Сейсенбі, 5 наурыз 2013 7:20
Бүгінде террорлық ұйымдардың астыртын іс-әрекеті жекелеген мемлекеттерді ғана емес, әлемдік қоғамдастықты да қатты алаңдатып отыр. Олардың ауыр зардаптарға соқтыратын, қайғы-қасірет әкелетін зұлымдық әрекеттерінен Орталық Азиядағы бірде-бір мемлекет өздерін сақтандыра алмайтындығы тағы жасырын емес. Мемлекет басшысы осы жылдың қаңтар айында еліміздегі құқық қорғау органдарының жетекшілерімен өткізген кеңесте терроризм және экстремизм көріністерімен күресті барынша күшейтуді тапсыруы, талап етуі сондықтан болса керек.
Сейсенбі, 5 наурыз 2013 7:20
Бүгінде террорлық ұйымдардың астыртын іс-әрекеті жекелеген мемлекеттерді ғана емес, әлемдік қоғамдастықты да қатты алаңдатып отыр. Олардың ауыр зардаптарға соқтыратын, қайғы-қасірет әкелетін зұлымдық әрекеттерінен Орталық Азиядағы бірде-бір мемлекет өздерін сақтандыра алмайтындығы тағы жасырын емес. Мемлекет басшысы осы жылдың қаңтар айында еліміздегі құқық қорғау органдарының жетекшілерімен өткізген кеңесте терроризм және экстремизм көріністерімен күресті барынша күшейтуді тапсыруы, талап етуі сондықтан болса керек.
Әңгіме қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері болғандықтан, алдымен жақында елордада ұлттық және аймақтық қауіпсіздік проблемаларына арналған жиында саясаттанушы Ерлан Қариннің Әлем және экономика институтының баяндамасындағы терроризмнің жаһандық индексі туралы келтірген мәліметтеріне аз-кем тоқталсақ дейміз. Өйткені, аталған институт сарапшыларының баяндамаларында терроризм мен экстремизмнің қайсы елде белең алып бара жатқандығы жайлы деректер көрсетілген.Сарапшылар өздерінің жасаған талдауларында терроризм жаһандық проблема екендігін, жыл өткен сайын ол халықаралық сипат алып бара жатқандығын атап өткен. Сондай-ақ онда терроризм мен экстремизм көріністері жиі кездесетін елдердің де тізімі берілген. Тізімді Ирак, Пәкстан және Иран елдері бастап тұр. Ал 2002-2011 жылдар аралығында жасалған террорлық әрекеттердің 35 пайызы Ирак пен Ауғанстан мемлекеттерінің аумағында жүзеге асырылыпты. Мәліметтерге қарағанда, террористік шабуылдар 2006-2007 жылдары «шарықтау шегіне» жетіп, жиі көрініс берген. Одан кейінгі жылдары оның төмендеуі байқалған, бірақ терроризмнің қауіп-қатері жоғары деп бағаланған.Сарапшылар АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті халықаралық террористік ұйым ретінде «қара тізімге» кіргізген 52 шетелдік топтың жасаған террорлық әрекеттерін де зерделеп көріпті. Олар террорлық әрекеттерінің басым көпшілігін негізінен өздері қызмет ететін елдердің аумағында жүзеге асырғандығы анықталған. Өзге елдердің аумағында мұндай әрекеттерге сирек жағдайда ғана барған. Талдау көрсеткеніндей, терроршылар қанқұйлы зұлымдық пиғылдарын жүзеге асыруда жаңа қару түрлерін емес, көбінше қолдан жасалған жарылғыш заттарды пайдаланған. Бұл террористік әрекеттерді негізінен шағын топтар немесе жекелеген адамдар ұйымдастыратынын және іске асыратынын көрсетеді. Өйткені, осы шағын топтардың көпшілігі бір-бір жарым жылдай ғана астыртын әрекет етіп, тарап кетеді екен.Келесі жылы Ауғанстаннан ондағы халықаралық коалицияның негізгі күштері шығарыла бастайды. Көптеген сарапшылар қазірдің өзінде халықаралық коалиция күштері Ауғанстан аумағынан әкетілген кезде Орталық Азия аймағында террорлық әрекеттер өсе түседі деген болжам жасап отыр. Мұны ешкім де жоққа шығармайды. Себебі, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттері Ауғанстанмен шекаралас жатыр. Оның үстіне бұл елдердегі саяси және экономикалық ахуал жақсы деп айта алмаймыз. Сондай-ақ бір-бірімен көршілес орналасқан Өзбекстан мен Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан арасында кейбір мәселелерге байланысты проблемалар да бар. Бұған сыртқы күштер араласып, қолтығына су бүркетін болса, Орталық Азия «ыстық нүктенің» біріне айналып кетуі әбден мүмкін.Қорқынышты әрі үрейлендіретін бұл сөздерді жайдан-жай келтіріп отырған жоқпыз. Кілең мұсылман мемлекеттері өмір сүріп жатқан аймақтағы елдердің ішкі саяси жағдайын тұрақсыздандыруға мүдделі сыртқы күштер де, жекелеген мемлекеттер де бар екенін айтуға тиіспіз. Олардың осындай жымысқы ой-ниеттерінің қылаң беруіне Орталық Азиядағы кейбір елдерде кездесетін бірқатар ішкі факторлар да өзіндік «ықпал» ететіні жасырын емес. Мысалы, бұған сол елдердегі саяси элитаның қылмысқа бой алдыруы, халықтың мәдениеті мен білім деңгейінің төмендігі, тұрғындардың белгілі бір бөлігінің маргиналдануы, ұлтаралық және конфессияаралық қарсылықтың көрініс беру мүмкіндігі, саяси жетекшілердің бұрынғы және қазіргі кезде жіберген қателіктерінен туындайтын сепаратистік көзқарастың таралуы, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің террористік және қылмыстық топтармен күрес жүргізудегі кәсіби деңгейінің төмендігі, шенеуніктер арасындағы, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасындағы жемқорлық, көші-қон тасқынына бақылау жасаудың әлсіздігі, жастарға рухани-танымдық тәрбие беруді ұйымдастырудағы кемшіліктер және ұйымдасқан қылмыстың өсуі жатады.Соңғы жылдары трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың бой көрсетуі де жиілеп барады. Өз кезегінде ол әртүрлі террористік құрылымдардың қызметін жандандыруға ықпал етумен қатар, оларды «нәрлендіріп» те отырады. Бұл Орталық Азия аймағына да тән. Оған мысал ретінде осы аймақтағы елдердің барлығына дерлік аса қауіпті деп саналатын діни негізде құрылған террористік және экстремистік бағыттағы ұйымдарды атауға болады. Олар діни сауаты аз адамдарды, әсіресе, жастарды өз қатарларына тарту үшін небір айла-амалдарға барады, тіпті күш қолданып, қорқытып-үркітуден де тайынбайды. Ұйымға мүше болып кіргендерді қаталдыққа үйретеді, жауыздыққа тәрбиелейді.Көптеген сарапшылар осы заманғы терроризмнің бұрынғыдан айырмашылығы оның қазіргі уақыттағы әрекеттері соғыс кезіндегі іс-қимылдарға ұқсайды және олар ұйымдастыру орталығын айыру мүмкін емес үлгідегі ұйым дегенді айтады. Сарапшылардың пікірінше, террористік желіде осындай орталық бар, ол тек саяси-идеялық, ал кейде қаржылық мағынада ғана жұмыс істейтін көрінеді.Кейде біздер осы заманғы терроршылардың жалпыға бірдей қатысы бар моральдық және инабаттылық нормаларына жеккөрушілікпен қарауға үндеген шақыруларына куә болатынымыз рас. Сол шақырулардың астарында қаныпезерлік, керек болса, әскери жанжалдар кезінде бейбіт тұрғындарға қарсы жасалған қылмыстардан да асып түсетін қатыгездік жатқаны бірден байқалады. Өйткені, олар ешқандай да кінәсі жоқ адамдарды көптеп өлтіруді ойластырады, көп залал келтіруге ұмтылады. Осындай зұлымдық іс-әрекеттері арқылы терроршылар қарапайым халық пен билікті қорқытуға әрекеттеніп, өздерінің талаптарын орындаттыру, соған түрлі жолдармен қол жеткізу мақсатын көздейді.Соңғы жылдары саяси жағынан тұрақсыз, кикілжіңдер мен жанжалдар өршіп тұрған бірқатар елдерде денесіне жарылғыш заттар байлап, өзін өзі жарып жіберу немесе автокөліктерге бомба қою арқылы жарылыстар жасау оқиғалары жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар, өкінішке қарай, шииттік ислам кеңістігінде көбірек байқалуда. Ал өзін өзі өлімге байлап, жанкештілікке бару олар үшін мәртебе саналады екен. Мысалы, Иран мен Ирак мемлекеттері арасында болған жанжал кезінде осындай жанкештілік жасаған сарбаздардың отбасыларына ирандық әскери командирлер олардың қаза тапқаны туралы «өзін өзі азапты өлімге қиды» деген мағынада құттықтау үлгісіндегі хабарлама жіберіп отырған. Таяу Шығыста, сондай-ақ Солтүстік Кавказда жанкештілер жасаған террорлық әрекеттер кейбіреулерге отбасылық мақтаныш болып табылатын көрінеді.Осындай қауіп-қатерлерді болдырмау бүгінде әлемдік қоғамдастықтың да, ірі халықаралық ұйымдардың да, кез келген мемлекеттің де «бас ауруына» айналып отыр. Басқаларды айтпағанда, Орталық Азия елдерінің өзінде осы проблемаларға қатысты халықаралық деңгейдегі жиындар да жиі өткізіліп жүр. Сол жиындарда негізінен – терроризммен және экстремизммен көп болып аянбай күрес жүргізу қажет деген сияқты бұрыннан айтыла-айтыла әбден жауыр болған пікірлер. Бұған өз тарапымыздан қосарымыз, бұл зұлымдықпен күресуде нақты идеологиялық жұмыстардың орны да, жөні де ерекше маңызды екендігі. Ол үшін мемлекеттік және құқық қорғау органдары, сондай-ақ діни және қоғамдық бірлестіктер жан-жақты жоспарланған идеологиялық жұмыстарды көпшілік арасында, бірінші кезекте жастар арасында ұйымшылдықпен жүргізгеннің берері мол болмақ демекпіз.Әлемдік қоғамдастық тарапынан халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл көрсетуге шақырған мәлімдемелер мен үндеулер қабылданып жатады. Ал көптеген елдер бұл шақыруларға қолдау білдіріп, кейде күш жұмылдыруға әзір екендіктерін ресми түрде мәлімдеп те жібереді. Жасыратыны жоқ, көп ретте елдердің өз мүдделеріне байланысты, геосаяси жағдайларға байланысты айтқан сөзі мен нақты іс-қимылының арасында алшақтықтар да кездесіп қалады. Мәселен, Таяу Шығыс елдері де терроризмді айыптайды, оған қарсы бірлесе күрес жүргізуді құптайды. Бірақ осы аймақтағы бірқатар елдердегі эмиссарлар өз қызметтерін Орталық Азиядағы мемлекеттерге ваххабизм идеясын таратуды белсенді ұйымдастырып әрі жүргізіп келеді. Өкініштісі сол, олардың идеясын жақтаушылар Қазақстанда да бар.Біздің елімізде терроризм мен экстремизмнің көрініс беруі қазірше онша ауқымды емес. Дегенмен, шетелдік террористік және экстремистік ұйымдардың, радикалдық ағымдағы конфессиялар миссионерлерінің, сондай-ақ елімізде өздерінің құрылымдарының бөлімшелерін құруға ұмтылып отырған түрлі секталардың іс-әрекеттері алаңдатпай қоймайды. Осы айтқандарымыз, яғни шетелдік террористік ұйымдардың Орталық Азиядағы елдермен қатар, Қазақстанға да ықпал етуге қарекет жасап жатқандары өткен жылдың қарашасында Парламент Мәжілісінде ұйымдастырылған терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі халықаралық конференция барысында да атап көрсетілген болатын.Террористік құрылымдардың жетекшілері Интернетті пайдалану арқылы азаматтарды шетелдердегі соғыс қимылдарына тартуға үгіттейтіні, өз идеяларын біздің еліміздің тұрғындарына да тарататындығы әлдеқашан дәлелденген. Оған Исматулла Абдуғаппар жетекшілік жасаған экстремистік ұйымның біраз жылға созылған қызметі нақты дәлел болып табылады. Ұзақ мерзімге сотталған оның жақтаушылары ел аумағында әлі де кездесіп қалуы мүмкін. Енді солардың қайта бас көтерулеріне жол бермеу керек.Бұрындары терроризм қылмыс ретінде қарастырылып, онымен негізінен құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет органдары айналысып келген болса, соңғы жылдары оларға қарсы күрес жүргізуге контртеррорлық қарулы күштер мен өзге әскери құрылымдар да қатыстырыла бастады. Міне, бұл халықаралық терроризмнің әлем жұртшылығы үшін аса қауіпті сипат алып бара жатқанын көрсетеді. Еліміздің Ұлттық қорғаныс университетінің профессоры Геннадий Дубовцевтің айтуынша, қарулы күштердің терроризммен күреске тартылу шаралары оның алдын алуға бағытталған. Егер ол орындалмаған немесе терроршылар берілмеген жағдайда, қауіпсіздік үшін олардың көзін жоюға әскери құрамалар да қатыстырылады. Сонымен қатар, қарулы күштер террористік ұйымдармен және қылмыстық топтармен күрес жүргізуде құқық қорғау органдарына көмектер де көрсетуі мүмкін.Құзыретті органдар өкілдерінің қатысуымен бірлескен антитеррорлық жаттығуларды жүйелі түрде өткізіп тұру превентивті іс-қимыл шараларының бірі болып табылады. Мысалы, 2003 жылдан бастап ШЫҰ-ға мүше елдердің әскери құрамалары «Бейбітшілік миссиясы» деген атаумен антитеррорлық жаттығуларды тұрақты негізде өткізіп келеді. Сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының коалициялық күштері де жыл сайын контртеррорлық мәселелерге арналған бірлескен жаттығулар өткізіп тұрады. Мұндай шараларды өткізу құқық қорғау және арнайы қызмет органдарының, әскери бөлімшелердің көтерілісшіл-партизандық тактиканы қолдануға бейім террористік құрылымдармен күрес жүргізуде тәжірибе жинақтау үшін қажет.Сарапшылардың пікірінше, терроризмге қарсы күрес саласында әскери-саяси қызметті жетілдіруде шешуді қажет ететін проблемалар да бар. Оған бірқатар мемлекеттердің терроршыларға қатысты екі түрлі саясат жүргізетіндігі, кейбір елдердің халықаралық шарттарды орындамайтындығы, террористік ұйымдарға превентивті соққы беру жөніндегі тұжырымдамаларының халықаралық құқық нормаларына сәйкес келмейтіндігі және бірқатар мемлекеттердің БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдардың рөлін елемеуі жатады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,«Егемен Қазақстан».