• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2010

ӘКІМШІЛІК ӘДІЛЕТІ — ЗАМАН ТАЛАБЫ

606 рет
көрсетілді

Кеше  “Қазақстан Республикасында әкімшілік әділетінің қалыптасу мәселелері” тақырыбына арналған екі күндік халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады. Аталған шараға Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің басшысы Б.Имашев төрағалық жасады. Германияның техникалық ынтымақтастық жөніндегі қо­ғамы­ның жәрдемімен ұйымдас­тырылған талқылауға депутат­тар, Консти­ту­циялық Кеңес төрағасы И.Рогов, Жоғарғы Сот, халықаралық заң қоғам­дастығының, ғылыми орта мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырысты аша келіп Се­нат Төрағасының орын­ба­сары М.Көпеев конференцияға қаты­су­шыларға экономиканы табысты да­мыту мен мем­ле­кеттің сыртқы қа­терлердегі ор­нықтылығын арттыру үшін ахуал қалыптастыратын құ­қық­­тық орта жасаудағы Президент Н.Назарбаевтың Жолдауында алға қойылған міндеттер ая­сында осы мәселенің талқы­ла­нуы маңызды екенін атап өтті. “Ұлттық құқық­тар­ды жетілдіру­дегі маңызды ба­ғыт­тардың бірі әкімшілік рефор­маларды жүр­гізу, әкімшілік іс жүр­гізу құ­қық­тарының мүмкіндіктерін кеңей­ту”, – деді Төраға орын­ба­сары.  Оның айтуынша, жеке адам мен мемлекет арасындағы дауларды сотпен шешудің жаңа үлгісін қа­лыптастыруға, әділет әкімшілігі саласын реттейтін нормативтік-құқықтық база жа­сауға Әкімшілік құқық бұзушы­лық және Әкім­шілік іс жүргізу кодекстерінің жобалары бағытталып отыр. Талқылау барысында сөз алған Конституциялық Кеңес төрағасы И.Рогов Қазақстанда әділет әкім­шілігін қалыптас­ты­рудың маңыз­ды­лығын атап өте келіп, Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы және Әкімшілік іс жүргізу кодекстерінің жо­ба­ла­рын әзірлеу және қарау мә­селелері бойынша пікірсайыс­тың маңыздылығын, олардың Құқық­тық саясат тұжырым­да­масы мен Мем­лекет басшысы Жолдауында белгіленген құқық қорғау жүйесін жетілдіру ба­ғыт­­­тарына сәйкестігін атап өтті. Қазақстандағы құқықтық сая­сат­ты ізгілендірудегі мем­лекеттік инс­титут ретінде әділет әкімші­лі­гі­нің рөліне тоқтала келіп, Заңнама және құқықтық саясат комитетінің хатшысы С.Ақылбай “Әкімшілік іс жүр­гізу кодексін қабылдау әкім­шілік іс жүргізу құқықтары дамуы­ның шыңы”, деді. Әкім­шілік заң­на­маны дамыту сала­сындағы алда тұрған міндеттерді ескере отырып депутат Әкім­шілік іс жүргізу, Әкім­шілік құ­қық бұзушылық кодекстері жо­баларының, “Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы” Заң­ның ережелері бойынша тұжы­рым­дамалық тұрғысындағы пікірсайыс­тар жөнінде ойларымен бөлісті. Конференцияда ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығының бас­шысы А.Кельчевский, Бремен (Германия) университетінің про­фес­соры Р.Кни­пер, Арме­ния Рес­публикасының Әкім­шілік сотының төрағасы Т.Му­ку­чян, Грузия Жоғарғы соты­ның әкімшілік істері палата­сының судьясы Н.Схирт­ладзе  және басқалары  ӘІЖК-нің жекелеген ережелеріне назар аударды. Және де ұсы­ным­дарды әзірлеу үшін арнайы ұйым­дастыру комитеті құ­рылды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.