• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қазан, 2019

Мақсат – азық-түлік бағасын тұрақтандыру

1135 рет
көрсетілді

Еліміздің қай өңірінде болсын күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік түрлерінің бағасы негізсіз өсетін болса, бұл жағдай тұрғындардың наразылығын туғызуы әбден мүмкін. Мұның алдын алу үшін Ақтөбе өңірінде бірқатар кешенді шаралар белгіленді. Бұл іске облыстағы қоғамдық кеңестің мүшелері белсене қатысып жүргенін де айта кетелік.

 

Олар облыс орталығында бірқатар ірі және орташа деңгейдегі сауда орындарында әлеуметтік мәні мен маңызы жоғары азық-түлік тауарларының баға­сына мониторингтік зерттеулер жүргізді. Таяуда осы жұмыстардың нәти­жесі туралы сараптамалық талдау жасап, Ақтөбе облыстық мәслихатының бюд­жет, экономика, өнеркәсіп және кәсіп­керлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының қарауына ұсынды.

Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Бижан Қалмағамбетовтің сөзіне сүйенсек, олар жаз айларында екі топқа бөлініп Ақтөбе қаласындағы ірі сауда орындары санатындағы «Әнуар» мен «Дина» супермаркеттерінде және «Табыс» коммуналдық базарын аралап, азық-түліктердің бағаларына тиісті талдаулар жүргізген. Сонымен бірге қоғамдық кеңестің мүшелері өзге де көтерме бөлшек сауда базарларын аралап, ондағы ахуалмен егжей-тегжейлі танысты. Негізгі тұтынатын тауарлардың бағасына бақылау барысы көрсеткендей, осы кезеңде айтарлықтай өзгерістер байқалмаған. «Сондықтан да мониторингтік бақылаулар нәтижесін орташа деңгейде бағаладық», дейді Б.Қалмағамбетов.

Рас, биылғы 21 тамыз бен 15 қазан күндері сауда нүктелеріндегі сатылған тауарлар бағасының арасында бірқатар айырмашылық бар. Бұл жайт әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік бағаларын бақылау мен тұрақтандыру жұмыстары ұдайы жүргізілуі керектігін көрсетеді. Қазір осы мақсатта сауда кәсіпорындары иелерімен кездесіп, кеңесу жұмыстарын жиі өткізу ісі өміршең тәсілдің бірі ретінде белгіленді. 

Сондай-ақ азық-түлік тауарларының бағасына қатысты облыс орталығы тұрғындары арасында сауалдамалық зерттеулер жүргізу ісіне де қоғамдық кеңес мүшелері бастамашы болғанын айта кеткен жөн. Сайып келгенде мұның бәрі баға мониторингін қалыпты деңгейде ұстап, тұрақтандыруға оң септігін тигізері анық.

Аталған істің нәтижелі болуына бұдан 4-5 жыл бұрын Ақтөбе қаласында құрылған тұрақтандыру қоры да тиісті ықпал етеді деген ойдамыз. Осы арқылы күнделікті тұтынатын азық- түлік өнімдері арзан бағамен әлеуметтік дүкендерде сатылып жүргені жағымды жайт. Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқан Көкеев қазір тұрақтандыру қоры есебіне 1800 тонна көкөніс өнімдері жеткізілгенін айтады. Оның есебінше, бұл мөлшер қаладағы әлеуметтік топтар қатарына кіретін тұрғындарды алдағы 2020 жылдың сәуір айына дейін қамтуға толығымен жететін көрінеді.

 

АҚТӨБЕ