Дұрысы, «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің». Ойы керемет. Бір істі бастауға жүрегі дауаламай тұрған азаматты қайрау, табысқа бастау, өзінің күшіне өзін сендіруге көндіру ғой. Ал біздің миллиондаған жанкүйерге спорт ойынын талдап беріп отырған спорт комментаторының ойын ұғып көріңіз.
Айтпайын-ақ дейсің. Жаманатты болмайын-ақ дейсің. Бірақ айтылмай қалып, іште өлген сөз жетім. «Дұрыс сын адамды ширатады» дейді. Көк жәшіктің ар жағында отырып әлемдік оқиғаларды судай сапырып отырған ағайынға пайдасы тисін деп «Қазақстан барысында» өзіміз байқаған кептің тығынын ағыттық.
Аттарын айтпай-ақ қоялық. Бірақ қазақ күресін әбден зерделедік деген осы жігіттер өзімбілермендікпен біраз шатасты, жұртты да шатастырды.
Қызылордалық Сәлімгереев пен қарағандылық Ахметбеков күресіп жатыр. Екеуі де мықты. Бес минутта бір-бірін ала алмады. Орыстілді комментатор «енді бес минутқа дейін қосымша белдеседі» деп соғып жіберді. Дзюдодағы «алтын ұпайға» дейін күресетін ережені айтып тұрғанын ұғып тұрмыз, бірақ қазақ күресі бұл мәселені белдесумен шешеді.
Енді қазақ комментаторы қателесті. Осы күрестің алғашқы бес минутында Ахметбеков Сәлімгереевті әдіс жасамақ болып тізелігінен тепті. Қос сүйектің буынынан тиген соң Сәлімгереев ауырсынып отырып қалды. Қазақ комментаторы аяқтан шалды деп тұр. Шалған мен тебу екі бөлек дүние. Осы тұста қолданған «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді» мәтелін не үшін, қандай мақсатқа пайдаланғысы келгенін өзі білмесе, біз түсіне алмадық.
Бекбау Нұрланұлы мен Олжас Шынкеевтің белдесуі кезінде Ақмола балуанының атына «тізесін әдейілеп тигізді» деген сөз тіркесі қолданылды. Қазақ күресінде әрбір әдістің орны бөлек. Тізе тигізу – бүк әдісіне баланады. Сонда балуан қолдан ұпай беру арқылы қарсыласына жеңіс сыйлап отырғаны қалай?! Олжас Шынкеев әдіс жасағанда «бұратылып» кетеді екен. Бұл да жаңаша теңеу.
Желдей есіп отырған қазақ комментаторы «Атағы айға жеткен» деген сөзді әлденеше қайталап қалды. Бұл азаматтың сөздік қоры мол болуы керек, қолданысқа қарай тұрақты сөз тіркестерін өзі жасай беретін. Қазақтың білетіні «азуын айға білеген» деген қайратты сөз еді...
Кілемде Мақсат Исағабылов белдесіп жатыр. Бір кезде қызылордалық балуанды таныстырып жатқан орыстілді комментатор «Ақшатау арланы» деп бастап, сайрап кетті. Сөйтсек, қарағандылық балуанның өмірбаянын оқып кеткен екен. Қағаздан шатастырған. Алдындағы. Балуандарды жыға да танымағаны-ау.
Бұл жігіттердің сөздік қорында «кешіріңіздер, қателесіп кетіппін» деген сөз жоқ екен.
Алматы облысынан келген Дәурен Нұралиновтің «қабағында батырлықтың суреті бейнеленген» екен. Біздің сөз емес, қазақ комментаторынікі. Осы жігіт күрестегі әділетсіздік дегенді жиі айтқан. Айтпағы, 90 кило тартатын балуан мен 120-140 кило тартатын балуандардың өзара кездесуі. Әділетсіздікті қай жерден көріп тұрғанына таңғалмасқа болмайды. Апыр-ау, түйе балуандыққа ешкімді зорлап қоспайды. Өзіңе сенсең күрес. Мәселе, салмақ аздықта емес, әбжілдікте, ақылдылықта. Обадай жігіттердің өзіне салмағы анағұрлым кем балуандардан опырылып құлағанын осы жарыста да көрдік қой. Айтқандай, біз мақаланың басында сөз қылған «Тәуекел түбі – желқайық, ұшасың да кетесің» қанатты сөзі «Әлем барысы» Айбек Нұғымаров пен «Халық барысы» Дәурен Нұралиновтің белдесуі кезінде қолданылды.
Күресте әдіс, салмақпен қоса ақыл да өте керек. Дәурен белдесу кезінде Айбекті жерден тік көтеріп алып кеудеге салғанда айлакер Айбек атша мініп алып, салмағымен басып қалды. Міне, қазақ күресінің бір кереметі!
Өзі айтқандай «айтқаны айдай келетін» комментаторлардың аз-кем кемшілігін тергенде ойымызда кемсіту болған жоқ.
Сәкен Сыбанбай есімді белгілі журналист бар. Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында осы інімізбен «Жас Алаш» газетінде бірге жұмыс істедік. Сәкен сырт көзге сыпайы, момын көрінгенімен жазуы тастай, юморы мықты, бейнелеп айтқанда құралайды көзге атқан мерген. «Ырғақ» қосымшасын жүргізді. Біздегі шоу бизнестегі мықтылар сол жылдары Сәкеннің тезінен өтті. Жұқалап отырып сойып салатын Сәкен Мақпал Жүнісованы да сын садағына алған. Редакцияға «разборкаға» марқұм қосағы Заманбек Нұрқаділовті ертіп келген Мақпал затында ақпейіл, ақкөңіл адам ғой. Сынды дұрыс қабылдап, дастарқан басында дос болып қайтты. Сол кездері әнді де, сөзді де өзі жазатын, аузымен құс тістеген «таланттылар» пайда бола бастаған. Алдыңғы легінде Сейфуллин Жолбарыс пен Бақытжан Қажымұқанов. Ән жақсы-ау, таласымыз жоқ. Ал сөз..., кәдімгі ауызекі сөз, арқандай шұбатылып кете береді.
Сәкеннің сынға суарған жебесінен кейін аруақты әулеттің ұрпағы емес пе, Бақытжан «енді әнге сөз жазбаймын» депті дегенін естідік. Расымен, қойды.
Айтпағымыз не? Сәкеннің оларда алты аласы, бес бересісі жоқ еді. Шынын айтқанда, қазақ өнеріне, ұлттық құндылықтарға жанашырлық болатын. Біздікі де сол кеп. Сөз сарасы бөтен сөзбен былғанбасын дегендік қой.
Көп жанкүйерлер халықаралық спорт ойындарын қазақ арналарынан емес, орыс арналарынан көреміз дейді. Комментаторлар шаршатып, жүйкеңді тоздырады дейді.
Комментаторлар жоқ емес, бар. Өз басыма Сидней олимпиадасының финалисі Ислам Байрамуковтың еркін күресті жүргізгені қатты ұнайды. Ислам асып-таспайды, артық-ауыс сөзі жоқ. Қос қарсыластың бар мүмкіндігін шемішкедей шағып, алдыңа қояды. Өйткені маман, нағыз маман.
Бокста Бақтияр Артаев, Ермахан Ыбырайымов, олардың атасы Серік Әбденалиев бар. Сөздері нақ, артық сөйлемейді. Дұрыс талдайды.
Орыс комментаторларының да артықшылығы осы. Әр спорт түріне маманданғандар жүргізеді. Бізде комментаторларға тапшылық бар ма, әйтеуір өтпес пышақтай қиқалақтап жатады. Арна басшылары оларды күрес, бокс және басқа спорт түрлерінің жарыстарына, жаттығу залдарына көбірек жіберсе екен деп тілейсің.
Әліппесін оқып үйренуі үшін. Оқырмандар мен тыңдаушыларды аяу керек. Әйтпесе, осылай жалғаса береді.
Қызылорда облысы