Орман шаруашылығы саласында еңбек ететін Хамит Ахметов – жануарлар мен өсімдіктер әлемі туралы 30-ға жуық ғылыми мақаланың авторы. Соңғы жылдары ол «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экожүйесін зерттеп, туризм мен биоалуандылықтың арасындағы тепе-теңдіктің сақталуын қадағалаумен айналысады.
Тау жануарының саны азайып барады
Таяуда Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін қорғау саласында тұңғыш рет ұсынылған «Елім-ай» сыйлығын иеленген тәжірибелі маман еліміздегі флора мен фаунаны, сондай-ақ экологиялық мәдениет пен сирек кездесетін аң-құстарды сақтауға қатысты ойымен бөлісті.
«Көлсай көлдері» ұлттық паркінде омыртқалы жануарлардың 256, сүтқоректілердің 51 түрі бар. Халықаралық «Қызыл кітапқа» енген қар барысы да дәл осы аймақта мекендейді. Сол секілді Тянь-Шань қоңыр аюын, тас сусарысын, Түркістан сілеусінін де жиі кездестіруге болады. Жануарлар әлемін жіті бақылап жүрген Хамит Ахметовтің айтуынша, уақыт өткен сайын қар барысының саны күрт азайып, бұл ауқымды зерттеуді қажет етеді.
«Дүниежүзілік «Қызыл кітапқа» енген барыс Алматы облысындағы Көлсай Көлдері мен Іле-Алатау ұлттық табиғи парктерінде кездеседі. Биыл Алтын Емелде де көзге түсті. Оңтүстік өңірде Сайрам-Өгем ұлттық паркінде бар. Қазақстанда тұтастай ұзын саны 120-130 шамасында ілбіс қалды. Көлсай аумағында біздің есебімізге сәйкес 16 барыс мекендейді. Биыл қарашада Қайыңды көлі маңында фототұзаққа тағы біреуі түсті. Білім және ғылым министрлігінің Зоология институтында қар барысын зерттеу орталығы ашылып, зерттеу жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеміз. Фототұзақ тек миграциясы мен мекен ету ортасын анықтайды. Ауқымды зерттеу жұмыстарына қомақты қаражат керек», деді Х.Ахметов. Ғылыми қызметкердің сөзіне сүйенсек, адам ілбіске өзі тиіспесе, жыртқыш аңнан қауіп туындамайды. Тіпті оның туристердің жүрген жеріне дейін жақындаған сәттері болған.
«Қар барысымен бетпе-бет келген инспекторлар да бар. Егер адам тиіспесе, ол бірінші болып шабуыл жасамайды. Көзбен ғана бақылап тұратын жуас аң. Негізгі қорегіне – Сібір тауешкілері, елік, қабан секілді жабайы жануарлар жатады. Біздегі дерек бойынша туристер жүретін жерлерге де түсіп отырады. Мысалы, соңғы рет Қайыңдының тура жанына келді. Бұл дегеніңіз, қар барысының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қауіп төнбесе, келген жеріне оралады дегенді аңғартады. Адам мен табиғат арасындағы үйлесімділіктің нақты көрінісі осы деп айтуға болатын шығар», деді «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкері.
Туристік мәдениетті қалыптастыруымыз қажет
«Көлсай көлдері» ұлттық паркіне деген туристердің қызығушылығы жыл өткен сайын артып келеді. Айталық, былтыр 87 мың турист келіп, 30 млн теңге көлемінде кіріс түсті. Қазір ұлттық парк аумағында экотуризмді дамыту жобасы қолға алынып, жаяу жүргіншілерге жаңа бағыттар ашылмақ. Осы арқылы жергілікті экожүйеге түсетін жүктеме азаяды.
«Қайыңды және Көлсай көлдерінің маңы туристер тоқтайтын негізгі аумақ. Екінші Көлсай көліне апаратын соқпақпен шамамен 25-26 мың адам жүреді десек, бұл рекреациялық жүктемеге сәйкес келеді. Ал оған бірінші Көлсайды қоссақ, әрине арта түседі. Бүгінде Kazakh Tourism-мен бірлесіп, сыйымдылықты зерттеп жатырмыз. Содан кейін ғылыми тұжырымдама беріледі», деді Х.Ахметов.
Алайда табиғат жанашырының айтуынша, отандық туристердің экологиялық санасы қалыптаспаса, таяу болашақта табиғи байлықты сақтап қалу қиынға соғады.
«Біздің туристердің экологиялық cана-сезімі оянған жоқ. Оны мектеп қабырғасынан сіңіру қажет. Тастаған тұрмыстық қалдығыңды өзіңмен алып кетудің өзі үлкен мәдениет. Қазір бұл мәдениет өте төмен десем, қателеспеймін. Мониторинг жүргізгенде шетелдік туристердің жерден бір нәрсені көтерудің өзіне рұқсат сұрайтынын байқадық. Ал жергілікті туристер салынған соқпақ жолмен жүрудің орнына айналасындағы өсімдіктерді таптап өте береді. Жылда шығарылатын қоқыс көлемінен біраз нәрсені байқауға болады. Жұма, сенбі күндері қалдық тіптен көп шығарылады. Қазақстан азаматтарының түсінігінде «Мен келіп ақша төледім. Қоқысты инспекторлар жинауы тиіс» деген таптаурын қалыптасқан. Қынжылтатыны да осы мәселе», деді ол.
Десек те туристерді қабылдайтын жергілікті халықтың санасы жақсы жаққа қарай өзгере бастаған сыңайлы. Саты ауылының халқы туризм саласының отбасылық бюджетке жақсы табыс әкелетінін түсініп, қонақ күтуге бейімделіп алыпты. Кездескен туриске барлығын түсіндіріп, іздеген жеріне апарып тастау мәдениеті қалыптасып келеді. Қажетті ақпаратпен бөлісуге тырысады. Алдағы 5-10 жылда Саты туристік бағытта дамып, мүлдем жақсы жағынан түрленеді деген ой бар.
Қазақ тіліндегі зерттеулер аз
Ғалым өзі секілді қазақ тілінде еліміздің флорасы мен фаунасы туралы танымдық және ғылыми материалдар әзірлейтін мамандардың жетіспеушілігі сезілетінін де жеткізді.
«Ғылыми жұмыстың барлығы орыс тілінде жүргізіліп келеді. Қарашада Зоология институтымен бірлесіп, ғылыми журналға алғаш рет барлық ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы ғылыми мақалалар шығады. Мен онда редакциялық алқа мүшесімін. Оның құрамында Қытай, Ресей, Израиль мамандары да бар. Жануарлар мен өсімдіктер туралы қазақ тіліндегі сөздіктер өте аз. Бұл мәселе де қолға алынып жатыр. Себебі болашақта студенттер қазақ тілінде еркін ғылыми мақалалар жаза алуы тиіс. Танымдық материалдар да жоқтың қасы. Неге десеңіз, маман жетіспейді. Орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі мамандарына гранттар аз бөлінеді. Әйтпесе құландар, қар барысы, тағы басқа жануарлар қазақ тілінде зерттеліп жатса, артық болмайтыны күмәнсіз», деді Х.Ахметов.
Сарапшының пікіріне сәйкес ішкі туризмнің артуына байланысты қазір сала мамандарына тапшылық әлден сезілуде. Өйткені пандемия аяқталған бойда гидтер мен аудармашы мамандардың жетіспеушілігі айтарлықтай білінуі мүмкін деген болжам бар. Ал білікті жастарды тарту үшін жалақы мен тұрғын үй мәселесі шешілуі тиіс. Бұған қоса ұлттық парктер мен қорықтарда қызметке ер адам алынса, сәйкесінше олардың отбасы мүшелері де жұмыспен қамтылуы қажет. Сондықтан ең болмағанда туризм кәсібімен айналысуға мүмкіндік берілсе, артық болмайды.