Осы күндері Қытайдың Нанкин қаласында жасөспірімдер арасында өтіп жатқан ІІ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы алғашқы алтын жүлдені иеленді.
Осы күндері Қытайдың Нанкин қаласында жасөспірімдер арасында өтіп жатқан ІІ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы алғашқы алтын жүлдені иеленді.
Стенд атудан скит бағдарламасы бойынша спортшымыз Александр Мұхамадиев Азия ойындарының чемпионы атанды. Осы сында біздің тағы бір отандасымыз Давид Пошивалов қола жүлдеге ие болды. Ал екінші орынды катарлық Халед Әл-Мунсарри еншіледі. Мұның алдында, яғни Азиаданың алғашқы күні біздің құрама қола медаль алған болатын. Бұл жүлдені дзюдодан 55 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Анатолий Дураченко жеңіп алды. Ол соңғы кездесуінде тай спортшысын ұтты.
Қазір біздің қоржынымызда 1 алтын, 2 қола медаль бар. Жалпы есепте әзірге бесінші орында келеміз.
Қазақстандық теннисшілер де ІІ жазғы Азия ойындарын жақсы бастады. Азиаданың алғашқы күні «Team Kazakhstan» командасының өкілдері Дмитрий Попко сириялық Карем Алалафты 6:1,6:2 есебімен ұтса, Роман Хасанов катарлық Абдулла Алмахмоудтан 6:4, 6:0 есебімен басым түсті.
Кеше «Team Kazakhstan» командасының мүшелері Әсия Дайыр мен Анастасия Епишева ширек финалдың жолдамасын сарапқа салды. Жұптық жарыста Әсия мен Дмитрий Попко қытайлық Вонг Чонг пен Юн Хей Лиге қарсы ойнады. Тағы бір ақпарат, гандболдан Қазақстан қыздар құрамасы алғашқы ойынында Таиланд командасын 25:12 есебімен ұтты.
Жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары алғаш рет 2009 жылы Сингапурде өткен болатын. Содан бері ол Азия олимпиялық кеңесінің туы астында төрт жылда бір рет өтіп келеді.
Биылғы Азиаданың бағдарламасында теннистен басқа спорттың 16 түрі қамтылған. Оған 45 елдің өкілдері қатысуда.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».
Суретте: Александр МҰХАМАДИЕВ.