Қазақстанның солтүстігінде республикалық маңызы бар "Нұр-Сұлтан – Петропавл – Қорған" автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жолды реконструкциялау жұмыстары 2017 жылы басталған болатын. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.
"Нұр-Сұлтан – Петропавл – Қорған" жолының Петропавл қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі 60 шақырымын қайта жаңарту жұмыстарын қазақстандық "К-Дорстрой" компаниясы жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда жолшылар жол жабындысын жолдың 37 шақырымында ауыстырған. Сонымен қатар, су өткізгіш 22 құбырды және 4 мал өтпесін салу жұмыстары орындалды. Жолдың толық бойында 450-ден астам адам, техниканың 275 бірлігі жұмыс істеуде.
Қайта жаңарту жұмыстарынан өткен соң жол І және ІІ техникалық санаттарындағы жолға сәйкестендірілмек. Қазіргі таңда жұмыстардың 60% аяқталған. Қалыптасқан эпидемиялық жағдайға қарамастан, қозғалыс жыл соңына дейін жол учаскесінің толық бойында ашылатын болады.