• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2013

Бір секіреді – құтылады, екі секіреді – құтылады, үшінші рет... сөз жоқ тұтылады

500 рет
көрсетілді

Жамбыл облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, қаржы полициясының полковнигі Мақсұт Нәлібаевпен әңгіме

Жамбыл облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, қаржы полициясының полковнигі Мақсұт Нәлібаевпен әңгіме

– Қазіргі таңда Жамбыл облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыйбайлас жемқорлыққа қарсы кү­рес департаменті аймақта эко­номикалық қылмыстар мен сы­байлас жемқорлыққа қар­сы батыл күрес жүргізіп, бірқа­тар жемқор басшылардың «бетпердесін» сыпырып, олар­дың шын мәнінде кім екенін ха­лыққа әшкерелеп беруде. Бұл жұмыс қалай жүргізілуде?

– Жамбыл облысының қаржы полициясы қызметкерлері 6 ай ішінде экономика саласында орын алған 246 қылмысты анықтады. Облыста арақ-шарап өнімдерін қолдан жасайтын 2 жасырын цех әшкереленіп, 3 778 мың жалған акциз маркалары мен спирт өнімі заңсыз айналымнан алынды. Сонымен қатар, ағымдағы жылғы наурыз айында қаржы полициясы департаментімен «Coca-Cola», «Sprite», «Fanta» сусындарын анти­санитарлық жағдайда заңсыз жасайтын астыртын цехтың «қыз­метіне» нүкте қойылып, 3 434 жасанды сусын құйылған бөтелкелер тәркіленді. Ойын бизнесі саласында 21 заңсыз ойын-сауық залдарының, оның ішінде 2 ас­тыртын казиноның қызметі тоқ­татылып, 3 рулетка, 3 покерлік үстел, 63 ойын автоматтары, 13 терминал және 136 жүйелі блогтар «бизнестерін» тоқтатты.

Сонымен бірге, ағымдағы алты айда сыбайлас жемқорлық бойынша 115 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде 13 па­рақорлық (10 пара беру, 2 пара алу және 1 парақорлыққа делдалдық жасау) фактілері бар. Мысалға, «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдар­ламасын жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық сипатында жасалған 6 қылмыс анықталды. Айталық, ақпан айында Талас ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі коммуналдық мемлекеттік меке­месінің бастығына қатысты ҚР ҚК 307-бабының 2-бөлімі (қыз­мет өкілеттігін теріс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қоз­ғалды. Яғни, мекеме басшысы лауазымды тұлға бола тұрып, бел­гілі бір адамдарға пайда мен артық­шылықтар беру мақсатымен Ойық ауылын сумен жабдықтау құрылыс жұмыстарының қалай атқарылғандығын тексермес­тен қабылдап, «Ауыз су» жә­не «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағ­дарламалары бойынша бөлінген 81 миллион теңгеден астам бюджет қаржысын «СК Биік асулар» ЖШС-не атқа­рылмаған жұмыстар үшін аударып жіберген. Талас аудандық сотының үкімімен «СК Биік асулар» ЖШС-нің банк шоттарына, жылжитын және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салынды. Сарыкемер ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Д. Сумелидиге қатысты ҚР ҚК 177-бабы 3-бөлімінің «а», «б», «г» тармақтары (алаяқтық), 314 бабының 3-бөлімі (қызметтік жалғандық жасау), 235-бабының 2-бөлімі (ұйымдасқан қыл­мыстық топты немесе қыл­мыстық қа­уым­дастықты (қыл­мыстық ұйым­ды) құру және оны басқару, қыл­мыстық қо­ғамдастыққа қатысу) бойынша қылмыстық істер қозғады. Ауданның бас сәулетшісі А. Момынжановтан, Өзбекстан Республикасында туған Н.Жұ­баевтан, Сарыкемер ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Д. Сумелидиден, К.Құ­ралбаевтан тұратын ұйым­дасқан қылмыстық топты Байзақ ауданы Сарыкемер ауылдық округінің бұрынғы әкімі Я. Мұсаев бас­қарған. 2001-2010 жылдар аралығында олар азаматтардың сеніміне қиянат жасап, алдау арқылы жер телімін беру үшін барлығы 9 миллион теңгеден астам көлемдегі қаражатты иеле­ніп кеткен. Д.Сумелиди, өз кезе­гінде, Сарыкемер ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы деген уақытша қызметін жеке бас пайдасына пайдалану үшін, заңсыз шешімдерге қол қойып және оны бекіте отырып, оралмандардан 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін пара алып, қылмыстық топ мүшелеріне бөліп беріп отырған. Байзақ аудандық сотының үкімімен Д. Сумелиди алаяқтық, қызметтік жалғандық жасау, ұйымдасқан қылмыстық топты немесе қыл­мыстық қауымдастықты құру және оны басқару, қылмыстық қоғамдастыққа қатысуы бойынша кінәлі деп танылып, дүние­мүлкі тә ркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

– Қаржы полициясының жедел іздестіру іс-шараларының нә­тижесінде парақорлық сипа­­тындағы 13 дерек анықтал­ғанынан біздің хабарымыз бар.

– Иә, ағым­дағы жылдың басынан депар­тамент қыз­­меткерлерімен қазақ-қырғыз шекарасында мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік өкі­леттігін теріс пайдалану фак­тілерін анықтауға бағытталған белсенді жұмыс жүргізілді. Атап айтсам, «Қарасу» шекара ба­қылау жүк бекетінің бастығы А.Сәрсенбаев 2012 жылдың желтоқсан айында және 2013 жылдың қаңтарында азамат А.-дан шекара бақылау бекеті арқылы халық тұтынатын тауарлар тиелген автокөлікті ҚР мемлекеттік шекарасынан шекаралық қарау­сыз, кедергісіз өткізгені және қамқорлыққа алғаны үшін жалпы сомасы 236 000 теңге пара алған. Әскери соттың үкімімен А. Сәрсенбаев ҚР ҚК 311-бабының 2-бөлімімен (пара алу) бойынша кінәлі деп танылып, ҚР ҚК 55-бабына сәйкес (белгiлi бiр қылмыс үшiн көзделген жазадан гөрi неғұрлым жеңiл жаза қолдану) 4 миллион теңгеден астам айыппұл төледі. «Қарасу» кеден бекетінің 1 дәрежелі маманы Е. Байменов те лауазымды тұлға бола тұра 2013 жылдың 15-ші және 18-ші наурызында азамат Т.-ның тауарларын еліміздің мемлекеттік шекарасынан кедергісіз өткізгені және жалпы қамқорлығы үшін 30 000 теңгені пара ретінде жүйелі түрде алып отырған. Қордай аудандық сотының үкімімен Е. Байменов пара алу бойынша кінәлі деп танылып, шартты түрде 2 жылға бас бостандығынан айырылды. «Қордай» кеден бекетінің 2-дәрежелі жетекші маманы А. Әділбаев та 2013 жылдың 7-ші, 10-шы және 17 сәуірінде азамат С.-дан ҚР мемлекеттік шекарасынан халық тұтынатын тауарларды шекаралық қараусыз, кедергісіз өткізгені және жалпы қамқорлығы үшін 21 000 теңгеден жүйелі түрде пара алып тұрған. Қордай аудандық сотының үкімімен А. Әділбаев кінәлі деп танылып, құқық қорғау органдарында және мемлекеттік қызметте 3 жыл мерзімге дейін қызметке орналасу құқығынан айырылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Наурыз айында Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орта­лығының Жамбыл облыстық филиалының Меркі аудандық бөлімшесінің бастығы Е.Ах­тан­бердиевтің үстінен сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу хаттамасы бойынша ҚР ҚК-нің 311-бабы 1-бөлімімен (пара алу) қылмыстық іс қозғалды. Яғни, ол мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлға бола тұрып, 2013 жылдың 20 наурызында азаматша М.-дан көтеріңкі зейнетақы төлеу үшін 60 000 теңге пара алған. Меркі аудандық сотының үкімімен Е. Ахтанбердиев кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте 3 жыл мерзімге дейін орналасу құқығынан айырылып, шартты түрде 2 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.

– Иә, үлкен ұжым бас­шы­ларының ой-өрісі мен аза­маттық ақыл-парасаты да ла­уа­зымдарына сай үлкен болғанға не жетсін. Бірақ, өкі­нішке қарай, олар ел сенім артқан лауазымды басшы бола тұра арзымайтын тиын-тебен үшін неше түрлі айла-тәсілдерге барып, сол пасық әрекеттері арқылы мемлекет қаржысына қол сұғып, тіп­ті, жемқорлыққа өзіне бағы­нышты қызметкерлерін де ерік­сіз мәжбүрлеуге баруда...

– Дана халқымыз «Ұрлық түбі – қорлық» демеп пе еді. Ондайлардың бар екені де, отаған сайын арам шөп сияқты қаптап шыға беретіні де рас. Бірақ «бір секірдім– құтылдым, екі секірдім – құтылдым, үшінші рет секірдім – тұтылдым» дегендей, кез-келген жемқор мен кез-келген парақор, ол мейлі басшы болсын, мейлі қосшы болсын, бірде болмаса бірде қаржы полициясы қызметкерлерінің құрығына түсетіні анық. Түсіп те жатыр. Өйткені, өркениетті құқық­тық қатынастардың сы­бай­лас жемқорлықпен және оның көріністерімен бір арнада тоғыспайтындығы белгілі.

Бүгінде біз облыстағы бизнес ассоциацияларымен, «Альянс» және «Атамекен» қоғамдық ұй­ым­дарымен, өңіріміздің бас­қа да бірқатар ірі кәсіпкерлік құрылымдарының өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер өткі­зіп, олардың сыбайластық пен жемқорлыққа қатысты ой-пікір­лерін біліп тұрамыз. Бұл кездесулер, өз кезегінде, бізге кімнің кім екенін ашып беруде.

Әңгімелескен

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.

Соңғы жаңалықтар