Сібірдегі орман өрті ресейліктердің мазаларын кетіргенін теледидар арқылы көріп отырдық. Солтүстік өңірде де ыстық болғандықтан Павлодар өңіріндегі орманшылар, өрт сөндірушілер, төтенше жағдайлар басқармасы биыл күндіз-түні табиғат күзетінде болды.
– Біздің басты қызметіміз де, мақсатымыз да осы орманды, табиғатты қорғау. Өрттен сақтап, орманын, өсімдігін, жан-жануарларын көбейту. Баянауыл ұлттық паркі 1985 жылы құрылды. Жалпы аумағы 68452,8 гектарды құрайды, оның ішінде орманмен қамтылған аумағы – 14 890 гектар. Аумағы жағынан еліміздегі ең үлкен табиғи парк. Жыл сайын парк аумағында ағаш, қарағай өскіндерін егеміз. Парк бойынша 37 гектар көлемде 2 жылдық орман ағашының көшеттері отырғызылды, 73 гектарға толықтыру, 255 гектарында күту жұмыстары жүргізілді, – дейді парк басшысы Сүйіндік Ахметжанов.
Жалпы, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Баянауыл, Жасыбай, Далба деп аталатын үш бөлімшеден тұрады. Табиғи парк аумағы 9079 гектар, экологиялық тұрақтандыру аймағы 4695 гектар, туристік және рекреациялық аймағы 11615 гектар, шектеулі шаруашылық қызмет аймағы 25304 гектар деп бөлінген.
С.Ахметжановтың айтуынша, ұлттық парктің жедел басқару құзырына аумағы 60 мың гектар болатын «Қызылтау» қорығы енген, ол жерде сирек кездесетін және Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктер қорғалады. Табиғи паркте қызмет ететін 111 адамның 102-сі мемлекеттік инспекторлар. Олар ерекше қорғалатын аумақта орналасқан жануарлар және өсімдіктер әлемін қорғау жұмысымен айналысады.
Қазіргі кезде ұлттық паркте өсімдіктердің 552 және жануарлардың 45 түрі бар. Оның ішінде Қызыл кітапқа 5 өсімдік, 12 жануар түрі енген. Өртке қарсы шаралар және биотехникалық жұмыстарды жүргізу үнемі бақылауда. Парк бойынша 30 құстың ұялары орман ағаштарының зиянкестермен зақымдалған орындарына орнатылды.
– Өсімдіктер фаунасында табиғат құпиялары көп. Біздің орманда өте сирек кездесетін өсімдіктер бар, бұл зерттеуді қажет етеді, – дейді орманшылар.
Бұл күндері орман алқабын кеңейту, орманды өрттен қорғау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, «Далба» орман шаруашылығында егілген 18 гектар шырша қазір орманға айналған. Қайың, терек бір-бірімен таласа өсіп келеді. Орман шаруашылығы Баянауылдың оңтүстік шығысына қарай орналасқан. Оған Күркелі, Жаңатілек ауылдық аумағының жерлері қарайды. Қорғауға алынған жалпы аумағы 26 355 гектар жердің 12 пайызы орман жамылғылары. Бөлімшеде 21 тәжірибелі орман инспекторы қызмет етеді.
– Шырша ағашы жылына 40-50 сантиметрге дейін өседі, – дейді шаруашылық басшысы Еламан Кендіров. – Ауылдан бөшкелеп су тасып, қолмен суардық. Жазда арамшөбін жұлып, топырағын қопсытып, баптадық. Орманға айнала бастаған өскіндерді көргенде орманшы болудың қасиетін түсінесің. Жұмыс мұнымен де бітпейді. Шырша алқаптарын кеңейту ойымызда бар.
Орманшылардың айтуынша, қазір заңсыз ағаш кесу тыйылған. Ауыл тұрғындары да, жастар да орманшылармен бірге барып, ағаш отырғызып, оны күтіп-баптайды екен.
– Жас егілген шыршаларға өрт, қар да зиян. Қар басып, бұтақтарын сындырады. Сондықтан қыста күтімсіз болмайды. Бұрындары Баянауылда қараағаш көп егілді. Шыршамен бірге қараағаш алқаптарын көбейтсек, орманның енді ғана егілген алқаптарын қорғап қала аламыз, – дейді орманшы Мұрат Камали.
Ал байырғы орманшылардың бірі Құрман Ермекбаев қарамағындағы 4 инспектормен бірге орман алқаптарын күзетеді. Орман алқабында отырғызған 10 гектар шырша көшеттері қазір «бойжетіпті».
Өздерімен бірге Хамит Ибраев, Олжа Закриянов, Мереке Айханов, Ерсін Бакиров, Нұрлан Шекебаев, Талғат Закриянов, Сәкен Өмірбаев және басқа да байырғы орманшылар еңбек етуде.
Үкіметтің 2017 жылғы қаулысымен қазан айының үшінші жексенбісі «Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні» кәсіби мерекесі болып бекітілген. Бұл мереке еліміздің, жеріміздің байлығын қорғап, сақтап жүрген қарапайым орманшылар үшін үлкен мәртебе.
Орман шаруашылығында отбасыларымен бірге еңбек етіп жүрген Айнағұлов, Солтаналин, Теміров, Имановтар әулеттерін баянауылдықтар мақтан етеді. Мысалы, Құсайыновтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 79 жыл, Турбало әулетінің өтілі 43 жыл және Рахметовтердің еңбек өтілі 35 жылға жеткен.
– Бұл әулеттердің өнегесі орманшы кәсібін отбасылық мұра етуге, жастар арасында еңбекке құрмет, мамандыққа деген мақтаныш сезіміне тәрбиелеуге ықпал етеді, – дейді С.Ахметжанов.
Бүгінде парк аумағында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бекіткен 13 туристік бағыт бар. Табиғат қорғау шаралары барысында мектеп оқушылары жыл сайын іс-шаралар өткізіп, орман алқабында құстарға ұялар орнатып, сенбіліктер жасайды.
Ал тосыннан болатын орман өртін қадағалау оңай емес. Сондықтан табиғатты қорғаушылар дамыл таппайды. Қай уақытта болсын Орман шаруашылықтарындағы мәселе – орман өртінің алдын алу.
Жалпы мәліметтер еліміздің мемлекеттік орман қоры 26,2 миллион гектарды алып жатқанын көрсетеді. Жеріміздің 4,6 пайызын орман алқаптары құрайды. Оның бір пайызы Павлодар облысының үлесіне тиесілі екен. 2010 жылы болған өңірдегі орман өртінің зардабын ауыл тұрғындары әлі ұмыта қойған жоқ. Өрт салдарынан орманға жақын отырған осы ауылдағы бірнеше отбасының үйлері, қора-қопсылары тұтастай жанып кетті. 2005-2011 жылдары өңірдегі Бесқарағай, Шалдай ормандарына от қойғандар да кездесті. Баянауыл орманы да сондай уақытты өткерді. Өңір тұрғындары, әсіресе орманға таяу орналасқан ауылдар алапат орман өрттерін бастан кешірді. Адам шығыны да болды.
Облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық басқармасы 2004 жылдың 8 айында облыс аумағындағы бүкіл орман шаруашылығында 188 рет өрт оқиғасын тіркепті. Өрттің салдарынан жалпы аумағы 195 гектар орман алқабы күлге айналды. 2003 жылы 164 өрт болып, 5 мың гектардай жер өртенген. Орман өрттерінің шығу себебі табиғат құбылысынан емес, адам қолымен жасалған көрінеді. Кезінде өңірдегі өрттен кейінгі ормандарды аралап көрген Шерхан Мұртаза аға «Ақындар мен әкімдер» деген кітабында осы жайды жазды да. Айтпақшы, Сібірдегі орман өртінің қасіретін Георгий Марков өзінің «Сібір» деген романында баяғыда жазып кеткенін қазіргі жас тілшілер оқып көрсе түсінер еді, жылар еді.
Жаман айтпай, жақсы жоқ. Жуырда өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, аумағы шағын болса да, Баянауылдағы мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінде шілде айында өрт шыққан. Өртті дер кезінде сөндіру үшін жергілікті төтенше жағдайлар бөлімдері, Өскемендегі «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің «Ми-8» тікұшағы, Көкшетау қаласының «Құтқару» бөлімінен «Ми-26» тікұшағы жұмылдырылды. Бүгінде өрт қаупі жіті бақылануда. Өрттің шығу себебі мен салдары, келтірілген шығынды анықтау мақсатында орман шаруашылығынан арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеуде.
– 2016-2018 жылдары алапат өрттер бола қойған жоқ. Дегенмен, бір жылда 16 рет шағын өрт тұтанғаны тіркелді. Оның аумағы 0,3 гектарды шарпыды. Біздің негізгі міндетіміз болғандықтан, орманды өрттен қорғауға ерекше назар аударамыз, – дейді парк басшылығы.
– Орманды сақтау – міндет. Орман – байлық. Орман шаруашылықтарына үстіне су бөшкесі орнатылған «Уаз» автокөліктері қажет. Техникаларды да, байланыс рацияларын да жаңартатын уақыт жетті. Заманға сай техникаларды игерсек, – дейді орманшылар.
2017 жылы Үкімет тарапынан Баянауыл ұлттық табиғи паркі мен Алакөл демалыс орталығына бір-бір 20 кісілік кішігірім ұшақ берілген. Қазіргі уақытта 4 тікұшақ алаңы және 1200 метрлік ұшу жолағы бар әуежай құрылысы жалғасуда. Парк басшылығы су мұнарасын тұрғызып, кәріз жүйесін орталықтандырып, қоқыс өңдейтін шағын зауыт ашуды жоспарлауда.
Жалпы, Баянауыл ормандары сонау 1926 жылдан бастап қорғауға алынған екен. Қазақ ырымында ағашты кесуді, өртеуді жаманшылыққа балап жатады. Баянауыл орманы да жер үшін күресіп өткен ата-бабалар жолының ізі қалған шежіре. Қалмақ қосындарын қуған Абылайдың жасақтары орманды оларға бекініс жасауға бермегені тарихтан белгілі. Ұрпағына аманат етіп қалдырған қалың орманды аман сақтау – баршамызға міндет.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы