• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2013

«ҚазТрансОйл» АҚ – «Бір ел – бір кітап» акциясына қатысты

380 рет
көрсетілді

Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың поэзиясы барша оқырман жүрегінен берік орын алды

ЖҮРЕГІ ЖЫРМЕН ТЕР­БЕЛГЕН

Фариза поэзиясы терең тылсымдарға үйіріп әкетеді. Сол себептен болар, ақын поэзиясы баршаның жүрек түкпірінен берік орын алды. Бір оқып, қоя салатындай емес, қайта-қайта оқуға жетелеп тұратын парасатты поэзияға айналды. Ақын жырын қазақша түсінетін, қазақша білетін өзге ұлт өкілдері де оқиды. Жеті жыл бұрын аяулы ақынның өзі бастамашы болған «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында биыл «Дауа» лирикалық жыр кітабының таңдалуы тегін емес. Тағы бір қайталап айтар болсақ, осы кітапқа енген жырларын оқыған ел-жұрт ақын жүрегінің нәзіктігі мен поэзиясының шынайылығына көз жеткізеді.

 

Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың поэзиясы барша оқырман жүрегінен берік орын алды

ЖҮРЕГІ ЖЫРМЕН ТЕР­БЕЛГЕН

Фариза поэзиясы терең тылсымдарға үйіріп әкетеді. Сол себептен болар, ақын поэзиясы баршаның жүрек түкпірінен берік орын алды. Бір оқып, қоя салатындай емес, қайта-қайта оқуға жетелеп тұратын парасатты поэзияға айналды. Ақын жырын қазақша түсінетін, қазақша білетін өзге ұлт өкілдері де оқиды. Жеті жыл бұрын аяулы ақынның өзі бастамашы болған «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында биыл «Дауа» лирикалық жыр кітабының таңдалуы тегін емес. Тағы бір қайталап айтар болсақ, осы кітапқа енген жырларын оқыған ел-жұрт ақын жүрегінің нәзіктігі мен поэзиясының шынайылығына көз жеткізеді.

Аталған акция аясында 10-11 қазан күндері Атырауда «ҚазТ­ранс­Ойл» ком­­паниясы мен облыс­тық әкім­дік қолда­­уымен ақын шы­ғар­ма­шылығын кеңінен наси­хаттаған шаралар шоғырын өткізді.

Алдымен, «ҚазТрансОйлдың» әр өңірдегі филиалдарының қыз­меткерлері арасында өткізілген «Қазақ тілі – менің тілім» байқа­уының салтанатында бас директор Қайыргелді Қабылдин: «Қасиетті Атырау жері табиғи байлығымен ғана емес, қазақ руханиятының айтулы таланттарымен, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерімен де әйгілі. Олар ұлттық әдебиетіміздің, мәдениетіміздің, ғылымымыздың мәйегіне айналған. Осынау шо­ғырдың ішінде Шолпан жұл­дыздай жарқырап тұрған бірегейі – Фариза Оңғарсынова. Қазақ әдебиетіне осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын өзіндік үнімен ерекше құбылыс болып келген Фариза таланты тамсандырады. Фариза поэзиясы – қазақ әдебиетін, оның ішінде қазақтың ақын қыздарының поэзиясын жаңа сапалық белеске көтерді. Биылғы 21 ақпанда Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық кітапхананың, Кітапханашылар қауымдастығының бірлескен ұйымдас­тыру комитеті «Бір ел – бір кітап» республикалық шарасы аясында ақын­­­ның «Дауа» және «Откровение» аталатын жыр жинақтарын елімізде жаппай оқуға ұсынды. Елімізде биыл жетінші рет өткізіліп отырған «Бір ел – бір кітап» шарасы әлемнің АҚШ, Испания мен Англия, Жапония мен Оңтүстік Корея сияқты елдерінде кең таралған ірі әдеби-мәдени шара. Осындай ізгі шараға «ҚазТрансОйл» акцио­нерлік қоғамы да белсене қатысып отыр. Бүгінгі «Бір ел – бір кітап» шарасымен байла­ныстырылған компанияның дәстүрлі «Қазақ тілі – менің тілім» сайысының арқауы да Фариза шығармалары болмақ», деді.

Аталған компанияда мемле­кеттік тіл он жылдан аса тұрақты түрде оқытылып келеді. Кәсіби шеберлігі жоғары оқыту­шылар тартылып, қазақ тілін оқытуда жаңа әдістемелер, аудио-бейне материал­дар мен компьютерлік технологиялар қолданылады. Мемлекеттік тілде электронды құжат айналымын қамтамасыз ететін бағдарлама жүзеге асырылуда. Ал «Қазақ тілі – менің ті­лім» байқауы 2008 жылдан дәс­түрлі өтетін шараға айналып отыр. Биылғы байқауға «Қаз­Транс­Ойлдың» құрылымдық бө­лім­­шелерінен қазақ, орыс, татар, әзербайжан, болгар, корей, неміс, поляк ұлттарының өкілдері бар «Шатты шаңырақ», «Жерұйық», «Алатау», «Жігіттер», «Ша­ңы­рақ» атау­ларымен бес команда қатысты. Алты кезеңнен тұратын бұл байқауда өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге, сол арқылы қазақтың тарихы мен әдебиетін, соның ішінде Фариза поэзиясын терең білуге талпынысы қуантты. Әсіресе, Шығыс филиалына қарасты Жезқазған мұнай құбыры басқармасынан қатысқан «Шаңырақ» командасы Мұқағали мен Фариза поэзиясын бір-бірімен сабақтастырған композиция ұсынды. Ал қазақ әнін шырқағанда Алаш арыстары мен ұлт қайраткерлерінің портреттерін сахнаға ала шығуы да жарасып тұрды. Осы командадағы өзге ұлт өкілдерінің бәрі де қазақ тілін меңгерумен шектелмей, қазақтың өнері мен мәдениетін тереңірек білуге ұмтылысының жарқы­­­­­лы сәулеленіп көрінді. Ал Батыс филиа­­лының намысын қорғаған «Шатты шаңырақ» командасының қазақ отбасы­­­­ның тұрмысын сахналауы сәтті шықты.

– Бұл байқауда бақ сынау үшін екі ай дайындалдық. Байқауға дейін аздап болса да қазақша сөйлейтін едік. Енді осы байқау қазақ тілін бұрынғыдан да жақсы білуімізге үйретті. Бұрын Фариза апайдың шығармаларын орыс тіліне аудармадан оқыған едім. Бұдан былай қазақ тіліндегі түп­нұсқадан оқитын боламын. Фариза ақынның жүрегі жырмен тербелгенін ұғына түстім, – дейді «Шаңырақ» командасының қазақша таза сөйлейтін белді мү­шесі Александр Канонников.

Айтқандай, осы команда бай­қаудың бірінші жүлдесіне ие болды. Батыс филиалының атынан шыққан «Шатты шаңырақ» екінші, ал жалындаған «Жігіттер» командасы үшінші жүлдені иеленді. Бұл байқаудың құндылығы неде? Біріншіден, жаһандану дәуірінде мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің таптырмас тәсілі деуге болады. Екіншіден, өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді меңгеру арқылы отаншылдық сезімді қалыптастыруға септігін тигізетіні даусыз. Үшіншіден, тілі басқа, тілегі бір өзге ұлттарды қазақ ақын-жазушыларының кітабын оқуға үндеу. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерген байқаудың маңызын «ҚазМұнайГаз» акцио­нерлік қоғамы басқарма төр­аға­сының кеңесшісі Мұхамбет Көпей былайша түйіндеді: «Талай байқауларға куә болып жүрміз. Бұл байқаудың дәл осындай жоғары деңгейде өткізілуі өте керемет, ойымыздан шықты. Оның үстіне Фариза Оңғарсынованың туған жерінде өтуі тіліміздің мәртебесін арттыруға үлес қоса түсті».

ПАРАСАТ ТҰНҒАН ПОЭ­ЗИЯ

Иә, ақын поэзиясында алып-ұшпа сезім, жеңіл ой айтылмай­ды. Ақын поэ­зиясы мұңға толы деушілер де бар. Өйткені, әйел мұңын дәл Фариза ақын суреттегендей, поэзия тілімен ешкім бейнелей алмайтын шығар. Оқыр­маны үшін ақын поэзиясы осынысымен қымбат, ақын поэзиясы осынысымен өз биігінде тұр. Ақын поэзиясындағы мұң ре­ніштен, не жеккөруден өрілген емес. Адам жү­регін еріксіз елі­тетін са­ғыныштан туын­даған тәтті мұң. Ал өрлік, асқақтық, өзін­дік мінез ше?

– Фариза поэзиясын зерт­теу­шілердің бірі оның лирикасына тек қана нәзіктік тән десе, бірі асқақ, өршіл үнді дейді. Бірақ мынаны ескеру керек: Фариза жырларында мұң бар, қыз мұңы, әйел мұңы, ана мұңы бар, терең махаббат мұңы бар. Мұң бар жерде, махаббат бар жерде нәзіктік болады. Фариза поэзиясында өрлік, асқақтық та бар. Себебі, Фариза – батыр, батыл, ешкімнен қорықпайды, сес­кенбейді. Ол ешкімнің алдында жалпақтамайды, айтатынын бетің бар, жүзің бар демей, тіке айтады. Бұл – Фаризаның мінезі. Поэзияда мінез болмай, ол шынайы поэзия емес. Фариза поэзиясы – мінезді поэзия. Ақын жырлары қайғырса да, қуанса да, шаттанса да, мақтанса да – бәрі шынайы сезіммен төгіле өлең жетесіне түседі. Бәрі лапылдап жанып тұрады. Лебі жүрегіңе енеді. Жүректен шыққан сөздер жүрекке жетпей тынбайды, – деп өзінің пікірін білдірді ақын шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда Фариза Оңғарсынованың инс­титутта бірге оқыған курстасы, белгілі ғалым Қадыр Жүсіп.

Сағынышқа айналған әйел мұңын, қыз мұңын, махаббат мұңын шынайы жеткізуге парасатты ой қажет десек, артық айтқандық болмас. Ақын поэзиясында сағынышты мұң пара­сатты оймен өрнектелмесе, мұзбалақ ақын Мұқағали «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» деп мұң шақпас еді. «Дауа» лирикалық жыр кітабына енген әр өлеңі ғана емес, оның шығар­­машылығы тұтастай сарқылмас рухани қазынаға айналғалы қашан! Әр кезеңдері шық­қан кітаптарының оқырман қолынан түспей оқылатындығын осы себептен дегіміз келеді.

Кіндік қаны тамған, әдебиет әлеміне қанат­тандырған Атырау жұрты Фариза ақынды әр кез сағынып жүреді. Ақынның өзі де туған жерге аңсап келеді. Осы жо­лы Фариза ақын туған жеріне келе ал­ма­са да, туған жерге сағынышын бей­не­көрініс арқылы жолдапты. Ал аты­рау­лықтардың аяулы ақынына деген сағынышы әсте ортая қоймайтыны ақын шығармашылығына арналған кітап көрмесі мен Махамбет атындағы қазақ драма театрында өткен шығармашылық кешке келуші­лердің көптігінен аң­ғары­лып тұрды. Әсіресе, шығар­машылық кеш­те ақын жырларынан сусындағысы кел­­ген жұрт театр залында иін тіресіп тұрды.

Шығармашылық кеш әуелі Фариза ақынның әдебиет әлеміне қол созған балалық шағынан шырқау шыңға көтерілген бүгінгі күнге дейінгі шығар­машылық болмысы танылған өмірі сах­на­лық көрініспен бастау алды. Облыс әкімінің орынбаса­ры Шыңғыс Мұқан: «Қазақ әде­бие­тіне шығармашылық әлеуе­тін танытқан, өзінің де, жыры­ның да, қайсарлығымен, қайрат­тылығымен қоғам және мемлекет қайраткері дәрежесіне көте­рілген, бәріміз құрмет тұтатын ақын Фариза Оңғарсынованың «Дауа» лирикалық жыр кіта­бы­ның «Бір ел – бір кітап» акция­сына арқау болуы баршамыз үшін мақтаныш. Поэзия дейтін ғажайып әлемнің бір падишасы Фариза Оңғарсыновадай асылымызды ардақтап, көпке үлгі тұту бәріміздің па­рызымыз» дей келе, Атырауда өткі­зілген шаралардың маңызына тоқта­лып өтті. Белгілі қаламгер Рахым­жан Отарбаев, қоғам және мемлекет қайрат­кері Мұхамбет Көпей Фариза шығар­ма­шылығының сан қырлары туралы әңгімеледі.

Қазақтың белгілі компо­зи­торла­ры­ның ақын өлеңдеріне жазылған сазды әндерін Елена Әбдіхалықова мен Сәкен Қалымов орын­­дады. Жыр әлеміндегі тұсауын Фариза Оңғар­­­сынованың өзі кескен жас ақындар Әлия Дәу­летбаева мен Бақытгүл Бабаш халық жазушысына арнаған сағынышты өлеңдерін оқып берді.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Атырау.

Соңғы жаңалықтар