• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2010

ХАЛҚЫ БІРДІҢ – ДАҢҚЫ БІР

688 рет
көрсетілді

Осы ұғымның астарында терең мағына тұрғандай. Өйткені, көпэт­носты еліміздің ортақ Отаны – Қазақстанның бүгінгі атақ-даңқы, биігі баршаның мерейі екені дау­сыз. Қоғамдағы ішкі саяси тұрақ­тылықтың іргетасына негіз болған этносаралық татулық пен келісім әлеуметтік саладағы табыс пен экономиканың өсуіне оң ықпал етіп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты, байыпты бағыты нәтижесінде елімізде тұрақтылық сақталып, болашаққа нық қадам жасалып келеді. Осы іргелі істерге бұдан 15 жыл бұрын жұмысын бастаған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзіндік үлесін қосқаны даусыз. Жер жәннаты Жетісуда бірлік пен ынтымақтың берік орнығуы­мен халықтың жағдайы күн санап жақсарып келеді. Жүзден астам этнос өкілдері мекендеген өңірде ұлыс өкілдерінің салт-дәстүрі, тілі мен мәдениетін өркендетуге мей­лін­ше мүмкіндіктер жасалған. Об­лыстық Қазақстан халқы Ассамб­лея­сы бүгіндері 71 этномәдени бір­лестіктің жұмысын үйлестіріп отыр. Бұл еліміздегі жақсы көрсеткіш десек, бірлестіктер Талдықорған төріндегі жаңа Достық үйіне қоныстанғаннан бергі кезеңде этностық топтардың шын мәніндегі орталығына айналып, оларды елге сыйлы, көзқарасы қалыптасқан азаматтар басқару үстінде. Алматы облыстық Қазақстан хал­қы Ассамблеясы өз жұмысын ҚХА-ның өткен жылы болған XV сессиясында Елбасы қойған мақ­сат-міндеттермен ұштастыра жүр­гі­зіп отыр. Ортақ шаңырақта аз уақыт­та 12 конференция, 17 “дөң­гелек үстел”, 11 форум өткізіліп, оларға 30 мыңнан астам адам қам­тылды. Жұртты ұйыстыратын мұн­дай шараларға қаржы қажеттігі де белгілі. Соңғы бес жылда орта­лық­ты қаржыландыру еселеп артты. Мәселен, 2005 жылы облыстық Ассамблеяға 5,5 млн. теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 55 млн. теңгеге жетіп отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қа­зақ­­стан халқына арнаған “Жаңа он­жылдық – жаңа экономикалық өр­леу – Қазақстанның жаңа мүм­кін­діктері” атты Жолдауына орай өткен мерзімде жекелеген этнос өкіл­дері тығыз орналасқан аймақ­тарда ақ­параттық-насихаттық топ­тар құры­лып, түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл жұмысқа облыстық Ассамблея атынан сай­ланған депу­тат­тардың қосып жат­қан үлесі қо­мақты. Сонымен бірге, өткен жылы облыстық ішкі саясат департа­менті­мен бірлесіп, қоғам­дық пікірді зерт­теу мақсатында 4 әлеуметтік сауалдама жүргізілді. Оған 8 мың­­нан аса респондент қа­тыс­ты. Нәти­жесінде халықтың басым бөлігі еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалға оң көзқарастарын білдірсе, облыс тұрғындары кез кел­­ген мәселе бойынша адамдар­дың ұлтына емес, олардың адами қа­сиеттеріне көңіл бөлетінін айтқан. Алматы облыстық Қазақстан хал­қы Ассамблеясы, этномәдени бірлестіктер облыстық, респуб­ли­калық, халықаралық жобаға қаты­суға талпынуда. Мысалы, “Видер­гебурт” неміс этномәдени бірлестігі әлемдік экологиялық қормен бір­лесіп, өлкеміздің экологиялық таза­лығы үшін жұмыс жүргізді, яғни Балқаштың ішкі өңіріндегі 200 гек­тар жерге азайып бара жатқан сексеуіл ағашын отырғызды. Ал, Текелі аймағында табиғаттың био­ло­гиялық әртүрлілігін сақтау үшін күрескен бірлестік туризм мен альпи­низмді дамытуға да назар аударып келеді. Жастардың “Бір­лік” қауымдастығы “Алматы облы­сындағы экономикалық және қар­жы жүйесін тұрақтандыру жұмы­сын түсіндіру” тақырыбы бойын­ша, ал корей этномәдени бірлестігі “Этносаралық және конфессия­ара­лық түсіністікті қалыптастыруды ұйымдастыру” тақырыбы бойынша мемлекеттік тапсырыстардың жеңім­пазы болды. Олар осы бағыт­та тұрғындармен көптеген жұмыс­тарды бірлесе атқарып келеді. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұлттық салт-дәс­түрі­міз бен тілімізге деген берік көзқарасты әрдайым басты мәселе ретінде қарастырып келеді. Халқы­мыз “Тіл – буынсыз, ой түпсіз” деген ғой. Сол түпсіз ойды қорыт­сақ, ана тіліміздің келешегіне өзіміз қамқор болып, ауқымын кеңейтсек, нұр үстіне нұр. Мемлекеттік тілді меңгеру мәселесіне Қазақстан хал­қы Ассамблеясының қосар үлесі де айтарлықтай. Осы орайда қазақ тілін үйрену орталықтарының жүйе­сін кеңейтіп, әр ауданда, жо­ғары оқу орындарында орталықтар ашудың маңыздылығына мән берілуде. Елбасы мемлекеттік тілді меңгеру Үкіметтің қолдауына ғана байла­нысты емес, жалпы қоғам өкілдері­нің белсенділігіне, этно­мәде­ни бірлестіктердің бастама­шыл­дығына да байланысты деген болатын. Бұл жерде облыстық орыс этномәдени бірлестігі жұмысын ерекше атап өтуге болады. Бүгінде 9 мемлекеттік тілді меңгеру орта­лығы құрылса, 3-еуі Александр Бузыкиннің қаржылай көмегінің арқасында Көксу ауданын­да жұмыс істеп жатыр. Конфессияаралық түсіністікті қалып­тастыруда Қазақстан мұсыл­ман­дарының діни басқармасы мен орыс православие шіркеуінің және еліміздегі өзге де діни орталық­тар­дың алатын орны ерекше. Жұмыс барысында бұл мәселеге де барын­ша көңіл бөлініп, рухани сенім арқылы жетісулықтардың түсініс­тік­те, татулықта тірлік жасауына назар аударылуда. Облыстық Ас­самблея жанынан құрылған ақ­сақал­дар алқасы да ортақ іске өзін­дік үлесін қосып келеді. Бұл жерде Светлана Зунунованың басшылы­ғымен жұ­мыс істейтін “Ұлағат” ақ­сақал­дар ал­қа­сының қызметін атап айтуға болады. Әсіресе, Алтын Бүр­кеев­а, Азиза Надырова, Деонезия Беляв­ская, Мұратхан Егінбаев, Борис Ли, Лидия Лю сияқты аға буын өкілдері өзгелерге үлгі көр­сету­де. Облыстық Ассамблея ұрпақ сабақтастығын қалыптастырып, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті биліктің бірлесе жұмыс жасауына үлес қосуы тиіс деп ойлаймыз. Өт­кен жылы “Ауы­лым – алтын бесі­гім” атты облыс­тық форум өткізі­ліп, ауыл әкімдері, учаскелік инс­пек­торлар, қоғамдық бірлестік­тер­дің бас­шылары ортақ келі­сімге келе отырып, ынтымақ пен бірлікті қалып­тастыру бағытын­да атқарған шараларын ортаға сал­ған еді. Форум қорытындысы бо­йын­ша Іле ауданының КазЦик ауыл­дық округі жеңімпаз деп таны­лып, бас бәйгеге ие болды. Осы фо­рум аясында елімізге белгілі сая­сат­танушылар Е.Алияров, Н.Ерім­бетов, С.Бор­басов­тың қаты­суы­мен “Қа­зақ­стан халқы Ас­самблея­сының аймақ­тық этномәде­ни бірлестік­тер­мен өзара әрекетінің тиімділігін кө­теру” тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Әрине, облыстық Қазақстан хал­қы Ассамблеясының жұмыс­тарын толық айтып шығу мүмкін емес. Мәжілістер мен форумдар, фестивальдар өлкеміздегі татулық пен бірліктің қалыптасуына өз үлесін қосқаны анық. Бастысы – хал­қымыз татулық, келісім ахуа­­лын­да өмір сүріп, мемлекетіміздің ертеңіне деген сенімдерінің берік­тігімен ерекшеленуде. Облыстық Ассамблея халық бір­лігін, этносаралық келісімді сақ­тау, өсіп келе жатқан ұрпақ бойын­да қазақстандық патриотизм идея­ларын қалыптастыру үшін қызмет етіп, ежелгі қазақ жерінде қоныс тепкен барлық этностардың мүдде­сін көздейді. Сондай-ақ мемлекет құрау­шы ұлт – қазақтардың ерлік­ке толы өткені мен бүгіні төңіре­гінде ой қорытып, әрдайым еліміз­дің іргесі тыныш, шаңырағы биік болуы жолында тер төгіп келеді. Ғабит ТҰРСЫНБАЙ, Алматы облыстық Қазақ­стан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі. Алматы облысы.