей­ін жеткізген гол осылай соғылды.

Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихаты кезінде, әлбетте, Испания құрамасының бас жаттық­тырушысы Висенте дель Боске бақытты көрінді. Жүздесуді аш­қан ол: «Бұл ғажайып ойыншылар. Олар қалай ойнауды бі­леді және соны жасайды. Өйт­кені, футболды түсінетін елде туған. Бұл испан футболының керемет шағы. Біз ғаламат матч өткіздік. Бірақ итальяндарды да бағала­масқа болмайды. Біздің тек жолымыз болып кетті», – деді. Өз кезегінде Италия құра­ма­сының бас жаттықтырушысы Чезара Пранделли де мынадай ірі есеппен ұтылғандарына қа­ра­мастан, өздерінің біріншілікті тамаша етіп өткізгендерін айтты.

Сонымен, кезекті футбол тойы тарқады. Ол бір құрлық­тың ғана біріншілігі саналға­ны­мен, күллі әлемнің құлақ түріп, көз қадаған нағыз жауһар дү­ние­сіне айналды.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».