• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2013

Достық –діңгегіміз

306 рет
көрсетілді

Біздің міндетіміз –  халыққа қызмет ету

Елбасымыздың жүргізіп келе жатқан саясатының негізгі басым­дықтарының бірі әкімшілік реформа болып табылады. Бұл саладағы Қазақстанның жетістіктерін ТМД елдерінің барлығы мойындап, біздің тәжірибемізді зерттеу үстінде. Жүргізіліп жатқан реформаға ше­тел­дік сарапшылар да жоғары баға беріп отыр.

Біздің міндетіміз –  халыққа қызмет ету

Елбасымыздың жүргізіп келе жатқан саясатының негізгі басым­дықтарының бірі әкімшілік реформа болып табылады. Бұл саладағы Қазақстанның жетістіктерін ТМД елдерінің барлығы мойындап, біздің тәжірибемізді зерттеу үстінде. Жүргізіліп жатқан реформаға ше­тел­дік сарапшылар да жоғары баға беріп отыр.

Қазақстан Республикасының Пре­­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың «Қа­­зақ­стан-2050» Стратегиясы – қалып­­тас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан хал­қы­на Жолдауында еліміздің 2050 жылға дейін барынша дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуға бағытталған шараларды айқындады. Соның ішіндегі ауқымды бағыт­тар­дың бірі – мемлекеттік басқа­ру­дың, мемлекеттік қызметтің ре­фор­масы. Осыған байланысты «Қа­­зақстан-2050» Стратегиясы мем­лекеттік аппараттың қызметін барынша тиімді ету мен мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін жасау міндетін жүктеді. Үстіміздегі жыл осы міндеттерді орындаудың бетбұ­рыс жылы болғалы тұр. Әкім­шілік реформаның ең басты мақсаты – мемлекеттік басқару аппаратының жұмысын әлеуметтік-экономикалық міндеттерді орындау үшін барынша жақсартып, оның халық сенімін ақтау жолындағы тиімділігін одан әрі нығайта беру.

Әкімшілік реформаның мем­ле­кеттің дамуына тигізетін ықпалы өте зор, өйткені, мемлекеттік басқаруды дұрыс ұйымдастыруға еліміздегі жүр­гізіліп жатқан әлеуметтік-эконо­микалық жағдайды жақсартуға ба­ғытталған реформалардың оң нәтижесі тәуелді. ТМД елдерінің ішінде егеменді еліміз алдыңғы болып мемлекеттік қызмет туралы заңдылықты қабылдады, мем­лекеттік қызметшілерді екі топқа бөлді – «саяси» және «әкімшілік», конкурстық жүйені және мемлекеттік қызметтің мансаптық (карьералық) жүйесін енгізді, әкімшілік және сая­си мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін құрды.

Республикамыз осы салада бір­шама жетістіктерге жеткені­мен тоқтап қалуға болмайды. Мем­ле­кет­тік қызметшілердің біліктілігін кө­теру, еңбегін ынталандыруды же­тіл­діру, кәсібилігін арттыру жол­дары іздестірілуде. Осы мақ­сат­та 2011 жылдың шілде айында мем­лекеттік қызметтің жаңа моде­­лі­нің Тұжырымдамасы қабыл­дан­ды, мемлекеттік қызмет туралы заңдылық актілерге тиісті өзгерістер енгізілді.

Өткен жылдың аяғында «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды, қазір­гі таңда мемлекеттік қызмет сала­сын­дағы заңға тәуелді актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Заңның негізгі басымдықтарына тоқталатын болсақ, олар төмен­де­гідей: «А» басқарушылық корпусын құру; жоғарылату кезінде меритократия қағидатын күшейту; кадрларды іріктеу кезінде жариялылық пен әділдікті қамтамасыз ету; қатардағы мемлекеттік қызметкерлердің құ­қығын қорғау; кадр қызметінің мәртебесін көтеру; тәртіптік және этикалық бақылауды күшейту. Осыларды басшылыққа алып, оларды жүзеге асырудың нақты тетіктері айқындалатын болады. Мы­салы, кадрларды іріктеу кезінде жа­риялылық пен әділдікті қамтама­сыз ету үшін тестілеуді конкурс­тан бөліп, мемлекеттік қызмет­ке барғысы келетін азаматтар мем­ле­кеттік органдағы конкурстың өтуін күтпей, агенттік белгілеген уақытта тест тапсырып, сертификат алатын болады. Содан кейін бос лауазымы бар мемлекеттік орган конкурс жариялағанда, оған сол сертификаты бар азаматтар қатысатын болады, мемлекеттік органдардың конкурсқа жұмсайтын уақыты үш есеге дейін (45-50 күннен 15-20 күнге дейін) азаяды. Сонымен бірге, тест бағдарламасы жаңартылып, заңнама туралы тест сауалдары күрделілендіріледі. Конкурстық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін жоғарылату мәселесі қаралып жатыр, конкурстық іріктеулерге қо­ғамдық бақылаушылар, БАҚ өкіл­дері қатысуға мүмкіндігі болады деп күтілуде. Осы бағыттағы өзге­ріс­терді Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің Қызылорда облысы бойынша басқармасы өзінен бастады. Қазан айында басқарманың бос әкімшілік лауазымдарына өткі­зіл­ген конкурстық іріктеудің барлық сатыларына БАҚ өкілдері, қоғамдық бақылаушылар қатысып, өздерінің жоғары бағасын берді.

Заң жобасында ауысу арқылы тағайындаулар тек бір мемлекеттік органның ішінде жүзеге асатындығы көрсетілген. Бұл шара «командалық көшулерді» неғұрлым азайту мақсатында қабылданып отыр.

Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын бағалау мен мансаптық жоспарлау бойынша жаңадан ұғымдар енгізіледі. Ал қызметке енді алынған қызметшілерді жұ­мыс­қа баулу мақсатында тәлімгерлік институты енгізіліп жатыр. Айта кету керек, осы бағытта да біздің басқарма жұмысты бастап кеткен. Облысымызда «Жастар кадр­л­ық резерві» бағдарламасы 2011 жылдан бері жұмыс жасап жатыр. Аталған бағдарламаны облыс әкімдігінің қолдауымен бөлінген қаржы есебінен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық басқармасы ұйымдастырды. Бүгінде ол мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығының, «Сам­ұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының «Сыр болашағы» жас мемлекеттік қызметшілер клубы» жастар қоғамдық бірлестігінің қолдауымен іске асырылып жатыр. Осы бағдарламаны іске асырудағы мақсатымыз мемлекеттік қызметке білімді, білікті, жауапкершілігі мол, ұйымдастырушылық және көшбасшылық қасиеті бар жастарды тарту, ЖОО-дан алынған теориялық білімді бекіту, жастарға мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибелік дағдыларды қалыптастыруға мүм­кіндіктер беру, жоба барысында байқалған қатысушылардың мемле­кет­тік органдарда жұмыспен қамты­луына көмек көрсету, жас маман – жоба қатысушыларымен әрі қарай жұмыс жасау болып табылады. Бекітілген іс-шаралар жос­парына сәйкес, қатысушылар өңірлік орталығында 80 сағаттық оқу курсынан және облыстың мем­лекеттік органдарында екі айлық тағылымдамадан өтті. Тағы­лым­дамадан өту кезінде әрбір жобаға қатысушыға білікті, кәсіби деңгейі жоғары мемлекеттік қызметшілер іші­нен тәлімгерлер бекітіліп, мем­ле­­кет­­тік қызметтің қыр-сырын үйретті.

Жалпы, менің ойымша Мем­ле­кеттік қызмет істері агенттігі бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің қорғаушысы, мемлекеттік қызмет саласындағы меритократияның кепілі болуы керек. Тағы да үл­кен мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлық көріністеріне төтеп беру. Өйткені, жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Сон­дықтан да, біздің түпкі мақсатымыз жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек.

Осы мақсатта облыстық тәр­тіп­тік кеңес өз жұмысын тиімді атқа­руға күш салуда. Есепті кезеңде тәртіптік кеңестің 11-ші отырысында 28 мемлекеттік қызметшінің тәртіптік істері қаралып, оның 26-сына тәр­тіптік шаралар қолданылды. Оның ішінде 4-еуіне «ескерту», 4-еуіне «сөгіс», 2-еуіне қатаң сөгіс, 5-еуіне «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту», 11-і атқаратын қызметтерінен босатылды. Айта кету керек, жауапкершілікке тартылған 26 қызметкердің 24-і түрлі деңгейдегі басшы лауазым иелері. Сонымен бірге, тәртіптік кеңестің негізгі функциясы – жазалау емес, заң бұзушылықтың алдын алу. Осы мақсатта кеңес өз оты­рыстарында 35 мәселемен аудан әкімдері, мемлекеттік орган бас­шыларының Қазақстан Респуб­ликасының «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес туралы» заңда­рының және Мемлекеттік қызмет­шілердің Ар-намыс кодексі талап­тарының сақталуы бойынша есеп­тері тың­далып, тиісті бағалар берілді. Онда заң бұзушылықтарды бол­дырмауға, алдын алуға бағытталған ұсыныстар енгізілді.

Облысымызда осы бағытта ат­қарылып жатқан кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық жасап, тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар саны 2011 жылмен салыстырғанда 53,9 пайызға азайды.

Әкімшілік реформаның үлкен басымдығының бірі – мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын арттыру. Яғни, азаматтарға тиімді, сапалы қызмет көрсету барлық мемлекеттік органдардың, қызметкерлердің негізгі басымдығына айналуы тиіс. Қызметтер сапасын қадағалау – басқарманың негізгі міндеттерінің бірі. Осы жұмысты біз тек тексерулер, сараптаулар өткізу арқылы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік сауалнама жүргізу арқылы да іске асыратын боламыз. Биылғы жылдың өзінде біздің басқарма осы бағытта бірнеше әлеуметтік зерттеу жүргізуді жоспарлап қойды.

Негізінен, іске асырылып жат­қан әкімшілік реформаның басты мақсаты – мемлекеттік қызмет ұғы­мын жаңғырту. Мемлекеттік қыз­метшілер қоғамның, ұлттың мүд­десінің ең бірінші қорғаушысы, қамқоршысы болуы тиіс. Кез келген мемлекеттік қызметші, бірінші кезекте басшы лауазым иесі – ха­лық­қа, қоғамға қызмет ететіндігін ұмыт­пауы қажет.

Ал мемлекеттік қызметшілердің жеке қасиеттеріне келетін болсақ, ол пат­риоттық сезімі бар, әділ, ісіне адал, қарапайым, адамгершілігі мол бо­луы керек. Сонда ғана мемлекет­ке, халыққа қызмет жасап, тәуел­сіз Отанымыздың нығаюы мен орны­ғуына өзіндік үлесін қоса алатын Қазақстан Республикасының мем­лекеттік қызметшісі атағына лайық тұлға болып табылады.

Ғалым ТҰРСЫНБАЕВ,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша басқарма басшысы –

Тәртіптік кеңес төрағасы.

ҚЫЗЫЛОРДА.

Дамудың басты кілті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа саяси бағытты белгілеп берген стратегиясында көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі бүгінде әлемдік эталон ретінде танылғанын атап көрсетті. Бұл жай ғана айтыла салған сөз емес. Өміріміздің нақты шындығы, адастырмайтын ақиқаты. Иә, бүгінде өзінің ашық-жарқын көңіліндей, қазақ халқының дарқан даласы мен қаласы, кең жазира белдері мұндағы этностар мен конфессиялар өкілдері үшін туған шаңырағына айналды. Сірә, бұл дүниеде туған жер мен туған шаңырақтан ыстық, одан қадірлі, одан құнды ештеңе жоқ шығар. Ортақ Отанымыз – Қазақстанды біз туған шаңырағымыз деп санаймыз. Сондықтан да республикамыздың өсіп-өркендеуіне, дамудың басты кілті – татулық пен келісім салтанат құра беруіне өз үлесімізді қосамыз. Бұл – бас­ты парызымыз. Бізге алаңсыз еңбек етіп, тұрмыс кешу үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай туғызылуда.

Қазақстанда тұратын этнос­тар мен ұлт өкілдері республи­ка Конституциясы мен «Қазақ­стан-2050» Стратегиясына сәйкес, өзде­рінің мәдениеті мен тілін сақ­тау­ға да мүмкіндік алып отыр. Мұндай қамқорлық әлемдегі 200-ден астам мемлекеттің бірде-бірінен қолға шы­рақ алып жүріп таба алар ма екенбіз. Нұрсұлтан Әбішұлы өзге елдерде баламасы жоқ бұл айрықша қоғамдық құбылысқа стратегияда мәдениеттер үндесуі деп баға бергені де әркез жанымызды жылытып, нұрға бөлейді.

Тұңғыш Президентіміздің бас­тамасымен қоғамдық өмірге жол тартқан Қа­зақ­стан халқы Ас­сам­блеясы инс­титутының арғы астары мен іс-тәжірибесінен үйре­нуге әлем­нің көптеген өрке­ниетті елде­рі ұмтылуда. Бұл расында да, үлгі алуға тұрар­лық тағылым. Ал «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясында барша қазақстандықтарды Прометейдің отындай алға бастай алатын өршіл рух пен жігер, асқақ та асыл мұраттар бар. Бұл бізге сонысымен де қымбат, сонысымен де ыстық.

Данилбек САРАТОВ,

«Вайнах» чешен-ингуш мәдени-ағарту қоғамының төрағасы.

Батыс Қазақстан облысы.

Қазақтай кеңпейіл халық жоқ

Еліміздегі барлық ұлттардың достық пен татулықта тұрып жат­қаны  әлемге аян. Бейбітшілік пен тұрақ­тылықтың осыншалықты тамыр тартуы мемлекет құраушы ұлт – қазақтардың мейірбандығы мен қо­нақжайлығына үйренген бас­қа ұлт­тардың өзара татулығының нәти­жесі. Қазақстан – достық пен ын­ты­мақтың жерұйығы деуге  әб­ден лайық мемлекет. Бұл Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бағыттағы сара саясаты мен ұста­ны­мының арқасы, елімізді мекендеген жүзден астам ұлттардың түсінігінің мықтылығының, достығының берік­тігінің нәтижесі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Біз еліміздің бірде-бір азаматын сырт­та қалдыра алмаймыз. Әрбір қазақ­стандық биліктің қолдайтынын және тірек екенін сезінуге тиіс», деген болатын. Міне, осындай қолдауды облыста тұратын 1 мыңнан астам әзербайжан көріп отыр десем, артық айтқандық болмас. Қазір облыс­та тұрып жатқан әзербайжандардың жас ұрпағы тәуелсіз Қазақстанның экономикалық дамуы, саяси тұрақ­тылығы жолында еңбек етіп, оқып өз үлестерін қосуда.

Бірлестіктің көркемөнерпаздары қалада өтіп жатқан барлық саяси және мәдени шараларға белсене қатысады, ұлттардың өзара ұйысуына, ынтымақтасуына атсалысады. Филиал жанында би тобы жұмыс істейді. Көркемөнерпаздар облыста өткізілетін барлық мәдени шараларға атсалысады. Әзербайжан, қазақ, орыс және басқа тілдерде тамылжыта ән салып, би билейтін жастар қатары жыл сайын молайып келеді. Қырықтан астам балалар мен жастар көркемөнерпаздар үйірмелерінің  белсенді мүшелері болып табылады.

Мұнда 2008 жылдан бастап жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Жексенбілік мектептегі үш топқа қырықтан астам адам барады. Біз осындай бейбіт және тату елде тұрып жатқанымызды мақтаныш тұтамыз. Өңірді мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың барлығына да тілін, салт-дәстүрін дамытуға, мәдениеті мен дінін ұстануға жағдай жасалып отыр. Жыл сайын облыс әкімі­нің ақшалай гранты бөлінеді. Мұның бәрі Елбасының көрегенді саяса­тының арқасы екенін түсінеміз. Біз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жыл­дардағы еліміздің табысына мақтана отырып, ортақ мақсатқа бір кісідей жұмыла беретін боламыз. Ортақ Отанымыз біздің әрқайсымыздан осыны талап етеді. 

Шахбаз ЖАМАЛОВ,

«Әзербайжандар ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі

 Ақтөбе қалалық филиалы кеңесінің төрағасы.

Ақтөбе облысы.

«Қазақстандық Эльбрустың» балалары

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Қазақстан-2050» Стратегиясы  – қалыптасқан мемлекеттің жаңа сая­си бағыты» атты Жолдауы елі­міздің болашақ дамуы үшін аса маңызды құжат деп білемін. Алдағы болашаққа сенім бар. Екінші – осы құжатта Елбасы  әйел затына, анаға, жарға, қызға деген құрметті қайта оралту туралы айтты. Мен ана, әйел ретінде бақыттымын. Бізді қолдайтын, қорғайтын Елбасымыз бар. Қазіргі замандағы қазақстандық әйел қызмет жасауға ұмтылуы керек, деді Президент. Мен де қазақ­стандық әйел-аналардың бірі ретінде еліміздегі қоғамдық келісімді сақ­тауға және достықты нығайтуға үлес қосып еңбек етудемін.

Өзім жетекшілік жа­сай­тын бірлестік облыста тұратын қара­шай­лар, балқарлар, черкестер мен қабар­да этностарының өкілдерін бір ша­ңы­раққа біріктіріп отыр. Қазір еліміз тәуелсіздігін алған 16 желтоқ­сан күніне  мерекелік  шаралар дай­ындап жатырмыз. Облыста қарашай-черкес және қабарда-балқарлардың  1200-ден астам өкілі тұрса, оның 900-і балқарлар. Кезінде әке-шешелерімізді бауырына басқан қазақ халқы бүгін ұрпақтарын да құшағына алды. Енді біздер балаларымызды жаңа қазақстандық патрио­тизм бағытында тәрбиелеудеміз.

«Бала тәрбиелеу – болашаққа үлкен инвестиция», деп атап өтті Ел­басы «Қазақстан-2050» Страте­гия­сында. Бірлестіктегі «Жаңғырту мектебінде» 40-қа жуық ұл-қыз­дарымыз балқар, қазақ тілдерін үйренуде. Оларды біз еркелетіп «Қазақ­стандық Эльбрустың балалары» деп атаймыз.  Ал балқарлардың осы елде, осы жерде тұрып жатқанына 70 жылдай уақыт болды. Біздің арамызда еліміздің экономикасының дамуы мен өркендеуі жолында еңбек етіп жүрген ұл-қыздарымыз аз емес. Мысалы, Мұрат Қайтаев бір­лестіктегі ақсақалдар кеңесіне төра­ғалық етеді. Қазақ тіліне ағып тұр. Ұл-қыздары түгелімен еңбек етуде.

Біздің этнос өкілдерінің көбі облыстағы ауылдық жерлерде тұрады. Ешқайда көшіп кеткен жоқ. Біздің  қызымыз Людмила Хо­чиева Мәжіліс депутаты атанғанда ұлтымыздың еленгені, елге танылдық деп қуандық. Елбасына әрдайым алғыс айтып отырамыз. Ол кісіге ұзақ ғұмыр берсін. Өркениетті әлемде «ұлттық бірлік» ұғымы ортақ мемлекетті бірлесіп жасау, толеранттылық, азаматтық және өз елінің мемлекеттік тілін  білу қағи­даттарымен өлшенеді. Олай болса, біз бұл мақсатқа қол жеткіздік деп ой­лаймын.

Мәриям БАЙРАМҚҰЛОВА,

«Эльбрус» этномәдени бірлестігінің төрайымы.

ПАВЛОДАР.

Бізге басқа бақыт керек емес

Тұрақтылық пен татулықтан асқан бақыт та, байлық та жоқ. Одан артық ештеңе болуы мүмкін де емес. Оның үстіне Қазақстан секілді түрлі ұлттар мен конфессия өкілдерінен құралған мемлекетте татулықтың басты қағида екені анық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет тұрақтылығы үшін бар қажыр-қайратын жұмсап, ұлттар арасындағы ауызбіршілікті сақтау жолында сындарлы саясат ұстанып келеді. Соның арқасында біздің байтақ Отанымызда өзгені кемсіту, бірі екіншісіне әлімжеттік жасап, қорлау секілді кері сипат болған емес.

Елбасы «Қазақстан-2050» Стра­те­гия­сында былай дейді: «Егер біреуге этнос­тық белгісі бойынша қысым жасалса, онда бүкіл қазақстандықтарға қы­сым жасалды деп есептеу керек». Ер­кін елдің азаматтарын теңдей ұстау­дың, ешқандай алаламай бірдей қарау­дың бұдан артық қандай көрінісі болуы мүмкін?! Осы сөзінің жалғасы ретін­де: «Ешқандай этносқа ешқандай артықшылық болмайды және болмауға тиіс, барлығының құқықтары мен мін­дет­тері бірдей. Біз тең мүмкіндіктер қоға­мын, бәрі заң алдында бірдей болатын қо­ғам­ды құрудамыз», – деп шегеледі Елбасы.

Енді қараңыз, осы сөзді естіген өзге ұлттың өкілдері қалайша Отанын басқа жақтан іздейді? Олай болуы мүмкін емес. Азаттықтың алғашқы жылдарында түрлі ұлт өкілдері өздерінің атамекендеріне көшіп жатты. Дегенмен, арада өткен аз уақытта олар Қазақстанға қайта келді. Неге? Өйткені, олар сыртта жүрсе де Қазақстандағы тұ­рақтылықты, татулықты, қонақ­жай­лылықты ұмыта алмады. Бұл елде олардың құқына ешкімнің қол сұқпайтынын, шеттетпейтінін білді. Әрі-беріден соң өркениетті деген елдердің өзі өткен ғасырда нәсілдік кемсітушіліктерге барды. Ал сол заманның өзінде тағдырдың айдауымен қазақ жеріне келген сан ұлттың баласын жергілікті халық ешқандай кемсітпей, маң­дайынан шертпей бауырына басты. Осының өзі қазақ халқының дарқан көңілінен хабар берсе керек.

Болашағымыздың бағ­­­дар­ша­мын­дай болған «Қазақ­стан-2050» Стра­те­гия­сын­дағы мына сөз­дерге де назар аудармай кете алмаймыз. «Біз ешқашан оқуға түсу, жұмысқа тұру және қызмет бабында өсу этностық белгі арқылы шешіледі дегенді ойға да алмауға тиіспіз. Мен Үкімет пен әкімдердің еңбек сая­сатына тәртіп енгізуін талап етемін. Жұмысқа, әсіресе, жергілікті билік органдарына этностық ерек­ше­ліктеріне қарамастан, үздіктер алынуы керек. Өлшем біреу ғана – өте жоғары этика және кәсібилік. Министрліктер мен әкімдіктердің барлық буындарында кадр таңдауда байқалатын біржақтылықты түзеу керек. Біздің қоғамымызда «артық» немесе «бөтен», «біздікі» немесе «біздікі емес» деген бол­мауға тиіс. Біз еліміздің бірде-бір аза­матын сыртта қалдыра алмаймыз. Әр­бір қазақ­стандық  биліктің қолдай­тынын және тірек екенін сезінуге тиіс. Ұлттардың этносаралық келісіміне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланады».

Осы сөздерден өз басым үлкен жанашырлық пен қамқорлық сеземін. Бұл – Қазақстанның кез келген азаматы еркін білім алып, білігіне сай қызмет етеді, ешкім шетқақпай көрмейді деген сөз. Ананың ұлты басқа, тілі бөлек деп бөлмейді деген ұғым. Ал осындай үлкен қамқорлық Қазақстандағы барша халықтың бір үйдің баласындай, бес саусақтың саласындай тату-тәтті ғұмыр кешуіне кепілдік береді. Ал бізге одан артық ештеңенің керегі де жоқ!

Галия ГИЗАТУЛЛИНА,

Қызылорда облыстық татар этномәдени бірлестігінің төрайымы.

Қызылорда облысы.

Соңғы жаңалықтар