• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
12 Қазан, 2013

Бюджет саясатын жетілдіру– уақыт талап етіп отырған үдеріс

656 рет
көрсетілді

Парламенттің екінші сессиясының ашылуындағы бірлескен отырыста сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бюджеттік қаражатты үнемдеу саясаты одан әрі жалғастырылатынын мәлімдегені белгілі. «Ғаламдық экономикалық ахуал ушығып жатқан жағдайда оны тек қана бюджет шығындарының үнемділігі мен тиімділігі амалы арқылы ғана қалыптастыруға болады», деп баса айтып өтті Президент. Елбасы, сондай-ақ, экономикалық өсім мен халықты жұмыспен қамту мәсе­лелерін қамтамасыз етпейтін шығын­дарды қысқартуды тапсырды.

 

Парламенттің екінші сессиясының ашылуындағы бірлескен отырыста сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бюджеттік қаражатты үнемдеу саясаты одан әрі жалғастырылатынын мәлімдегені белгілі. «Ғаламдық экономикалық ахуал ушығып жатқан жағдайда оны тек қана бюджет шығындарының үнемділігі мен тиімділігі амалы арқылы ғана қалыптастыруға болады», деп баса айтып өтті Президент. Елбасы, сондай-ақ, экономикалық өсім мен халықты жұмыспен қамту мәсе­лелерін қамтамасыз етпейтін шығын­дарды қысқартуды тапсырды.

Шығыстардың тиімділігі көп жағдай­да қаржыны мемлекеттік басқарудың сапасымен анықталады. Бюджеттік қаражаттарды басқарудың сапасын көтеру қажеттілігі нәтижеге бағытталған бюджет шығындарының бағыт-бағдарын топшылайтын нәтижелі бюджеттендіруге көшуге себепші болды. Демек, оларды үйлестіру алға қойылған мақсаттарға жетуге байланысты жүреді.

Бюджеттік шығыстардың тиімділігін арттыру міндеті мемлекеттің бюджеттік саясатының ең басты бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан, барлық деңгейдегі атқарушы билік қызметінің тұрақты бағыты алдын ала болжамдалатын және жауапты бюджеттік саясат жүргізу болуы тиіс.

Сонымен, нәтижеге бағытталған бюджеттеудің алдында бюджеттік қаражаттарды жұмсаудан бұрын одан қандай нәтиже түсетіндігі, яғни барлық бюджеттік қаражатты нақты өлшенетін нәтижеге бағыттау міндеті тұр. Мысалы, егер, денсаулық сақтауға мемлекеттік бюджеттен біршама миллион теңге жұмсағымыз келсе, онда біз мемлекеттің қанша тұрғынына дәрігерлік көмек көрсетілетінін және ол өмір сүрудің орташа ұзақтығына қалай әсер ететіндігін нақты білуіміз қажет. Осылайша, барлық бюджеттік қаражаттар тек қана нысаналы мақсатқа ие болып мемлекеттік шығындарды атқару үшін ғана емес, нақты өлшенерлік нәтижеге ие болады. Егер біз нәтиже мен пайдаланған қа­ражаттардың тиімділігін өлшей алмасақ, онда біз процесті басқара алмаймыз.

Бюджеттік қаражаттарды пайда­лану­дың тиімділігін бағалаудың нақты өлшемдері болмаған жағдайда жос­парлау процесі қиындайды, мақсат­тар­ға жету мен оларды анықтау бюджет­тік бағдарламаларының және өз қызмет­ін­дегі нәтижелілік көрсеткіші бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершіліктері төмендейді, шығын­дарды үнемі «өсіріп айтуға» деген ұмтылыс пайда болады.

Енді шешімі мемлекеттік бюджет шығындарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін бірнеше мәселеге тоқталып көрейік.

Біріншіден, мемлекеттік меншіктерді түгендеу қажет.

Осы жылдан бастап, барлық мем­ле­кеттік органдар кассалық әдістен төлем әдісіне көшуді ұсынатын қоғамдық сек­торға арналған қаржылық есептіліктің ха­лық­аралық үлгілеріне өтеді. Ол үшін ең алдымен активтердің қатаң есебі керек. Алғашқы есеп жүргізілмесе, мұндай көшу­­дің еш пайдасы болмайды деп ойлаймын.

Екіншіден, ең төменгі әлеуметтік стандарттарды қабылдау мен жасаудың қажеттілік сәті пісіп-жетілді.

Елбасымыз Қазақстан халқына Жол­дауында: «Азаматтарымыз үшін экономика мен бюджеттің өсуіне тікелей тәуелді болатын ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктерді орнатуымыз керек», деп атап көрсеткен еді. Сондай-ақ, Үкіметке осыған сәйкес келетін заң жобасын жасау тапсы­рылған болатын. «Бұл стандарттарды ұстану барлық әлеуметтік салаларды бюджеттік қаржыландырудың көле­мін анықтауы қажет. Бұл бюджет процес­терінің айқындығын арттырып, бөлінген қаражаттардың атаулылығын күшейтетіндігін» Елбасымыз баса көрсетіп берді.

Бұл мәселені депутаттар респуб­ликалық бюджетті қарастыру барысында бірнеше рет көтерген болатын.

Үшіншіден, бюджеттік заңнамаға, сондай-ақ, мекемеге қарайтын ұйымдар жасаған міндеттерге нормаларды қолдану бөлігінде мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамаға өзгерістер енгізу керек. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның нормалары көрсетілген заңды қолданбай-ақ мекемеге қарайтын ұйымдардан, акционерлік қоғамдардан да сатып алуды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады.

Бұл мекемеге қарайтын бюджеттік ұйымдарды асырауға кететін шығын­дардың көрсетілетін қызметінің құны, сапасы, көлеміне емес, бар қуат асы­рау қажеттілігіне жоспарланып жатқан­дықтан орындалуы мүмкін. Жоспарлау, негізінен, олардың құрылымын өзгеріс­сіз күйде сақтай отырып, бар шығын­дарды индекстеу әдісі бойынша жүзе­ге асырылады. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңды есепке алмай-ақ, кез кел­ген жағдайда қызметтерді мем­ле­кеттік басқару органдары жасаса, жаңа­дан бірнәрсе ойлап табудың қажеті қан­ша?! Нәтижесінде, шығындарды оңтай­ландыруға деген ынталары болмайды.

Төртіншіден, шығын тиімділігін бағалауды ұдайы жүргізіп отыру қажет және бюджеттік шығындарды жоспарлау барысында оның нәтижелерінің есебімен қамтамасыз етіп отыру керек.

Шығындардың тиімсіздігі – бұл сапа­сыз жоспарлаудың салдары. Бюд­жеттік шығындардың құрылымы мен көлемін ұтымды жоспарлау барысында «жұмсалған қаражат-пайда» талдамасы негізгі құрал болып табылады. Біз «қанша қаражат салдық және нәтижесінде қанша алдық» қағидасы бойынша талдау жасауымыз керек. Алынған есеп бойынша мемлекеттік бюджетті жоспарлауымыз қажет немесе қабылданған бюджетке түзетулер енгізуіміз керек.

Қазір бізде негізінен «бағдарламалы» жоспарлау болғандықтан, ұзақ мерзімді бағдарламаларды жүзеге асырудың тиімділігін бағалап түзете алуымыз, не мерзімінен бұрын тоқтата білуіміз қа­жет. Сондай-ақ, бағдарламаның жүзеге асуы тиімсіз болған жағдайда тиесілі тұл­ғалардың жауапкершілігін орнату керек.

Бесіншіден, бақылау-қадағалау қызметін жетілдіру керек. Әсіресе, бюджеттік қаражатты тиімді қолдануды қатаң бақылауға алу керек.

Аудит тиімділігі стратегиялық жос­парларда көрсетілген міндеттер мен мақ­саттар бюджеттік бағдар­ла­мала­ры­ның әкімшілер қызметі нәтиже­сінің сәй­кестіктерін бағалау үшін қажет. Оларға же­ту тәсілдерін бағалау керек және қар­­жы қызметінің тиімділігін артты­ру бо­йын­ша рекомендация дайындау қажет.

Бұл жағдайда негізінен ревизорлардың өздерінің жауапкершіліктерін арттыру маңызды болып табылады. Бюджет кодексіне сәйкес, мемлекеттік қаржы бақылау жөніндегі мемлекеттік ұйымдар қызметі бюджет процесіне жатады, дегенмен, Сыныптауышта мемлекеттік қаржы бақылау ұйымдары қызметкерлері жауапкершіліктерінің бұзылуы көрсетілмеген.

Қазіргі кезде бақылау актісінде нені көрсететіндігін ревизордың өзі анықтайды және актіде көрсетілген анықталған бұзушылық фактілеріне ғана жауапты. Сонда тексеруші оларды төмендету үшін өз өкілдіктерін асыра пайдаланып, қиянат етушілік пен бұзушылық тексерісі барысында табылған әдейі жасырып қалушылыққа қалай жауапты бола алады?! Егер бұзушылық болған жоқ деген тексерістен кейін бюджеттік қаражатты тиімсіз қолдану фактілері, қымқыру, не басқа да бұзушылық фактілері шықса, сол жерде басшысымен бірге тексеріс жүргізген, сол фактілерді өз актілерінде көрсетпеген тексерушілер де шақырылуы керек.

Тексерушінің жауапкершілігін кү­шей­туде мемлекеттік қаржы-бақы­лау ұйым­дарының басшылары мен тексе­рілуші жақ тарапынан да тексеріс нәти­жесіне әсер ете алу мүмкіндігі алынып тас­талады деп есептеймін. Барлығы да тексерушінің жеке (әкімшілік не қыл­мыс­­тық) жауапкершілігіне байланыс­ты құ­рылады. Осы амалдар өткізілетін тек­­се­рістердің сапасын көтеруге мүмкін­дік береді.

Қорыта айтқанда, бюджеттік бағдар­лама әкімшілері бюджетті жоспар­лай және атқара отырып, бюджет шы­ғын­­дарының тиімділігі мен үнем­шіл­ді­гін естерінде ұстаулары тиіс. Мем­ле­кеттік бюджет, әсіресе, экономика құры­лымдарын жақсартуды қамтамасыз ететін, ұлттық экономиканың бәсекеге қабі­леттігін көтере отырып, халықтың өмір сүру деңгейін жоғарылататын сала­ларды дамытуға жағдай жасауы керек.

Татьяна ЯКОВЛЕВА,

Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан»

ХДП фракциясының мүшесі.

Соңғы жаңалықтар