Біздің елдің мұнай-газ саласындағы ең үздік компаниялардың көшін бастап тұрған «Теңізшевройл» ЖШС Қазақстандағы ең тартымды жұмыс беруші деп танылды. Бұл – Randstad Employer Brand Research зерттеуінің нәтижесі. Компания мұндай мәртебеге екінші жыл қатарынан ие болып отыр.
Аталған зерттеу әлемнің 34 елінде жүргізіледі және ең тартымды салалар мен жұмыс берушілерді анықтайды. Бұл жолы Теңізшевройлдан бөлек, мұнай-газ саласындағы үздік үш компанияның қатарына «ҚазМұнайГаз» бен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» енген екен.
«Теңізшевройл» ЖШС-ның адами ресурстарды басқару жөніндегі бас менеджері Камшат Байжанованың айтуынша, компания осы жетістігі арқылы бәсекелестік бәсі жоғары еңбек нарығындағы теңдесіз бренд екенін мойындатты.
– Үздіктер көшін бастау ерекше жауапкершілік жүктейді. Сондықтан біз адами капиталды дамытуға мейлінше ден қоямыз. Біз қызметкерлерді дамытуға, қауіпсіз жұмыс ортасын құруға және салауатты корпоративті мәдениетті сақтауға инвестиция саламыз. Өйткені Теңізшевройл қызметкерлері – компанияның алға қойған мақсаттарына жетуге жол ашатын ең құнды капитал әрі қозғаушы күш. Адами капиталды инвестициялау – Теңізшевройлдың стратегиялық мақсаттарының бірі, – дейді Камшат Байжанова.
Еске сала кетейік, Randstad Employer Brand Research – жұмыс берушілердің брендін зерттеуге арналған халықаралық сауалнама. Жылына бір мәрте Randstad тапсырысымен жүргізіледі. Оны жүргізу Kantar тәуелсіз зерттеу компаниясына жүктелген. Осылайша, әрбір ел бойынша жұмыс берушіні таңдаудың негізгі өлшемшарттар рейтингі жасалады. Бұдан бөлек, жұмыс үшін салалардың тартымдылық рейтингі түзіледі. Сонымен қатар жұмысшылар саны бойынша республикадағы ең ірі жұмыс берушілердің тартымдылық рейтингі анықталады.
Randstad Employer Brand Research әлемдегі жан-жақты, тәуелсіз әрі терең зерттейтін берушілерге арналған сауалнама болып саналады. Онда 18-ден 65 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті адамдардың пікірі ескеріледі.
Зерттеуге сәйкес, сауалнамаға жауап берген «Теңізшевройл» ЖШС қызметкерлері жақсы жұмыс берушінің келесідей маңызды өлшемшарттарына басымдық беріпті. Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың 79 пайызы компаниядағы жалақының жақсы екенін алға тартса, 72 пайызы компанияның қаржылық тұрақтылығын бөле-жара атап өткен. Жауап берушілердің 67 пайызы мансаптық тұрғыдан өсуге мүмкіндік бар десе, 61 пайызы Теңізшевройлда қалыптасқан жақсы жұмыс атмосферасына назар аударған.
– COVID-19 пандемиясы кезінде қауіпсіз жұмыс ортасын құру топтардың барлығы үшін жұмыс берушілерді таңдаудағы маңызы төмен өлшемшарт болып шықты – 32 пайыз. Ал мансаптық тұрғыдан жоғары білімді қызметкерлер үшін маңызды өлшемшарт болып табылады, – дейді ANCOR Central Asia кадрлық холдингінің бас директоры Валерия Петрунина.
Расында да, компания ұжымдағы еңбек және өндірістік қатынастарды реттеу, жалпы еңбекақы төлеудің тиімді жүйесін құру, қызметкерлерді дамытуға мүмкіндіктер беру әрі олардың әлеуетін ашуға көмектесетін оқыту, дамыту бағдарламалары арқылы қызметкерлерді әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз етуге ерекше басымдық береді. Сонымен қатар әртүрлі тағылымдамалар, кадрлық резервті жоспарлау, әлеуметтік бағдарламалардың кеңейтілген пакетін, корпоративті мәдениетті сақтауға бағытталған жеңілдіктер мен бастамалар ұсынады. Қызметкерлердің компанияның құндылықтары мен стратегиясына адал болуына назар аударады.
2020 жылдың соңында Теңізшевройлдың негізгі өндірісіндегі штаттық қызметкерлердің үлесі 92 пайызды құрады. Ал компанияның негізгі өндірісіндегі қазақстандық менеджерлердің үлесі жалпы басшылар тобының 85 пайызына тең. Теңізшевройлдың 29 қызметкері «Шеврон» корпорациясының әртүрлі бөлімшелеріне тағайындалған. Жалпы, компанияда 25 ұлттың өкілдері жұмыс істейді. Медициналық сақтандыру бағдарламасы бойынша компания қызметкерлері мен отбасы мүшелерінің 11 404-і сақтандырылған. Теңізшевройл 2008 жылдан бастап өз қызметкерлерін оқыту бағдарламаларына 81 млн АҚШ долларынан астам инвестиция жұмсаған. Компаниядағы адами капиталға қаншалықты мән берілетінін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Атап өтерлігі, Теңізшевройлда жұмыс істеу процесі озық технологияларға сәйкес келеді және жұмысқа қабылдану ашық түрде жүргізіледі. Компанияның сайтында бос жұмыс орындары туралы ақпарат жарияланады. Осылайша, аталған ресурс арқылы әлеуетті кандидаттардың барлығы тиісті ақпаратқа қол жеткізе алады.
Компания тек тәжірибелі мамандарға ғана назар аудармай, сонымен қатар компанияның қажеттіліктеріне қарай жоғары оқу орындарының талантты да талапты түлектеріне де мүмкіндік береді. Түптеп келгенде осының бәрі компанияның ел ішіндегі сенімін, беделін арттыра түседі.
Компанияның қызметкерлер алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі ұжымдық шартта көрсетілген. Шартқа қол қою тәжірибесі 1996 жылдан бері қолданылып келеді. Бұл көптеген мәселелерді әрі қызметкерлердің пікірін ескеруге талқылауға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, Теңізшевройл – шикі мұнай, газ және күкірт өндірумен әрі өткізумен айналысатын қазақстандық компания. Мұндағы жұмыстардың барлығы қауіпсіздік техникасы мен қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық талаптарға сай жүргізілуде. «Теңізшевройл» ЖШС 1993 жылы Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» компаниясы арасындағы келісім негізінде құрылды.
Теңізшевройлдың қазіргі уақыттағы негізгі серіктестерінің қатарында «Шеврон» корпорациясы (50 пайыз), «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (20 пайыз), «ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк.» (25 пайыз) және «ЛукАрко» (5 пайыз) бар.