Бұл жөнінде саяси ғылымдар докторы, профессор Венера Абыханқызы үлкен сеніммен айта келіп, алдымен сайлаудың құқықтық негізіне терең мән берді. – Сайлау – конституциялық түсінік – деді ол. – Бұл түсінік Конституциямыздың 17-бабында жазылған. Соған сай еліміздің жоғары басқару және конституциялық билік органдарының басым бөлігі үш топқа сәйкес электоралды қағидат негізінде сайланады. Бұған барлық азаматтардың теңдігі, жалпылық, еркін сайлау, сайлаудың баламалық, мерзімділік, шынайылық, cайлау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту және т.б. қағидаттар жатады. Қазіргі таңда осы конституциялық түсініктердің және жоғары заңдарымыздан туындайтын талаптардың сақталуы елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайта түседі. Бұл мақсатта «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңға көз жүгіртсек, осы заңды бұзғаны үшін жауаптылық нақты айқындалған. Мәселен, сайлау комиссиясының жұмысына араласып, дауыс беруге кедергi келтiрген, кандидатты, партиялық тiзiмдердi тiркеуге байланысты мiндеттердi орындауға, дауыстарды санауға және сайлау қорытындыларын анықтауға байланысты мiндеттердi атқаруға, кандидатты, саяси партияны сайлау мақсатында өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдаланып, сайлау құжаттарын қолдан жасаған, дауыстарды көпе-көрiнеу қате санап, сайлау нәтижесін қате айқындаған, дауыс беру құпиясын бұзған және Республика азаматының өз сайлау құқығын еркiн жүзеге асыруына зорлық-зомбылық жасап, алдау, қорқыту, сатып алу жолымен кедергi келтiрген жағдайда заңмен белгiленген қылмыстық жауаптылық белгіленеді.
Ал профессор В.Абыханқызы осы Конституциялық заңның бұзылуы анықталған кезде сайлау комиссиясы сотқа не прокуратураға жүгiнуге құқылы дейді. Ол еліміздің үш сайлауын бастан-аяқ әзірлеуі мен өткізілуіне толық қатысып келе жатқан Орталық сайлау комиссиясының білікті де тәжірибелі маманы ретінде сайлау заңдылығының бұзылмауы алғышарт деп есептейді. Дегенмен заңның бұзылғаны жөнінде арыз түсіп жатса, ол дереу қаралады. Соттар, прокуратура органдары мен сайлау комиссиялары өз жұмысын сайлау процесi кезiнде, оның iшiнде демалыс күндерi және сайлау өтетiн күнi, шағымдарды қабылдау мен қарауды сайлау туралы Конституциялық заңда белгiленген мерзiмде қамтамасыз ететіндей етiп ұйымдастырады. Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн өзi басқару органдарының, кәсiпорындар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының сайлау туралы заңнаманы бұзатын шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне сотқа шағым жасалады. Сайлау комиссияларына сайлау науқанын әзірлеу мен өткізу кезеңінде түскен сайлау заңнамасын бұзушылықтар туралы өтініштерді сайлау комиссиялары, Сайлау туралы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, өтініш түскен күннен бастап 5 күннiң ішінде қарайды.
Егер сайлау комиссиясы өзiнiң атына берiлген өтiнiштi тексеру кезiнде өтiнiште көрсетiлген мән-жайларды құқық қорғау органдарының тексеруi қажет деп таныса, онда тиiстi органдар сайлау комиссиясының өтiнiшi бойынша мән-жайларды тексередi және өтiнiштi алған күннен бастап үш күндiк мерзiмде, ал егер өтiнiш дауыс берілетiн күн алдындағы бес күнге жетпейтін уақыт ішінде не дауыс берілетін күні алынған жағдайда дереу өтiнiш бойынша шешiм шығарады. Ал Конституциялық заңда шағым жасаудың өзге мерзімдері белгіленбесе, сайлау комиссиясының шешімдеріне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шешім қабылданған немесе іс-әрекет (әрекетсіздік) жасалған күннен бастап он күннің ішінде жоғары тұрған сайлау комиссиясына және (немесе) сотқа шағым жасалуы мүмкін. Көрсетілген мерзімдер өткеннен соң сайлау комиссиясының шешіміне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) берілген өтініш қарауға жатпайды. Сайлау комиссиясының және оның мүшелерiнiң шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздiгіне) жасалған шағымдарды жоғары тұрған сайлау комиссиясы, егер Сайлау туралы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, шағым түскен күннен бастап үш күн ішінде қарайды. Жоғары тұрған сайлау комиссиясы өтініштің мәні бойынша, бұл ретте, қажет болған жағдайда, төмен тұрған комиссия шешімінің күшін жоя немесе тоқтата тұрып, дербес шешім қабылдауға құқылы.
Тиісті сайлау комиссиясы сайлау заңнамасын бұзушылықты жоймаған жағдайда, жеке немесе заңды тұлғалар жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа жүгiнуге құқылы. Сөйтіп одан жоғары тұрған сайлау комиссиясы өтініште көрсетілген фактілерді тексеруді жүргізеді. Сайлау комиссияларының шешімдері мен іс-әрекеттеріне сот тәртібімен шағымдануға болады. Жоғары тұрған сайлау комиссиясына алдын ала жүгіну сотқа арыздану үшін міндетті шарт болып табылмайды. Өтініштер сайлау комиссиясы мен сотта бір мезгілде қаралған кезде сайлау комиссиясы сот шешімі күшіне енгенге дейін өтінішті қарауды тоқтата тұрады. Сот түскен өтініш туралы және оны қарау нәтижелері бойынша сот шешімінің заңды күшіне енгені жөнінде сайлау комиссиясын хабардар етеді. Сайлау комиссияларында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін тіркеу журналдары болуы тиіс.