• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2013

Азия аймағы – ынтымақтастық алаңы

310 рет
көрсетілді

Кеше Астанада өткен Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының 12-ші министрлер конференциясына Қазақстан Премьер-Министрі Серік Ахметов қатысты.

 

Кеше Астанада өткен Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының 12-ші министрлер конференциясына Қазақстан Премьер-Министрі Серік Ахметов қатысты.

Жыл сайынғы мұндай министр­лер конференция­сы Орталық Азия аймақ­тық экономикалық ынты­мақ­тастығының саясаты мен оның бағдарламасының стра­тегиялық бағыттарын айқындайды. Ал бағдарлама жалпы инфрақұрылымдар бойынша аймақтық жобаларды қаржыландыруға, аралық қызметті дамытудың негізгі міндеттерін шешуге арналған.

Негізінен Орталық Азия­ай­мақтық экономикалық ынт­ы­мақтастығы бағдарламасы Әзербайжан, Ауғанстан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Пәкстан сияқты 10 мемлекеттің және Азия Даму банкі, Еуропа Қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, Ислам даму банкі, БҰҰ Даму бағдарламасы сияқты 6 көпжақты институттардың әріптестігі болып табылады. Ал аталмыш бағдарламаға биыл біздің ел төрағалық етіп отыр.

Осындай беделді ұйымның Астанада өткен алқалы жиынына Қазақстан Үкіметінің басшысы С.Ахметов арнайы қатысып, ашылуында сөз сөйледі.

Сөзін форумға қатысушы­ларға арнаған Үкімет басшысы стратегия мен сауда, сау­да-саттық сая­саты және энергетика сала­сындағы түйінді тұстарды шешу жолдарына­ бағытталған Ор­талық Азия­ аймақтық экономи­ка­лық­ ын­тымақтастығы бағдар­ламасының ма­ңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ол Қазақ­станның Орталық Азия өңiрiндегi экономикасы қарқынды түрде дамып келе жатқан елдердiң бiрi екендiгiн атап өттi.

Әлемдік экономикадағы және сыртқы жағдайлардағы қо­лайсыздыққа қарамастан, биылғы жылы Қазақстан эко­но­микасының айтарлықтай тұрақты өсімі байқалып отыр­ғандығына тоқталған С.Ахметов, ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 5,7 пайызға өскенін тілге тиек етті.

Мемлекеттің халықаралық резервтері 90 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. Біз қолайлы инвестициялық жағдайды құру үшін барлық күш-жігерді салып отырмыз, деді Үкімет басшысы.

Осы орайда Премьер-Ми­нистр соңғы жеті жылда Қазақстан экономикасына 155 млрд. доллардан астам шет­елдік тікелей инвестиция­лар тартылғандығын айтып­ өтті. Сонымен қатар, С.Ах­ме­тов Қазақстанның Орта­лық Азия аймақтық экономи­ка­лық ынтымақтастығы бағдар­ла­масына қатысушы ретінде интеграцияның қажеттілігіне көз жеткізгенін, сондықтан тауарлар, қызметтер және жұ­мыс күштерінің еркін қимылын қамтамасыз ету қағидаларына негізделген Біртұтас эконо­микалық кеңістікті қалыптастыру үрдісіне белсенді түрде қа­тысатынын атап көрсетті.

Қазақстан Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше елдермен­ бірлесіп, басқа елдердегі сау­да әріптестерімен ынтымақ­тас­тықты кеңейтуге, өзара инвестициялар көлемін ұлғайту және БЭК ортақ рыногында қалыптасқан әлеуетті пайдалануға мүдделі, деді С.Ахметов.

Пре­мьер-Ми­нис­тр сон­дай-ақ, Орталық Азия ай­мақ­тық экономикалық ынты­мақ­тастығы хатшылығы – Азия Даму банкінің Қазақстан экономикасын жаңғыртудағы айрықша рөлін жоғары бағалады.

Азия Даму банкі Қазақстанда жұмысын бастағаннан бері эко­номикамызға 2 млрд.-тан астам АҚШ доллары көлемінде қаржы құйды. Біздің әріптестігіміздің аясындағы «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» сынды кең ауқымды жобаны айрықша атап өтуге болады. Бұл халықаралық транзиттік дәліз Орталық Азия аймағындағы негізгі жүк тасымалы маршруты болады, деді ол.

Премьер-Министрдің ай­туынша, қазіргі таңда Қазақ­стан мен Азия Даму банкі ын­тымақтастығы жаңа деңгейге көтерілуде. Бір айта кетерлігі, Қазақстан қайтарымсыз тех­никалық көмек алушыдан бүгінде дамушы елдерге көмек көрсету бойынша Азия Даму банкіне әріптес мәртебесіне көшуді жос­парлап отыр.

С.Ахметов сөзінің қоры­тындысында Орталық Азия ай­мақтық экономикалық ын­ты­мақтастығы бағдарламасы 12-ші министрлер конференциясы Азия Даму банкінің рө­лін арттыруға, халықаралық қаржы институттарын нығайтуға және Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастығын дамытуға лайықты үлес қосатынына сенім білдірді.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар