• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2010

“ЖҮРЕКТЕН ҚОЗҒАЙЫҚ”...

1100 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың 70-ші жылдары мен 80-ші жылдардың алғашқы жартысындағы біздің қо­ғамдық өмірдің кезеңі тарихта “тоқырау кезеңі” деген атпен қалғаны баршаға мәлім. Бір жағы­нан алғанда, айдаһардай айдыны әлемге таныл­ған алып Кеңес Одағы деп аталатын мемле­кет­­тің құрамында мамыражай өмір сүріп жат­қаны­мыз рас болатын.Тамақ тоқ, көйлек көк. “Сен тиме­сең, мен тимен, бадырақ көз” деген­дей, өзімізбен өзіміз тіршілік тауқыметінде жүріп жатқанбыз. Социалистік міндеттемелер асыра орындалады. Қойларымыз тек егізден қоздап жа­та­ды. Еңбек ерлерінің мәртебесі асқақ. Орыс тілін әбден мең­гер­дік. Орыс әдебиетін түбін тү­сі­ре оқыдық. Біртұтас кеңес халқы деген жаңа қауым­дастықтың ажырамас құрамына қарышты қадаммен кірдік. “Қазан төңкерісіне дейін қазақ деген жұрт надан болған, не тарихы, не іліп алар мәдениеті жоқ халық екен. 22 ғана қазақтың жоғары білімі болыпты. Олардың да елге тигіз­ген пайдасы ауызға алуға тұрмайды екен. Ре­волю­ция бізге азат­тық, теңдік әперді, көзіміз ашылды. Орыс халқы болмаса қайтер едік. Кө­семге, Коммунистік пар­тия­ға мың сан рах­мет” де­ген сияқты ұрандарды, идеологиялық наным-сенімдерді әбден санамызға құйып алған кезіміз еді. Екінші жағынан алғанда, ұлттық рухымыз өшу­ге айналған, тіліміз отбасы­лық деңгейге түс­кен, ұлт есебіндегі болашағымыз күңгірт, тіпті өзі­­мізден өзіміз жерінуге бет қойған кезең еді. М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында қойылған Әзірбайжан Мәм­бетовтің спектакльдерін көргенде, қою бұлттың арасынан жарқ еткен күннің шуағындай болған “Дос-Мұқасанның” әндерін тыңдағанда немесе Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділерін” оқығанда ғана бір сәтке елең етіп қалатынбыз. “Осы біз кімбіз, қайда кетіп барамыз?” деген сұрақтар ұлтжанды аза­маттардың көңілінде түйткіл болып жүргені рас болатын. Әрине, ұлт тағдыры, ұлт намысы қа­быр­ғасын қайыстыратын, жан-дүниесін күй­зелтетін, көргені мен білгені көп азаматтар бар­шы­лық болғанымен, олардың ойын ашық айту­ға, пікір білдіруге немесе белгілі бір іс-әре­кет­ке құлшынуға мүмкіндіктері мүлде жоқ еді. Сонау “отыз жетіден” қалған үрей, елуінші жыл­дар­дың басындағы ащы сабақ ой-санада бекем орын алған болатын. Оның үстіне бүкіл жүріс-тұры­­сың, айтқан сөзің, әрбір қимылың ашса ала­қанда, жұмса жұдырықта тұрғанда тырп ету қайда? Ал жастарымыз, шынында да, жүйелі терең білім алып келе жатқан еді. Әсіресе, математика мен физиканы, жаңа техника мен технологияны игеруге құлшыныс едәуір ілгерілеген болатын. Шет дүниемен байланыс қаншама шектелген, өз тіршілігіміз қаншама тұйықталған болғанымен, әлемдік ақпараттық кеңістіктің әсерінен мүлде шетқақпай қалмаған жастардың көңіл-күйі, арман-мұраты шекарадан асып, ел аспанынан жоғарылап кеткен еді. Бірақ сіресіп тұрған идеологиялық құрсауды бұзу оңай болсын ба? Сөйтіп, бір қарағанда тұтасып, момақан кейіпте өмір сүріп жатқандай болып көрінгені­мен, қоғамның тіршілігі іштей ызаға, қайшы­лық­­қа, ұлтаралық дау-жанжалға, қым-қиғаштық­қа толып, үлкен дауылдың алдында тып-тыныш бола қалған теңіздің суындай көрінетін. Қоғам қозғалысты, сілкіністі, үлкен бір бетбұрысты қалап тұрған кез еді десек, артық айтпағанымыз. Міне, осындай тұста қазақтың ұлттық санасы­ның оянуына, ой мен санадағы серпіліске жол ашуына қарлығаш­тың қанатымен су сепкендей ықпал жасаған қоғам­­дық құбылыстардың бірі – Қазақ телеви­зиясында халқымыздың аяулы да көрнекті ұл­дарының бірі Сағатхан Әшімбаевтың (оны біздер Сағат деп кеткенбіз) ұйымдас­тыруы­мен 1983-1985 жылдары ай сайын жүргізілген “Жүректен қозғайық” деп аталатын хабарлар циклы дер едік. Сағатты сонау ҚазМУ-дың филология фа­куль­тетінде оқып жүрген кезден-ақ жақсы білетін едік. Өткен ғасырдың 60-жылдарының екінші жартысында ҚазМУ-дағы Сұлтанғали Садырбаев жетекшілік ететін М.Әуезов атын­дағы әдеби бірлестік Алматы қаласындағы әде­биетке құмар ізденімпаз жастар жиі бас қосып, пікір алысып жүретін қызғылықты әрі беделді қоғамдық орта болатын. Әр басқосуда қадау-қадау әңгімелер айтылып, қызу пікірталастар болып жататын. Әр жиында көзәйнек киген, орта бойлы, қызу қанды, терең ойлы студент сөз алып, ағыл-тегіл сөйлейтін. Шешендігіне, терең біліміне, айтқан ойларының тұшымдылығына таң қалатын едік. Бұл Сағат Әшімбаев еді. Бірте-бірте баяғыдан бірге жүрген сырлас достардай араласып кеттік. Қазақ политехникалық инсти­тутында құрылып, тез арада атағы кеңге жайы­лып кеткен “Бәйшешек” әдеби бірлестігінің отырыстары мен әдеби кештерінде Сағат өз курстастары Нұрлан Оразалин, Жұматай Жа­­қып­баев, Жарасқан Әбдірашев, Қажытай Ілия­сов, т.б. бірге қатысып жүрді. Ол қашанда фило­софиялық ойының тереңдігімен, өткірлігі­мен дара­ланатын. Одан кейінгі кезде “Лениншіл жас” сияқты жастар арасында аса беделді басы­лымда жауапты қызметтер атқара жүріп, әдебиет сынына, елдің рухани әлеміне қатысты қадау-қадау, құлаш-құлаш маңызды мақалалар жария­лап, тез арада-ақ көпшілік назарына ілініп, танымал қайраткер дәрежесіне көтерілген еді. Оның ойынша, әдеби сыншы философия тари­хын жақсы игеріп, еркін ойлай білуі қажет бола­тын. Жоғарыда аталған телехабарды ұйымдас­тырар тұста ол Авторлардың құқығын қорғау агенттігін басқарып жүрген. Сағатханның белгілеген уақытында біз Қазақ телевизиясына келдік. ҚазМУ-да оқытушылық қызмет атқаратын, белгілі тарихшы, өнер тари­хының білгірі, сол кезде бүкіл жоғары мектеп ұстаздары мен студенттерінің құрметіне бөлен­ген “Жеті муза” қоғамының жетекшісі Бақтажар Мекішев осында екен. Көзәйнек киген, ат жақты, толқынды шашы өзіне тым жарасатын ортадан ұзын бойлы, қараторы азаматты Сағат бізге Ғабдолла Құлқыбаев деген ғалым-дәрігер деп таныстырды. Бірден айта кететін нәрсе, кейіннен Ғабдолламен туған аға-бауырдай табы­сып кеттік, қазақтың салт-дәстүрін, ән-күйін, өнерін терең білетін, ағыл-тегіл шешен сөй­лей­тін, домбыраны шебер тартатын, күй шертіп, Арқаның әндерін бабына келтіріп орындайтын бесаспап азамат екен. Ғабдолла кейінгі уақытта Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық ғылым акаде­миясының толық мүшесі болып сайланды. Ұзақ жылдар Қарағанды қаласында қызмет істегенін білеміз. Қайтыс болғанын естігенде “әттеген-айымыз” жүрегімізде тұрды, тек “иманды болсын, азамат еді” дедік. Төртеумізбен шұрқыраса амандасқан Сағат толқып тұр екен: “Қазақ телевизиясының бас­шылығына мың рахмет, бізге мүмкіндік туды­рып, үлкен сенім артып отыр. Хабарлар циклы­ның атын ұлы Абайдың “Жүректен қозғайық” деген ғажап тіркесімен атасақ деп отырмын”. Шынында да жүректен қозғап, халықты оята­тын, жан-дүниесіне сәуле себетін уақыт жеткен жоқ па? Әрине, жүректен қозғау біз үшін де оңай болмас. Батыл, терең пікір айтады, ой қоз­ғайды деп, өздеріңізді бұрыннан білетін болған соң осы хабарға тәуекел жасап бірге барайық деп шақырып отырмын. Бақтажар аға мен Ғабдоллаға тілектерін айта келді де: “Ал, Әбеке, философия деген ұлы ғылымның үлкен, беделді өкілісіз, ұлттың бола­шағы үшін тер төгіп жүрген азаматсыз, сіз айтар пайым-тұжырымдарды халық күтіп отыр. Ұлеке, жоғары оқу орнында бас­шы­­лық қызметте студент жастардың тәр­биесі­мен тікелей шұғыл­данып жүрсіз, олардың көңіл әуенін, мақсат-мұратын жақсы білесіз, оның үстіне техникалық пен руханилықтың ара қатынасын зерттеп жүрген ғалымсыз. Сізге де түсер салмақ аз емес. Қысқасы, бауырлар, жолымыз ақ, ісіміз сәтті болсын!” – деп бітірді алғашқы сөзін. Телевизия тарапынан бұл хабарға жауапты ақын, журналист Жүрсін Ерманов екен. Ал хабарлардың тікелей редакторы болып журналист Әтина Ысқақова бекітіліпті. Сонымен үлкен іске кірісіп кеттік. Алғашқы хабарды “Біз қандаймыз? Қазақ жұртының осы қоғамдағы алғаны, жеткені, жетістігі қандай? Жоғалт­қаны қайсы?” деген мәселелер төңірегі­нен бастадық. Социалистік қоғамның ұлтқа берген жетістіктері қатарында, ең әуелі, білім деңгейінің артқанын, жаңа сипаттағы мәдениет пен әдебиетте, адами қарым-қатынаста қол жеткен табыстар бар екенін айта келіп, ұлттық мүдденің күңгірт қалғанын, өзімізді өзіміз танып білу мәселесі шетқақпайлыққа ұшырап отырға­нына көңіл бөлдік. Одан кейінгі хабарларда бізді сыңаржақтылыққа ұрындырып, етектен тартып жатқан құбылыстарға егжей-тегжейлі тоқталдық. Бұл ретте қоғамда орын алып отырған тоғышар­лық, ұраншылдық, көзбояушылық, науқаншыл­дық, әсіреқұмарлық, теңгермешілік, даңғазалық, шенқұмарлық, мақтаншақтық сияқты сан алуан құбылыстардың елдік болмысымызға тигізіп жатқан кері әсерлерін ашуға тырыстық. Соған орай енжарлық, бейжайлық, немқұрайдылық, немкеттілік, жалқаулық секілді кереғар құбы­лыс­тардың тіршілік салтына бойлай еніп, үйрен­­шікті жағдайларға айналып бара жатқаны батыл сынға алынды. Ал ұлтымыздың асыл маржандай әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі ұмытылып, инабатты­лықтың орнын дөрекілік, сезімталдық пен сергек­тіктің орнын қарабайырлық пен қарадүр­сіндік басып бара жатқаны өз алдына әңгіме нысанына айналды. Осындай құбылыстардан қайтсек арыла аламыз, барар тау, басар жеріміз қайсы болмақ деген мәселелер төңірегінде пікір­лер айтылып жатты. Осы әңгімелердің барлығы­ның астарында ұлт тағдыры, ұлт мүддесі, ұлт рухын жандандыру сияқты айғайлап ашық айта алмайтын, бірақ жүрек түкпірінде жатқан көкейкесті ойлардың ұшқындары жалт етіп көрініс тауып жатты. Әр хабар өзіндік салмағына, көтерген жүгіне қарай мазмұны жағынан да, ұйымдастыру фор­масына қарай да өзінше даралануына Сағат ерек­ше көңіл бөліп отырды. Мәселен, әдемілік­ке, сұлулыққа, өнерге байланысты хабарларда жауапты болып Бақтажар белгіленді де, түсірі­лімге қосымша адамдар тарту, театрлар мен көрмелерден нақты көріністер алуға көңіл бөлін­ді. Сондай-ақ ұлттық салт-дәстүр, табиғи бол­мыс, жан мен тән тазалығы туралы хабар­ларда Ғабдолла Құлқыбаев белсенділік танытты. Қария­лардың пікірі, жастардың тарих­қа, дәстүр­ге қызығушылығы дегендей материал­дар қосым­ша дайындалып, хабарларға қосылып отырды. Студент жастардың ортасына келіп, пікірталас кешін ұйымдастырып, олардың тыныс-тіршілігін өз өмірлері, айтқан ой-пікір­лері арқылы көрсет­кен хабар­ларымыз да көпші­ліктің көңі­лінен шықты деуге болады. Оның куәсі – “Жүректен қоз­ғайық” хабарына бай­ланысты көрермен қауы­мнан келіп жат­қан хаттардың, пі­кірлердің нөпірі. Әрбір ке­лесі хабарда алдыңғы көте­рілген мәселе­лер­ге қатыс­ты көпші­ліктің хаттары мен пікір­леріне талдау жасалып отыр­ғанын да айта кеткен жөн. Осыншама қыруар істі ұйым­дастыруға, хабарлардың мазмұнды, мағыналы, жинақы болуына, айтылған пікірлер мен көтерген мәсе­лелердің көп­шіліктің санасына жетуіне Сағаттың төккен тері, атқар­ған ісі ұшан-теңіз болды. Әр хабардың барысына Сағат қызу араласып, түйдек-түйдек ой айтып, көтеріліп отырған мәселенің өткір, терең, мақ­сат­ты болуына бағыт беріп отыратын. Оның терең білімі, ұлтжан­дылығы, шешендігі, ойының ұшқыр­­лығы кімді болса да бей-жай қалдырмайтын. Бір қызығы, біздің пікір алмасуымыз хабар шеңберіне жиі-жиі сыймай қалатын. Сондықтан да тарап кете алмай, әңгіме-дүкенімізді ары қарай жалғастырған кездеріміз де көп болды. Теле­студиядан шыққаннан соң таяу жердегі қымыз­ханаға кіріп, ыстық бауырсақпен қымыз ішіп, сүтті шай іше отырып әңгіме үстінде талай дүниелерді аударып-төңкеретінбіз. Сағаттың өзі бірнеше рет қоярда-қоймай өз үйіне шақырып, тіпті мал сойып, кең, мол дастарқан жайған кездері де болды. Сағаттың жары Шәрбанудың Сәкеңнің ертіп келген қонақтарына деген үлкен құрметі, ілтипаты қандай десеңізші! Сағаттың пәтерінің босағасын аттаған қонақпен әңгімесі кітаптан басталатын. Бөлменің қабырғаларын­дағы сөрелер қайысып тұрған кітаптарға толы. Қандай кітаптар десеңші! Екінің бірінің қолына түсе бермейтін рухани құнды философиялық дүниелер. Сөрелер­дегі кітаптарда үлкен жүйе, реттілік бар. Кейбір үйлердегідей сәнге қойған дүниелер емес. Кез кел­ген кітапты қолыңызға алып қарасаңыз, мін­детті түрде Сағаттың салған белгісін, шетіне жазып қойған пікірін, астын сызған жолдар мен сөздерді табасыз. “Қашан және қай уақытта оқып үлгер­ген?” деген таңғаларлық сұрақ көкейіңізде тұрады. Әлі есімізде, соңғы хабарымыз 1985 жылдың 29 қазанына, комсомолдың туған күніне сәйкес келді. Тақырыбымыз да жастар ұйымының шы­найы хал-жағдайы қалай деген төңіректе өрбіді. Комсо­молдың жастар арасындағы беделі қандай, не тындырып жатыр деген сұраққа жауапты арнайы түсірілімдер арқылы жастардың өзіне айтқыза отыру барысында сол кездегі идеоло­гия­мен сыйыс­пайтын жаңа пікірлерге жол берілді. Айта кететін бір жай, хабарлар тікелей эфир ар­қы­лы жүргізілетін. Келесі күні Сағатты және осы жолдардың автор­ларын Қазақстан Компартиясы Орталық коми­тетіне шақырды. Үлкен партиялық лауазым­­дағы аға­мыз сөзді қысқа қайырып, “Жү­ректен қоз­ғайық” хабары бұдан былай эфирге шықпайды, хабар тоқтады” деді де, бізді бөлмесі­нен шығарып жіберді. Ерте ме, кеш пе түбі осы­лай боларын өзі­міз де сезіп жүргенбіз. Көп қай­ғыра қойғаны­мыз жоқ. Ең бастысы, шамамыз кел­ген­ше халықтың, жастар­дың ойына қозғау салдық. “Жүректен қозға­ған” ісіміз із-түссіз қал­ған жоқ, 1986 жылдың Жел­тоқ­сан көтерілісінен біршама көрініс тапқанына сенімді­міз. Ойға алған ісін аяғына жеткізбей тоқта­майтын, үнемі ізденуде жүретін Cағат Әшімбаев кейіннен “Қай­та құру” деп аталатын Горбачев­тың дәуірінде “Қарыз бен Парыз” аталатын әйгілі хабарлар цик­лын қалың қауымға тарту еткені баршаға мәлім. Қазақтың Сағаты дербес ел, тәуелсіз ұлт болуды, ұлттық мүддені көздің қарашығындай қорғауды, қазақтық болмысымызды аман-есен сақтауды армандаған қайраткер. Бүгінгі заманда ұлтжанды болу ұлтшылдық емес. Өзінің ұлтын жүрегімен сүймей, басқаны сыйлау және құрметтеу мүмкін емес. Өзінің ұлтын сүю арқылы оның тілін, ділі мен дінін тазалықта және бірлікте ұстап, шынайы ұлт­жанды болғаны абзал. Сағат Әшімбаев осындай ұлтжанды азамат болатын. Өткен ғасырдың басында данышпан ойшыл-ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы “Білімділерге бес сауал” атты мақаласының бесінші сұрағында былай депті: “Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара ма? Қай түрлі жауап берсеңіз де дәлеліңіз не?” Бүгінгі күні көріп отырғанымыздай, адамдардың адамшылығы, кісілігі, парасаттылығы, иманды­лығы бұзылып бара жатқан сияқты. Оған дәлел көп. Адам атымыздан гөрі пенде деген затымыз басымырақ болып бара жатыр. Бұл ұлтқа, мем­лекетке, ұлттық бірлікке үлкен қауіп. Шәкәрім өзінің “Адамдық борышы” деген өлеңінде өзі қойған сұраққа былай деп жауап қайтарады: “...Өміріңді сарп қылып өлгенше, Жоба тап, Жол көрсет, Келешек қамы үшін. Қайтадан қайырылып, Қауымға келмейсің. Барыңды Нәріңді, Тірлікте бергейсің. Ғибрат алар артыңда із қалдырсаң Шын бақыт, Осыны ұқ, Мәңгілік өлмейсің”. Қандай терең мазмұнды жауап. Біз заман өткен сайын әрбір адам “барын, нәрін тірлікте беріп, ғибрат алар артында із қалдырып” отырса, шынайы бақыт осы екенін терең ұғынса екен деген тілектеміз. Адамда жақсы қасиет болмаса, ойшыл-философ Жүсіп Баласағұн айтқандай, оған бақ та, бақыт та қонбайды. Рухани жағынан бай адам ешқашан елін, халқын сатпайды, өзінің ұлттық болмысын кеңейіп бара жатқан жаһан­дану заманында таза ұстауға бар күшін салады. Сағат Әшімбаев та қазақты жүрегімен сүйетін ұлтжанды азамат болды. Біреуді жақсы көру, біреуді жан-тәніңмен сүю, біреуге жақсылық жасау тек рухани бай адамдарда ғана болатын жақсы қасиет. Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, Ұлықпан СЫДЫҚОВ.