Біз ат басын тіреген Жаңақала ауылдық аумағында орналасқан «Андас» –осындай шаруашылықтардың бірі. Шетіне көз жетпес жерді алып жатқан кең алқап. Жер де көктемнің жылы демін сезіп, тыныстап, шаруа адамын асықтырып тұрғандай. Шаруашылық картоп салуды бастап кетіпті.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай, қазір алқапта қызу жұмыс жүріп жатыр. Картопты егу, өңдеу, жинау, барлығына шетелдік техниканы қолданамыз. Биыл тамшылатып суаруға арналған 6 «Valley» қондырғысын орнаттық, – деді шаруашылық басында бізді қарсы алған Дәурен Сәлменбаев.
Былтыр Голландия, Беларусь елдерінен картоптың «Манифест», «Вега», жақсы дәмімен ерекше «Гала» сұрыпты тұқымдарын әкеліпті. Биыл да 210 гектарға «Абако» сұрыпты сәбіз, 530 гектарға картоп отырғызды.
– Жаңа тұқымдар жылдам өнім береді, 70-75 күннің ішінде өсіп шығады. Бір түптен 25 картопқа дейін аламыз. Өткен жылы гектарынан 40 тоннадан өнім алдық. Биыл одан да көп болуға тиіс, – дейді Дәурен.
Шаруашылық картоп, көкөніс егуге арналған суармалы жер көлемін жылына 500 гектарға ұлғайтып келеді. Былтыр 2000 гектар суармалы жерге картоп, сәбіз, басқа да майлы және дәнді дақылдар егіп, 50 мың тоннадай өнім жинап алған.
Бұдан кейін біз шаруа қожалығының ауылшаруашылық кешеніне келдік. Кешендегі көкөніс қоймаларын алқапқа жақын жерден салудың тиімді екенін байқайсыз. Агрокешен аумағында да қызу жұмыс. Әрқайсысына 19 мың тонна өнім сақталатын 2 қойма салынып жатыр. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыны күтпей-ақ, көкөніс қоймаларын өз қаржысына салуда. Яғни, қоймалар қолданысқа берілген соң мемлекет шыққан шығынның бір бөлігін қайтарады. Бұған дейін көкөністерді сақтап, сапасын жоғалтпау мақсатында жалпы сыйымдылығы 18 мың тонна болатын 4 қойма салыныпты.
Кешен ішінде ауыл тұрғындары картоп сұрыптауда. Сұрыптауға арналған шетелдік қондырғы іске қосылған. Шаруашылықта бұрын қолмен атқарылып келген барлық жұмысты қазір голландық техника атқарады.
– Тұқымдық картопты сұрыптап, тазалап, қаптарға салып Өзбекстанға жіберіп жатырмыз, бұған дейін де 20 мың тонна картоп жөнелтілді, – дейді Дәурен Зейноллаұлы. Бұдан басқа, картоп, сәбіз өнімдері Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтанға жіберіледі.
Шаруашылықта 50-ге тарта адам жұмыс істейді. Ауыл тұрғындары маусымдық жұмыстарда еңбек етуде.
Өткен жылы сәбіз сақтайтын 3 мың тонналық қоймаға тоңазытқыш орнатылыпты. Шаруашылық әр гектарынан 95 тоннаға дейін сәбіз алуда. Жиналған көкөністі сұрыптап, сақтау да қажет. Сол үшін 250 мың еуроға тоңазытқыш сатып алынып, қойма толықтай автоматтандырылған.
Ғылым мен техниканың жаңа жетістіктерін қолданса, біздің ауылдарда ыстық-суыққа төзімді көкөніс түрлерін өсіруге мүмкіндік барына көзіміз жетті. Енді картоптың түрлі сұрыптарын өзіміз өсіріп, голланд және неміс картобын отандық нарықтан ығыстырып шығаруға да болар.
Көкөніс өсірушілер, шетелдік жоғары сұрыпты тұқым сатып алуға қыруар қаражат кететінін айтады. Осыны ескеріп, көкөніс өсірушілерге де мемлекеттен субсидия бөлінсе дейді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде 119 көкөніс қоймасы бар. Күз кезінде қоймалар 322 мың тонна картоп, сәбіз және қызылшаға толады.
Павлодар ауданында суармалы жер көлемі 12987 гектарға жетсе, осы бағытты пайдаланатын көкөніс, картоп өсірушілер саны да жылдан-жылға көбеюде. Былтыр 4,07 мың гектар жерден 122,5 мың тонна картоп, 112,8 мың тонна көкөніс жиналған.
Аудан көлемінде 60-тан астам қойма бар. Оның 40-ы көкөніс қоймасы. Черноярка ауылдық аумағында орналасқан. Ал Ақсу қаласына қарасты «Тимур» шаруа қожалығы алқап көлемі ұлғайған сайын жаңа қойма сала бастайды.
Соңғы жылдары күзде шаруашылықтардың жинаған мол өнімі қоймаларға сыймай да қалады. Сондықтан жергілікті тұрғындар алқап басынан ертерек сатуға басымдық беруде. Сатылымнан қалған өнімді сұрыптап, тұқымды келесі жылға дейін сақтайды.
Біз аралап, танысқан «Андас» шаруашылығы Зейнолла Сәлменбаевтың басқаруымен 17 жыл бұрын ашылып, жұмысты 50-60 гектар жерге картоп егуден бастаған екен. Бүгінде шаруашылық иелігінде 6 мың гектарға жуық жер бар, оның 1 200 гектары – суармалы жерлер.
Ғалым агроном, кәсіпкер Зейнолла Сәлменбаевтың айтуынша, «Ақылды технологиялар» ауылдарға да жетті. Агрокешенді дамыту саласына тамшылатып суару әдісін енгізудің тиімділігі орасан. Осы «ақылды суарудың» нәтижесінде, өнім экологиялық таза, шығын аз, қаржы үнемделеді.
Сондықтан «Андас» қожалығында суармалы шаруашылықты дамыту мақсатында суармалы жер алқаптары айналымға енгізіліп, инвестициялық жобаны жүзеге асыруға 1 млрд 400 миллион теңге жұмсалған. Алдағы уақытта алқап көлемін 2 мың гектарға дейін ұлғайтпақ.
– Жоба барысында суармалы жер теліміне Ертіс өзенінен ұзындығы 3500 метр болатын су құбыры, 4500 метрлік электр желісі тартылды. Екі жылдың ішінде біз 992 миллион теңгені игердік. Мол өнім жиналды. Тынымсыз тірліктің бүгінгі нәтижесіне ризамын, – дейді Зейнолла Сәлменбаев.
Ғылыми ойларын жермен, еңбекпен байланыстырған әке жолын ұлы Дәурен жалғастыруда.
– Көкөністер заманауи құрылғылардың көмегімен автоматты түрде суарылады. Енді біраздан соң, картоп пен сәбіз де көгеріп шыға бастайды. Алғашқы картопты тамыздың басында ала бастаймыз. Жердің мол ырзығы бізге осылай қуаныш сыйлайды, – деді Дәурен қоштасарда.
Павлодар облысы,
Павлодар ауданы