Шағын және орта бизнестің өркен жаюын қамтамасыз ету, ұқсату кәсіпорындарын көбейту, шетке шикізаттық емес өнім шығарудың көлемін ұлғайту сияқты өзекті мәселелер еліміз экономикасын дамытудың кепілі екенін Елбасы айтып келеді. Алайда, кәсіпкерлікті дамытудың ішкі тетіктерін жетілдіру қажет-ақ. Өзге де шешімін күткен проблемалары жетерлік.
Шағын және орта бизнестің өркен жаюын қамтамасыз ету, ұқсату кәсіпорындарын көбейту, шетке шикізаттық емес өнім шығарудың көлемін ұлғайту сияқты өзекті мәселелер еліміз экономикасын дамытудың кепілі екенін Елбасы айтып келеді. Алайда, кәсіпкерлікті дамытудың ішкі тетіктерін жетілдіру қажет-ақ. Өзге де шешімін күткен проблемалары жетерлік.
Сондықтан, қыркүйек айында Қазақстан кәсіпкерлерінің ұлттық палатасын құру туралы республика Үкіметі мен «Атамекен» Одағы» ұлттық экономикалық палатасы бірлескен шешім жасаған еді. Қостанайда осы ұйымның өңірлік кеңесі құрылды. Оның алғашқы отырысына Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қатысты. Ол облыс кәсіпкерлеріне жаңадан құрылған құрылымның міндетін түсіндірді.
– Елімізде кәсіпкерлердің түрлі қауымдастығы толып жатыр. Алайда, олардың барлығы да өз мүдделерін қорғауда табандылық көрсете алмайды. Осы орайда тиімді, ісінен нәтиже көрінетін әріптес керек болды. Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды, отандық кәсіпорындарға қолдау жасайды, кәсіптік білім беруді пысықтайды, сыртқы экономикалық байланыстар мен қызметке ықпал етеді, – деді Абылай Мырзахметов. Төрағаның айтуынша, кәсіпкерлер мүддесін тоғыстыратын бұл ұйым жұмысының түпкілікті нәтижесі өңірлердегі сапалы экономикалық бағдарламалардан да көрінетін болады. Әр бағдарлама орнымен жүзеге асқанда экономика қуаттана, әлеуметтік сала көркейе түсетіні айтпаса да түсінікті.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасына қостанайлық кәсіпкерлер Василий Розиновты бір ауыздан сайлады. «Иволга-Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Василий Розинов республикада кәсіпкерлікті дамыту ісіне белсене қатысып жүр. Ол осы саладағы көптеген өзекті мәселенің шешімін табуына, тетіктерді, жетілдіруге жаңа құрылымның ықпалы үлкен болатындығына сенімді екенін айтты.
– Атқарушы билікпен әріптестікке кәсіпкерлерді көптеп тартудың қажеттілігі туды. Мұның барлығы заңмен, тетіктермен реттелсе екі жаққа да тиімді болады, бизнестің қадамы ашылады. Мен «Атамекен» Одағының» бастауында тұрғандардың бірімін. Алғашқы кезде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің өз мүддесін қозғаған сұрауларына ешқандай жауап ала алмайтынбыз. Кейіннен бір қайнауы ішіндегі заңдар, нормативтік актілер келе бастады. Мысалы, астық туралы заң соның айғағы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ескерткендей, кәсіпкерлердің шоғырлануы, бірігуі бұл экономиканың күш алуына кепіл болады. Сондықтан, бүгінгі ұлттық кәсіпкерлік палатасының, оның өңірлік кеңесінің құрылуы алдағы уақытта нәтижелі жұмыс істеудің тиімді құралына айналады, – деді Василий Иосифович.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің ашылуын облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов бизнесті дамыту жолында жұмыс істеудің, проблемаларды шешудің жаңа сатысына көтерілуі деп бағалады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.