Қазір бизнестің сан алуан түрі бар. Қажеттіліктердің көбеюіне қарай қоғамда түрлі сұраныс пайда бола бастайды. Соны тамыршыдай тап басып, ұсынысын заң мен бизнес қағидаларына бейімдегендер бір-бір бизнес иесі болып шыға келмек. Соңғы бірнеше жылда пайда болып, кеңінен таралып келе жатқан бизнес түрі – клинингтік қызмет.
Клинингтік қызмет көрсету – жеке үйлер мен кеңселерді тазалау. Әрине, оны өзіңіз де атқара аласыз. Алайда жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да бұл шаруаны көп жағдайда кәсіби мамандардың қолына табыстағанды жөн санай бастады. Енді ғана өріс алып келе жатқан бизнес болғандықтан, бұл қызметтің деңгейі қандай, елімізде қанша клинингтік компания бар, олардың жылдық табысы мен шығыны қандай деген секілді сұрақтарға жауап табу қиын. Интернеттен іздегенімізде айналасы он шақты компанияның тізімі шықты. Біздің назарымызға ілінбей қалған тағы бірер компания болуы ықтимал. Қарабайыр есептеу тәсіліне салып, бұл қызметтің өңірлерде де ептеп жолға қойылғанын ескеріп, күллі Қазақстанда 20-30 компания бар деп топшылауға болатын сияқты.
Adal Works компаниясының басшысы Әсет Бегалиевтің айтуынша, осыдан үш жыл бұрын ғана адамдар көпқабатты тұрғын үйлерге көрсетілетін клининг қызметін түсіне бермейтін.
– 2020 жылдан бастап елімізде мүлік иелері бірлестігі құрыла бастаған соң, тұрғындардың аз бөлігі болса да тұрғын үйдің ішкі жұмыстарына араласып, түсіне бастаған сияқты. Бұл саланың басқалардан айырмашылығы, қызмет үшін төленетін ақы мен қойылатын талаптар екі түрлі. Мәселен, кіреберістерді тазартудың жұмыс кестесі деген ұғым бар. Кесте бойынша аптасына 3 рет еден жуу керек делік. Алайда көптеген адамдар едендердің күн сайын жуылғанын қалайды. Осы ерекшеліктерді, азаматтардың қалауын ескере отырып, саланың дамуына үлес қосу жолындамыз, – дейді Әсет.
Қазір оның компаниясы Нұр-Сұлтан қаласындағы 50-ден астам көпқабатты тұрғын үйге қызмет көрсетеді. 200-ден астам жұмысшы бар. Өзімізді толыққанды бизнес ретінде қалыптастыра алдық дейді.
Пандемия бұл салаға да кері әсерін тигізді. Дегенмен де көпқабатты тұрғын үйлерді тазалау мүлде тоқтамаған.
– Пандемия кезінде клининг салаларының ішінде ойын-сауық кешендері, офис, сауда үйлері клининг саласындағы жұмыстар тоқтап қалды. Біздің саламыз, яғни көпқабатты тұрғын үйге қызмет көрсету жұмыстары тоқтаған жоқ, керісінше жұмыс қыза түсті. Әрине, үлкен тәуекел мен шығындарға да тап болдық. Мысалы, қоғамдық көліктер тоқтаған соң, жұмысшыларды объектілерге жеткізу үшін автобустарды жалдауға фирмамыз біраз шығындалды. Жұмысшыларымыздың індетті жұқтырып алу қаупі жоғарылап кетті, – дейді компания басшысы.
Тағы бір айтарлық жағдай, жергілікті атқарушы билік пандемия кезінде көпқабатты үйлерге қызмет көрсетушілерді дәліздерді күнделікті бірнеше мәрте дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуге міндеттеген. Бірақ бұл міндет олардың келісімшартында қарастырылмаған. Әлеуметтік желіде де қызу талқыға түскеніне қарамастан, мемлекеттік басқару органдарынан немесе сол уақытта құрылған жедел штаб тарапынан біздің қызметкерлерге ешқандай қосымша ақы қарастырылмады дейді. Ал дезинфекциялау заттарының нарықтағы құны 5 есе қымбаттап кеткен.
Mclean компаниясының басшысы Бағлан Ермекбаева да соңғы үш жылда клинингтік қызметтің ерекше қарқын ала бастағанын айтады.
– Соңғы үш жылмен салыстырғанда елде клинингтік қызмет көрсету қарқыны жылдам өсіп жатыр. Пандемияға қарамастан, сұраныс деңгейі де өсуін тоқтатқан жоқ. Клиенттер арасында заңды тұлғалар да баршылық. Қазір «Әбу-Даби Плаза» тұрғын үй кешенін тазалап жатырмыз. Соңғы уақытта «Саламатты Астана» емханасымен де бірге жұмыс істеп келеміз. «Астана Операға» да қаржылық ұсыныс жолдап қойдық. Олармен де жұмыс істеуге ниеттіміз, – дейді Бағлан Ермекбаева.
Оның сөзінше, қазіргі қызметкерлер саны орта есеппен 15-20 адам. Ұзақ мерзімге ауқымды тапсырыс алған кезде келісімшарт негізінде 30-40 адамға (жұмысшылар) дейін қабылдайды.
– Толыққанды бизнес ретінде қалыптастық деп айту қиын шығар. Бірақ қазіргі уақытта алдымызға қойған міндеттердің 50-60 пайызын орындадық деп сеніммен айта аламын. Бұл бизнесті дамыту бойынша көптеген жоспарымыз бар, – дейді компания жетекшісі.
Пандемия қыспаққа алған мезетте сұраныстың күрт төмендеп, табыстың азайғанын «Моем Окна» компаниясының басшысы Артур Гусейнов те айтады. «Клининг бизнесін енді ғана қолға алып, жақында ғана қымбат құрылғылар сатып алған компаниялар оларды тезірек сатып, қарыздарын жабуға тырысып жатыр. Ал біз нарықта 2009 жылдан бері келе жатқандықтан, саланың қыр-сырын біршама меңгердік, несиелерден құтылдық. Былтыр тұрғындардың төлем қабілеті төмендеп, нәтижесінде біздің айналым 80 пайызға құлдырап кетті. Тек мамыр айының ортасынан бастап қана іске кірістік», дейді.
Сондай-ақ ұзақ уақыт бойы жұмыс істемеген сауда ойын-сауық орталықтары сапалы клинингтік компанияларға емес, бағасы қолайлы компанияларға басымдық бере бастаған.
– Жеке тұлғалар да клинерлер қызметін тұтынуды азайта бастады. Үлкен үйі бар тұрақты клиенттеріміздің өзі жөндеу, тазалау жұмыстарын күзге шегеріп тастады. Пандемия кезінде жұмыс тәсілдерімізді қайта қарастырдық. Енді біздің қызметтің құны бөлме санына байланысты болмақ. Мәселен, бір бөлмелі пәтерді тазалау 5 мың теңгеге бағаланады. Бұрын ол 7-8 мың теңге шамасында еді. Бастан-аяқ тазалау жұмыстарын жүргізу құны өзгеріссіз қалды – шаршы метріне 490 теңгеден, – дейді Гусейнов.
Компания басшылары биыл да болуы мүмкін қатаң карантин шектеулеріне қазірден дайындалып, көп мөлшерде дезинфекциялау заттары мен жеке қорғаныс құралдарын сатып алғанын, сондай-ақ вакциналау маңыздылығын жұмысшыларына түсіндіріп жатқандарын айтты.
Әсет Бегалиев өз бизнесімізді бағалау туралы әлі ойланып көрмедік, ең басты мақсатымыз – берік бизнес құру деген ойын жеткізді.
– Жылдық тауар айналымымыз шамамен 400 млн теңгені құрайды. Рентабельділік 10-20 пайыз аралығында. Дегенмен біз әлі өсу сатысындамыз және барлық бос қаражатты дамуға қайта инвестициялап жатырмыз. Қазір кез келген бизнес күшті IT компонентіне ие болуға ұмтылу керек. Бұл мәселеде де шетте қалмауға тырысамыз. Бірақ тап қазір IT мәселесін дамытуға артық қаржымыз жоқ, – дейді Adal Works компаниясының басшысы.
2020 жылы басталған коронадағдарыс осы бизнесті құрушыларға қай бағытқа қарай ойысу керегін, өз саясаттарын қалай икемдеу керегін түсіндіріп бергендей. Қатаң локдаундар болмаса да биыл да шектеулер жалғасып жатыр. Біраз мекеме онлайн қызмет көрсетуде. Соған сай табыс та төмен. Яғни жыл соңына дейін корпоративті клининг нарығы әлі біршама құлдырауы мүмкін. Тиісінше, осыған дейін тек ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, банк бөлімшелері және жоғары оқу орындарымен жұмыс істеп келген клинингтік компаниялар нарықтан ығысуы да ықтимал. Осылайша, біршама компанияның табыстан қағылуы өзге ойыншылардың тың әдіс, өзгеше тәсілмен нарыққа кіруіне де жол ашуы ғажап емес.