Мал дәрігерлері қазір үлкен сұранысқа ие. Жан-жануарлардың тілін түсінеді деуге әбден болатын мал дәрігері Саида Закирьянова төрт түлікпен бірге жан-жануардың барлық түрін емдейді.
24 жасар Саида осы мамандығын өзі таңдаған. Анасы да - мал дәрігері. Жас маманның хоббиі де бар. Бос уақытында тырнақ әрлейді.
– Жануарлар қай жері ауырып тұрғанын айтып, шағымдана алмайды ғой. Аурудың белгілерін қарап емдейміз. Алғаш рет ірі қарадан қан алғаным есімде. Қорқынышты болды. Мал дәрігері мамандығын таңдаған себебім-бала кезімнен анамның жұмысына қарап қызықтым. Қазір мал дәрігері мамандығын игеріп, жұмыс істеп жатырмын. 2 жылдан асты. Таңдауыма еш өкінбеймін, – дейді мал дәрігері Саида Закирьянова.
Кейіпкеріміз жұмыс істейтін ветеринарлық станцияда 7 адам жұмыс істейді. Араларындағы жалғыз ару-Саида. Ер мінезді кейіпкер еш жасқанбай, ұсақ малдарға екпе жасап, таңбалайды. Бұл салаға келгеніне екі жыл болыпты.
– Біздің ветеринариялық станцияда тәжірибеден өтіп, жұмысқа қабылданды. Ынтасы зор. Біздің салаға жастар келе қоймайды ғой. Саида ер азаматтардан қалыспай екпе жасап жүр. Күзге дейін 4 мыңнан аса ірі қара мен 10 мыңға жуық ұсақ малға вакцинация жасалуы тиіс, – дейді қалалық ветеринария станциясының директоры Еркін Есілбаев.
«Медицина адамды, ал, ветеринария адамзатты емдейді» деген қанатты сөз бар. Адамзатты емдеп жүрген арудың ісіне адам қызыққандай.
Көкшетау қаласы