• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Ақпан, 2021

Мәулен Әшімбаев: Гуманитарлық білім берудің компоненті – жүйелі ойлауды қалыптастыру

725 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының кезекті отырысын да гуманитар мамандарды даярлау жөнінде өзінің Facebook парақшасында пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz

«Қазіргі заманауи әлемде жаратылыстану және нақты ғылымдардың басымдығы айқын көрінеді. Бұл технологиялардың дамуымен және экономикалық дамуға тікелей әсер ететін ғылыми әзірлемелерге сұраныспен байланысты. Ал гуманитарлық ғылымдар – философия, тарих, лингвистика, әлеуметтану, психология және басқалары бірқатар себептермен кейінге ысырылды. Бұл әсіресе дамушы елдерге тән. Бірақ түптеп келгенде, гуманитарлық ғылымдар адамдардың дүниетанымын қалыптастырады, болмыс пен өтіп жатқан процестерге ауқымды және дұрыс көзқарас береді. Платон мен Аристотель заманынан бері бүкіл әлемдік ғылыми ой барлық ғылымдардың негізі болған философиядан басталды», деп жазды Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев қазіргі заманғы адамға 21 ғасырда қажет болатын ілім мен дағдыларды гуманитарлық білім үйрете алатынын баса айтты.

«Біріншіден, әңгіме аудитория алдында сөйлеу, идеяларын жеткізу және көзқарасын қорғай алу жөнінде болмақ. Ашық ақпараттық қоғам және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру жағдайында дұрыс пікірсайыс дағдысы күннен-күнге маңызды бола түсуде. Ойды жазбаша түрде тұжырымдай алу, жүйелі және түсінікті мәтіндерді дайындау да аса маңызды. Мемлекеттік аппаратта, басқа ұйымдар тәрізді ақпараттың негізгі көлемі жазбаша түрде келіп түседі және соның негізінде маңызды шешімдер қабылданады. Сондықтан мәтіндердің сапасына көп нәрсе байланысты», дейді М.Әшімбаев.

Гуманитарлық білім берудің тағы бір негізгі компоненті – жүйелі ойлауды қалыптастыру. Университеттер деңгейінде жастарды стереотиптерден, догмалардан және үстірт толғамнан арылту, ақпаратты дұрыс талдауға және түсіндіруге үйрету маңызды. Одан бөлек, қоғам алдында тұрған міндеттер үнемі күрделеніп жатқанда топ ішінде жұмыс істей білу керек.

«Басқа адамдармен өзара әрекет етіп, тиімді байланыс орнату – қазіргі әлемдегі маңызды қасиеттердің бірі екені анық. Мұндай дағдылар мен қабілеттерді қалыптастыру білім беру жүйеміздің, атап айтқанда, оның гуманитарлық бағытының маңызды бөлігі болуы тиіс. Гуманитарлық ғылымдар қоғамдық және әлеуметтік процестердің мәнін көруге, тұтас дүниетаным мен дұрыс қабылдауды қалыптастыруға үйретуі керек. Сондықтан гуманитарлық ғылымдарды қолдау мен дамыту, оларға жастардың қызығушылығын ояту маңызды деп санаймын. Жоғары оқу орындарында тиісті пәндерді оқытудың сапасын арттыру қажет. Мұнда әлі де көптеген мәселелер бар. Бірақ қазіргі әлемнің көптеген күрделі сұрақтарына гуманитарлық ғылымдар жауап бере алатынына сенімдімін», деді Мәулен Әшімбаев.