Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев БЖЗҚ 408,2 млрд теңге сомаға біржолғы зейнетақы төлемдері аударылғанын, 12 ақпандағы жағдай бойынша 1 855,9 млрд теңге сомасына 115 608 өтінім қабылданғанын хабарлаған болатын. Ал тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында салымшылардан 142 951 өтініш келіп түскен.
Республика бойынша 760 мыңнан астам салымшының шекті мөлшерден асқан сомасы − 2,5 трлн теңге. Ал салымшылар салымына қосылған инвестициялық кіріс соңғы жиырма жылда 43%-дан асқан. Қарапайым тілмен жеткізсек, салымшының жинағы орта есеппен 2 млн 600 мың болса, бұл соманың үстіне инвестициялық кіріс қосылып, 4 млн 850 мың теңгені құраған.
Сарапшы Олжас Құдайбергенов БЖЗҚ құрылғанға дейін инвестициялық кіріс инфляция деңгейінен төмен болғанын айтады. Содан кейінгі мерзімде инвестициялық табыс инфляцияға қарағанда әрдайым жоғары болды. Арада 20 жыл өткенде инвестициялық кіріс үлкен өсім беріп, 43%-ға жеткен. Зейнетақы қорының деректеріне сүйенсек, инвестициялық кірістің мөлшері әртүрлі және оның мөлшері көптеген факторға, соның ішінде инвестициялардың ағымдағы нарықтық құны мен валюта бағамдарына байланысты. Демек, соңғы жиырма жылдағы кіріс деңгейі қазіргі мүмкіндігімізге сай келіп тұр.
Ұлттық банктің Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры А.Адамбаеваның айтуынша, зейнетақы активтерін қаржы құралдарына инвестициялау Инвестиция декларациясы шеңберінде белгіленген талаптар мен шектеулерге сәйкес жүзеге асырылады.
Осыған дейін сарапшылар инвестициялық саясаттың ауысуы қазақстандықтардың жинақ қаржысына кері әсер еткенін, теңгеде өссе де, долларда мүлде өсім көрсетпегенін айтып келді. Содан бері БЖЗҚ салымдарының инвестициялық табысын қандай факторларға қарап бағалауға болатыны жөніндегі мәселе реформа басталғалы өзектілігін жойған емес. Осыған байланысты Ұлттық банк өкілі ішкі экономикадағы ақша құнының негізгі өлшемі – айырбас бағамы емес, елдегі инфляция деңгейі екенін айтты. Демек, зейнетақы активтерін инвестициялаудың басты мақсаты – ұзақ мерзімге инфляция деңгейінен жоғары кіріс алу, яғни зейнетақы активтері салымшыларға инвестициялық табыс әкеле отырып, Қазақстан экономикасына да пайда түсіреді. Сонымен қатар қазіргі уақытта зейнетақы активтерінің шамамен 30%-ы шетел валютасында сақталғанын да ескерген жөн. Осылайша инвестициялық саясаттың нәтижесінде халықтың зейнетақы жинағындағы таза инвестициялық табысы тұрақты өсіп жатыр. А.Адамбаеваның айтуынша, 2020 жылы есептелген инвестициялық табыстың мөлшері 1,3 трлн теңге болған. Бұл табыс мөлшері зейнетақы жарналарының сомасынан асып түсіп, оның көлемі – 1,1 трлн теңгеге көбейген. «2020 жылдың қорытындысы бойынша, инфляция 7,5% болған кезде БЗЖҚ салымшыларының зейнетақы активтерінің кірісі 10,9% болды. Сөйтіп БЗЖҚ салымшыларының зейнетақы жинақтарына 3,4% көлемінде нақты кіріс кірді», дейді ол.
2020 жылы салымшылардың 7%-ның зейнетақы қорындағы жинағы жеткілікті мөлшерден асқан. Алайда сарапшылар кейбір жұмыс орындарындағы қосарланған бухгалтерия БЖЗҚ-ның инвестициялық тартымдылығына кері әсер еткенін айтады. Экономист О.Құдайбергенов көлеңкелі экономикаға жұмыс істейтін қосарланған бухгалтерия зейнетақы қорының кірісіне ауыр соққы болғанын алға тартты. «Қосарланған бухгалтерия тек көлеңкелі экономикаға жұмыс істейтінін әрбір қазақстандық түсінуі тиіс. Оған жол беруге болмайды. Экономика саласын цифрландыру тереңдеген сайын ондағы кем-кетіктер де айқындала түседі. Сондықтан цифрландыруды енгізе отырып, көлеңкелі экономикамен күресті күшейту керек», дейді О.Құдайбергенов.
Сонымен бүгінде жалпы халықтың 4 пайызға жуығы зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін пайдалана алады. Мұндай ереже енгізіле салуы мұң екен, жұртшылық жаппай зейнетақы қорындағы ақшасын алуға ұмтылды және басым көпшілігі артылған қаржысына үй алуға, оның алғашқы жарнасын төлеуге кірісті. Бұл өз кезегінде баспана бағасына да әсер етті. Пәтер бағасы қаңтар айында 2,7 пайызға, ал 2020 жылы 10,1 пайызға өскен. Бірақ кейбір сарапшылар бұл – уақытша құбылыс, алдағы жарты жылдықта баға қалыпқа түсетінін айтса, енді бірі тұрғын үйдің бағасы қымбаттай береді дейді. Бірақ бізді алаңдатып отырғаны басқа мәселе. Айтпағымыз, салымшылардың бір бөлігі зейнетақы қорындағы ақшаны алып қойса, оған салынатын инвестициялық табыс та күрт азаяды. Бір сөзбен айтқанда, зейнетақы жинағындағы ақшаның азайғаны оған қосылатын кірістің де төмендейтінін білдіреді. Сарапшылар зейнетақы қорындағы 2,5 трлн теңгенің кетуі 93% салымшының активіне кері әсер етеді деген пікірде. Себебі салымшыларға бөлінетін 2,5 трлн теңге − БЖЗҚ-да жинақталған активтің бестен бір бөлігі. Демек, салымшылардың алуға құқы бар трлн-даған теңгенің орнын қалай толтырамыз деген мәселе кімді болса да толғандыратыны анық. Сарапшылардың да бұған жауабы дайын: «Қор бірінші кезекте активтерді сата бастайды. Ал активтер қоржыны үнемі сын тезінде жүретін мәселе. Себебі ішкі нарықта аса таныла қоймаған кәсіпорындардың акциясы, екінші деңгейлі банктердің облигацияларын сатып алу отандық экономиканы қолдау мақсатында жүргізілгені белгілі. Бірақ БЖЗҚ активтері отандық экономиканың дамуына қалай әсер етті деген тақырыпты Үкіметтің экономикалық блогы тарапынан жан-жақты зерделеу керек».
Сарапшы А.Чеботаревтың пікірінше, БЖЗҚ-ның инвестициялық декларациясын өзгерту және қор активтеріне заманауи көзқарас қажет. Бұл процестерді жүзеге асыруға көп уақыт керек емес. Себебі екінші деңгейлі банктердің акциялары мен бағалы қағаздарының инвестициялық кірісі қандай болатыны белгілі. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық кірістеріне деген өзгерістерді дәл қазірден бастауымыз керек. Себебі теңге депозитінің жоғары пайызы шетелдіктерге тартымды. Олар мұндай жоғары көрсеткіш үшін тәуекелге бара алады» , дейді А.Чеботарев.
Сарапшы Қазақстанда тұрғын үй нарығынан өзге пайдалы инвестициялық кіріс көзі жоқ деген түсінік қалыптасып қалғанын айтады. Бұл қоғамның қаржылық сауатына да байланысты. Ал бағалы қағаздар нарығы салымшылардың назарынан тыс қалды. Өткен жылдың наурыз-сәуір айларында қор нарығында Твиттер, Фейсбук тәрізді атақты компаниялардың акциясы құлдырап, біресе өсіп, инвесторлар үшін қолайлы сәттер болғанын білеміз. «Сол себепті салымшылардың қорындағы қаржыны тек тұрғын үй нарығына қарай бағыттау дұрыс емес. Бұл БЖЗҚ реформасына жауапты тұлғаларды ойландыруы тиіс», дейді А.Чеботарев.
БЖЗҚ реформасы басталғалы бері салымшылардың арнайы шоттарына келіп түскен ақшаны әртүрлі салаға салу мәселесі жиі көтеріліп жатыр. «Бұл ақшаны неге білім саласына пайдаланбасқа? Ата-ана баласының оқуын неге төлемеске немесе баласына арнап депозит ашып, сонда сақтауға пайдалануға болады ғой? Сондықтан бұл мақсатты та тізімге қосу керек. Инвестицияны ең бірінші білімге құю керек», дейді сарапшы Мақсат Халық.
Astana Motors басшысы Нұрлан Смағұлов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне зейнетақы қорындағы ақшаны автокөлік сатып алуға пайдалану туралы ұсыныспен шыққанын, бастама Ұлттық экономика министрлігінің қарауына жіберілгенін айтты. «БЖЗҚ-ның ақшасы тек пәтер сатып алуға ғана емес, отандық автокөлікті сатып алуға да жұмсалғаны жөн. Машина жасаушылар мен автоөндірушілер де бұл идеяға ынталы», дейді Н.Смағұлов.
Зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін пайдалану − бір реттік науқан емес. БЖЗҚ-дағы салымның инвестициялық кірісі қазір шамамен жылына 4,5 %-бен өсіп отыр. Ең бастысы, бұл реформада салымшы өзін инвестор ретінде толық сезінді. Мұның нәтижесі қандай болатыны уақыт еншісінде.
АЛМАТЫ