Қазақ жерінде ядролық қару сынағының қасіретін тартқан отбасы аз емес. Талайдың тағдыры, өрімдей жастардың өмірі бір күнде үзілді. Ал енді біреуі адам жасаған зұлматтың зардабын өмір бойы тартты. Олардың арасында қиындыққа бой бермей, қайсарлық танытқандар өте көп. Солардың бірі – тағдырына мойымай, керісінше бар күш-жігерін күреске арнаған суретші Кәріпбек КҮЙІКОВ. Бүгін біз Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнінің қарсаңында қайсар жанмен жүргізген әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Кәріпбек аға, сізді Семей полигонының жабылуына атсалысқан белсенділердің бірі ретінде білеміз. Сіздің отбасыңыз сынақ жүргізілген аймаққа жақын жерде өмір сүрді. Сол қасірет өңірде тұрып жатқан өзге тұрғындармен қатар сіздің де тағдырыңызға тікелей әсер етті. Қазір сол кезді қалай еске аласыз?
– Мен Семей полигонынан 100 шақырымда орналасқан Егіндібұлақ ауылында туып-өстім. Ата-анам сол қорқынышты сәттердің куәгері болды. Кезекті жарылыс болғанда біз өмір сүрген шағын үй жермен бірге қозғалатын. Сол маңайдағы тұрғындардың денсаулығына қандай зиян келгенін барлығымыз білеміз. Отбасыларда ауру балалар дүниеге келіп жатты, көбісі кішкентай кезінде шетінеп кететін болған. Анам маған дейін екі бауырымның түсініксіз себептермен ауырып, бақиға аттанғанын айтатын. Ол кезде жарылыстың жер бетіне әсерін ешкім толық аңғармады, білсе де білмегендей болды. Сол жерде жайылған малдың етін жеп, сүтін іштік, сол қоршаған ортада күнделікті тіршілігімізді жасадық. Мен өзім ядролық сынақтарға қарсы қозғалыстың белсендісі ретінде совхоздарды аралап, тұрғындармен сөйлесіп, барлығын өз көзіммен көрдім. Ауру балалардың тізімі өте ұзақ болатын, ал шетінеп кеткендері қаншама. Қанша ата-ана мүгедек балаларынан бас тартуға мәжбүр болды.
Кезінде елімізде басталған антиядролық қозғалысқа Ресей, АҚШ, Жапония, Түркия және өзге де елдер қосылды. Жапониялықтар өздерін атом қаруынан зардап шеккен жалғыз халық деп санайтын... Кейіннен біз жайлы толық білген соң ғана қозғалысқа белсене атсалыса бастады. Алматыда телемарофон өтті, біз еліміздің аймақтарында, шетелдерде бейбіт шерулер өткіздік. АҚШ-тың Невада штатына бардық, оларды өзімізге шақырдық. Жарылыстың құрбаны болған отбасылардың үйінде болып, олардың да ауру балаларын көшеге шығара алмай қамалып отырғандығын көрдік. Балалардың қиналғанын көріп жүрегің ауырады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен қазақ жерінде бұл сынақтардың тоқтағаны қуантады. Нәтижесінде, Қазақстан бүкіл әлемге өзінің бейбітшілік пен татулықтың жаршысы екенін көрсетті және ол жолдан осы күнге дейін айныған емес.
– Қазір Елбасының бастамасымен қолға алынған халықаралық ядролық сынақтарға қарсы АТОМ жобасының құрметті елшісісіз. Осыдан отыз жыл бұрын бастаған миссияңыздан жаңылмай, ядролық қарусыз әлем құруға әлі де атсалысып келесіз. Осы игі бастаманың бет алысы қалай?
– АТОМ жобасына қатысуға шақырту алған сәтте ұсынысты бірден қабылдадым. Өйткені мен бұл тақырыпқа ғұмырымды арнадым десем артық айтпаймын. Осы бастама шеңберінде көптеген халықаралық деңгейдегі келіссөздерге, шараларға қатыстым, ядролық қарудан бас тарту тақырыбына арналған көрмелерімді өткіздім. Жобаның интернет ресурсында мемлекет басшыларынан ядролық қарусыз әлем құруды талап ететін онлайн петиция бар. Оған қазірге дейін бүкіл әлемде 400 мыңнан астам адам қолдап қол қойды. Қазақстан бейбітшілікті қолдайтынын талай дәлелдеді, ал ел астанасы осы мақсатта келіссөздер жүргізетін бірден-бір ашық алаңға айналды. Біз мұны мақтан тұтуымыз керек. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзге елдерді де Қазақстанның үлгісімен ядролық қаруды сынаудан бас тартуға шақырып келеді. Атомдық, химиялық не биологиялық қару теріс мақсатты топтардың қолына түскен жағдайда адамзатқа үлкен қауіп төнеді. Мұны түсінген Елбасы және жобаның жақтастары қолдарынан келгенше идеяны халықаралық қоғамдастыққа жеткізуге тырысып келеді. Жастардың тарихты ұмытпай, адам баласының басты құндылықтарын әрдайым есте сақтауын мақсат етеміз.
– Сізді халық қоғам белсендісі ғана емес, дарынды суретші ретінде таниды. Әңгімемізді осы өнер тақырыбына бұрсақ. Басқа мамандық бойынша білім алсаңыз да, өзіңізді осы саладан таптыңыз. Жастайыңыздан сурет салуға қызықтыңыз ба?
– Өмір бойы сурет салып келемін. Арнайы сабақтарға бардым. Ресейден бухгалтерлік оқуды бітіріп келген соң әрі қарай немен шұғылданамын, мені жұмысқа қабылдар ма екен деген ой болды. Қолымнан сурет салу ғана келеді, алайда бұл салада кәсіби білімім болмады. Сонда әкем Қарағандыдағы оқу орындарының біріне апарып, ректордан оқуға қабылдауын сұрағаны есімде. Алайда менің жағдайымда оқу процесін ұйымдастыру оңай болмайтынын айтып, арнайы мүмкіндіктердің жоқтығын алға тартты. Мен бұған еш қаймықпадым. Кітапханаға барып арнайы әдебиетті меңгере бастадым, соңында өзім үйреніп шықтым десем де болады. Ешнәрсеге өкінбеймін, мен суретті өзім үшін саламын. Ал егер еңбегімді біреу бағалап жатса, оған шексіз қуанамын. Алғаш рет ақша тауып анама алып келгенде, мен де өзгелер секілді өмір сүре алатынымды түсіндім.
– Қылқаламыңыздан туған туындылар жайлы айтып берсеңіз.
– Картиналарым менің жан дүниемнің, көңіл күйімнің көрінісі. Қиын болған сәтте суреттер қараңғы болып шығады. Полигон құрбандарына арналған суреттерімде трагедия, қасірет пен күйініш басым. Негізі мен пейзаж салғанды жақсы көремін. Табиғаттың әдемі көрінісі арқылы Жер ананың адам қолы тимеген сұлулығын көрсеткім келеді. Осылайша адам әрекетінің қоршаған ортаға қаншалықты зиян тигізуі мүмкін екенін жеткізуге тырысамын. Соңғы жылдары денсаулығыма байланысты бұрынғыдай көп туынды салмаймын. Алайда қоғамда болып жатқан оқиғалар мені бейжай қалдырмайды. Қазір есіме бірнеше жыл бұрын салған картинам түсіп тұр. Бір қыздың жаңа босанған нәрестесін жолға тастап кеткені есіңізде болар. Сол оқиға маған қатты әсер етті. Ақындарымыз өлең арнап жатты. Мен картинамда аяқ-қолы сау тастанды баланың жолда жатқанын, ал жас қыздың шарасыздықтан осы амалға барғанын бейнеледім, себебі бұл оның өз шешімі емес еді, ол үлкендердің айтқанын істеді.
Мен әрбір туындыны жан-тәніммен сезініп, тура сол сезімдерді өз басымнан өткізіп барып саламын.
– Сізді қоғамда үлгі тұтатын адамдар өте көп. Жастармен де жиі кездесіп, өз басыңыздан өткен оқиғаларды айтып, дұрыс жолға бағыттауға тырысасыз... Жалпы, тағдырдың тәлкегіне ұшырап, өмірден өз еркімен қол үзбек болған жандарға не айтасыз?
– Студенттермен, мектеп оқушыларымен, мүмкіндігі шектеулі жандармен жиі кездесемін. Қиындыққа қарсы тұра алмай, еңсесін түсіріп, күш-жігерін жоғалтқан жастар көп. Оларға өз өмірімді мысалға келтіре отырып, өзіңді өнерден, спорттан не басқа саладан табудың маңыздылығын баса айтамын. Адам бұл өмірде өзін таппаса, күресуден қалады. Бұл ата-әжесінің зейнетақысына қарап отырған кейбір он екі мүшесі сау жастарға да қатысты. Әрдайым өзіңді іздеуден жалықпай, бір салада маман ретінде қалыптасуға ұмтылу керек деймін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Меруерт БҮРКІТБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»