• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Технология 04 Маусым, 2021

Ashyq жобасы – Kaspi.kz қосымшасында

465 рет
көрсетілді

Kaspi.kz Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жаңа жобаны іске қосты. Қазақстандықтар енді қоғамдық орындарға бару үшін Ashyq қызметін Kaspi.kz қосымшасында пайдалана алады.

«Біз елдегі ең танымал супер-қосымша Kaspi.kz-ке инновациялық қызметтерді тұрақты түрде қосып отырамыз. Бүгін біз барлық қазақстандықтарға спорт клубтарына, бассейндерге, кафелер мен басқа да қоғамдық орындарға баруға мүмкіндік беретін Ashyq қызметін Kaspi.kz қосымшасына қосамыз. Біз мемлекетпен серіктестікте сүйікті клиенттерімізге пандемия кезінде белсенді өмір сүруге, ал қазақстандық бизнеске қауіпсіздік шарттарын сақтай отырып жұмыс істеуге көмектескенімізге қуаныштымыз», деді бұл жөнінде Kaspi.kz басшысы Михаил Ломтадзе.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Ashyq қызметі бизнеске пандемия кезінде жұмыс істеуге, ал бізге – сүйікті демалыс орындарына барып, әдеттегі өмір салтымен өмір сүруге мүмкіндік бергенін атап өтті. «Біз аталған қызмет елдегі ең танымал қосымшаларда пайда болады деп уәде берген едік. Бүгін бұл Kaspi.kz клиенттеріне қолжетімді болды. Біз ел тұрғындары алдындағы жауапкершілікті сезінеміз және бизнесті қорғау мен қазақстандықтар арасында вирустың тарамауына бар күшімізді саламыз», деді министр.

Жаңа қызметті пайдалану үшін Kaspi.kz қосымшасында Kaspi QR-ды ашып, Ashyq жобасына қатысатын нысан, мекеменің кіреберісіндегі QR-кодты сканерлеу жет­кілікті. Одан кейін смартфон экранында қоғамдық орынға кіру немесе шектеу бары туралы ақпарат пайда болады:

Қауіпсіз – шектеу жоқ, ПТР тест теріс; Бейтарап – ПТР тест міндетті орындардан басқа жерге шектеу жоқ; Вирус жұқтырғандармен байланысы бар – нысандарға кіруге жартылай тыйым салынған; Жұқтырған – қоғамдық орындарға кіруге тыйым салынады. ПТР тест оң.

Егер кіруге рұқсат берілсе, нысан қызметкеріне уақытша рұқсаттаманы көрсетіп, 5 минут ішінде кіру керек.

Өз мәртебеңізді кез келген уақытта Kaspi.kz қосымшасында QR-кодты сканер­­леусіз тексере аласыз. Ол үшін «Мем­ле­кеттік қызметтер – Ashyq. Коро­на­вирус бойынша статус» бөліміне кіру керек.

Жоба Kaspi.kz және «ҰАТ» АҚ ақпа­раттық жүйелерінің ықпалдасуы нәти­жесінде іске қосылды.

Бұған дейін Kaspi.kz командасы Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп Kaspi.kz супер-қосымшасында жеке кәсіпкерлік ашу және автокөлікті қайта тіркеу жобаларын сәтті жүзеге асырды.