Жақында шахматтан әлемнің 12 дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Анатолий Карпов қостанайлық шахматшылардың қонағы болды. Әйгілі шахматшы мұнда бұрын да келген болатын, 2004 жылы қала орталығындағы шахмат клубында болып, спортшылармен, қала жұртшылығымен кездескен еді.
Жақында шахматтан әлемнің 12 дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Анатолий Карпов қостанайлық шахматшылардың қонағы болды. Әйгілі шахматшы мұнда бұрын да келген болатын, 2004 жылы қала орталығындағы шахмат клубында болып, спортшылармен, қала жұртшылығымен кездескен еді.
Анатолий Евгеньевич бұл жолы да бұрынғы өзі көрген қалалық шахмат клубына келді, спортшылармен, қостанайлық шахматшылармен жүздесті, облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовпен, қала әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесті. Қостанай қаласының әкімі атақты шахматшыға клуб қабырғасына қайтадан қолтаңбасын қалдыруын өтінді. Осыдан кейін Нұралы Сәдуақасов Карповпен блиц ойнады. Әрине, ойын гроссмейстердің жеңісімен аяқталды. Анатолий Карпов облыс және қала әкімдеріне өзінің «Карпов шахматтары» деп аталатын фирмалық шахматын сыйлады.
Мұнан кейін қостанайлық шахматшылар Карповты ойынға шақырды. Гроссмейстер бір мезгілде 15 тақтада ойнады. Атақты шахматшымен шаршы тақтада кездескен қарсыластарының он екісі 10-15 жастағы балалар, үшеуі ересектер – Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Калиновский, «Садовод» шаруа қожалығының жетекшісі Виктор Симаненко және Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Валерий Полешко болды. Қостанайлықтардың гроссмейстермен тақта тартысы екі жарым сағатқа ұласты. Бір жарым сағаттан кейін Карпов ойынды шахматтан он бес жасқа дейінгі қыз балалар арасында әлем чемпионы, мектеп оқушылары арасында еліміздің бірнеше мәрте чемпионы Диана Асаубаевамен тең аяқтады.
– 23-ші жүрісте Анатолий Евгеньевич маған тең ойынды ұсынды, егер келіспегенімде жеңілер едім. Онымен қарсыласу қиын, –дейді Диана. Жас та болса еліміздің намысын қорғап жүрген Диана осы кездесуден кейін Біріккен Араб Әмірліктеріне шахматтан кезекті әлем чемпионатына қатысуға ұшып кетті. Гроссмейстердің тағы бір ойыны осы кездесудегі ең қарт шахматшы Иван Калиновскиймен тең аяқталды. Қалған 13 партияда Карпов жеңіске жетті. Ойын қорытындысы 14:1 есебімен атақты шахматшының пайдасына шешілді.
Өзінің жанкүйерлері мен шахмат әуесқойларын, спортшыларды жақсы әсерге бөлеген кездесуден соң, жарты сағат бойы қостанайлықтарға қолтаңба берді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.