Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі және Түркістан қаласын дамытудың жаңа бас жоспары қаралды. Бірінші мәселе бойынша Төтенше жағдайлар министрі Ю.Ильин, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов баяндама жасады.
200 мыңнан аса өрт қауіпсіздігін бұзу фактісі анықталды
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, елдегі орын алатын төтенше жағдайлардың 92%-ы өртпен байланысты. Жылу беру кезеңінде жағдай ушығып кетеді. Індет қаупін ескере отырып, биыл жылу беру маусымы әдеттегіден ерте басталды. «Қыркүйектен бастап тұрғын үй секторында 1 300-ден аса өрт шығу оқиғасы болды. Жамбыл облысында – төрт, Алматы қаласында – үш, Павлодар облысында екі адам қаза болды. Қостанай облысында, Нұр-Сұлтан қаласында және Қарағанды облысында адамдар өрт салдарынан жарақат алды», деді ведомство басшысы.
Адам шығыны да бар: Жамбыл облысында тұрғын үйде шыққан өрт кезінде екі бала, СҚО-да екі адам және екі жағдайда ШҚО-да екі адамнан қаза болды. Өрттің өсу себептері өрт қауіпсіздігінің бұзылуы салдарынан, атап айтқанда тұрмыстық құрылғылар мен пештерді пайдалану кезінде, сондай-ақ отты абайсыз пайдалану салдарынан орын алып отыр. «Былтырғы тәжірибенің негізінде тұрғын үй секторында жоспарлы түрде жұмыстар жүргізілуде. Жылу беру маусымы басталғанға дейін аралап шыққан халық арасындағы әлеуметтік осал топтардың 118 мыңнан аса тұрғын үйі есепке алынды. Өңірлік әкімдіктер, ішкі істер органдары, әлеуметтік қамту, білім беру және денсаулық сақтау өкілдерімен бірлесіп 87 мыңнан аса үйді аралап, 10 мыңнан аса үйдің өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзып отырғаны анықталды, олар ЖАО-ның бақылауына алынды», деп нақтылады Ю.Ильин.
Сонымен қатар автономды жылыту жүйесі бар 550 мыңнан аса үй де тексерілді, оның ішінде 140 мыңнан аса үйден 200 мыңнан аса өрт қауіпсіздігін бұзу фактісі анықталды. Министр атап өткендей, әкімдіктердің қаражаты мен демеушілік көмектердің есебінен қауіпті газ концентраты мен жану өнімін анықтайтын 12 мыңнан аса датчик орнатылды, осы жылдың соңына дейін тағы 11 мыңнан аса датчик орнату жоспарда бар.
Жыл сайын табиғи және сұйылтылған газбен улану салдарынан 20-дан аса адам қаза болады, газ баллон құрылғыларының жарылуы салдарынан топтасқан адам өлімі мен жарақаттану оқиғалары орын алады. «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға сәйкес тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдығын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау ЖАО-ға жүктелген. Бұл ретте тек Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының, Қостанай және Ақмола облыстарының жергілікті билік орындары газ-техникалық инспекцияларын құрды, қалған өңірлерде функция ТКШ бөлімшелеріне жүктелген. Алайда олар бұл жұмысты дұрыс жүргізбеуде. «Жылыту маусымына дайындықты есепке ала отырып, 417 жылу-энергиямен қамтамасыз ету және 4 322 білім беру нысандарына тексеру жүргізілді. Оның ішінде 47 ЖЭО және 565 оқу орнында талапты бұзу фактілері анықталды. Пандемияға байланысты денсаулық сақтау нысандары ерекше бақылауға алынды, 1 409 нысан есепте тұр. 2017 жылдан бастап әлеуметтік нысандардан автономды жылыту қондырғыларын шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде. 387 нысан бойынша әкімдіктердің шешімі талап етіледі», деді Ю.Ильин.
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бұдан басқа да жалпы сипаттағы жүйелі проблемалар бар. Оның біріншісі – өрт сөндіру бөлімдерінің елді мекендерден қашықтығы. Министрдің айтуынша, қысқы кезеңде жеке тұрғын үйде өрттердің шығу қауіп-қатері артады, ауа райы жағдайлары (көктайғақ, қар құрсаулары, борандар және т. б.) күрделенеді, бұл өрт сөндіру қызметінің келу уақытына әсер етеді. «Өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, біздің бөлімшелеріміз жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру арқылы мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Үш жыл ішінде 153 пост құрылды. Бүгінгі таңда ел бойынша олардың саны 396-ға жетті. Бұл жалпы халық саны бір млн-нан асатын 1 200-ге жуық ауылдар мен кенттердің қорғалуын қамтамасыз етеді. Соңғы үш жылдағы жоспарлы көрсеткіштер 60%-дан аспайды», деп түсіндірді Ю.Ильин.
Екінші проблема – өртке қарсы сумен жабдықтаудың қанағаттанарлықсыз жағдайы. «Өртті сөндірудің сәттілігі су көздерінің болуына байланысты. Республика бойынша 15 мыңнан аса өрт гидранттары жарамсыз күйде тұр. Биыл әкімдіктер 2 мыңнан аса жөндеу жұмыстарын жүргізді. Алайда жыл сайын сумен жабдықтау жүйелерінің тозуына байланысты шамамен 1 мыңы есептен шығарылады», деді ведомство басшысы.
Үшінші мәселе, құрылыс барысында нысандар арасындағы белгіленген алшақтықтар сақталмайды, өрт техникасының өтуі үшін кіреберістер ескерілмейді, бұл үлкен алаңдарда өрттің пайда болу қауіп-қатеріне әкеп соғады және халықтың шағымдарын тудырады. «Мысалы Тараз қаласының тұрғыны 2 жыл бойы үйі мен сауда кешені арасындағы өртке қарсы қашықтықты бұзу фактісі бойынша бізге бірнеше рет жүгінген болатын. Осы жылдың өткен кезеңінде ғана осындай 100-ге жуық өтініш келіп түсті. Көбінесе құрылыс кезінде жобалардан ауытқуларға жол беріледі, нәтижесінде нысандарда жойылуы мүмкін емес проблемалар туындайды», деп түсіндірді Ю.Ильин.
Жалпы республика бойынша талапты өрескел бұзу жайы орын алған 263 ірі нысан бар. Ақпарат лицензиядан айыруға дейін тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті органға (МСҚБ) жолданды. «Биылдан бастап ИИДМ-мен бірлесіп жобалау сатысында нормаларды сақтау мәселесі шешілді, өрт қауіпсіздігі бойынша сарапшылар енгізілді. Сонымен қатар құрылыс кезінде техникалық және авторлық қадағалау қызметіне бақылауды күшейту қажет», деді министр.
Елді мекендерді қорғауды қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі – ТЖМ бөлімшелерінің техникалық әзірлігі. 2018-2020 жылдарға арналған тиісті жол картасын іске асыру жарақтандыру деңгейін 50%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік берді.
Төтенше жағдайлардың алдын алудың тиімді жүйесі қажет
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, биылғы 1 қыркүйектен бастап тұрғын үй секторында 1 369 өрт орын алды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5%-ға төмен. Өрт жағдайының артуы Шымкент, Алматы қалаларында және Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында байқалады, бұл көп жағдайда электр жабдықтары мен пешпен жылыту жүйелерінің дұрыс пайдаланылмауына байланысты. «Мемлекет басшысы жаңадан құрылған Төтенше жағдайлар министрлігінің алдына азаматтық қорғау мәселелерін дамыту және жетілдіру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою міндеттерін қойды. Алдын алу мен ден қоюдың тиімді жүйесін құруға бағытталған шаралар қабылдау қажет. Азаматтар мен олардың мүлкін авариялар мен апаттардан қорғауды қамтамасыз ету керек», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы 2018 жылдан бастап 2020 жылға дейін 404 өрт сөндіру автомобилін және 19 мың бірлік жабдық сатып алу арқылы өртке қарсы қызметтің жарақтандырылуы артқанын атап өтті. Бұл жұмыс елордада, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Атырау мен Қарағанды облыстарында жақсы жолға қойылған. Бұл ретте Қостанай, Маңғыстау және Павлодар облыстарының әкімдіктері осы мақсаттарға жеткілікті қаражат бөлген жоқ. Премьер-Министр ТЖМ-ге өрттің алдын алу бойынша жұмысты нақты үйлестіруді, күштер мен құралдардың өртті жедел сөндіруге дайындығын қамтамасыз етуді, әсіресе тұрғын үй секторы мен қоғамдық нысандарда бұзушылықтарды анықтауды және өрт қауіпсіздігінің жай-күйін бақылауды жалғастыруды, ІІМ және әлеуметтік қорғау органдарымен бірлесіп, тиісті рейдтік іс-шараларды жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар өртке қарсы қызметін материалдық-техникалық жарақтандырудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын әзірлеп, бекітуді тиісті органдарға жүктеді. Ал өңірлердің әкімдіктеріне әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылым объектілерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттелді. «Әлеуметтік сала нысандарында орналасқан қазандықтардың жұмысын ерекше бақылауға алып, оларды ғимараттан шығару мәселесін жылдамдатып шешу керек. Өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру жұмыстарын жалғастырған жөн», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне бір ай ішінде газ-техникалық инспекция құруды және «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңына сәйкес (Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Ақмола және Қостанай облыстарында жасалған) газ жабдығына тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жылыту маусымы кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша халықпен профилактикалық жұмысты күшейту туралы нақты тапсырмалар берілді.
Түрленген Түркістан
Сондай-ақ Үкіметтің осы отырысында Түркістан қаласын дамытудың жаңа бас жоспары қаралды. Бұл мәселе жөнінде Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев баяндама жасады.
Өмірзақ Шөкеев қаланың бастапқы аумағы 19 627 га-дан қала шекарасына өзгерістер енгізу арқылы 22 370 га-ға дейін ұлғаятынын айтты. Қаланың жобасы негізінен келесі функционалдық аумақтарға бөлінеді. Бас жоспар бойынша қаланың шығыс бағытында жаңа әкімшілік-іскерлік орталық орналасады. Ол 1450 га аумақты қамтиды. Бұл аумақта тұрғындарға арнап білім беру, денсаулық сақтау, мәдени және спорт нысандары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, тұрғын үй кешендері, әкімшілік ғимараттар кешені, бизнес орталықтары, компаниялардың кеңселері, банктер және басқа да нысандарды орналастыру көзделген. Әкімнің айтуынша, бүгінгі таңда әкімшілік-іскерлік орталығында жоспарланған 14 нысан толық аяқталып, қала келбетін сәулеттік дизайнмен толықтырды. 2019 жылдың басында қаланың тұрғын үй қоры 3,8 млн шаршы метрді құрады, оның басым бөлігі бір қабатты үй-жай түріндегі тұрғын үйлер болды. 2025 жылы тұрғын үй қоры 6,1 млн шаршы метрге дейін жетеді.
Түркістан қаласының рухани-мәдени орталығының жалпы аумағы 290 гектарды құрайды. Бұл аумақта Әзірет Сұлтан қорық мұражайы (88 га), Керуен сарай (22 га), Тұңғыш Президент саябағы (38 га) тәрізді ірі жобалардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жеке салымшылар тарапынан 3 бес жұлдызды қонақүй салынады. «Бүгінгі таңда рухани-мәдени орталықтағы Бас жоспарда жобаланған 10 нысанның 6-уы толық аяқталды, қалған нысандар осы жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі», деді Ө.Шөкеев.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Үкіметтің қарауына ұсынылған Түркістан қаласының Бас жоспарының жобасы қаланың түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамуын ескере отырып, жоспарлы құрылысын көліктік және инженерлік коммуникациялар жүйесімен, туризм инфрақұрылымымен қамтамасыз етуді көздейтінін жеткізді. «Жобада халық санының және туристер ағынының артатынын ескере отырып, 2035 жылға дейінгі қаланың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етудің барлық негізгі параметрлері айқындалған», деді Қ.Өскенбаев.
400 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды
Мәселені түйіндеген Үкімет басшысы Асқар Мамин: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи бастамасы мен шешімінің арқасында түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы ретінде қасиетті Түркістан қаласын дамытуға үлкен серпін берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанның дамуына ерекше көңіл бөледі. Қазіргі таңда Түркістан қаласы Қазақстанның рухани жаңғыруының символы мен ел мақтанышына айналды», деді.
Үкімет басшысы Түркістанның қайта түлеуін қамтамасыз ету, тарихи құндылықтарды сақтай отырып, оны одан әрі өркендету мақсатында 2018 жылғы қыркүйекте Түркістан қаласын дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасы мақұлданғанын атап өтті. Қысқа мерзімде ауқымды жұмыс атқарылды. Тарихи-сәулет, әкімшілік-іскерлік орталықтардың, көлік және инженерлік инфрақұрылымның, тұрғын үй аймағының құрылысы қарқынды түрде жүргізілді. Облыс орталығы Түркістанға көшірілген күннен бастап қаланың негізгі капиталына шамамен 400 млрд теңге инвестиция бағытталды. Жаңа Бас жоспарға сәйкес қала аумағы 3 мың гектарға жуық ұлғайды. Халық саны 165 мыңнан 176 мың адамға дейін өсті. 2025 жылға қарай ол шамамен 250 мың, ал 2035 жылға қарай 350 мың адам болады деп болжанып отыр.
Үкімет басшысы Түркістанды дамытудың жаңа бас жоспары белсенді дамып келе жатқан қаланың барлық қажеттіліктерін ескеретінін және оның тұрғындары мен қонақтары үшін толыққанды жайлы орта құруға жол ашатынын атап өтті. Жоспар қаланың және Түркістан облысының атқарушы органдарымен, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдармен келісілді. Қала инфрақұрылымын дамытудың барлық егжей-тегжейлі схемалары әзірленді. Премьер-Министр бекітілген жоспардың барлық жобаларын жүзеге асыруды тапсырды.