Елордада өткен жылдың 8 қазанында басталған жылу маусымы әлі жалғасуда. Аяқталу мерзімі алдағы ауа температурасы режіміне байланысты жақын үш күнде белгілі болады. Жылу 3 тәулік ішінде астаналықтардың үйінде орташа тәуліктік температура Цельсий бойынша 10 градус жылылықты көрсетіп тұратын жағдайда тоқтатылады. Бұл туралы Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен өткен коммуналдық қызметтердің күзгі-қысқы кезеңдегі жұмыстарын қорытындылауға арналған кеңесте мәлім болды.
Елбасы Н.Назарбаев 2 сәуірде өткен Астана қаласының Сәулет кеңесі мәжілісінде биылғы қыста орын алған ұзақ уақыт бойғы өте төменгі температураға қарамастан, астаналықтардың үйінде үздіксіз жылу мен электр энергиясының берілуін қамтамасыз еткен Астана қалалық энергия тарату мекемелері жұмысын ерекше атап көрсеткен болатын. Осыған орай Президент елорданың энергетикалық кешен мекемелерінің айрықша еңбек еткен қызметкерлерінің еңбегін бағалау туралы тапсырма берген-ді. Осы тапсырмаға сәйкес Астана қаласы әкімі И.Тасмағамбетов 5 ВАЗ-2107 автомәшинесінің кілттерін “Астана-Энергия” АҚ бас директорының орынбасары, ЖЭО-1 жұмысына басшылық ететін Юрий Утюжниковке, “Қалалық электр желілері” АҚ жөндеу және кабельді желілерді монтаждау электромонтері Серік Таутеков пен ЭБЖ қызметінің аға шебері Владимир Виниченкоға, “Астана-Теплотранзит” АҚ жөндеу және тұтынушылар есебі қызметінің бастығы Рауза Кәкеноваға, “Астанастройэнерго” ЖШС жөндеу жұмыстарына дайындық бөлімінің бастығы Рыскелді Бүркітбаевқа табыс етті. Сонымен қатар, “Астана-Энергия” АҚ-тың тағы 6 қызметкері – Людмила Никитина, Байболсын Рысбаев, Олег Зотов, Александр Драпиковский, Сергей Слакаеев және Олег Гармонщиков жаңа пәтерлерге ие болды. Өткен жылы жылу маусымына дайындық және оны өткізу мақсатында қалалық штаб құрылып, оны Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов басқарған болатын.
Бүгінгі таңда қаланың барлық коммуналдық қызметтері мен энергетикалық кешен мекемелері келесі жылғы жылу маусымына дайындық аясында жөндеу жүргізу бағдарламасын бекітіп, іске асыруды бастап та кетті.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.