• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2010

ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ – ОТАНЫМЫЗ

760 рет
көрсетілді

Оны өркендету жастар үлесінде Тұңғиық терең құпиясын сан ғасырлар бойы ішіне бүккен тау-тасқа, тылсым табиғатқа тіл бітіру аса қабілетті қылқалам шеберінің ғана қолынан келетіндігі және мұндай шығармашылық тұлғаның қалыптасуы ұзақ уақытты талап ететіндігі сөзсіз. Қиындығы да, күрделілігі де сол үлкен өмірге аяқ басқан жасөспірімдердің өнерге деген құштарлығын арттыру, әсіресе, ұстаздардан кәсіби білік­тілікті, жауапкершілікті талап ететіндігі жасырын емес. Бұл орайда елімізде жасөспірімдерді сәндік қолданбалы өнерге баулу бағы­тында бірқатар игі іс-шаралардың дәйектілікпен жүзеге асырылуы құптарлық жәйт. Құрылғанына жет­піс жылдан ас­қан Орал Таңсық­баев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде шәкірттердің ұлт­тық өнердің көп­­теген салаларын игеруі бағытында оларға мол қам­қор­­лық жасалуда. Білім және ғы­лым министр­лігінің О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің директоры, про­фес­сор Керімбай Қыс­таубаевтың есеп­теуін­ше, “тамыры тереңге кеткен қол­өнер мұраларын болашақ мамандардың жетік білуіне ықпал ету ең маңызды міндет” болса, суретші шебер­лігі­нің шыңы кәсіби біліктілік пен ізденісте”. Колледж оқушыларының ұлттық үрдіске негізделген сәндік-қолданбалы өнер салаларын оқып-үйренуге деген ұмтылысы өз нәти­жесін беруде. Колледж түлектерінің арасында республикада, алыс, жақын шетелдерде өткен конкурс­тарда жүлделі орынды иеленгендер аз емес. Ұлттық үрдіске негізделген сәндік-қолданбалы өнер салаларын оқып-үйрену арқылы жасөспірім­дердің туған халқының, туған жері­нің тарихына деген сүйіспен­шілігі арта түседі. Бірнеше ғылым сала­сын қамтып, көптеген шәкірт­терді технологиялық үдерістердің басын біріктіретін сәндік-қолдан­балы өнердің қыр-сырына баулу, олар­дың білікті маман болып шығуы оқытушыларға зор жауап­кершілік жүктейтіндігі айтпаса да түсінікті. “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері”, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Керімбай Ысаұлы – қылқалам шебері ретінде құнды туындылары­мен ғана емес, қай жұмыста болса да ұйымдастырушылық қабілетімен де көрініп жүрген азамат. Жүргенов атындағы өнер институтында ши­рек ғасыр кескіндеме-мүсін факуль­тетінде декан болған тәжіри­белі маман колледждегі басшылық қыз­метін­де де сол биіктен көрінуде. Жұмысқа кіріскен сәттен басталған алғашқы қадам ­­– салынғанына отыз-қырық жыл, жөнделмегеніне бес-алты жыл болған ескі жатақ­хананы күрделі жөндеуден өткізіп, оқу корпусына айналдырудан басталды. Әрине, бұл ауызбен айтуға оңай болғанымен, қиындығы бастан асатын шырғалаңы көп шаруа екендігі айтпаса да түсінікті. Сөз реті келгенде атап айтар­лығы, Білім және ғылым министр­лігінің оқу орнының күрделі жөндеу жұмыстарына 56 миллион теңге көлемінде қаржы бөлуінің көмегі айтарлықтай мол болды. Күрделі жөндеуден өткен сәулетті де сәнді оқу корпусында ком­пью­терлік сыныптар, оқу залы ашы­лып, кітап қоры да көбейтілді. Сонымен қатар, медициналық пункт, асхана оқушыларға мінсіз қызмет көрсетіп, тігін шеберхана­лары мен ұстаханалар да шәкірттер иелігіне берілді. “Тұрмыс түзелмей, тіршілік түзелмейді” демекші, Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің директоры Керімбай Қыстаубаев өз шәкірттерінің білім сапасымен бірге, олардың тұрмыс­тық, әлеуметтік жағдайын жақсар­ту­ға да баса назар аударады. Мұнда білім алушылар арасында ата-анасы жоқ жетім балалармен қатар, сөйлеу қабілетінен айырылған мүгедек оқушылар да бар. Тағдыр қатыгездігіне ұшырап, тілден айырылғанымен, табиғат бойларына талант сыйлаған сол шәкірттерінің келешегі ұстаз ретінде ғана емес, азамат ретінде оның жанын жабырқатады. Сон­дық­тан да әрдайым олардың қолты­ғынан демеп, жүрегінің жылуын аямайды. Қолөнер мамандығын игерген олардың ертеңгі күні өз еңбегімен өздеріне келешекке жол ашуға мүмкіндігі болатындығы көңілге қуаныш ұялатады. Мүгедек балалар кезекті каникул кезінде ауылдарына барып келуі үшін жол ақыларымен қамтамасыздан­дыры­лып, қайткенде де олардың қабағы­на кірбің түспеуіне қам-қарекет жасалуда. Әрине, оқу орны тарапы­нан жасалып жатқан мұндай көмек, қамқорлық үшін олардың ата-аналарының алғысы да шексіз. Керімбай Ысаұлы “Өзінің туған топырағын сыйлайтын адам маған жақсы жағдай жасалса ғана жақсы сурет саламын деп шарт қоймауы керек”, дегенді шәкірттеріне жиі айтады. Байырғы оқу орнында Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері К.Дүйсенбаев, А.Мол­­дағалиева және Мәскеу, Петербор, Ташкент және Ресейдің өзге де ірі қалаларында жоғары білім алған, кәсіптік деңгейі жоғары тәжірибелі ұстаздардың еңбек етіп, дәріс беруі оқушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етуде. Тәлімді тәрбие мен сапалы білімді қатар ұштастыруға ұмтылыс өз нәтижесін беруде. Еліміздегі ең үздік өнер ошағында бүгінгі күні бейнелеу өнері саласында он бір түрлі мамандық бойынша мамандар даярлануда. Олардың арасында кескіндеме мүсін және сәндік театр өнері, интерьер дизайны, киім және графикалық дизайн, көркем, тоқы­ма өнері және металды, қышты, ағашты көркемдеп өңдеу сияқты салалар бар. Ұлттық мәдени мұра дегеніміз –­ халықтың тілі, тарихы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі екендігі белгілі. Олай болса, “дәстүрлі ұлттық қол­өнердің өміршеңдігін ұзартып, оның сыр-сипатын, озық әдіс-тәсілдерін жас ұрпақ бойына сіңіре тәрбиелеуде қандай іс-шараларды жүзеге асыру қажет” деген сауал­дың ойға оралатындығы сөзсіз. ­­­– Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев “елімізде білім беру саласын реформалаудың стра­те­гиялық міндеті ­­­– жаңа ұлттық үлгіні дамыту үшін барлық күш-жігер шығармашылық тұлғаны қалыптастыруға бағытталуы тиіс” екендігін атап көрсеткен болатын. Енді бұл мәселеде халқымыздың көркем мәдениетінің мәйегі, құрам­дас бір бөлігі ­­– сәндік қолданбалы өнердің оған қосатын үлесі зор. Сондықтан да, өз әдет-ғұрпымыз­ды, салт-санамызды, мәдениетімізді сақтап қалу үшін жеткіншек ұрпақтың ұлттық және патриоттық санасын жоғары етіп тәрбиелеуіміз қажет. Оның бірден-бір жолы ­­– мемлекет тарихы мен мәдениетінен зор мәлімет беретін мазмұны терең оқулықтар құрастыру. Осыған орай, қазақтың ұлттық қолөнер бұйым­дарын жасау технологиясының электронды оқулықтарын шығару да маңызды дүние. Менің ойымша, жалпы қолөнер еңбегі негізінде жасөспірімдердің ой-өрісін, ұста­лық шеберліктерін, ұлтымыз­дың қолөнер қазыналарына сүйіспен­шілігін арттырудан артық мақсат болмауы тиіс. Ұлттық мәдени мұра­ның келешекке жол тартуы ­­– бүгін­гі ізденіске тәуелді екендігі сөз­сіз, ­­– дейді Керімбай Қыстаубаев. Шын мәнісінде де, ҚР мәдениет қайраткері, профессор Керімбай Ысаұлы айтса айтқандай, әркімнің жан-дүниесіне шексіз мәңгі рухани байлық сыйлайтын халқымыздың ұлттық өнерін, оның ішінде қолөнерінің келешегінің кемел болуы үшін болашақ маман­дардың оған деген кәсіби жауап­кер­шілігін қалыптастырудың мәні де, маңызы да зор. Кәсіби жауап­кершілік демекші, колледж оқушы­ларының қолынан шыққан күміс­тен, металдан жасалған зергерлік және қыштан, ағаштан көркемдеп өңделген бұйымдардан жасөспірім­дердің қабілет-қарымы айқын аңға­рылады. Оқу орнының көрнекті жеріне қойылған, көздің жауын алатын әдемі туындылардың көп­­шілігі әртүрлі конкурстарда жоғары жүлделерді иеленіпті. Сұлулық әлемі­нен сыр төгетін қандай да болсын туындының құпиясы ­­– қолөнер шеберінің оған деген ерек­ше құштар­лығында болса керек. Әрине, ондағы ұстаз біліктілігінің ықпалын да жоққа шығаруға болмайды. Керімбай Ысаұлының есеп­теуін­ше, “қазіргі білім беру жүйе­сінде белсенді оқыту әдісінің кеңі­нен пайдаланылуының берері мол”. Мұның өзі студенттің кәсіптік білімі­нің жоғары болуын ғана емес, сонымен қатар, оның өз ойын еркін жеткізе білуін қажет етсе, екін­шіден, оқушының ойлау қабі­леті­нің ұшқырлығын, шығармашы­лық мүмкіндігін де кеңейтеді. “Зер” сөзі әдетте “алтын” деген мағына бергенімен, қазақ зергерлерінің сүйікті материалы күміс болған­дығы белгілі. Ол оңай өңделумен бірге, киелі материалдар қатарына жатады, күміспен әдетте тазалық түсінігі байланыстырылады. “Хал­қы­мыздың сәбиді қырқынан шы­ғарарда оны күміс теңге салынған суға шомылды­рып, жаңа түскен келінге енесінің, қалыңдығына жігіт­тің қос білезік салу дәстүрінің ма­ңызы зор”, дейді тәжірибелі ұстаз. Әңгіме төркінінің күміске ауысуының бір себебі – бола­шақ зергерлер арасында қазірдің өзінде күміс білезік, күміс сырға­лармен қатар, ою-өрнегі айшықты алқалар жасауда өзіндік қолтаңбасы бар дарындардың көптеп кездесуінде болып тұр. Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі басшылары мен жалпы ұжым ұстаздарын бүгінгі таңда алаңдататын, күн тәртібінде тұрған күрделі мәселелердің бірі ­­­– оқу орны түлектерінің ертеңгі күні жұмыспен қамтылуы. Керімбай Ысаұлының айтуынша, “болашақ мамандар оқуды бітірген бойда өндіріске шақырылып, ал еліміздегі өндіріс орындарының басшылары мен колледж жетекшілері алдын ала шарт жасасып, сұраныстар мен тапсырыстар берілсе, істің оңға басатындығы сөзсіз”. Көркем ойдың, ұшқыр арманның икемді баламасы болып есептелетін қазақтың ою-өрнегімен безендіріл­ген қандай да бір туындыға қанат бітіретін біздің ұлттық маман­дары­мызға мемлекет тарапынан қолдау туғызудың қажеттілігі зор. Мұны­мен қоса жалпы көпшіліктің отан­дық өнімге, анығырақ айтқанда ұлт­тық өнер туындыларына ерекше құштарлығын оя­тып, ыстық ықы­ласы мен құр­метін қалып­тастырудың өзек­тілігі айтпаса да түсінікті. Әйт­песе “туған жер­дің түтіні де тәтті” демекші елге деген сүйіс­пеншілік, пат­рио­тизм қасиеті отандық туын­дыларды баға­лаудан, құрмет­теп, қастерлеуден тұратындығын ескеретін уақыт жеткені анық. Түсіне білген адамға ұлттық дүние ­­– мың өліп, мың тіріл­ген қазақтың, ата-бабалардың асыл мұрасы. Керімбай Қыс­тау­баевтың өзі айтқандай, оның өзі шәкірттерінің бойына ең алдымен, ұлттық сананы, отан­сүйгіштікті қа­лып­тастыруға мүдде­лі­лігі мен өз әріптестерінен де соны талап етуінің бір ұшы осында жатса керек. Үздік туындылары Қазақстан Президентінің резиденциясында, Германия, Испания, Ұлыбритания, Түркия елдерінде, Қазақстанның Орталық мемлекеттік мұражайында, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында және шетелдер­дегі жеке адамдардың коллекция­сында сақталған, шеберлік шыңы­нан көрінген суретшінің жасөс­пірім­дерге қоятын талабының жоғары болуы өз жемісін беруде. Қасиетті Түркістан топырағында дүниеге келген азаматтың туынды­ларында жусан исі бұрқыраған ұлы далаға деген сағыныштың, сүйіс­пен­шіліктің сазының сезілуі көп нәрсе­ден хабар берсе керек. Керім­бай шы­ғар­машылығы туралы сөз қозғал­ғанда әріптестері оның, әсіресе, суреті сақталмаған тарихи тұлғалар бейнесін сомдаудағы шеберлігін атап айтады. Бұл орайда суретші қаламынан туған Бәйдібек баба портреті өте сәтті туын­ды екендігі талас тудырмаса керек. Қырық жылға жуық ғылыми-педагогикалық, творчестволық және басшылық қызмет атқарып келе жатқан Керімбай Қыстаубаев көркемөнер саласында бірқатар дарын­ды мамандар даярлап шығар­ды және бұл бағыттағы ізденістерін одан әрі жетілдіре түсуде. Оның шеберлік шыңына баулыған шәкірт­тері халық­аралық, респуб­лика­лық конкурстар­дың жүлдесін иеленуде. Мемлекет басшысы биыл­ғы “Жаңа онжылдық ­­– жаңа экономикалық өрлеу ­­­– Қазақ­станның жаңа мүмкін­діктері” атты қазақстандықтарға Жолдауында “Ең басты құнды­лығы­мыз ­­– Отанымыз, Тәуелсіз Қазақ­стан”, деп атап айтқан болатын. Ал, сол туған еліміздің келешегі ­­– жас ұрпақтың ұлттық өнерді өркен­детуге сүбелі үлес қосып, шығармашылық қабілетін, ізденісін арттыруының маңызы зор. Ұстаз тұжырымы да осы. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы..