Кеше Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Индустрияландыру күні» өтті. Онда елімізде жүзеге асырылып жатқан Индустрияландыру бағдарламасының орындалу барысы қорытындыланып, Елбасының «Алтын сапа», «Парыз», «Өндірістегі үздік инновация-2013», «Үздік индустриялық жоба» атты арнайы сыйлықтары табыс етілді.
Кеше Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Индустрияландыру күні» өтті. Онда елімізде жүзеге асырылып жатқан Индустрияландыру бағдарламасының орындалу барысы қорытындыланып, Елбасының «Алтын сапа», «Парыз», «Өндірістегі үздік инновация-2013», «Үздік индустриялық жоба» атты арнайы сыйлықтары табыс етілді.
Телекөпір тағылымы
Салтанатты шара барысында жалпы ұлттық телекөпір ұйымдастырылды. Телекөпір арқылы Елбасы Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған бірнеше өндірістік жобаларды іске қосты.
Ағымдағы жыл Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының төрт жылын тауысып, алғашқы бесжылдыққа аяқ басқан шақ. Онымен қоса бұл Елбасының мемлекет алдына маңызды міндет қойған «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындау кезеңіне кіріскен жыл. Яғни, осы жылдан бері Қазақстан әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына кіру мақсатындағы күрделі жолдың алғашқы жылын артқа тастағалы отыр. Иә, үздік отыздыққа ену үшін еліміздің индустрияландыру картасы аса маңызды рөл атқарары анық. Себебі, бізді биікке беттетіп, асуды бағындыруға апарар күш осы өндірістік жетістіктер болса керек-ті.
Бірден отыздық туралы ойға алуымыз да бекерден емес, оған біздің бүгінгі өндірістік әлеуетіміз, қолға алған бірегей жобаларымыз батылдық бергені рас. Мәселен, атап айтар болсақ, индустрияландыру картасының негізінде бүгінге дейін 600-ден астам жоба пайдалануға беріліпті. Оның 125 жобасы ағымдағы жылы іске қосылған. Барлық кәсіпорындардан Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының қатысушылары 2,5 трлн. теңгеге өнім шығарған. Сондай-ақ, 60 кәсіпорын 126 млрд. теңгеге өнім экспорттаған. Индустрияландыру картасының нысандарында 50 мың адам тұрақты жұмысқа тұрған. Бұл бағдарлама тек өнеркәсіп орындарын ашумен шектелмейді. Сонымен қоса еліміздің логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында мыңдаған шақырымға созылған теміржол мен тас жолдардың құрылысы да осы бастаманың жемісі. Бұдан бөлек елді мекендерді табиғи газбен қамту және коммуникациялық қызмет сапасын арттыру жұмыстары бойынша да оң нәтижелер бар. Ал кешегі телекөпір барысында Елбасының рұқсат беруімен іске қосылған 10 жоба, кеңейіп-жаңғыртылған 4 жоба да осы бағдарламаның жарқын жетістіктері.
Сонымен, «Индустрияландыру күнінде» Астанадағы Тәуелсіздік сарайына бүкіл билік басындағылар, Үкімет мүшелері, депутаттар мен бизнесмендер «төрт көзі түгел» жиналды. Бәрінің назары алдарындағы алып экран, еліміздің түкпір-түкпірімен лезде тікелей байланыстыратын – телекөпірде. Тізгінді ұстаған қос жүргізуші кезегімен өңірлерді байланысқа шақырды. Бірінші болып Маңғыстаудан Ақтау теңіз портындағы құрғақ жүк тасымалдау компаниясы тікелей эфирге шықты. Ақтау теңіз портындағы құрғақ жүк тасымалдау кемесінің капитаны Михаил Ялбачев Президент Н.Назарбаевқа кеменің жай-жапсарын баяндады. Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында «Қазақстан темір жолы» компаниясы аталған компанияны құрып, Қазақстанның туы астында жұмыс істейтін, әрқайсысының сыйымдылығы 5 мың тоннаны құрайтын 2 кеме сатып алғанын жеткізген капитан М.Ялбачев Елбасынан кемелерге атау беруді сұрады.
«Бұл – еліміздің өміріндегі өте маңызды оқиға. Алғаш рет темір жол, автомобиль жолдары арқылы Батыс Қытайды Қазақстан арқылы Каспий теңізімен Еуропаға жалғайтын мемлекетке айналып отырмыз. Сондықтан да құрғақ жүк тасымалдау мәселесі біз үшін маңызды болатын. Қазір біз суға қазақстандық кемелерді түсірдік. Мен барлық теңізшілерді және маңғыстаулықтарды осы зор оқиғамен құттықтаймын. Жалпы, ат беру қарапайым іс емес. Оның зор жауапкершілігі бар», деген Президент кемелердің бірін –Түркістан, ал екіншісін – Бекет ата деп атады.
Телекөпір арқылы Елбасы назарына ұсынылған келесі жоба – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының «Шымкент-Түркістан» учаскесінің ашылуы болды. Оны Оңтүстік Қазақстан облысынан тікелей байланысқа шыққан Көлік және коммуникация вице-министрі Мереке Пішембаев таныстырды. М.Пішембаев Президенттің тапсырмасымен салынып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің биыл 806 шақырымы аяқталғанын хабарлады. Бүгінде құрылыс жұмыстары 5 облыста жүргізілуде екен. Бұл жұмысқа 35 мың адам тартылған. Жаңа жол бойында заманауи қызмет көрсету орындары ашылып жатыр.
Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша оңтүстікқазақстандықтарды осы айтулы шарамен құттықтай келе, «Жол құтты болсын! Жаңа ғана Каспийге түсірілген 2 кемеге ат бердік. Біреуінің аты – Түркістан, Қожа Ахмет Ясауи – біздің рухани қазынамыз. Екіншісінің аты – Бекет ата. Солардың аруағы бізді қолдап жүрсін дегім келеді. Рұқсат», деді.
Бұдан әрі телекөпір арқылы Елбасының рұқсатын алған жоба – «Global Ecological Group Almaty» ЖШС (GEGA) өндірістік-логистикалық орталығы. Кәсіпорын директоры Николай Каширин орталықтың заманауи талаптарға сай зор мүмкіндіктерін баяндады. Оның айтуынша, орталық халықаралық А стандартына сай салынған. Азық-түлік сақтаудың қажетті барлық температурасын қамтамасыз ете алатын арнайы орталық сапалы әрі қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтуға мүмкіндік бермек.
Бұдан әрі телекөпір байланысы арқылы Түркістанға газ қосылды. Айта кетейік, таяуда ғана қосылған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры арқылы еліміздің оңтүстігіне отандық газ келе бастағаны белгілі. Соның нәтижесінде енді, міне, 200 мыңнан астам халқы, 40 мың тұрғын үйі бар Түркістан қаласы экологиялық отынға қол жеткізіп отыр. Қалаға газ беруге рұқсат еткен Мемлекет басшысы қала тұрғындарын құттықтай келе, «Шымкент-Түркістан арқылы автокөлік дәлізі салынды. Темір жол бар. Енді газ келді. Жақсылап жұмыс істеңіздер, табысты болыңыздар. Елімізге қызмет етіп, өз жағдайларыңызды, елдің жағдайын ойлаңыздар», деді.
Жалпыұлттық телекөпір аясында бұдан әрі Президент Алматы облысындағы Қапшағай күн электр стансасын іске қосты. Тікелей эфир арқылы жобаны таныстырған «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Алмасадам Сәтқалиев Қапшағай күн электр стансасының қуаты 2 МВт құрайтынын, ол 600 үйді электр қуатымен қамтамасыз етуге жететінін хабарлады.
Елбасы жобаны зор қуанышпен қосатынын жеткізе отырып, «Бұл – еліміздің «жасыл экономикаға» көшуіндегі алғашқы қарлығаштардың бірі. Бұл жоба ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында да маңызды. Күннен қуат алатын электр энергиясы ел игілігіне жұмыс істейтін болсын. Іске сәт!» деді.
Айта кетсек, жалпы индустрияландыру бағдарламасы аясында бұл бағытта іске асырылып жатқан жемісті жұмыстар аз емес. Мәселен, 2013 жылдың 11 айында елдегі 68 электр стансасы 83 млрд. кВсағ қуат өндіріпті. Төрт жылда өндіру көлемі 10 млрд.-тан астамға өскен. Индустрияландыру бағдарламасына электр энергетикасы саласында 14 жоба қосылған. Бүгінде оның 8-і аяқталды. Сол сияқты, сарқылмас қуат көздері нысандарда 650 млн. кВ сағат электр энергиясы өндірілген. Бұл бағытта осы жылы 12 нысан іске қосылды. Онымен қоса Қордайда жел электр паркі салынуда. Елімізде осындай жел парктерін салатын арнайы бағдарлама жүзеге асырылуда.
Президент телекөпір арқылы Алматы облысы Панфилов ауданындағы Жаркент крахмал-сірне зауытын да іске қосты. Аталмыш зауытта жүгері терең өңделіп, қантты толық айырбастайтын өнімдер шығарыла бастайды. Бұдан бөлек, зауытпен қоса жүгеріге қатысты терең өңдеудің кластері қалыптаспақ. Сөйтіп, индустрияландыру картасы аясындағы нысан шеттен импортталатын өнімдерді отандық өніммен алмастыратын болады. Зауыт азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан да маңызды болмақ.
«Панфилов ауданы өзінің жүгері сұрыптары арқылы ұдайы мақтанышқа ие еді. Алайда, бұл дәрежеден соңғы уақытта айырылып қалған болатынбыз. Оны қайтадан қалпына келтіруге тиіспіз. Осы тұрғыдан алғанда жүгеріні терең өңдеуге кіріскендеріңіз қуантады», деді Елбасы Н.Назарбаев.
Индустрияландыру бағдарламасы аясында қарқын алған саланың бірі – құрылыс. Қазіргі таңда Қазақстан өзіне қажетті цемент, арматура, құрылыстық бояуларды түгел өзінде шығарады. Осы мақсаттарды көздеген Жамбыл облысындағы «Құрылыс-Полимер» ЖШС бүгінге инновациялық бағыттағы құрылыс материалдарын шығарумен айналысады. Кеше телекөпір арқылы Елбасына осы кәсіпорынның өнімдері таныстырылды.
«Біздің зауыт посткеңестік кеңістік елдері үшін теңдессіз өнім шығарады. Ол жол, ғимарат пен өзге де құрылыстарда пайдаланылады. Біздің тауарларды қолдану нысанның өзіндік құнын 10-12 пайызға дейін азайтады. Шын мәнінде біз қымбат құрылыс материалдарын полимерлерге алмастырамыз. Біздің өнімдеріміз «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының құрылысында қолданылып жатыр», деді «Құрылыс-Полимер» ЖШС директоры Марк Векслер.
Мемлекет басшысы құрал-жабдықтары ТМД елдері бойынша бірегей болып табылатын нысанның іске қосылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.
«Индустрияландыру күні» аясында іске қосылған тағы бір кәсіпорын – Қарағанды облысындағы темір-бетон өндіру өндірісі.
«ККК Бетон» ЖШС мәліметіне қарағанда, аталған өндірісті жүзеге асыруда әлемдік үздік тәжірибе зерделенген. Зауытта тұрғын үй, өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы құрылысына қажетті өнімдер шығарылады. Осы орайда зауыт өнімдері құрылыс мерзімі мен шығыстарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік бермек.
Өндіріс орнын ашуға рұқсат берген Елбасы өз сөзінде бұл өте маңызды кәсіпорын екенін тілге тиек етіп, оның еліміздің құрылыс саласына айтарлықтай пайдасы тиетінін атап өтті. Қазіргі кезде халық үшін «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Барша Қазақстанда бүгінде құрылыс крандары құрылып, құрылыс жұмыстары жүруде. Сондықтан да біз неміс технологиясына негізделген осы комбинаттарды Германиядан алдық. Бұл комбинаттардың құрылысы баспана құнын 15-30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде осы өнімдер жеңіл, энергия үнемдегіш технологияға негізделген», деді Елбасы.
«Индустрияландыру күні» аясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай қаласындағы сұрыпты прокат (болат илеу) зауытын іске қосты. Қостанай қаласында 2,5 жыл ішінде жаңадан ең заманауи және қуатты металл сұрыптау зауыты салынған. Бұл кәсіпорын құрылыс арматурасын өндіреді. Өндіріс көлемі – жылына 450 мың тонна. Зауытта 250-ден астам адам жұмыс істейді, ал орташа жалақы мөлшері 160 мың теңге. Жобаның іске асырылуына Қазақстан даму банкі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қолдау көрсеткен.
«Қостанайда мұндай металлургиялық кәсіпорын пайда болғанына қуаныштымын. 450 мың тонна сұрыпты прокат Кеңес Одағы өлшемі бойынша да ірі кәсіпорын болып саналады. Бұл қажетті өнім. Біз Қазақстанға үлкен көлемде құрылыс металын, арматураларды және басқа өнімдерді тасымалдаймыз. Сондықтан да мұндай зауыттың іске қосылуы айрықша қуантады», деді Мемлекет басшысы.
Телекөпір барысында, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Химфарм» АҚ-тың жаңа өндірістік қуаты жария болды. Себебі, бұл индустрияландыру бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Бұл кәсіпорын дәрі-дәрмек шығаратын және фармацевтикалық өнімнің ішкі өндірісін 50 пайыз қамтамасыз етіп отырған аймақтағы жалғыз зауыт. Жобаны жүзеге асыру төрт кезеңге бөлінген. Құны 15 млрд. теңгеден асады. Оның өндірістік қуаты артуының арқасында 500 адамды жұмыспен қамтымақ. Елбасы бұл өндіріс орнын Қазақстан үшін өте маңызды деп атады. Қазіргі күні дәрі-дәрмектің көпшілігін сырттан әкеліп отырғанымызды еске салған Президент бұл зауыттың өсіп-өркендеуіне мемлекет үлкен көңіл бөліп отырғанын айтты.
Телекөпір арқылы эфирге шыққан тағы бір кәсіпорын – Павлодар облысындағы күйдірілген анод шығару зауыты. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 136 мың тонна. Жобаны жүзеге асыру «Қазақстан электролизді зауытындағы» алюминий дайындаудың өзіндік құнын арзандатуға және бастапқы алюминий дайындауда қазақстандық мазмұнды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны 36,1 млрд. теңгені құрап отыр, ал жаңа жұмыс орындарының саны – 470.
Іске қосылған жобалардың бірі – Маңғыстау облысындағы жол битумын өндіру зауыты. Кәсіпорынның жұмысын бастауға рұқсат бере отырып, Елбасы барша қазақстандықтарды бұл жетістікпен құттықтады. «Осы зауыттың салынуына қатысты мен бірнеше рет Қытай Халық Республикасының басшыларымен келіссөз жүргіздім. Оңай болған жоқ. Өйткені, жолға төсейтін битумды Ресейден, Башқұртстаннан сатып алып келдік. Өзімізде шикізат болды, асфальт болған жоқ. Енді мыңдаған шақырым жолдарымыз өзіміздің битуммен қамтамасыз етілетін болады. Бұл – үлкен қуаныш. Баршаларыңызды зауыттың іске қосылуымен құттықтаймын. Барлықтарыңыз жұмыс орнын алдыңыздар. Елге үлкен пайда түсетін болды», деп атап өтті.
Телекөпір барысында Президент, сондай-ақ, Өскемендегі фотоэлектр пластиналарын шығару зауытын іске қосты. Жобаның жай-жапсарын «Kazakhstan Solar Silicon» ЖШС-ның бас директоры Владимир Ли таныстырды. «Маусым айында Сіз біздің салынып жатқан зауытта болып, жыл аяғына дейін өндірісті іске қосуды тапсырған едіңіз. Бүгін қазақстандық күн панельдері өндірісінің толық циклі қалыптасқанын қуана хабарлаймын. Біз жаңа өнім шығаруға дайынбыз. Өндірісті іске қосуға рұқсат беруіңізді сұраймыз», деді ол. Президент бұл зауыттың еліміз үшін түбегейлі жаңа инновациялық кәсіпорын екенін атап өтті. «Сіздер қуаты жылына 65 мың мегаватт панельдер шығарасыздар. Бұл электр стансасының қуатына пара-пар. Мен осы қуанышпен сіздерді құттықтаймын. Бұл зауыт ЭКСПО-2017 көрмесін өткізген кезде негізгі бренд болады деген ойдамын. Мен зауыттың жұмысын, оның дамуын бақылайтын боламын», деді Мемлекет басшысы.
Машина жасау, оның ішінде автомобиль құрастыру –өндірістің ең жедел дамып отырған саласы. Бұған дейін Қазақстан автомобильдерді құрастырып келсе, енді автомобиль өндіретін жаңа кезеңге аяқ бастық. «Сарыарқа АвтоПром» – республикадағы орны ерекше, автокөлік құрастыру саласындағы аса ірі кәсіпорын. «Қазақстанда жасалған» деген брендтің тарихы нақ осы зауыттан басталады. Корея компаниясымен бірлескен кәсіпорын «Ssang Young NOMAD» деп аталатын тұңғыш қазақ автокөлігін жасап шығармақ.
Индустрия игілігі
ҮИИД бағдарламасы аясында 2013 жылғы пайдалануға берілген инвестициялық-жобалардың ашылуына арналған жалпыұлттық телекөпір өткізгеннен кейін Елбасы Тәуелсіздік сарайындағы салтанатта индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы бесжылдығының шешуші төрт жылының жұмыс қорытындысын және ҮИИД бағдарламасының екінші бесжылдығында атқарылатын міндеттерді саралап, сөз сөйледі.
Біз әр жылдың аяғында дәстүрге айналған өндірісті жаңғырту күнін атап өтіп келеміз, деп бастады өз сөзін Мемлекет басшысы. Соңғы жылдары индустриялық инновациялық жобалар біздің ең негізгі бағытымыз болып келеді. Елімізді дамытудың үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасының бірінші бесжылдығын аяқтап келеміз. Өткен төрт жылда 500-ден астам жаңа кәсіпорын іске қосылды, 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде бұрын елімізде мүлде болмаған өндірістің, тауарлардың жаңа түрлерін іске қосып келеміз. Бұл біздің әлемнің ең дамыған 30 елінің құрамына кіреміз деген мақсатымызды орындаудағы маңызды табысымыз болып саналады. Енді біз озық технологиялар бойынша дамып, озған елдермен бәсекеге түсеміз. Біздің шығаратын өнімдеріміз мейлінше сапалы, сұранысқа сай болса ғана әлемдік бәсекеге төтеп бере аламыз. Енді өндірісті дамытудың 2020 жылға дейінгі екінші бесжылдығын жүзеге асыратын боламыз.
Біз алғашқы бесжылдықтың төрт жылын қорытындылап, мәре межесіне шықтық, деп жалғастырды сөзін Елбасы. Индустрияландырудың заңнамалық негізі қаланып, тұрақты түрде жетілдіріліп келеді. Елімізде жаңа өндіріс орындары, мыңдаған жұмыс орындары ашылуда. Өздеріңіз көріп отырғандай, олардың көпшілігі біздің елімізде бұрын болып көрмеген кәсіпорындар. «Бизнестің жол картасы-2020», «Өндіруші-2020», «Экспортқа шығарушы-2020» және басқа бағдарламалар іс жүзіне асырылуда. Жалпы алғанда, индустрияландыру картасы бойынша 900 нақты индустриялық жоба іс жүзіне асырылуда. Өздеріңіз көріп отырғандай, темір жол саласында үлкен жұмыстар атқарылды. Қазақстанға «Алстом», «Дженерал электрик», «Тальго» сияқты әлемдік ірі корпорациялар келді. Дүние жүзіне аты әйгілі бұл алыптардың біздің елімізге келуінің маңызы зор. Өйткені, бұл трансұлттық компаниялардың келуінің нәтижесінде біз олардың бай тәжірибесін игереміз, озық технологиясын аламыз және бүгінгі заманның озық кәсіпорындарында өзіміздің кадрларымызды шыңдаймыз.
Одан әрі Елбасы біздің елімізде тепловоздардың жолаушы және жүк вагондарының қалай жасалып жатқанына, автомобиль өндірісінің дамуына тоқталып өтті. Мұндай серпінді жобалар бұрын-соңды Қазақстанда жүзеге асырылып көрген жоқ. Бұл біздің бәрімізді қуантады. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз, барлық қазақстандықтардың жеңісі, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев. Іс жүзіне асырылған бұл шаралардың барлығы еліміздің бәсекеге қабілеттігін арттырып, қазақстандықтарды лайықты жұмыспен қамтамасыз етіп, олардың тұрмыс-жағдайын жақсартады.
Жүзеге асырылған осы жобалардың нәтижесінде 2013 жылдың қорытындысы бойынша, экономиканың өсімі 6 пайыз болады деп күтілуде, деді Мемлекет басшысы. Әлемнің барлық мемлекеттері бастан өткеріп отырған қазіргі әлемдік дағдарыс жағдайында бұл жақсы көрсеткіш. Инфляция 5 пайызды құраса, жұмыссыздық 5,2 пайыздан аспайды. Бұл да сөзсіз өте жақсы көрсеткіш. Жалпы алғанда, елімізде индустрияландыру үдерісі өте жақсы бастау алды. Қазір 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған индустрияландырудың екінші бесжылдығы жобасымен жұмыс жүріп жатыр. Бірінші бесжылдықтың тәжірибесін ескере отырып, біздің бұдан кейінгі қадамымыз нақты сараланған және дәл есептелген болуы тиіс, деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев екінші бесжылдықтағы міндеттерді айқындау кезеңінде барлық жобаның сапасына, тиімділігіне және өзара байланыстылығына ден қойған жөн екендігіне назар аударды. Қазақстан Президенті атап өткендей, Үкімет инвестиция тартудың нақты жоспарын жасап, іске асыру үшін ұсынылған әрбір жобаны тыңғылықты елеп-екшеуі тиіс.
Елімізді индустрияландыру бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың негізгі үрдістеріне тоқталамын, деді одан әрі Мемлекет басшысы. Біріншіден бізге не істеу керектігі жөніндегі басымдықты нақты айқындап алу керек. Бұл ретте барлық бағыттардағы жұмысқа күш-жігерімізді шығындамай, бірнеше саланы дамытуға шоғырлануымыз керек. Алғашқы кезекте еліміздің экономикасының бәсекелестікке қабілеттігін қамтамасыз етуіміз керек. Біз үшін мұндай салаларға мұнай-газ, тау-кен, тамақ өнеркәсіптері, құрылыс материалдарын шығару өндірісі және агроөнеркәсіптік кешендерін жатқызуға болады. Осы салалардың айналасында қосалқы кәсіпорындар желісі құрылуы тиіс. Солардың көмегімен шикізатты дайын өнімге дейін жеткізу қажет. Мәселен, бүгін бізде табиғи мұнай-газ қоры бар. Біз оны терең өңдеу дәрежесіне дейін жеткізуіміз керек. Ол үшін қазір бізде Атырау облысында әлеуетті мұнай-химия комбинаттары салынуда. Яғни, тек шикі мұнай ғана өндірмей, оны дайын өнімге дейін, полимерлерге дейін жеткізуіміз керек. Газ саласында да терең қайта өңдеу өндірісі болу керек. Міне, осы кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес кәсіпорындарын құру керек.
Кеше мен Қазақстанда жоғары сапалы алтын өндірісі бойынша бірінші аффинаж зауытының ашылуына қатыстым. Енді тек алтын ғана өндіріп қоймай, одан әрі алтын бұйымдарын шығаруға дейін жету керек. Міне, біздің басты міндетіміз, деді Мемлекет басшысы. Агроөнеркәсіп саласында да өнімдер бар, оны әлемдік дәрежедегі тамақ өнеркәсібі өнімдерінің дәрежесіне жеткізуіміз керек. Олар осындағы көрмеде біршама көрсетілген. Алайда, бұл әлі жеткіліксіз. Осы кәсіпорындардың айналасында қызмет көрсету саласын дамыту үшін бұл бизнеске зор мүмкіндіктер береді. Мен барлық ірі компаниялардың басшыларын осы мәселені дамытуға тағы да шақырамын. Бұл ірі кәсіпорындарға қажетті қандай да қызмет көрсету саласын шағын кәсіпкерлікке беріп, көптеген адамдардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасауы керек. Біз тәжірибе мен білім және жаңа технологиялар алу арқылы отандық инновацияны өзіміз құра аламыз.
Мемлекет басшысы дәстүрлі салалардағы өсімнің жоғары қарқынын сақтап қана қоймай, олардың өнімді өңдеуге мамандануын қамтамасыз ету қажеттілігіне де баса назар аударды. Осы басымдық берілген секторларда нақты трансұлттық компаниялармен мақсатты жұмыс жүргізіп, олардың машина жасау кешендерін өзімізге әкелуге күш салу қажеттігін атап көрсетті. Бізге «велосипед» ойлап табудың қажеті жоқ. Әлемде барлық мүмкіндіктер қазір жасалып қойылған. Тек енді Қазақстанға осындай бизнестің келуі үшін қолайлы жағдай туғызу қажет, деп жалғастырды өз сөзін Елбасы. Біздің ауылшаруашылық еңбеккерлері «Джон дир» және басқа маркалы шетелдік комбайндарды көптеп сатып алады. Неге мұндай комбайндар шығаратын зауыттар бізде жоқ? Неге бұл компаниялар бізге келіп өз өнімдерін шығармайды? Біз олардың ең көп тұтынушысы болып саналамыз ғой. Міне, Үкімет нақ осындай ірі мәселелерді шешумен айналысуы керек.
Біз мұндай міндетті индустрияландырудың алғашқы кезеңінде қойған болатынбыз, алайда содан кейін біртіндеп бәсеңсітіп алдық, деп жалғастырды одан әрі өз сөзін Елбасы. Әрине, бұл оңай міндет емес. Осы мәселеге қайта айналып соғу керек және оны іс жүзіне асыру қажет. Егер осындай жұмыстардың нәтижесінде біз бәсекеге қабілетті отандық компанияларды немесе бірлескен кәсіпорындарды құра отырып, екі немесе үш дәстүрлі секторларымызды дамытатын болсақ, бұл біздің жұмсаған күш-жігеріміз бен шығындарымыздың ақталғаны деп білу керек.
Индустриялық саясат әлемдік өзгерістерге, үнемі дамитын технологияларға тұрақты түрде дайын болуы керек. Қазір жұмыс істеп тұрған кейбір салалар ертең маңыздылығын, бәсекеге қабілеттігін жоғалтуы мүмкін. Міне, осындай кезеңде өзгеруге бейім болу керек. Мұндай жағдайға, әсіресе, шағын және орта бизнес дайын болуы керек. Біз өзіміз жиі мысалға келтіретін Кореяның көптеген өнеркәсіптік секторлары біздікіне ұқсас болған. Алайда, олар кейбір салалардағы өндірістің әлемдік рынокта сұранысқа ие болмайтын тауар шығаруын тоқтатып, рынокта сұранысқа ие басқа өнімдерді өндіруге көшкен. Бұл мәселені шағын және орта бизнес өте сезінуі қажет. Олар рынок конъюнктурасына байланысты жедел өзгеріп отыру керек.
Біздің экономикамыздың дәстүрлі салаларында олардың өнімді қайта өңдеуге мамандануын қамтамасыз етуіміз қажет. Иә, бүгінде рынок конъюнктурасында тау-металлургия саласы шикізат бағасына байланысты қиындықтарға тап болып отыр. Мұндай жағдайдың тұрақты түрде болуы мүмкін емес. Әлем экономикасы біздің өнімдерімізді пайдаланатын болады, олардың металға және біз шығаратын жартылай фабрикаттарға деген сұранысы артады. Сол уақытқа дайын тұру керек. Біздің бұл дәстүрлі секторларымыздың кәсіпорындарының айналасында үйлесімді өндіріс дамуы керек. Геологиялық барлау жұмыстары дамытылып, инженерлік-сервистік қызметтің өрістеуі қажет.
ШОБ-ты аяқтан шалмайық
Енді шағын және орта бизнеске кеңінен тоқталғым келеді. Бұл «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі мәселесі, деді одан әрі Мемлекет басшысы. Дамыған елдердің экономикасында шағын және орта бизнес (ШОБ) жалпыұлттық өнім көлемінің жартысын және одан да көбін өндіреді. Мәселен, Германияның шағын және орта бизнес саласында еңбекке қабілетті тұрғындардың 60 пайызы жұмыс істейді. Бұл сектор осы мемлекеттің ұлттық табысының 50 пайызын береді. Ұлыбританиядағы ересек тұрғындардың 48 пайызы шағын және орта бизнес саласында еңбек етсе, Жапония тұрғындарының 70 пайызы ШОБ саласында жұмыс істейді. Канадада ІЖӨ-нің 46 пайызын ШОБ өндірсе, Италияда бұл көрсеткіш 70 пайызға тең. АҚШ-та бұл көрсеткіш 97 пайызды құрайды. Ал біздің еліміздің ІЖӨ-сіндегі шағын және орта бизнестің үлесі 25 пайызды құрайды. Бұл біз үшін жаман көрсеткіш емес. Алайда, біз болашақта әлемдегі ең дамыған 30 елдің құрамына кіруді мақсат етіп отырмыз ғой. Жоғарыда мен мысалға келтірген мемлекеттер осы отыздықтың құрамына кіреді. Ендеше, біз де осы жетістікке ұмтылуымыз керек.
Кез келген мемлекеттің тарихындағы озық корпорациялардың, табысты бизнесмендердің, тіпті, бүгінгі замандағы экономиканың кез келген көшбасшысының шежіресіне зер салып қарайықшы. Олар неден бастаған екен? Олардың барлығы да кішігірім нәрседен, шағын кәсіпорыннан бастаған. Міне, осы кішігірім бастаудан әлемдік алып корпорациялар өсіп шықты. Мен Қазақстан да осы жолдан жүріп өтуге тиіс деп есептеймін, деп жалғастырды сөзін одан әрі Елбасы.
Мемлекет басшысы жастардың шағын және орта бизнеске белсенділікпен қатысуы керектігін айтты. Біздің елімізде бизнес жүргізу үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Қазір Қазақстанда 800 мың ШОБ субъектілері жұмыс істейді. Бұл секторда еліміздің 2,4 миллионға жуық тұрғындары жұмыс істейді. Соңғы бес жыл ішінде ШОБ өндіретін тауарлар 1,6 есе өсті немесе 2008 жылғы 4,9 миллиард теңгеден 2012 жылы 8,3 миллиард теңгеге дейін артты. Жаһандық рейтинг бойынша, біздің еліміз бизнес жүргізуге ең қолайлы жағдай туғызған елдердің қатарына кіреді. Бүкіләлемдік банктің бағасы бойынша Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша өзінің былтырғы көрсеткішін 7 позицияға жақсартып, 7-орынды иеленді. Кәсіпорындарды тіркеу дәрежесі бойынша біздің еліміз 55-орыннан бірден 65-орынға жылжыған. Несие беру категориясы бойынша біз өз жағдайымызды 14 пунктке жақсарттық. Біз бұл бағытта мақсатты түрде жұмыс жүргізіп келеміз, деп атап көрсетті Елбасы.
Шағын және орта бизнес – лайықты жұмыс орны. Осы ретте шағын кәсіпорында 5 адам жұмыс істей ме немесе 10, 50, 100 адам жұмыс істей ме, бәрібір. Бұл бизнестің бәрі біз үшін маңызды. Өйткені, ол – отбасылары үшін тұрақты түрдегі табыс көзі, қоғамның гүлденуінің негізі. ШОБ – жекеменшікке деген ықтиятты көзқарас. Бұл – адал және табанды жұмыстың нәтижесі. Мұндай шағын бизнес субъектілері біздің жалпыға бірдей еңбекке негізделген қоғамымыздың тірегі. Турасын айтсам, шағын және орта бизнес субъектілерін дамытуда еліміз үшін үлкен жетістіктерді көрмеу – соқырлық және түсінбеушілік. Шағын және орта бизнес иелерінің қалтасына қол сұққан шенеунік жемқор ғана емес, ол ел болашағының ең қауіпті жауы, деді Мемлекет басшысы.
Тексерушілер де тексерілсін
Мұнан кейін Елбасы біздің елімізде ең ары кеткенде екі ұрпақтың өкілдері ғана бизнеспен шұғылданып жатқандығын еске салып өтті. Яғни, біз бұл жөнінен әлі жас елміз. Біздің қоғамымызда жекеменшік дәстүрі әлі толық қалыптасып, бел алып кете қойған жоқ. Ал оның заңдық негіздері болса, даму үстінде келеді. Сондықтан біздің елімізде бүгінгі күнге дейін Кеңес Одағынан бері қалыптасқан ескі сипаттағы заңдардың бұтақтары толық қырқылып бола қойған жоқ.
Сондықтан да Қазақстанда бизнеспен шұғылданушылардың өзі де әрі-сәрілік жағдайы басым. Мұның бір себебі, бизнестің мамандық ретінде толық қалыптаспағандығы. Кәсіпкерлердің өздері кеше бір шаруамен айналысса, бүгін екінші бір іске әуестенеді. Ал ертең басқа бір салаға көшіп кетуі де ғажап емес. Сөйтіп, әр істің басын бір шалып жүре береді.
Демек, бизнес үшін бүгін тек осы іске кірісті деген мәлімгерлік сөз жеткіліксіз болып табылады. Бізге терең стратегиялық жоспар құрып үйрену керек. Бизнестің өзіне міне, осы арқылы келуіміз керек.
Осы ретте Елбасы қазіргі бизнестің бойындағы басқа қиыншылықтарды айтпағанда бүгінгі күні іс жүргізу мақсатында жер алудың өзі оңайға түспей келе жатқандығын, ол үшін адамдар жүздеген мекемелерді сағалап, босқа әурешілікке түсетіндігін сынға алды. Бұл, әрине, билік орындары туындатып отырған кемшіліктер. Барлық министрліктер бизнесті тексеру ісімен айналысқысы келеді. Тіпті, басқаны былай қойғанның өзінде, Парламент қасынан құрылған Есеп палатасының өзінде осындай пиғыл бар. Ал оның міндеті тексеру жүргізу емес, аудит жүргізу арқылы кәсіпкерлік саласына көмек көрсету болып табылады.
Осы ретте Елбасы жалған арыздарды туындататын домалақ хаттар қабылданбайды десек те, тексерушілердің бірсыпырасы оны қолдан ұйымдастыратындығын, сөйтіп, тексеру үшін негіздер табуға тырысатындығын қаперге салып өтті. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, өзінің Қазақстанда тексерумен шұғылданатын кейбір ұйымдарды тарату жөнінде шешім қабылдайтындығын жеткізді. Елбасының бұл сөзі көпшіліктің көңілінен шыққан болуы керек, залдағылар қызу қол шапалақтап жіберді.
Егер біз бизнесті өркендету ісін заңды түрде дұрыстап бекітпесек, қазақстандықтардың оған деген құрмет сезімін оятуға қозғау сала алмасақ, онда біз алысқа бара алмаймыз. Мен осы ретте біздің жас қазақстандықтардың үлкендердің жаман тәжірибелерін қалайша қабылдап үлгергендіктеріне таңданысымды жасырмаймын. Кеңестік заманда бізді егер көршіңде артық сиыр пайда болса, оны хат жазып, мұны міндетті түрде тексеру керек дейтін. Ал енді америкалықтардың тәжірибесіне назар аударсақ, байып кеткен азаматқа оның досы келіп маған миллиондарды қалай тапқандығыңды үйретші деп қолқалайды. Қазір Америка қай деңгейде, біз қай деңгейдеміз? Міне, мәселенің мәнісін осыған қарап-ақ аңғара беріңіздер, деді Елбасы.
Мұнан кейін Мемлекет басшысы біздің нарықтық қатынастарды құрып жатқан ел екенімізді тағы бір еске сала кетті. Сондықтан да бізде бизнес ерекше мәнге ие болып отыр. Бизнесмен, яғни іскер адам істі ұйымдастырып, адамдарға жұмыс табады, жалақы төлейді. Дамудың негізі міне, осында тұр.
Мен біздің заңдарға кешіктірмей дереу ревизия жүргізу керек деп есептеймін. Елімізде бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған нормаларды анықтауымыз керек. Бұл істе кәсіпкерлердің ұлттық палатасы жетекші рөл атқаруға тиіс. Егер қазіргі Үкімет өзінің барлық министрлерімен бірге мен айтып отырған нақ осы мәселелермен шұғылданатын болса, онда бүкіл Қазақстан бойынша шағын және орта бизнес күрт даму сипатына ие болады. Сонда біз Премьер-Министрімізді дәріптеп, оған алғысымызды айтатынымыз анық, деді Елбасы. Сонымен қоса: «Осы істі өз қызметіңіздің өзегі етіп алыңыз. Әр жыл сайын еліміздегі бизнеспен шұғылданушылардың қатары өсе беретін болсын. Әр жыл сайын жаңа компаниялар ашылып жатсын», деді Үкімет басшысы Серік Ахметовке қарата.
Мемлекет басшысы сөз болып отырған іске қатысты екінші мәселе ретінде алдымыздағы екінші бесжылдықтың жоспарын жасаған кезде оны «Бизнестің жол картасымен» сәйкестендіру қажеттігін атап көрсетті. Нақты бизнес көзі ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын отбасылық дәстүрге айналуы тиіс. Қазіргі ғылыми-техникалық прогресс пен экономикалық ағымдар болашақта бәрі де үйде өндірілетіндей жағдайға қарай келе жатыр. 3D принтері кәдімгі қолға ұстайтын қасықтан бастап, етікке дейін барлық қажетті тауарларды өндіріп бере алатындай дәрежеге ие. Сөйтіп, қазіргі конвейерлік өндірістер бірте-бірте шетке ығыса бастайды. Заманның қазіргі алға жылжып келе жатқан бағыты бойынша айтқанда бір кездері токарь, слесарь секілді мамандықтардың өзі қайда қалатындығы белгісіз. Тіпті, интернеттің өзі де өзгеретін болады. Бірақ тіршіліктің негізгі көзі ретінде шағын бизнес бұрынғысынша өз мәнінде қала береді. Ол инновациялық кәсіпорындардың айналасында құрылып, дамитын болады.
Қазір біз осыған ұмтылып отырмыз. Осы жағдайды қалыптастыру – Үкіметтің, «Атамекен одағы» ұлттық палатасының, барлық деңгейдегі әкімдердің міндеті», деді Мемлекет басшысы.
Бүгінгі күні Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуға деген қамқорлық күшті. Ауылға шағын несиелер берілуде. Бизнес үшін берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемелерінің бір бөлігін мемлекет мойнына алуда. Қазіргі күні көмектің мұндай түрлерін көрсетіп отырған басқа мемлекеттерді табудың өзі қиынға соғады. Осы ретте Елбасы біздің елімізге кәсіпкерлер үшін, іскерлер үшін қамқорлықтың бар екендігін, бірақ ұйымдастыру жұмыстарының нашар жүргізіліп жатқандығын айтып өтті.
Мен осы ретте ауылдан бастап қалаға дейін шұғылдануға болатын жеңіл бизнестің жүз түрін көрсетіп беретін арнаулы ақпараттық кеңес беру құралын әзірлеу жөнінде тапсырма берген едім.
Ол дайын болып, бизнеске көмек көрсету мақсатында құрылған порталға орналастырылды. Міне, осы ақпараттық кеңес беру оқулығы іспеттес құралды әр күн сайын ел ішіне таратып, қолжетімді ету мәселесін ойластырыңыздар. Бұл бізге әрбір адамның өз отбасын асырау жөнінде тиімді кеңес алуына көмектесетін болады, деді Елбасы.
Елбасы үшінші мәселе ретінде шенеуніктердің бизнесті заңсыз тексерулеріне қатысты заң шараларын күшейту қажеттігін атап көрсетті. Әзірге прокуратура өзінің бұл міндетімен жеткілікті шұғылданып отырған жоқ. Биылғы жылдың тоғыз айында ғана елімізде 140 мың тексеру жүргізілген екен. Олардың жартысынан астамы жоспарсыз тексерулер болып шықты. Шенеуніктер мұндай тексерулерге көбінесе белгісіз адамдардың арыз-шағымдарын негіз етіп алған.
Мемлекет басшысы елімізде тендерлер мен конкурстардың қалай жүргізілетіндігіне осы жолғы сөзінде де нақты мысалдар келтіріп өтті. Мемлекет ерекше мән беріп отырған әлеуметтік нысандар, соның ішінде мектептер мен ауруханалар құрылысы басталады да, аяқсыз қалып жатады. Өйткені, олар негізсіз тоқтатылады. Неге десеңіз, комиссия осылай шешті деседі. Мұны одан әрі сот өз өндірісіне алады да, ал оны жүргізу 2-3 айға, тіпті, 6 айға созылып кетеді. Осы уақыттардың барлығында маңызды нысандағы құрылыс жұмыстары тоқтап тұрады. Сонан кейін биылғы жылы 50 миллиард теңге тағы да игерілмей қалды дейміз. Неліктен бізде құрылыс жұмысына қатысты істермен сот айналысады? Себебі, бізде заңда осылай жазылған. Бірақ біз бұл кедергіні әлі күнге дейін жоя алмай келеміз. «Мұндай жағдайда қалай дамуға болады?!» деп сұрады Елбасы залдағылардан. Және осы жерде тағы да домалақ арыздар, иесіз шағымдар қаралмайтындығын тағы да бір қатаң түрде еске салып өтті. Заңсыз тексеруге келген тексерушіні бүкіл ел көлемінде жария етіп, жарыққа алып шығуымыз керек. Қаржы полициясы, сіздер неге бизнеске сұғынасыздар? Сіздердің міндеттеріңіз мемлекет қаржысына қол салған ұрыны анықтау. Өйткені, сыбайлас жемқорлық бізде мемлекеттік қызметкерге қатысты құбылыс. Соларды ұстаңыздар да, тексеріңіздер. Ал экономикалық мәселемен салық қызметі айналысатын болсын. Сыбайлас жемқорлықпен қаржы полициясы, прокуратура органдары шұғылдансын, деді Елбасы.
Осы ретте «Қазатомпром» компаниясына қатысты көптеген тексерулердің жүргізілгені мысал ретінде келтірілді. Тексерушілер компанияның дұрыс жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеген. Ал компания болса, уран сатудан бүкіл әлемде бірінші орынға шығып отыр. Оның үстіне күн батареяларының модульдерін жасау ісімен шұғылдануда. Шамасы, қайсыбіреулерге бұл жетістіктер ұнамайтын болса керек.
Бәлкім, бізге Президент Әкімшілігінің қасынан Үкіметпен бірге заңдарға ревизия жүргізетін арнаулы комиссия құру керек болар. Біз адамдарға бизнесті бастау мен жүргізу жеңіл тиетіндей қолайлы жағдай жасауымыз керек. Тіпті, олар аяқтарынан тұрып кеткенше 3-5 жылға дейін салықтан да босата тұрғанымыз жөн болар, деп ойын сабақтаған Елбасы мемлекеттік органдарға қарата: «Бизнестің дамуына мүмкіндік беріңіздер. Бұл бағытта біздің Үкіметіміз жұмысты нашар жүргізуде. Бүтіндей алғанда осы мәселеде мемлекет те жағдай туғыза алмай келеді. Осыған байланысты мен құқық қорғау органдарына, Бас прокуратураға бизнеске жасалатын тексерулерді жалған жолмен негіздеуге ұмтылушылық құбылыстарын сыбайлас жемқорлықпен теңестіретіндей заң нормаларын әзірлеуді тапсырамын. Заңдағы бұл өзгерісті Парламент те жедел қарағаны жөн», деп атап көрсетті.
Сөйтіп, кәсіпкерліктің дамуына кедергілерді жеделдет