Украинадағы мектепке қазақ жауынгерінің аты берілді
Қостанай қаласындағы Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана ұжымы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арнап ұйымдастырған онкүндік шеңберінде журналист Л.Фефелованың “Опат болған арнайы рота” (“Гибель спецроты”) және Меңдібаевтың “Еркімбайдың Сұлтаны” атты кітаптарының тұсаукесері болып өтті. Бұл екі кітап Жеңіске 65 жыл толса да, Ұлы Отан соғысының тарихы әлі де жазылып бітпегенін көрсетеді. Өйткені, майданда шейіт кеткендердің барлығы да бір-бір тағдыр екенін былай қойғанда, олардың ерлік істерінің бізге әлі күнге беймәлім қырлары да жеткілікті. Аталған кітаптың кейіпкері, жүзден аса фашистің көзін жойып, жиырмаға толар-толмас жасында ерлікпен көз жұмған Сұлтан Еркімбаевтың тағдыры соның толық дәлелі. 263-дивизия құрамындағы 997-атқыштар полкінің ерекше құпия арнайы снайперлер ротасы 1943 жылы тамыз айында Харьков үшін жан беріп, жан алысқан ұрыстарда Северский Донец өзенінің жарқабағында түгелдей дерлік оққа ұшты. Жауды өзеннен өткізбеу үшін жанын қиған 35 снайпердің арасында қазақтың құралайды көзге атқан мерген қара баласы да болған. Ол “Жауынгерлік еңбегі үшін” медалімен наградталады. Мұнан кейін қолының жараланғанына қарамай рота жауынгерлеріне көмекке келіп, басқыншыларға қарсы олармен бірдей батыл қимыл көрсеткені полкте атап өтіліп, оған өзінің аты жазылған “ТТ” (пистолет) арнайы қаруы сыйға беріледі. Ал 1943 жылы маусым айында “Қызыл жұлдыз” орденімен марапатталып, осы награданы алғанда Коммунистік партия қатарына кандидат етіп қабылданады. “Қызыл жұлдыз” орденін алған соң екі айдан кейін, 19 тамыз күні аса құпия снайперлер ротасының Северский Донец өзені жағасында түгелге жуық оққа ұшып, опат болғанын айттық. Осы ротадағы он мергенді І дәрежелі Отан соғысы орденімен мерт болғаннан кейін марапаттайды. Соның бірі де Сұлтан болады.
Соғыс қырғынын елдің басына түскен нәубет деп білген тәубешіл ағайынның кеше мындаға дейін боздағының соғысқан, ерлікпен қаза тапқан жерін іздестіргені кемде кем. Оған уақыт пен жағдайдың өзі мұрша бере бермегені де бар. Сондай жанның бірі Науырзым ауданындағы “Шолақсай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Өмірзақ Ихтиляпов. Өмекең Сұлтанның апасы Сақыштан туады. 2005 жылы еліміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығына дайындалып жатқанда ол Сұлтан Еркімбаевтың қаза тапқан жерін тауып, нағашысының рухына тағзым етіп қайтуды ойластырады. Іздестіру жұмысына жергілікті журналистер көмекке келеді. Алдымен Сұлтанның Украина жерінде, Харьков облысының Изюмск ауданындағы Еремовка селосындағы бауырластар зиратында жерленгені белгілі болды. Өмірзақ осы зираттың басына Сұлтанға арнап көктас – мұсылманша белгі қойды. Құран оқылды, облыстық мешіт имамы Ертай қажы Сұлтанның атынан бәдел қажылық парызын орындады. Өмекеңнің өзінің демеушілігімен Сұлтан оқыған Чернигов орта мектебінің оқушылары жерлестері ерлікпен қаза тапқан Харьков облысының Изюмск ауданының Еремовка селосына, Северский Донец өзенінің жағасына барып қайтты. Өткен жылы ол жердегі Студенок орта мектебінің оқушылары Қостанайда қонақ болды. Қостанайлықтарды украин жұрты алақанына салып күтіп алды, олар Сұлтанның бейітін іздегенде де көмегін аямады. Ал қостанайлықтар украин балаларды құдасындай күтіп, төбесіне қойды.
Тұсаукесерге жиналған әр ұрпақ өкілдері 27 миллион адамның өмірімен келген Жеңіс мерекесін кейінгі ұрпақ аса қастерлеуі керектігін баса айтты.
– Соғыс адамның ең аяулы құндылығы – өміріне қиянат жасайды. Ортақ отанымыздағы бүгінгі бейбіт өмірді аялай білейік. Жан-жағымыздағы елдерде болып жатқан қантөгістерді көріп отырып, біздің аталарымыз, Сұлтандай қыршындар бейбіт өмір үшін қан төгіп еді-ау деп налимын,– деді ұстаз ақын Александр Суслова. Кештің ең құрметті қонақтары Ұлы Отан соғысының ардагерлері де сөз алды.
Жасы тоқсаннан асқан Мағауия Жүнісов: “Ұлы Отан соғысының тарихы ешқашан түгел жазылып бітпейді. Мұндай белгісіз батырлар көп” десе, Бертранд Рубинштейн қария: “Ұлы Отан соғысындағы Отан үшін жауға қарсы, оққа қарсы қимыл – барлық халықтардың ерлігі” деп баға берді.
– Бес жылдың ішінде көп жұмыстар атқарылды. Сұлтан Беркімбаевтың басына ескерткіш белгі орнатылды, архивтерден қаншама құжаттар іздестіріліп табылды, мектепте музей ашылды, кітаптар жазылды және деректі фильм түсірілді. Осы жұмыстарды атқару үстінде украиндар да, қостанайлықтар да көмегін аямады. Сұлтан екі елдің ортақ ұлына айналып кеткендей әсерде жүрдім. Осының барлығын ұйымдастырғанда нағашымның, оны жоқтап өткен қос анамның рухы алдындағы парызды өтеуді ғана ойлаған жоқпын. Осы құрметтің барлығы тек Сұлтанға ғана емес, Ұлы Отан соғысында шейіт болған аталарымызға арналады деп түсінген жөн. Солардың ерлік ісін бүгінгі ұрпақ біліп өссін, олар төккен қанның бағасына жетсін, Отанның патриоты болсын деген ниетті алға тарттым,– деді Өмірзақ Ихтиляпов.
Кітаптар тұсаукесеріне арналған кештің соңына қарай Украинаның құрметті консулы Анатолий Тарасенко Харьков облысының Изюмск ауданындағы Студенок орта мектебіне Жоғары Раданың шешімімен Сұлтан Еркімбаевтың есімі берілгендігі туралы сүйінші хабар алғанын хабарлады. Ерлікке – тағзым, бейбіт күнге – ізгілік деп осыны айт. Бұлар ел, жер, ұлт таңдамайды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ.