Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстан Республикасына ресми сапары 17 наурызда Ташкент қаласында әрі қарай жалғасты. Қазақстан басшысының бұл күнгі жұмыс сапары күн тәртібіне сәйкес “Көксарай” резиденциясында Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовпен кездесуден басталды.
Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік әнұрандары ойналып, құрметті қарауыл Президенттерге құрмет көрсеткен соң, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов екеуара кездесіп, Қазақстан мен Өзбекстан қатынастарын дамытудағы өзекті мәселелерді талқылады. Тараптар, сондай-ақ Орталық Азия өңірі мен оның маңайындағы жағдайларға, халықаралық проблемаларға да ерекше назар аударды. Кездесу барысындағы әңгімеде Өзбекстан Президенті көршілес жатқан Қазақстан мен Өзбекстан халықтары бір-бірімен бауырлас екендігін, Қазақстан Президентінің сапары өзбекстандықтар үшін әрқашан үлкен оқиға болатындығын атап өтті. Сонымен қатар, Ислам Каримов екі мемлекет арасындағы экономикалық байланыстарға тоқталды. Өзбекстан басшысының атап өтуінше, елдер арасындағы тауар айналымы өткен жылы біршама төмендеді. Алдағы уақытта оны арттыру қажет.
Қазақстан Президенті Өзбекстан басшысына өзі тарапынан алғысын білдіре келіп, екі елдің қарым-қатынастарына тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың атап өткеніндей, Қазақстан мен Өзбекстан саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, тағы басқа да салаларда тығыз ынтымақтастық жасап келеді. Елдер арасында шешімін таппаған қандай да күрделі проблема жоқ. Барлық салаларда тығыз қатынастар жасауға кедергі болатын мәселелер де байқалмайды. Өйткені, Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдары бір-біріне жақын келеді. Бүгінгі кездесу мен келіссөздер бауырлас екі халықтың, екі мемлекеттің ынтымақтастығын әрі қарай дамытып, түрлі салалардағы қатынастарын тереңдететін болады.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримовтің елдер арасындағы ынтымақтастықты барынша тереңдетуге байланысты мәселелерді талқылаған кездесуінен кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөз Мемлекеттер басшыларының қатысуымен жүргізілді. Оның барысында кең ауқымдағы мәселелер жан-жақты талқыланды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы 2007-2016 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық стратегиясын жүзеге асыру, екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды дамытып, гуманитарлық байланыстарды жандандыру, тағы басқа да мәселелерге баса назар аударылды. Сонымен қатар, су-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану жайы да қозғалды.
Кеңейтілген құрамдағы кездесуде алғашқы болып сөз алған Өзбекстан Президенті сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы айта келіп, екі мемлекет арасындағы су-энергетикалық ресурстарды пайдалануға қатысты пікір білдірді. Өзбекстан басшысының тоқталып өтуінше, Өзбекстан аумағы бүгінде сумен 70 пайыз ғана қамтылған. Бұл тиісті судың толық алынбай отырғандығын көрсетеді. Осының салдарынан Арал теңізіне құйылатын судың көлемі кемшін. Оның зардабын Арал теңізінің маңайында тұрып жатқан мыңдаған тұрғын тартып келеді.
Осындай пікірін ортаға салған Ислам Каримов бұдан соң, Қазақстан мен Өзбекстанның гуманитарлық қатынастарына тоқталды. Оның айтуынша, екіжақты қатынастарда мәдени-гуманитарлық байланыстар алдыңғы орында болып келген. Қазіргі уақытта да солай. Келіссөздер қорытындысында қол қойылатын Қазақстан мен Өзбекстан МӘдениет министрліктерінің арасындағы мәдениет саласы бойынша 2010-2012 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы екі елдің ғылыми және шығармашылық байланыстарына жаңа жол ашады. Бүгінгі кездесуіміз, деді Ислам Каримов, біздің елдеріміздің түрлі салаларда тығыз ынтымақтастық орнатып, байланыстарды тереңдетеді деп сенемін. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізді және қазақстандық делегацияны келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Жаңа жылда Сіздің басшылығыңызбен алға қойылған міндеттердің табыспен орындалуына тілек білдіремін.
Ал Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан – Өзбекстан қатынастарына оң баға бере келіп, мына мәселелерді ортаға салды. Оның бірі – аймақта су-энергетикалық ресурстарды пайдалану. Қазақстан басшысының атап өткеніндей, біздің елдеріміз Әмудария және Сырдария өзендерінің төменгі ағысында орналасқан. Қазақстан да, Өзбекстан да Қырғызстан мен Тәжікстанның жоспарларына түсіністікпен қарайды. Олар қиындыққа тап келгенде, екі ел де көмектесуден қашқан емес.
Осы мәселеге Қазақстан Президенті арнайы тоқталды. Біз, Қазақстан мен Өзбекстан басшылары, деді Нұрсұлтан Назарбаев осы жайында, өңірде жаңа гироэнергетикалық құрылғылар жобаларына халықаралық сараптамалар жүргізуді, оның ішінде Тәжікстандағы Рогун ГЭС-і мен Қырғызстандағы Қамбарата нысанына олардың экологиялық және техногендік қауіпсіздігіне, сондай-ақ су ағынын реттеу мәселелеріне байланысты сараптамалар жүргізуді қажет деп білеміз. Әмудария мен Сырдария өзендерінің төменгі ағысындағы Қазақстан мен Өзбекстанның экологиялық және экономикалық қауіпсіздігіне нақты кепілдік керек. Бұл жерде сөз миллиондаған адамды сумен қамтамасыз ету жөнінде болып отыр. Бұл біздің елдердің халықтарын қанағаттандырар еді әрі бұл шындық болып табылар еді. Сонда Қазақстан да, Өзбекстан да гидроэнергетикалық нысандарды салу консорциумына қатысуға дайын болады.
Қазақстан басшысы бұдан соң өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысындағы құқық қорғау және арнаулы қызмет органдарының ынтымақтастық мәселесіне тоқталды. Президенттің атап өткеніндей, бүгінде екі мемлекеттің құқық қорғау және арнаулы қызмет органдары арасында трансұлттық қылмысқа, лаңкестік пен есірткі тасымалына қарсы күресте нақты іс-қимыл бар. Осы мәселелерді айта келіп, Елбасы Қазақстан – Өзбекстан мемлекеттік шекараларын реттеудің маңызын атап өтті. Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекаралары достықтың шекарасы болып табылады, деп жалғастырды сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. Шекараларда ешқандай проблема жоқ. Осы қиын проблеманы біз бір-бірімізге сене отырып, достық жағдайында шеше білдік. Енді Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан шекаралары түйісетін тұйық қана қалды.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөзде Қазақстан Президенті, сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Ұйым аясында қолға алынатын іс-шаралардан да хабардар етті. ТМД-дағы елдер, оның ішінде Өзбекстанның Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қолдау білдіргені үшін Ислам Каримовке алғыс айтты. Оның арасында ЕҚЫҰ саммитін өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасы да бар. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан төрағалығы аясында Орталық Азияда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Арал мәселесі бойынша донорлық конференция өткізу және Ауғанстан проблемасына қатысты жиын шақыру жөніндегі іс-шараларды атап берді. Сондай-ақ Қазақстан аумағы арқылы өтетін көлік-коммуникациялық ірі жобалардың маңыздылығын, оның барлығына Қазақстанның қатысатындығын да атады. Мысалы, Жетіген – Қорғас темір жол құрылысы пайдалануға берілген кезде, осы жол арқылы Өзбекстанның Қытай рыногына шығуына болады. Бұл Өзбекстанды Қытай рыногына апаратын ең жақын жол болып табылады.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөз нәтижесінде бес құжатқа қол қойылды. Олар – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримов қол қойған Бірлескен мәлімдеме, ҚР Мәдениет министрлігі мен ӨР Мәдениет және спорт істері министрлігі арасындағы мәдениет саласындағы 2010-2012 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы, Дипломатиялық өкілдіктер ғимараттарын салу үшін өзара жер учаскелерін беру туралы келісім, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ӨР Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2010-2011 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі бағдарлама және ҚР Үкіметі мен ӨР Үкіметі арасындағы киіктерді қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы келісім.
Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығын тереңдетіп, өзара байланысты дамытуға қызмет ететін екіжақты құжаттарға қол қою рәсімінен соң, Мемлекеттер басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, сұрақтарға жауаптар қайтарды. Алғаш болып сөз алған Ислам Каримов бірден бүгінгі кездесу мен келіссөздер жоғары деңгейде әрі аса табысты болғанын атап өтті. Оның айтуынша, екі мемлекеттің де басты мақсаты өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, елдерді экономикалық жағынан тұрақты дамыту болып табылады. Әсіресе, Ауғанстандағы жағдайды реттеу және трансшекаралық өзендердің су-энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалану, сондай-ақ Орталық Азияда экологиялық жағдайды жақсарту өткір мәселелер болып қалып отыр.
Өзбекстан басшысы екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру жайына да тоқталды. Ислам Каримовтің айтып өтуінше, Қазақстан мен Өзбекстанның тауар айналымы 2006 жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Қазақстанда болашаққа бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл екі елдің қатынастарын дамытуға ықпал етеді. Қазақстанның жетістігі – Өзбекстанның жетістігі, ал Өзбекстанның жетістігі – Қазақстанның жетістігі, деді Өзбекстан Президенті осы орайда. Біздің елдеріміздің арасында толық өзара түсіністік орнаған. Оны қазақстандық делегацияның ауқымдылығынан да көріп отырмын.
Өзбекстан басшысы, сондай-ақ Өзбекстанда тұрып жатқан қазақ диаспорасына барлық жағдай жасалғандығын, олар Өзбекстан азаматы ретінде елдің барлық салаларында қызмет ететіндерін алға тартты. Оның атап өтуінше, жақында Төтенше жағдайлар министрі болып қазақ азаматы тағайындалды. Жақында өткен Парламент сайлауында депутат болып сайланған қазақтар да бар. Өзбекстан мен Қазақстан стратегиялық одақтас, деп аяқтады сөзін Ислам Каримов.
Нұрсұлтан Назарбаев баспасөз мәслихатындағы сөзін қазақ пен өзбектің шынайы достығынан бастады. Қазақстандағы өзбек диаспорасы және Өзбекстандағы қазақ диаспорасы біздің елдер арасындағы “тірі” көпір болып табылады, деді Елбасы осы жайында. Ислам Әбдіғаниұлына Өзбекстанда тұратын қазақ диаспорасына көрсетіп жатқан қолдауы үшін зор ризашылық білдіремін. Әсіресе, бізге биылғы жылы қазақ Сәуле Полатованың “Өзбекстанның жыл мұғалімі” деген жоғары атақ алуын естуіміз ерекше жағымды.
Қазақстан басшысы бұдан соң екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарға тоқталды. Өткен жылы тауар айналымы 1 миллиард 300 миллион доллардан асты, деді осы орайда Қазақстан Президенті. Ал бүгінгі кездесу мен жүргізілген келіссөздер туралы айтсам, олар нәтижелі болды. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастардың перспективалары мен қазіргі жағдайы жан-жақты талқыланып, халықаралық және өңірлік проблемалар жөнінде пікір алмасылды. Біздің елдер арасында 2016 жылға дейінгі экономикалық ынтымақтастық стратегиясы жұмыс істейді. Біз алдағы уақытта осы стратегияны әрі қарай жүзеге асыруды қамтамасыз етуге келістік.
Қазіргі таңда трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануда бірқатар проблемалар бар. Осы мәселелерге байланысты Нұрсұлтан Назарбаев кездесуде Орталық Азия өңірінде су-энергетикалық ресурстарды бірлесіп пайдаланудың өзара тиімді тетігін жеделдетіп дайындауға мүдделілік танытылғанын және халықаралық Аралды құтқару қорының қызметін жандандыру жөнінде әңгіме болғанын атап өтті. Бұл мәселе көршілес екі мемлекетке де ортақ.
Кездесуде Мемлекеттер басшылары Орталық Азия аумағында салынатын жаңа гидроэнергетикалық нысандардың қауіпсіздігі, олардың екінші бір елдің экономикасына зияны тимеу жағына да ерекше мән берген болатын. Құрылыс жобаларын халықаралық сараптамадан өткізу қажеттігі жөнінде біраздан бері сөз болып келе жатқан еді. Қазақстан басшысының атап өткеніндей, өз елдерінің аумақтарында гидроэлектр стансаларын салуды мақсат еткен Қырғызстан және Тәжікстан президенттерімен халықаралық сараптама жасау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар, осы мемлекеттердің басшыларын халықаралық сараптама қорытындысы шыққанша қандайда бір гидроэнергетикалық нысанның құрылыс жұмыстарын бастамауға шақырды. Сондай-ақ Елбасы биылғы жылдың жазында Ташкентте өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне табыс тіледі. Қазіргі кезде ШЫҰ-ға Өзбекстан төрағалық етеді, ал осы саммиттен кейін ШЫҰ-ға төрағалық ету Қазақстанға өтеді.
Түстен кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Каримов Тәуелсіздік және гуманизм кешеніне гүл шоғын қойды. Президенттер, сондай-ақ “Хазреті Имам” кешенінде болды.
Жалпы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстан Республикасына сапары табысты болды. Осы жерде атап өтейік, кездесу барысында Қазақстан басшысы Өзбекстан Президентін қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келіп қайтуға шақырды. Шақыру Ислам Каримов тарапынан ризашылықпен қабыл алынды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Ташкенттен.