• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 30 Қазан, 2020

«Джиро д’Италия»: Гранд-турда – алтыншы орын

183 рет
көрсетілді

Биыл 103-мәрте ұйымдастырылған велоспорттан әлемдік деңгейдегі «Джиро д’Италия» суперкөпкүндігі 15,7 шақырымдық жекелей жарыспен Милан көшелерінде мәресіне жетті. «Астана» командасының велошабандозы әрі осы жарыстағы капитаны Якоб Фульсанг Италия тасжолдарында 21 күнге жалғасқан көпкүндіктің жалпы есебінде 6-орынға ие болды. Бұл – даниялық спортшының карьерасындағы ең үздік нәтиже.

Соңғы «жекелей уақытқа» арналған жарыс күні Миланда күтпеген жағдаймен аяқталды. Кезең басталар алдында жалпы есептің көшбасшысы Джей Хиндли мен 2-орында тұрған британиялық Тео Геоган Харттың арасын бірнеше секунд қана бөліп тұрған-ды. Нәтижесінде, жекелей жарыс жалпы көпкүндіктің тағдырын шешіп кетті. Геоган Харт Хиндлиге қарағанда, 39 секунд жылдам өнер көрсетіп, жалпы кезең қорытындысы бо­йынша «Джиро д’Италия 2020» велододасының жеңімпазы атанды. Хиндли 2-орын иеленсе, үздік үштік қатарын Нидерланд өкілі Вилко Келдерман толықтырды.

«Астана» велокомандасы­нан Фульсанг жалпы есепте үз­дік ондықтың қатарынан көрін­генімен, жерлестеріміз үшін ита­лиялық Гранд-тур жарысы сәтті өтті деп айта алмаймыз. Вело­көпкүндіктің басталуына бірер күн қалғанда «Астананың» негізгі екі шабандозы – Мигель Анхель Лопес пен Александр Власов қатардан шығып қалды. Дәл осы екі спортшының даниялық велошабандоздың жалпы есепте жақсы нәтиже көрсетуіне көмегі орасан зор еді. Ал соңғы аптада Мануэле Боароның да жарысты жалғастыра алмайтыны белгілі болды. Осындай қиындыққа қара­мастан, «Астана» спортшылары әр кезең сайын жоғары орынға ұмтылды.

Қазақстандық команданың велошабандоздары бірде-бір кезеңде жарыс жеңімпазы атанбаса да, 9 мәрте үздік ондықтың қатарынан көрінді. Ал алтыншы кезеңде 30 жастағы италиялық Фабио Фел­лине мәре сызығын үшінші болып кесті. Ал Якоб Фульсанг 5-ке­­зең­де тоғызыншы, 9-кезеңде тоғы­зыншы, 13-кезеңде жетінші, 15-ке­­зеңде тоғызыншы және 18-ке­зең­де төртінші орынға ие бол­ды. Осы нәтижесінің арқа­сында ол өзінің Гранд-тур­лар­­дағы ең үздік нәтижесіне қол жет­­кізді. Сондай-ақ 16 және 17-ке­­зеңде «Астананың» тағы екі өкі­лі Ма­нуэле Боаро мен Оскар Родри­гес жарыс күнін тоғы­зын­шы және сегізінші орынмен аяқ­тады. Жалпыкомандалық есепте «Астана» жігіттері тоғызыншы болды.

Айта кетейік, 2013 және 2016 жылдары «Астанамен» бірге «Джи­ро д’Италия» жарысында екі мәр­те топ жарған италиялық Вин­ченцо Нибали бұл жолы 7-орынға табан тіресе, 2017-2019 жылдары елордалық командада өнер көрсеткен испаниялық Пельо Бильбао доданы 5-орынмен қорытындылады.

21-кезеңдегі жекелей жарыста мәреге 31-болып келген Фульсанг суперкөпкүндікті қорытындылап, жарыс туралы ойын ортаға салды.

– Әрине, біз Италияға қызғылт жейдені иелену үшін келген едік. Алайда жарыс қорытындысы бо­йынша жалпы есепті  6-орынмен аяқтадық. Бұл біз үшін өте ауыр жол болды. Жарыс басталмай жатып та, жарыс барысында да біраз қиындыққа тап болдық. Жақсы сәттер де аз болған жоқ. Жалпы, биылғы бәсеке осылай өтті. Әрбір бөлшегіне дейін есептеу мүмкін емес. Сондықтан ылғи да өз жұмысыңды 100% жақсы атқаруың керек. Әрқайсымыз қолымыздан келгенін істедік. Соңына дейін күрестік. Енді міне, Миланда біз жарысты 6-шы болып аяқтадық. Әрине, бәсекені же­ңістің ең биік тұғырында қоры­тын­дылағым келді. Бірақ вело­спорт деген осындай. Кейде жеңе­сің, кейде жеңілесің. Алда мені тағы да көптеген жарыс күтіп тұр. Дәл қазіргі сәтте мен демалыс туралы және отбасыммен қа­лай уақыт өткізетінім жайлы ой­лап тұрмын. Қиынға соққан мау­сым­нан кейін біраз уақытты, келесі жа­рыстар басталғанша вело­си­пед­сіз өткізгім келеді, – деді Якоб Фульсанг.