• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2010

ЕУРООДАҚ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢ ІРІ ӘРІПТЕСІ

719 рет
көрсетілді

Сәрсенбі күні ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ел­іміздің Мемлекеттік хатшысы – Сырт­қы істер министрі Қанат Сау­да­баев Бельгияда өткен “Қазақ­стан-ЕО” форматындағы кез­десуге қатысты. Кездесу барысында аймақтық және халықаралық қауіпсіздік­терге байланысты мәселелер тал­қыланды, сонымен қатар, әлем­дік қаржы-экономикалық дағ­да­рысты еңсеру, осы бағытта ай­мақ­тың энергетикалық және эко­логиялық проблемаларын шешу, соның ішінде су ресурс­тарын басқару мәселелері әңгіме арқауына айналып, екіжақты консультациялар алмасылды. Кездесуден соң Қанат Сау­да­баев Еуроодақтың Іс басындағы төрағасы, Испания Корольді­гі­нің сыртқы істер министрі Ми­гель Анхель Моратиноспен бірге журналистердің алдына шығып, келіссөздердің қорытындылары туралы брифинг берді. Оның нәтижелерін айтпас бұрын біз Қазақстан мен Еуроодақ ара­сын­дағы ынтымақтастықтың та­рихына қысқаша тоқтала кетейік. Қазір қазақстандық журна­лис­тер арасында “Брюссель Ис­панияның қаласы, ал Вена біздің қала” деген әзіл көп айтылатын бол­ды. Өйткені, Испания төр­аға­лық ететін Еуроодақтың әкім­ші­лік және саяси орталығы Брюс­сельде, ал біз төрағалық ететін ЕҚЫҰ-ның штаб-пәтері Венада орналасқан. Қазақстанның Еу­ро­одақпен қатынасының орнауы Президент Н.Назарбаевтың 1993 жылы Брюссельге жасаған ресми сапарынан басталған. Сол жолы Қазақстан мен ЕО арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Одан бергі уа­қыт­тарда бұл Одақ пен Қазақстан ара­сындағы ынтымақтастық үне­мі даму үстінде болып, қаты­нас­тарды тереңдету бағытында бір­неше құжаттарға қол қойылды. Айта ке­терлігі сол, Еуроодақ Қазақстанмен байланысын дамыта отырып, Ор­та­лық Азия елдерімен тұтаса ынты­мақтасуды көздейтін мақсаты бар екенін білдірген. Осы мақсатпен Еуроодақ 2005 жылы Орталық Азия елдері бойынша Арнаулы өкілін де тағайындады. 2006 жылдың аяғы­нан бері осы қызметті Француз Республикасының өкілі Пьер Морель атқарып келеді. Жақсы дамып келе жатқан саяси ынтымақтастықтың аясында сауда-экономикалық әріптестік те нығая түсуде. 2009 жылғы сыртқы сауда айналымы, әлемдік қаржы­лық дағдарысқа қарамай, 28,8 млрд. АҚШ долларын құрады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 40 пайызы Еуроодақ елдерінің үлесіне тиесілі. Еуроодақтың Орталық Азия ел­дерінде іске асыратын бағдарла­ма­лары мен жобаларының тек соңғы жылдардағысы туралы ғана сөз қоз­ғайтын болсақ, Еурокомиссияның “Орталық Азия елдеріндегі ғылы­ми-зерттеу және білім беру жүйесі” бастамасы ауыз толтырып айтарлық екенін атап өткен жөн. Бұл жоба­ның мақсаты, бір сөзбен айтқанда, аймақтағы елдер жоо-лары мен ғылыми-зерттеу орталықтарын Ин­тер­нет жүйесіне жылдам қосуға саяды. Оны іске асыру үшін (2009-2011 жылдар) Еурокомиссия 5 млн. еуро бөліп отыр. Жобаның қалған 20 пайызын қаржыландыруға Орта­лық Азия елдері, ішінде Қазақстан да бар, ынталылық білдіруде. Ал Еуро­одақтың Орталық Азиядағы жалпы стратегиясын (2007-2013 ж.ж.) іске асыру үшін 719 млн. еуро қарастырылған. Сонымен бірге, Қазақстанның нарықтық экономикалы ел мәрте­бе­сін алу туралы ұсынысын Еуро­ко­миссия үстіміздегі жылы (2010) қарап бермекші. Жалпы, Еуроодақ Қазақстанға сенімді энергетикалық әріптесі ретінде қарайды. Айта ке­те­тін болсақ, қазір Қазақстан ОПЕК елдерінен басқа мемлекет­тер арасынан Еуропаға қуат көз­дерін сату бойынша Ресей мен Нор­вегиядан кейін үшінші орында тұр. Астана өзінің БСҰ-ға енуі бойынша да ЕО-мен жұмысты жал­ғастыруда. Сондай-ақ, қазақстан­дық­тардың Еуроодақ елдеріне виза алу процедурасын жеңілдету жөнін­де де консультациялармен алмасуда. Енді жоғарыда айтылған Қанат Саудабаев пен Мигель Морати­нос­тың кездесу қорытындылары бой­ынша журналистерге берген бри­фингіне тоқтала кетейік. Оны М.Мо­ратинос ашып, кездесу қоры­тын­дыларына өзінің қанағатпен қарайтынын білдірді. Біз Қазақ­стан­ды Орталық Азиядағы страте­гия­мызды іске асырудағы негізгі әріптесіміз деп білеміз. Сонымен бір­ге, Қазақстан өзін Қырғызстан­да­ғы жағдайды тұрақтандыру бой­ын­ша нақты істің ойыншысы ре­тін­де танытты. Осыған орай Еуро­одақ атынан Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаевқа Қырғыз­стандағы өте қиын кикілжіңдерді шешуге жұмсаған күш-жігерлері үшін алғысымды білдіремін. Еуроодақ бұл істе Қазақстанмен ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде ты­ғыз ынтымақтастықта жұмыс істеді. Атап айтқанда, біз де өзіміздің өкі­ліміз Пьер Морель мырзаны Қыр­ғыз­станға жібердік. Мәселені рет­теу бойынша біз Қанат Сауда­баев­пен телефон арқылы жиі хабар­ла­сып тұрдық. Бүгінгі кездесуде де біз Қырғызстандағы жағдайдың толық тұрақтылыққа жетпегенін ескеріп, осы ел бойынша жұмыстарымызды одан әрі тығыз ынтымақтастықта жал­ғастыруға келістік, деді М.Моратинос. Одан әрі ол кездесуде қаралған екінші мәселе, ЕО-ның барлық мүшелерінен Қазақстанмен арадағы ынтымақтастық пен әріптестікті одан әрі жалғастыру жөніндегі келісімге қол қоюға мандат алу туралы болғанын айтты. Біз Ис­па­нияның төрағалығы аяқталғанша (2010 жылдың 1 шілдесі) ондай ман­даттың алынатынынан үмітті­міз, деді ол. Кездесуде қаралған үшінші мәселе, Қазақстан азамат­та­ры үшін ЕО елдеріне енудегі ви­заның жеңілдетілген режімі қол­да­нылуын сұраған Астананың өтініші болғанын айтқан М.Моратинос өзінің ойынша бұл мәселенің де еш қиындықсыз шешілетінінен үмітті екенін жеткізді. Сөзінің соңында Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның жоғарғы деңгейдегі саммитін өткізу мәселесі туралы шілде айында Алматыда болатын СІМ бейресми саммитінде шешім қабылданатынына сенімді екенін мәлімдеді. Қанат Саудабаев Қырғызстан­да­ғы оқиғалар халықаралық ұйымдар­дың тығыз ынтымақтастықта болуы қажеттілігін тағы да бір рет көрсе­тіп бергенін айта келіп, осы істе ЕҚЫҰ, ЕО және БҰҰ-ның тиімді ынтымақтастықта жұмыс істегенін атап өтті. Біздің дағдарыстан кейін екінші күні жіберген барлық өкілдеріміз дағдарысты еңсеру және реттеу бағытында біріккен күш-жігер жұмсай білді, дей келіп, М.Моратиносқа Қазақстан Пре­зи­денті Н.Назарбаевтың дағдарысты еңсерудегі еңбегіне берген үлкен ба­ғасы үшін алғысын жеткізді. Одан әрі кездесу барысында бұл елдегі жағдайды реттеп, құқықтық ар­наға түсіру үшін әлі де күш бірік­тіруге келісілгендігі туралы айтты. Сонымен бірге, Испанияның ЕО-ға төрағалығы кезінде тиімді жұмыс істегенін атап өтіп, Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын қолдаға­ны үшін алғысын білдірді. Сөзінің соңында ЕҚЫҰ саммитінің қажет­ті­лігіне тоқталып, оның Ванку­вер­ден Владивостокқа дейінгі кеңіс­тікте тұрақтылық пен қауіпсіздіктің сақталуына сөзсіз ықпал ететінін айтты. Брюссельде қазақстандық жур­налистерге бірқатар саясаткерлер, сала мамандары, сарапшылармен әңгімелесудің сәті түсті. Олардың бәрі де бірауыздан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру мәселесінде Қазақ­стан­ның биіктен табылғанын жоғары бағалайтынын жеткізді. Мәселен, ЕО-ның Оңтүстік Кавказ елдері бойынша өкілі Петер Сем­неби Қазақстанның Қырғыз­стан­дағы әрекеттерін жоғары бағалай келіп, Кавказдағы кикілжіңдерге де батыл араласуына болатынын атап өтті. Өйткені, Қазақстан бұл елдер­дің бәрін де жақсы біледі, бәрімен де жақсы қарым-қатынаста, соны­мен бірге, кикілжіңдерді реттеуде жеткілікті тәжірибесі бар. Сондай-ақ, Қазақстан мұндағы мүдделердің тепе-теңдігін сақтауға да жақсы көпір бола алар еді, деді ол. Ал ЕО-ның Молдовадағы арнаулы өкілі Кальмен Межей де өз кезегінде Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Приднестровье кикілжіңін реттеуге батыл араласу құқы бар деп есептейтінін білдірді. Мұндағы кикілжіңдер басқалармен салыстырғанда, қиын да емес, сондықтан оны реттеуде Қазақстан үлкен ықпал ете алар еді, деді ол. Сондай-ақ, біз Еуропаның Халық­аралық қатынастар институты директорының орынбасары Жак Липпермен, Францияның Халық­ара­лық қатынастар институтының Брюссель офисінің басшысы Сю­зенн Алеспен және т.б. әңгімелесіп, олардың бәрі де қазақстандық дипломатияның болашағына үлкен үмітпен қарайтынына көз жеткіздік. Жақсыбай САМРАТ – Брюссельден.