Енді бұл әрекеттен қазақстандық әскерилер де сырт қалмайды
Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы болып, күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің офицерлерін БҰҰ-ның миссияларына қатысу үшін бақылаушылар ретінде жіберу туралы ұсынысы қаралды.
Енді бұл әрекеттен қазақстандық әскерилер де сырт қалмайды
Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы болып, күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің офицерлерін БҰҰ-ның миссияларына қатысу үшін бақылаушылар ретінде жіберу туралы ұсынысы қаралды.
Отырысқа қос палата депутаттарынан өзге Конституциялық Кеңестің және Орталық сайлау комиссиясының төрағалары, Үкімет мүшелері, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент аппараттарының жауапты қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Конституцияға сәйкес Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін еліміздің Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылданады.
Осыған орай Мемлекет басшысының жоғарыда аталған ұсынысын депутаттарға Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жеткізді. Президенттің ұсынысында соңғы жылдары әлемдік қоғамдастықтың дүниежүзінің түрлі өңірлеріндегі қарулы жанжалдарды бейбіт реттеуге жәрдемдесуге бағытталған бітімгершілік операциялары деңгейіндегі күш-жігері елеулі арта түскендігі айтылған.
Статистикада 1992 жылдан бері әлемде мемлекетаралық жанжалдар саны 40 пайызға қысқарған, деп көрсетіліпті Елбасының ұсыныс хатында. Бұл көп жағдайда БҰҰ бітімгершілік операцияларын жүргізумен байланысты. Бейбітшілікті сақтау халықаралық ұжымдық міндет болып табылғандықтан, БҰҰ Жарғысына сәйкес, ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін әскери контингенттер бөлуге келіскен. Бұл ретте, өзінің әскери контингенттерін бөлетін елдер әскерилерді даярлау процесіне белсенді түрде енгізілетін қазіргі жағдайдағы іс-қимылдар жүргізудің практикалық тәжірибесін жинақтайды.
Бұдан басқа, ұсыныс мәтінінде БҰҰ бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі халықаралық міндеттерді орындауға іс жүзінде қосқан үлесі әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланып, елдің сыртқы саясатындағы мүдделерін ілгерілетуде, сондай-ақ, әскери-техникалық салада және кадрлар даярлауда салмақты себеп ретінде қызмет ететіні атап өтілген. БҰҰ бітімгершілік миссияларына қазақстандық әскери қызметшілерімізді жіберу БҰҰ-ның бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі БҰҰ Бас органы – Қауіпсіздік Кеңесіне және БҰҰ Бас Ассамблеясы 71-сессиясына төрағалығына сайлануда Қазақстанның кандидатурасын ілгерілетуге ықпал ететін болады. Сөз реті келгенде министр: «Бұл Қазақстан Қарулы Күштері дамуындағы маңызды қадам – біздің офицерлеріміз бітімгершілік операцияларына қатысу бойынша құнды тәжірибе жинақтап, халықаралық ортада жұмыс істеуге машықтанады», дегенді айтты.
Сондай-ақ, осы бағыттағы қызметтің маңыздылығы мемлекеттің әлемдік қоғамдастықтағы беделін нығайтудың өзекті болуымен айқындалады. Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік қызметінің рөлі айтарлықтай: БҰҰ мәліметтері бойынша, соңғы 20 жыл ішінде әлемдегі мемлекетаралық қақтығыстар саны іс жүзінде жартылай кеміген, бұл айтарлықтай дәрежеде бітімгершілік операцияларының жүргізілуіне байланысты. ТМД елдерін қоса алғанда, көптеген мемлекеттер бітімгершілік қызметіне белсенді түрде қатысуда. Еліміздің де бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларға қатысу тәжірибесі бар. Ол – Ирактағы миссия. БҰҰ бітімгершілік операциясы болмаса да ол Қауіпсіздік Кеңесінің санкциясымен жүзеге асырылғаны белгілі.
Ұсынысқа сәйкес, бақылаушылар ретінде 5 әскери қызметшіден Гаити, Батыс Сахара, Кот,д Ивуар және Либериядағы БҰҰ миссияларына жіберу көзделген. Бұл миссиялар сыртқы саяси мақсаттарға сүйеніп, сондай-ақ, қауіпсіздік саласындағы ахуалды ескере отырып таңдалған. Министрдің сендіруінше, бақылаушылар қақтығыстарға қатыспайды, бейтараптық ұстанымын сақтап, ешбір тарапты жақтамайды. Олар миссияға қарусыз жіберіледі, өйткені, олардың негізгі міндеті ахуалды талдап, БҰҰ-ға баяндау болып табылады.
Отырыста министрге сұрақтар қойылар алдында мәжіліс депутаттары Ж.Жарасов пен Н.Әбдіров және сенаторлар А.Савченко мен Б.Шелпеков Президент ұсынысын қолдайтындықтарын айтып, әріптестерін де осыған шақырды. Жалпы, министрдің жауабынан белгілі болғандай, Қазақстан болашақта бітімгершілік миссиясын атқаруға бір ротадан тұратын әскери контингент жіберуі мүмкін. Алайда, бұл мәселе жан-жақты келісілетін болады. Қазіргі таңда бітімгершілік миссиясына 120 мемлекет тартылса, өз әскери контингенттерін жібергендер қатарында Литва, Латвия, Моңғолия, Малайзия сияқты шағын елдердің де барлығы атап өтілді.
Осылайша депутаттар Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің офицерлерін БҰҰ-ның миссияларына қатысу үшін бақылаушылар ретінде жіберу туралы ұсынысын бірауыздан қолдады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».