Илон Маск басқаратын SpaceX компаниясының алғашқы ғарышқа сапары сәтті аяқталды. Осыдан екі ай бұрын Халықаралық ғарыш стансасына аттанған NASA-ның екі ғарышкері аман-есен Жерге оралды.
Crew Dragon кемесі Мексика шығанағына келіп қонған сәтін әлемде миллиондаған адам тамашалады. Бұл ғарыш саласында жекеменшік компанияның кемесімен ұшқан тұңғыш тәжірибе болуымен ерекше. Осыған дейін тек жүк тасумен шектелген ғарыш кемесі енді адам тасуға сақадай сай екенін дәлелдеді. 2011 жылдан бері өз жерінен астронавт ұшырып көрмеген АҚШ үшін бұл үлкен жетістік екені сөзсіз. Тоғыз жыл бойы америкалық ғарышкерлер Ресейдің «Союз» ғарыш кемелері арқылы ұшып келген еді.