• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Маусым, 2019

Өзгені зор санау – өзіңді қор санау

596 рет
көрсетілді

«Мамандықтың жаманы болмайды. Алайда сан түрлі сала маман­дарының ішінде дәрігер атауын алып жүрудің өзі жауапкершілікті талап етеді. Себебі адам саулығына тікелей жауап берудің өзі ақ же­леңді жандарға берілген бөлінбес еншідей», дейді №6 қалалық ем­хананың жалпы тәжірибелік дәрігері Тағабек Серікбаев.

Бұ­­рынғы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты (қазіргі Түр­кістан облысы) Сарыағаш ауда­ны, Келес ауылында дү­ниеге келген Тағабек бала ке­зінен бұл мамандыққа көзі үй­ре­ніп ер­жетіпті. Себебі анасы дәрі­гер, ал әкесі ветеринар болып ең­бек етті.

«Дәрігер болуыма бірден-бір әсер еткен ата-анамның ма­ша­қа­ты көп денсаулық сақтау саласында ең­бек етуі болды. 1992 жылы Ташкент облысы, Жаңа жол ауданы, У.Мұсаев ауылының №4 орта мектебін бітірдім. Үлкен­дердің үгіттеуімен сол жылы Ташкент педиатриялық медициналық институтының Педиатрия факуль­тетіне оқуға түстім. Ол жылдары көр­шілес елдің астанасындағы ір­гелі оқу ордасының атағы дүркіреп тұр­ған кез еді. 1998 жылы атал­­ған мамандықтың оқуын аяқ­та­дым. Алғашқы еңбек жолымды Жаңа жол аудандық балалар ауру­хана­сында тағылым­дама­дан өтуден бастап, дәрігер атты ма­мандықтың мәртебесін сезіне бастадым», дейді білгір маман.

Қазақстанда туып, тағдыр жа­­­зуы­мен шетелде білім алып, еңбек жолын бас­таған Таға­бек 1999-2013 жылдар аралы­ғында Таш­кент облысы, Зәң­гі ата ауданы, «Өзбекстан» ауыл­дық­ дәрігерлік амбу­латория­сында педиатр-дәрігер, жалпы тә­жірибелі дәрігер, амбулато­рияның бө­лім мең­герушісі қызметін атқарды. Бала ағ­засы­ның ерекшелігін, баланың та­­мақ­тануын, гигиенасын, бала­лар ауруларының алдын алу мен оны емдеу жолдарын зерттей бастады. Өмір есігін жаңа ашқан сәбиден бастап, асыр салып ойнап жүрген өскіндерге медициналық көмек көрсету кезінде өзіне ғана тән емдеу әдістерін қол­­­данып, талай­ бал­ғынның жанына араша түсіп­ті. «Көбіне аурудың түрі жаңа туған сәбидің анасымен дұрыс жұмыс істемеудің салдарынан туады. Ұзақ зерттеу арқылы ең әуелі жаңа туған нәрестелерді ана сүтімен дұрыс ауызданды­руды бас­ты назарға алып келе­мін. Жас аналармен пікір­лесіп, баланың тәбеті мен демалысы туралы көбірек мәлімет алып, сол бойынша ем-дом жасаймын», дейді Тағабек Серікбаев.

Араға жылдар салып, «Кісі елін­де сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», деген бабалар аманатын ұстанған Тағабек 2013 жылы қараша айында тарихи отаны Қазақстанға, оның ішінде Ташкентпен шекаралас Шымкент қаласына көшіп келді.

Жас маманның бойындағы қабі­летті көре білген басшылар Тағабек­тің­ Шымкент №11, №6 қалалық емха­на­ларына педиатр-дәрігер қызметін атқа­­­руына мүмкіндік берді. Осы жылдар аралығында ол тәжіри­бесі арқылы қалыптасқан жетіс­тіктерін ел игілігіне жарата біл­ді. Қазіргі таң­да №6 қалалық ем­ханада жалпы тәжірибелі дәрі­гер болып қызмет етеді. Пе­диатрия мамандығы бойынша жоғары біліктілік санаты, «Жалпы дәрігерлік практика» және «Педиатрия» бойын­ша мамандық сертификаты берілген. Өз ісінің шебері бү­гінде жұбайымен бірге үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Тағабек жыл сайын өтетін Меди­цина қызметкерлері күніне орай және нәтижелі жұмыс көрсеткені үшін емхана тарапынан үнемі марапатталып келеді.

«Біздің емхана аумағындағы 45 учаскеде 1700 пациент тір­келген. Олар­дың 70-80 пайызы бір жасқа дейінгі сәбилер. Сондықтан балалармен көптеп жұ­мыс істейміз. Күніне 15 ми­­­нуттан бөлгенде 20 адам қабыл­даймыз. Бұрынғыдай қағаз­бастылық жоқ. Барлығы электронды форматқа көшкен. Бү­гінде тұрғындар арасында Өзбекстанның медици­на саласы дамыған деген түсі­нік қа­лыптасқан. Сол елде ең­бек ет­кен­діктен, денсаулық сақ­тау саласының оң-солын жақ­сы білемін. Бүгінде Нұр-Сұл­тан, Алматы қаласы мен об­лыс орталықтарындағы ден­сау­лық сақтау мекемелері озық технологиялық құрал-жаб­­дықтармен жабдықталған. Шетелден білім алған білікті дәрігерлер еңбек етеді. Сол се­бепті өзгені зор санауды доға­руы­мыз керек», дейді білікті дәрігер.

 

ШЫМКЕНТ