• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Наурыз, 2021

Заңдылық – әділетті ел болудың алғышарты

722 рет
көрсетілді

Құқықтық мемлекет құрудың қарапайым қағидасы – заң үстемдігін берік ұстану. Әділетті ел болудың алғышарты да осы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңесте дәл осы мәселені көтерді. Келелі басқосуда сот реформасы, бірыңғай сот практикасын қалыптастыру, қоғамның сотқа сенімін нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Осыған орай, біз Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановқа кеңесте көтерілген өзекті тақырыптарға қатысты сұрақтарымызды қойған едік.

– Жақып Қажыманұлы, пандемия біраз мәселенің бетін ашып берді. Карантин кезінде құқық қорғау саласының «қасаңдығы» қатты байқалды. Сот жүйесінде бұл мәселе қаншалықты шешімін тапты?

– Рас, әлемді әбігерге салған пандемия біздің жұмысымызға да өз түзетулерін енгізді. Төтенше жағдай кемшілігімізбен қатар, мүмкіндігімізді де айшықтап берді. Карантиннің кесірінен елімізде жүздеген мың келісімшарт бұзылды, несиелер төленбей қалды, қарыздар қайтарылмады. Сан мың әуе және темір жол билеттері, туристік жолдамалар «күйіп кетті». Осындай қиын кезде мыңдаған клиент ақшаларын сот арқылы талап етсе, көптеген компания банкротқа ұшырап, құзырлы органдар, соның ішінде, ең бірінші соттар талап арыздардың астында қалар еді.

Бір ғана мысал келтірейін. Пандемия кезінде 3 миллион халыққа 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы төлеуден бас тартылды. Бұл дегеніңіз мыңдаған адамның сотқа жүгінуіне әкеп соғар еді. Сол себепті айрықша шешімдер қабылдауымызға тура келді. Жоғарғы сот Үкіметпен бірлесіп, бұл мәселелердің алдын алуға бел шеше кірісті. Қажет кезде, кеңес те бердік, бағыт-бағдар да көрсеттік. Ең бастысы, Жоғарғы сот төтенше жағдай кезінде міндеттерді орындамау форс-мажор екенін ресми түрде түсіндіріп берді. Осындай нақты істердің арқасында жаппай арыздану мен наразылықтың алдын алуға қол жеткіздік.

Пандемия істерді қашықтан қарауға соттардың неғұрлым дайын екенін көрсетті. Біз электронды сот ісін жүргізуді осыдан екі жыл бұрын заңға енгіздік. Мәселен, бұрын күніне 150 онлайн отырыс өткізіп жүрсек, қазір бұл сан 4,5 мыңға жеткен. Бүгінде процестердің 96 пайызы қашықтан жүргізіледі.

Бұл тәсіл тиімділігін көрсетті. Сот процесінің онлайн форматта өтуі тұрғындардың уақыты мен қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді.

Өткен жылы Еуропа Кеңесі Комиссиясының сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі есебі жарияланды. Комиссияның бағалауынша, біздің соттар барлығына қолжетімді, сот істері Еуропамен салыстырғанда, жылдам шешімін табуда.

Біз соттарды цифрландыру бойынша көшбасшылар қатарындамыз. Бұл артық айтқандық емес. Мұндай жоғары пікір біз үшін өте бағалы. Пандемияға қарамастан, біз іс қарауды тоқтатқан жоқпыз және сот төрелігін жаңғыртуды жалғастырып келеміз.

– Шыны керек, қазір елімізде азаматтық істерге қатысты сот процестері өте көп. Бұл мәселенің түпкі себеп-салдары қандай?

– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын бір ғана деректі келтіре кетейін. Күн сайын елімізде 800 қылмыстық, 1,5 мыңға жуық әкімшілік іс қаралады. Қайталап айтамын, бұл күн сайын жүргізілетін істер саны.

Біз құқықтық мемлекет құрып жатырмыз. Өкінішке қарай әлі де болса қарапайым халықтың құқықтық сауаты төмен. Сол үшін халыққа соттасудан бұрын ымыраға келуді айтып келеміз. Азаматтарымыздың келісімшарт жасау, оның шарттарын орындау, қарызды қайтару сияқты мәдениетін дамыту қажет. Дәл осы санаттағы істер соттарда жиі қаралады. Қазіргі таңда істердің 70 пайызы азаматтық дауларға қатысты. Жыл сайын миллиондаған адам соттасуда. Бұл дегеніңіз еліміздегі әр төртінші отбасы сотта сабылып жүр деген сөз. «Соттасу дерті» қоғамға вирус сияқты әсер етуде.

Соттардағы азаматтық істердің 30 пайызы мүлікті бөлу, бала тәрбиесіне жауапты ата-ананы анықтау және алимент өндіруге қатысты отбасылық дау-дамайдан тұрады. Ерлі-зайыптылар отау құрғанда бірден неке шартын жасаса, мұндай дауларды шешу оңайырақ болар еді. Мәселен, бұл институт көптеген дамыған елдің практикасында бар. Олардың неке шартында барлығы бүге-шігесіне дейін тиянақты жазылғандықтан, ерлі-зайыптылар ажырасқан күннің өзінде басы артық сұрақ, дау болмайды.

Қарыз алып, қайтара алмай жүргендердің де қарасы қалың. Қазіргі таңда Қазақстанда қаржылық және несиелік даулар 30 пайызды құрайды. Несие алар кезде халықтың көбі баспанасын кепілге қояды, не өздері шарттағы міндеттермен толық таныспастан біреуге кепілгер болады. Үйінен айырылып қалу қаупі төнгенде ғана шартта көрсетілген санкциялар туралы біліп жатады. Мұндай жағдайда банк өзін мейлінше сақтандырып қойған. Ортақ бизнес ашқанымен бір келісімге келе алмай, бір-бірімен соттасып жүрген серіктестер де аз емес.

– Соттағы мемлекеттік баж салығы – маңыздылығы жағынан өзекті саналатын тақырыптың бірі. Халықтың бір-бірін сотқа сүйреудің бір «сыры» осында жатқан жоқ па?

– Өте орынды мәселе қозғадыңыз. Шынын айту керек, күн сайын соттар тек азаматтық даулар бойынша 3,5 мың шешім қабылданады. Қаржылық және тұрмыстық істерден бас ала алмай отырғанымызды көрген шетелдік әріптестер бізге таңғалады. Себебі шетелде соттасу ұзаққа созылып, анағұрлым қымбатқа түсетіндіктен, азаматтарды соттаспаудың амалын іздейді. Бір жағынан, оларда мемлекеттік баж салығы мен сот шығындары қыруар қаржыны талап етеді. Сол себепті ортақ істі бастаған серіктестерге адвокат жалдап, барлық ықтимал салдарларды нақты түсініп, сапалы келісім шарт жасау арзанға түседі. Ал бізде «ұсақ-түйек» үшін де соттасу әдетке айналған. Өйткені мемлекеттік баж көлемі аз. Ол 25 жыл бұрын белгіленген, содан бері еш өзгерген жоқ. Нақтырақ айтсам, біздегі мемлекеттік баж салығы Әзербайжаннан – 6, Ресейден – 9, Тәжікстаннан – 11, Белоруссия мен Өзбекстаннан – 25, Украинадан – 27, Молдовадан – 120, ал ағылшындардан 380 есе аз.

Коммуналдық қарыздар бойынша мемлекеттік баж 20 теңге де болуы мүмкін. Мұндай істер соттарда жүз мыңнан асады. Азаматтық даулардың 84 пайызы бойынша мемлекеттік баж сомасы 5 мың теңгеге де жетпейді.

– Мұны реттеудің жолдары бар ма?

– Неге болмасын?! Ол үшін біз арнайы зерттеулер жүргізіп, бірқатар ұсыныс әзірледік. Алдымен, медиация институтын жаңғыртып, дауларды шешудің баламалы тәсілдерін дамыту қажет. Посткеңестік елдер сияқты мемлекеттік баждың төменгі шегі белгіленгені жөн. Бұл тұста халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жеңілдіктерді сақтау қарастырылады.

– Соттағы кадр мәселесі, атап айтқанда, жергілікті соттардағы білікті кадрлардың жетіспеушілігі әлі толық шешімін таппай отыр. Бұл жайында не айтасыз?

– Қазіргі таңда судьялық бос орындар 12 пайызды құрайды. Өңірлерде сот кадрларының тұрақтамауының екі себебі бар. Біріншісі – конкурстың ұзақ өтуі, екіншісі – білікті судьялардың шалғай аймақтарға барудан бас тартуы. Қазіргі уақытта еліміздегі әрбір үшінші аудандық сотта төраға жоқ. Төрағалықтың орны 9 айдан 2 жылға дейін бос тұрады. Үміткерлердің кейбірі іріктеуге қатысудан бас тартады. Себебі конкурстар ұзаққа созылады, оның үстіне ешкім шалғай ауданға барғысы келмейді. Осыған орай, аудандық сот төрағаларын тағайындау мерзімін 2 айға дейін қысқартып, алыс аудандарда кадр жетіспеушілігін шешетін нақты механизмдерді енгізу керек. Әрине, олар бұрынғыдай Жоғары Сот Кеңесінің ұсынысы бойынша Президенттің Жарлығымен тағайындалады.

Судьяларды іріктеу процесі ашық жүргізілуі керек. Мұны Мемлекет басшысы үлкен жиындарда бірнеше рет көтерді. Бұл мәселемен Жоғары Сот Кеңесі айналысуда. Ол – Жоғарғы соттан дербес жұмыс істейтін орган. Соттарды сапалы кадрлармен қамтамасыз ету – аталған ұйымның ең басты міндеті.

Біз «Қазақстанның сот төрелігі: ахуалы, үрдістері, келешегі» атты арнайы жинақ жасадық. Ол Жоғарғы соттың сайтында орналасқан. Мұнда судьяларды бағалау критерийлері, сыбайлас жемқорлық, әдепсіздік және заңды бұзу фактілері бойынша судьялардың тәртіптік жауаптылыққа тартылуы, жұмыстан босатылуы және оларға қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы мәліметтер келтірілген. Ақтау үкімдерінің саны, тергеу судьяларының санкция беру практикасы, татуласу орталықтары және т.б. аспектілер бойынша статистикалық деректер ұсынылған.

– Мемлекет басшысы сот жүйесіне жаңа технологияларды енгізу мәселесін тыңғылықты зерттеу қажеттігін айтты. Осы орайда, сіздер ұсынған IT жобалардың артықшылығы неде? Бұл қағазбастылықтан құтылудың жолы ма, әлде, жұмыс сапасына да оң әсері бар ма?

– IT-платформада азаматтардың өтініштері бойынша мемлекеттік органдардың барлық жұмысы бір арнаға тоғыстырылады. Алдымен әрбір мемлекеттік органға өтініш түскен бойда оған бірегей нөмір беріледі. Осы нөмірмен өтініш мәселе түпкілікті шешілгенше соңғы инстанцияға дейін барады. Ал егер материалдар сотқа өтсе, онда бұл іс барлық «жүріп өткен тарихымен» бірге соттың IT-жүйесіне автоматты түрде енгізіледі. Осы жүйе арқылы судья бір өтініш бойынша мемлекеттік органдардың барлық іс-әрекетін, әріптестерінің ұқсас істер бойынша шығарған шешімдерін көре алады. Бір жағынан, бұл жүйе соттың қате актілерді қабылдауына жол бермейді, екіншіден, процеске қатысушылардың барлығына қолжетімді, үшіншіден, базаға енгізілетін сот актілері негізінде нақты бір істің ықтимал нәтижесін болжау мүмкіндігі бар.

Жаңа ІТ-платформа сот жүйесіндегі жемқорлықты ауыздықтауға да септігін тигізеді деген сенім мол. Өздеріңіз де білесіздер, өңірлерде тұрғындар судьяны жақсы таниды, жеке білетіндер де жеткілікті. Қандай да бір істе біреу жеңіске жетсе, халық арасында «сотта байланысы бар» деген пікір қалыптасқан. Негізінде, бұл біржақты стереотип.

Судьяға істі төраға емес, арнайы IT-жүйе автоматты түрде бөледі. Бұл жүйе істі қарайтын судьяны кездейсоқ әдіспен анықтайды, жемқорлықтың алдын алады, әрі соттарға жүктемені теңдей бөліп береді. Енді осы сервистің мүмкіндігін кеңейтілмек. Осылайша, соттың құзыреттілігін аумақпен шектемеу қағидатын енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл бастама Президент тарапынан қолдау тапты. Бұл жердегі ойдың мәні мынада. Егер қаралып жатқан іс көп болса, онда соттың аумақтық орналасуына қарамастан оны арнайы IT-бағдарлама арқылы жүргізуге болады. Яғни талапкер мен жауапкер бір аймақта, ал соттың басқа аумақта болуына мүмкіндік бар. Әрине, тараптардың келісімі негізінде.

– Судьялар ұқсас істер бойынша әртүрлі шешімдер қабылдайды деген сыни пікірлер азаймай отыр. Осы мәселені шешу бағытында қандай шаралар қабылдануда?

– Заңға түзетулерді жиі енгізу, құқықтық нормаларда нақтылықтың болмауы, судьялардың кәсіби деңгейінің әр алуан болуы – міне, біркелкі сот практикасын қалыптастыруға кедергі келтіретін факторлар. Кей заңдардың шикілігінен судьялар да өзге заңгерлер сияқты оны түрліше түсіндіреді, біркелкі жағдайда әртүрлі шешімдер қабылдайды.

Осы тұста да біз ұсынысымызды халықаралық тәжірибеге сүйене отырып білдірдік. Дәл осы институттың арқасында дамыған елдерде даулардың көпшілігі сотқа жетпейді. Мәселен, соттарға талаптары ұқсас жүздеген шағым келіп түссе, жоғары тұрған сот бір істі ғана қабылдап, оны мән-мағынасына қарай тексереді де үлгі болатын бір шешім шығарады. Жергілікті соттар осыған ұқсас даулардың ақ-қарасын үлгідегі шешімге қарап отырып анықтайды. Бұл тәжірибені бізге де енгізуге болады. Егер даулы жағдай бір облыстың ішінде тіркелсе, онда облыстық сот үлгілі шешім қабылдайды. Ал егер мәселе ел көлемінде көтерілсе, оған қатысты шешімді Жоғарғы сот шығарады. Осылайша, облыстық немесе Жоғарғы сот бір типтегі істер бойынша ортақ тәжірибені қалыптастыра алады. Бұл бағытта біз Азаматтық процестік кодекске тиісті түзетулер енгізуді де ұсынып отырмыз.

Біз арқау етіп алып отырған әлемдегі үздік тәжірибенің бірі – сотқа дейінгі хаттама. Басқаша айтсақ, міндетті істердің тізімі жасалған «тексеру парағы» болады. Ол жерде тараптар мен олардың заңгерлері сотқа талап арыз берместен бұрын не істеу керектігі толық жазылған. Егер сотқа дейін бір тарап қарсыласынан қандай да бір жайтты жасырып қалса, судья бұл дәлелдемені қабылдамауға құқылы. Бұл тәжірибе екі тарапқа да сотта өз мүмкіндіктерін түсініп, нақты бағалауға жол ашады. Басқаша айтқанда, арызданушылардың да, соттың да уақыты мен қаржысы үнемделеді. Дауды сотсыз-ақ шешудің бір жолы – осы.

Айыптау мен қорғау арасындағы бәсекелестік – қылмыстық сот төрелігінің маңызды принципін енгізуге қол жеткізетін қадамның бірі. Бірқатар дамыған елдердегідей, біз прокурордың сотқа бүкіл қылмыстық істі емес, тек айыптау, ал адвокаттың тек қорғау актілерін беруді ұсынып отырмыз. Осы кезде ғана судья іс бойынша баға бермейді, себебі оны сотқа дейін айыптау органы жасап қойған. Қазіргі таңда судьяға баға беруден гөрі айыптаудың пікірімен келісу оңайырақ. Бұл тың тәжірибені үш буынды тергеу жүйесі бойынша енгізуге болады. Сот процесіндегі тараптар арасындағы «қағазда қалып қойған» бәсекелестікті тек осылай ғана нақты жүзеге асыра аламыз. Басқаша айтқанда, бұл шынайы бәсекеге қол жеткізудің жолы.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»