Қазақстан “Артегінің” бесінші ауысымы “Достық аралындағы кездесу” деген атпен өтті. Республикалық “Балдәурен” оқу-сауықтыру орталығының ұжымы бұл жолы су тасқынынан зардап шеккен Алматы облысындағы 150 оқушыға ыстық құшағын айқара ашты.
– “Сәлем, “Балдәурен!” деген дәстүрлі шарамен басталған ауысымның әр күні қызықты өтті, – дейді Қызылағаш ауылынан келген Мәлика Тұшпарова. Біз жас ерекшелігіне қарай үш топқа бөлініп, әртүрлі жарыстарға, мүдделер бойынша үйірмелерге, тоғыз тақырыпты қамтитын шығармашылық байқауларға қатыстық. Менің жаңа достарым Сәуле Кездекбаева, Бірлік Нұрсағым, Мәдина Ахмадиева, Жансая Төлекова, Бекжан Қожахандар өте өнерлі әрі бауырмал балалар екен.
“Балдәуреннің” базарлығы мен сый-сауғасы мол екендігін жақсы білеміз. Мұнда ешкім назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ, балалардың жүзін жадырату мақсатымен елордамыздағы “Мотив-Астана” ЖШС менеджері Мұрат Салихов сыйлықтарын арқалап келгеніне, Көкшетаудағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің өнерпаздары арнайы концерт бергеніне мың рахмет айтылды.
Ақсу аудандық білім бөлімінің бас маманы Г.Омарованы әңгімеге тартқанымызда, ол балалармен бірге келген педагог-ұйымдастырушылардың, психологтардың, медицина қызметкерлерінің де мол әсерге бөленгенін айтты. “Балдәуренде” психологиялық және спорттық-сауықтыру шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Саяхаттың өзі бірнеше бағытта жүргізілетініне тәнті болдық. Әсіресе, Бурабайдың курортты аймағындағы тәлімдік кездесулер ұмытылмайды. Біз бұл жөнінде Мұхитдин Төлепбаев ағамыз басқаратын ұжымның атына жолдаған алғыс хатымызда кеңінен жаздық, деді ол.
Мемлекеттің, бүкіл халқымыздың көмегімен Қызылағаштың еңсесі көз алдымызда көтеріліп, көркем елді мекенге айналып келеді. Онда балалардың бал күлкісі ешқашан толастамайтыны анық.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.