Біздің халқымыздың басынан не бір зұлмат, қым-қуыт кезеңдер өтті. Соның бәрінде де қазақ халқының арманы да, аңсары да Тәуелсіздік болатын. Осы Тәуелсіздік жолында ата-бабаларымыз жан қиып, қан төкті. Одан бертіндегі Алаш ағалары Қазақстанның дербес ел болуын көксеп, әрқилы амалдар іздесе, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де халқымыздың көрнекті қайраткерлері елдің өз жолымен дамуын ойластырып бақты.
Осындай санғасырлар бойғы арманның, сол жолдағы жанкешті ерліктің өтеуіне тағдыр бізге бостандық беріп, Тәуелсіздік Туын сыйлады. Ендігі жерде осы Туды мәңгілік тұғырына орнатып, берік қолда ұстауымыз үшін әр қазақстандықтың аянбай еңбек етіп, тер төгетін кезеңі келді.
Осы тұста заман “мың өліп, мың тірілген” қазақ халқының бақытына орай, бүгінгі ел тізгінін ұстап отырған білікті басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты тарих сахнасына шығарды.
Біз – Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қиыншылық қамытынан тез шығып, өзіміз таңдаған нұрлы жолға біржола бет түзеген халықпыз. Біздің бұл жолымыз мағыналы да мәңгілік жол. Ол – “Қазақстан жолы”. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негіздеген осы жол арқылы біз егемендік пен тәуелсіздікке ешқандай қантөгіссіз жеттік. Қиындық болмады емес, болғанда қандай. Тәуелсіздіктің елең-алаңында бүкіл экономикалық байланыстар үзіліп, тоқтап қалған шаруашылықты жүргізу үшін қыруар қаржы қажет болды. Бұрын Қазақстанды тек КСРО-ның құрамында таныған елдер дербес даму жолына түскен елімізге бет бұра қоймады. Осындай тұста Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың асқан көрегендігі мен әлемдік дамуды жете білуі көп көмегін тигізді. Ең алдымен, біз әлемге қауіп төндіретін атом қаруы арсеналынан бас тартып, жеріміздегі сынақ полигонын жаптық. Қазақстанның бейбіт саясаты әлем елдерін Қазақстанға бет бұруға ыңғайласа, дау-жанжалдың, қақтығыстардың себебі болады деген көпэтностық жағдайымыз әлемдегі ең шешуші күшке айналды. Татулықтың, бірліктің арқасында біз Ресей, Германия, Корея, Грекия, Түркия және басқа үлкен мемлекеттерді, сол секілді Құрама Штаттар, Ұлыбритания, Қытай секілді алып державаларды Қазақстанмен саяси-экономикалық, мәдени байланыстарға түсуге тарттық, шетелдік инвестицияларға жол аштық.
Жиырма жылға жетпейтін мерзімде біз ғасырларға пара-пар жол-дан өттік. Қандай қиындықтар кездессе де, елдің болашақ дамуын бір сәтке де естен шығармаған Елбасы “Қазақстан–2030” Стратегиясын жасап, соның негізінде дамып келеміз. Сыртқы күштердің орасан ықпалына қарамастан, өзіміздің Конституциямызды қабылдадық, қажетіне қарай оған түзетулер де енгізіп келеміз. Шығыс Азияда басталған, мұхиттың арғы жағынан келген дағдарыстардың салдарын еңсере алдық. Мұның бәрі халқымыздың бірлігі мен ерен еңбегінің арқасында мүмкін болды. Еуразия кіндігіндегі, мұсылман халқы басым ел Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, міне, үш айдан асты білікті төрағалық етіп келеді, Ислам конференциясы ұйымына да жетекшілігіміз жемісті боларына сенім мол.
Жеріміз ұлан-ғайыр болғанымен, халқымыздың саны аз, дамушы елміз. Соған қарамастан қол жеткен жетістіктеріміз серпінді секірістер жасауға мүмкіндік берді. Солай екен деп тоқмейілсудің еш реті жоқ. Сондықтан да, Президент Назарбаев алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Оның ең бастысы – индустриялық-технологиялық елге айналып, әлемнің ең озық елу елінің қатарына ену, Кеден одағының белсенді мүшесіне айналу. Қазіргі кезде біз дағдарысты еңсерудің үлкен бағдарламасын жүзеге асыра отырып, осы қиын жағдайдың өзінен дами түсуді көздесек, бұл жоспарларды жүзеге асыру Мемлекет басшысының төңірегіне, мемлекеттік саясатты жүзеге асыру идеясы астына топтаса түсуімізді талап етеді.
Қазіргі тілмен айтқанда, алыс-жақын шетелдердің бәрінде дерлік тұрақтылыққа қол жеткізе алмай, толқымалы сәттерді бастан кешіп жатқанын күнде көріп, естіп, біліп жатырмыз. Ал Қазақстандағы тұрақтылық пен татулық Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі нәтижесінде жүзеге асып отырғаны ақиқат. Шындыққа қарсы тұрар күш жоқ. Жалған жала, өтірік-өсектің бәрі түбінде тарих құмдауытына көміліп қалады да, шындық өз тұғырында әрдайым ту болып желбіреп тұрары хақ.
Болашақ бұдан да гөрі биік, бұдан да гөрі нұрлы болу үшін, бүгінгі көзіміз көріп тұрған ұлы шындықты әрқайсымыз әр жаққа бұра тартпай, бұлтақсыз мойындауымыз керек. Көз көріп тұрған шындықты мойындау – ұрпаққа үлгі.
Бекболат МҰҚЫШЕВ, Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары.
АСТАНА.