Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Қазақстандағы коронавирустық инфекцияға қарсы шараларды күшейту туралы» баспасөз мәслихаты өтті. Шараға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев қатысты.
«Біз күн сайын азаматтарды ақпараттандырумен айналысып жатырмыз. Министрліктің интернет ресурстарында маңызды мәліметтер өз уақытында жариялануда. Соған қарамастан, әртүрлі әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар тарап, елді дүрліктіруде. Мысалы, бүгін уатсап желісі арқылы «Нұр-Сұлтанда екі адам қайтыс болды» және «Алматыда вирус жұқтырған қытай азаматтары емделіп жатыр» деген шындыққа жанаспайтын ақпарат тарауда. Оның бәрі жалған. Өңірлерден де осындай ақпарат келіп жатыр. Біздің негізгі міндетіміз – еліміздегі түрлі аурудан, инфекциядан қорғау, ашық әрі толық ақпарат беру. Қытайда 80 мыңнан астам науқас тіркелді. Соңғы күнде 0,18 пайыз қосымша өсіммен науқастардың тіркелгені белгілі болып отыр. Бірақ ауруханадан шыққан азаматтардың саны 52 мыңнан асты. Яғни, бүкіл науқастың 65 пайызы емделіп шықты. Өкінішке қарай, дүние жүзіндегі 79 мемлекетте 14 мыңнан астам науқас тіркелді. Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус инфекциясымен науқастанған адамдар тіркелмеді. Мұндай диагноз әлі ешкімге қойылған жоқ», деді ол.
Сондай-ақ Е.Біртанов өз сөзінде 20 ақпаннан бастап коронавирус инфекциясы бойынша қауіпті мемлекеттер үш санатқа бөлінгенін атап өтті.
«Аталған санаттар бойынша бақылау жұмыстары жүргізілуде. «А» және «Б» санаттары бойынша 900-ден астам азамат карантинге жатқызылды. Үшінші санаттағы 7515 азамат бақылауда. Түрлі мемлекеттен келген 8 мыңға тарта азамат қазір Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Вирус басталғалы бері арнайы Ұлттық сарапшылық лаборатория үш мемлекеттен қажетті лабораторлық тестті алды. Қазіргі күні 11 мың адам тексеріс тестілеуінен өтті. Барлық тест нәтижесі жақсы. Коронавирус табылмады», деді ол.
Сонымен қатар министр мектептерде оқу тоқтатылмайтынын атап өтті.
«Біз қазір арнайы құрылған комиссия арқылы алдын алу шараларын жоспарлап жатырмыз. Адамдар көп жиналатын мерекелік шараларды шектеу – сақтықтың бірі деуге болады. Себебі вирустың кімнен, қалай жұғатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Сол себепті барынша сақтанғанымыз абзал», деді ол.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев Қазақстанға келетін жолаушылардың тасымалын шектеу бойынша жаңа шаралардың енгізілетінін жеткізді.
«Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Қытай арасындағы барлық тұрақты рейс 2020 жылдың 3 ақпанынан бастап тоқтатылған еді. Махан-Эйр әуе компаниясының Алматы – Тегеран бағыты бойынша рейстері тоқтатылды. Алматы – Баку және Ақтау – Баку бағыттары бойынша Әзербайжанмен арада аптасына 15 рейс бар болатын. Біз Алматы – Баку рейсін 5-тен 1 рейске дейін, ал Ақтау – Баку рейстерін 7-ден 1-ге дейін қысқарттық», деді Б.Қамалиев.
Вице-министр бұл шешімді Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия қабылдағанын айтып, 1 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Сеул арасындағы әуе рейстері 9-дан 3-ке дейін азайғанын алға тартты.
«Бұл рейстерді «Air Astana» мен оңтүстіккореялық «Asiana» әуе компаниясы орындап келген. Комиссия сонымен бірге 8 наурыздан бастап Оңтүстік Кореяның азаматтары мен 1 санаттағы елдер азаматтарының елге кіруін шектеу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты Сеул – Алматы және Сеул – Нұр-Сұлтан бағдары бойынша сапарға жауапты әуе компанияларының бәріне радиограмма жібердік», деді вице-министр.
Айта кететін бір жайт, бірінші «А» санатында Қытай, Иран, Оңтүстік Корея елдері, ал бірінші «Б» санатында ҚХР, Гонконг, Макао, Тайвань (ҚХР), Жапония, Италия, екінші санатта Франция, Германия, Таиланд, Әзербайжан, үшінші санатта БАӘ, Испания, Малайзия, Ирак, Швейцария, Ұлыбритания, Бахрейн, Кувейт, Сингапур, АҚШ қатарлы мемлекеттер тұр.
Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін келесі алдын алу шараларын ұсынады. Алдымен қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу, қолды залалсыздандыруда спиртті антисептиктерді қолдану, адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу, науқас адамдармен байланыста болмауға, суық тию белгілері (жоғары температура, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болған жағдайда, тұрғылықты жері бойынша дәрігермен кеңесу керек.