Жыл басынан бері нарыққа 8 млн қорап темекі заңсыз енгізілген. Ал былтыр 5 млн қорап шылымның «көлеңкелі айналымда» жүргені анықталды. Мұндай заңсыз әрекеттерді тыюдың тура жолы – цифрлы таңбалауды міндеттеу.
Осы жылдың 1 қазанынан бастап ел аумағында темекі өнімдерін міндетті таңбалау енгізілгені белгілі. Әзірше бұл талап фильтрлі темекіге ғана қойылып отыр. Өнімнің басқа түрлерін (сигара, қыздырылған темекі және т.б.) таңбалау 2021 жылдың 1 сәуірінен басталмақ. Ондағы мақсат – нарықтағы ашықтықты қамтамасыз ету және халықты жасанды, жалған өнімдерден сақтандыру.
Қаржы министрлігінің хабарлауынша, нарық ойыншыларына қойма мен дүкендердегі таңбаланбаған темекi өнiмдерiнiң қалдықтарын сатуға бір жыл уақыт берілген.
«Темекі өнімдерін таңбалау тауар айналымының ашықтығын арттыру, адал бәсекелестікті қолдау, нарықты заңсыз өнімдерден қорғау, «көлеңкелі экономика» көлемін азайту, зияткерлік меншік құқығын сақтау және бюджетке салықтық түсімдерді ұлғайту үшін керек. Таңбалау тауарларға Data Matrix кодын қолдану арқылы жүргізіледі. Осының нәтижесінде тұтынушыға сатып алынған тауар туралы толық ақпарат алуға және өзін жалған өнімнен сақтандыруға мүмкіндік беріледі», делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Республика аумағында өндірілген темекіні таңбалауды өндіруші жүзеге асыруға тиіс. Елімізден тысқары жерлерде шығарылатын темекі өнімдерін таңбалау импорттаушыға жүктеледі.
Сонымен қатар 2020 жылдың 31 желтоқсанында алкоголь өнімдерін таңбалау бойынша қолға алынған қанатқақты жоба аяқталады. Бұл саладағы таңбалау келер жылдың басында міндетті нормаға айналмақ. Одан кейінгі кезекте аяқкиім өнімдері тұр. Сондай-ақ 2021 жылдың сәуірінде дәрі-дәрмекті таңбалау басталады.
– Цифрлы таңбалау – «көлеңкелі экономикамен» күресудің бір жолы. Жаңашылдық нарықтағы заңсыз сатылатын тауарлардың жолын кеседі. Осылайша, кәсіпкерлерге адал бәсекелестік орнатуға мүмкіндік туады. Жалпы, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бес ел 2015 жылы тауарларды міндетті цифрлық таңбалау туралы келісімге келді. Содан бері бірнеше тауар бойынша қанатқақты жобалар жүзеге асырылды. Қазір әр мемлекет осы бағытта жұмыс жүргізуде. Әсіресе, Ресейдің қарқыны жоғары. Олар 2024 жылға дейін таңбалауға жататын тауарлардың тізілімін жариялады. Қазақстан да бұл бағыттағы жұмысты жандандыра түсті. Беларусь, Армения және Қырғызстан мемлекеттері де тиісті жобаларды жүзеге асыруда, – дейді Цифрлы экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева.
Белгілі болғандай, таңбалау туралы келісім бес мемлекетке ортақ болғанымен, әр ел таңбалауға жататын тауарларды өздері анықтайды.
– Аяқкиім өнімдері де таңбаланады. Бұл нарықта «көлеңкелі» айналымның бары рас. Сондықтан жаңашылдықты өндірушілер де, импорттаушылар да бірден қолдады. Олар аталған нарықты жарыққа шығару арқылы жаңа мүмкіндіктердің пайда болатынына сенімді, – дейді орталықтың бас директоры.
Қазақстанның киімді таңбалау тұрғысынан жинаған тәжірибесі бар. Осыдан төрт жыл бұрын тері өнімдерін таңбалау жүргізілген болатын.
– Бұл жоба әлі де жалғасуда. Әуелде қанатқақты жоба болды. Қазір қалыпты дүниеге айналды. Нарық та бұған үйренді. Жаңашылдық саладағы «көлеңкелі» айналымды азайтты. Шетелден заңды түрде әкелінетін тауардың көлемі артты. Мәселен, 2018-2019 жылдары импорттық өнімнің үлесі 189 пайызды құрады. Осыдан-ақ бұған дейін айналымда қаншама өнімнің заңсыз жүргенін есептеуге болады, – дейді Б.Құрманғалиева.
Жоғарыда айтқанымыздай, келер жылдан бастап алкоголь өнімдері де таңбаланады. Мамандардың пікірінше, аталған нарықта да «көлеңкелі» айналымның үлесі көп. Деректерге сүйенсек, былтыр 6,2 млн литр алкоголь өнімі тәркіленген. Биылғы шілде айының өзінде сапасыз алкогольдің салдарынан 23 адам қайтыс болған.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, былтыр алкоголь өнімдерінен бюджетке 56 млрд теңге акциздік салық түскен. Таңбалау енгізілген соң аталған сома 10 млрд теңгеге дейін өседі деген болжам бар.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Евгений Больгерттің айтуынша, Қазақстан үшін сүт өнімдерін таңбалау өзекті мәселеге айналып отыр.
– Нарықта ортақ келісім жоқ. Өндірушілер, экспорттаушылар сүт өнімдерінің тез бұзылатынын, бұл процесс онсыз да Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Техникалық реттеу комитеті тарапынан қатаң қадағаланып, реттелетінін алға тартуда. Ал Ресей сүт өнімдерін таңбалауға қатысты жұмысты үдете түсті. Көрші ел 2021 жылдың қаңтарынан бастап таңбалауды айналымға енгізеді. Демек, одақтағы өзге мемлекеттер осыған жауап беруге тиіс. Ендігі мәселе Қазақстан ішкі нарықты түгелдей таңбалауға көшіруі керек пе? Әлде нарықтағы өз орнын жоғалтып алмас үшін тек экспорттаушыларды ғана міндеттей ме? Бізге соңғысы тиімді. Ал тұтас саланы таңбалаудан ұтарымыз шамалы. Мұны сарапшылар да дәлелдеп берді. Сүт өндірісіндегі «көлеңкелі» экономиканың үлесі онсыз да көп емес. Сондықтан нарық ойыншылары таңбалаудың қажеті жоқ деген ұстанымды алға тартуда, – дейді Е.Больгерт.
Осы орайда, цифрлы таңбалау өнімнің қымбаттауына жол ашуы мүмкін деген болжамдар да айтылуда. Бірақ оның қаншалықты дәлелді, дәйекті дүние екені толық айтылмауда. Дегенмен кәсіпкерлердің таңбалау құрылғыларын алу үшін белгілі бір мөлшерде қаржы шығындайтыны анық.