ТЕМІРТАУ МЕРЕКЕ АЛДЫНДА
Бұл күнде металлургтер қаласы өз өміріндегі үлкен оқиға алдындағы дайындық құшағында. 3 шілдеде №1 домна пешінде тұңғыш шойын қорытылғанына 50 жыл толады. Қазіргі металлургия комбинатының алғашқы іргетасы соғыс жылдарында қаланғанымен алыпқа лайық тыныс бірден біте қоймаған еді. 1957 жылдың аяғында құрылысы шындап қолға алынған аталған домна пешінің үш жылдан соң жұмысқа кірісуге дайын болып, шойын қорытуға әбден жарамдылығы дәлелденген сәтінен Қазақстан Магниткасы атана бастады. Содан атақ-даңқы алысқа жаңғырып, Шығыстағы металлургиялық алыпқа айналды. Елбасы еңбек жолы осында басталды. Бүгінде көпке танымал біраз азаматтарға шыңдалу мектебі болды.
Осынау елеулі оқиға Теміртауға қала мәртебесі берілгеніне 65 жыл толуымен орайлас келуі де мереке мәнін арттыра түсіп отыр. Сондықтан оны лайықты қарсы алып, ұмытылмастай атап өтуге байланысты іс-шаралар шаһар тұрғындарының бүгіндегі мерейлі қарекеті.
Әлбетте, әуелі бейнесінің одан сайын әдеміленуіне көңіл бөлінген. Бізге қала әкімдігінен хабарланғандай, дайындық жұмыстары сәулеттік маңызы бар ғимараттарды сәндендіру, көшелер мен аулаларды ажарландыру, жолдарды жаңарту қызу жүргізіліп жатыр. Металлургтердің мәдениет сарайы, “Жастар” жүзу бассейні жөнделу үстінде. Шойын қорытушыларға, болат балқытушыларға қойылған ескерткіш қайтадан жарқырап тұратын болады.
Мерекеге тарту ретінде ұсынылар жаңа нысандар да баршылық. Жергілікті мұсылман қауым сол күні жаңа мешіт есігін ашады. Жас жұбайларды неке сарайы қарсы алады. 200 бүлдіршін балабақшада бас қосады.
Халықаралық инвестициялық форумға қатысушыларды биыл Теміртаумен арнайы таныстыру облыста осымен үшінші рет өтпек бұл алқалы кеңестің негізгі бағдарламасы. Металлургия мен құрылыс индустриясының жетекші буындары шоғырланған өндірістік орталықта шетелдік инвесторларды қызықтырарлық жағдайлар аз емес. Сондай-ақ “Кен-металлургия және көмір өндіру саласын дамыту” көрмесі танысушыларға тартымды болары талассыз.
Сонымен кезінде Нұра даласын дүбірге бөлеген болашақ өндіріс алыбы жарты ғасырлық белесте. Алғаш шойын қорытылған №1 домна пеші 50 жылдан кейін осындай істің мерекелік рәсіміне қатысатындарды күтуде.
Айқын НЕСІПБАЙ.
ТЕМІРТАУ.