• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Оқиға 09 Маусым, 2020

Қазақша «SÓILE»!

204 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда Жамбыл об­лысының Қордай ауданында қазақ тілін оқыту курстары­ның саны артып келеді. Мұнда қазір 565 тыңдаушы оқиды. Қордайлықтардың қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы жоғары.

Сонымен қатар жергілікті өзге ұлт өкілдеріне қазақшаны тілдесу ар­қылы үйрету, ойын қазақша еркін жет­кізе білуге жағдай жасау мақ­сатында «SÓILE» клубы құрылған бола­тын. Бұл орайда, ауданның Масанчи, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқат­ты, Бәйтерек және Қарасу ауыл­дарында ашық аспан астында «SÓILE» клубы ашылып, аталған шара­ға барлығы 200-ден астам адам қатыс­ты. Сондай-ақ TedX әдісімен атал­ған клубтың отырысы өтті.

 Аталған ауылдарда клуб отырысы жазғы маусым кезінде ашық аспан астында апта сайын өткізіледі. Жыл соңына дейін қазақ тілін үйрету сабағына 1500 адамды тарту жоспарланып отыр. Нәтижесінде, ауданда мемлекеттік тілді жетік меңгерген, қазақ тілінде еркін сөйлей алатын орта қалыптасатын болады. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің Қордай ауданына жұмыс сапары барысында да Сортөбе ауылында болып, «SÓILE» клубының кезекті отырысына қатысқан еді. Әкім мұнда тыңдаушылармен сұхбаттасып, тіл – адамның ең негізгі байлығының бірі екенін, сонымен қатар қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде қолдану керектігін айтқан болатын. Қазіргі кезде Қордайда тұрғындарға қазақ тілін үйрету жұмыстары бекі­тілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

 

Жамбыл облысы