• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 26 Сәуір, 2021

Елордаға отандық «QazVac» вакцинасының қанша дозасы жеткізілді?

149 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймаларына отандық «QazVac» вакцинасының 6 мың дозасы жеткізілді. Мұнан бөлек ресейлік «Спутник-V» препаратын қоса алғанда, вакцинаның 55 мыңға жуық дозасы бар, деп хабарлайды Egemen.kz

«Өткен аптада ғана қазақстандық «QazVac вакцинасының бірінші партиясы жеткізілді. Енді халықтың сұрауы мен қалауы бойынша қазақстандық өнімді екпе ретінде қолдана аламыз. Дәрігер ретінде және ең алдымен, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің вакцина шығаруға қабілетті елдердің қатарында болғаны мен үшін мақтанарлық жайт», деді Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.

Оның айтуынша, елорда тұрғындары «Спутник-V» мен «QazVac» вакциналарының бірін таңдай алады.

«Күніне 6 мың адамға дейін екпе салынады. Бастапқыда тұрғындар вакцинаға сақтықпен қарады. Бірақ вакцина алмау денсаулыққа әлдеқайда қауіпті екенін және тек осылайша өзімізді инфекциядан қорғай аламыз деген кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы азаматтар вакциналанғандардың қатарына өз еркімен қосыла бастады. Халық арасында қорқу мен сенімсіздік жойылып, өз денсаулығы үшін жауапкершілік арта түсті», деді ол.

Сонымен қатар ведомство басшысы сауда, ойын-сауық орталықтарында вакцинация пунктерін ашудың тиімділігін де атап өтті. Бүгін елордада вакцинация пунктері «Mega Silk Way», «Keruen», «Хан Шатыр» және «Абу-Даби Плаза» сауда орталықтарында ашылған. Оларда күніне 250-ге жуық адам екпе алады.

Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, халықты вакцинамен кең қамту үшін қала әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасымен вакцинация пунктерінің саны 36-дан 100-ге дейін арттырылды. Сондай-ақ медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдары үшін жұмыс уақыты 8:00-ден 24:00-ге дейін, сауда және ойын-сауық орталығында сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін ұлғайтылды.