• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Тамыз, 2021

Қамқорлық – көңілге демеу

702 рет
көрсетілді

Ел шетіне жаман тұмау туралы хабар жеткелі адамдардың бір-біріне қалтқысыз қамқорлық көрсетуі үдей түсті. Жалғызілікті жандар қысылған шақта қол ұшын беретін жомарт жандардың бар екенін көріп, қиындықпен жалғыз алыспайтындарына кәміл сеніп, көңілдерін демеп отыр.

Әп еткен бетте көпбалалы отбасылар мен жалғызілікті жандардың абдырап қалғаны да рас. Дәрі-дәрмек, қорғаныс құралдары жетіспей жатты. Төтеннен келген дертке да­йын емес еді. Алыпқашты, әрқилы, өтірік-шыны белгісіз сөз де көбейді. Дәтке қуаты дер шағында мемлекет тарапынан көмек көрсетілді. Ел ішіндегі қауқары бар, жігерлі жас­тар да қол қусырып қарап отырған жоқ. Еріктілер шоқтай екшеліп, топтасып, ел ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген азаматтардың жүдеп қалмауын назарда ұстады. Осы әрекеттерімен-ақ туған еліне тұлға болатын шын патриот екендерін көрсетіп берді.

Ауданда бүгінгі таңда 14 ерік­тілер орталығы жұмыс істейді. Олар жаны ізгі, қолы ашық, көмекке да­йын елгезек 150 адамның басын құрап отыр. Ел қамын жеген осы топтағы адамдар қандай қиындық туындаса да төтеп беріп, өздерін ғана емес, өзгені де сынақтан алып шығатындарына сенімді. Бұ­лар­дың қарекеті ел ішіндегі бір­лік­ті бекемдей түсті. Ал бірлік бар жерде берекенің өзінен-өзі үйі­рілетіні белгілі. Әлеуметтік ба­ғыт­та жұмыс істейтін еріктілер өткен қыста аудандағы жалғызілікті жан­дардың тізімін жасап, олардың мұң-мұқтаждарына ұдайы назар аударып отырды. Қыста қар тазаласа, көктемде қызыл судың қаупінен құтқару шаруасына белсене аралас­ты. Аудандағы 97 жалғызілікті зейнеткерге, 13 көпбалалы отбасыға, 12 жалғысбасты анаға көмек көрсетті.

Биыл аудан еріктілері 123 шара ұйымдастырды. Олардың ішінде жақсылық шарапатымен естіген жанның көңілін гүлдендіретін «Біз біргеміз», «Жақыныңа жанашыр бол», «Ардагерлерді ардақтайық», «Біз үйдеміз» тәрізді көмекті қажет ететін көптеген адамдарға әлеу­метт­ік көмек көрсетілген атаулы шараларды атап айтуға болады. Психологиялық тренингтер, ауру­дың алдын алуға бағытталған түсі­нік шаралары, дөңгелек үстел мен үміт отын тұтандыратын жүз­десулер өткізілді.

Індет өршіген тұста қасқалдақтың қанындай болып таптырмай кеткен бетперделерді тегін таратты. Ха­лыққа дерт шеңгеліне түспеу үшін карантин талаптарын қалай сақтау керек туралы түсінік жұмыстарын жүргізді. Әлеуметтік бейнебаяндар дайындап, жалпақ жұртты сақ­тан­дыруға тырысты.

Шарапатты шаруаға ауыл жас­тарының қосқан үлесі де зор. Олар «Біз біргеміз» республикалық акциясын жұмыла қолдап, ауыл-аймақтағы жанашырлыққа зәру адам­дарды қамқорлықтарына алды. Бірінші кезекте қажет тауарларды, карантиннен қорғанатын құралдарды жеткізіп беріп отырды. Нәтижесінде 167 отбасына нақты көмек көрсетілді. Жұмыспен қамту орталығы арқылы халыққа көмектесуге ұмтылған жүзге жуық жастар ауданның әрбір ауылдық жерлерінде мониторинг жүргізді. Ауыл адамдарының бір-бірінің жайын жақсы білгендіктен қам­қорлықтан мұқтаж ешкім де көмексіз қалған жоқ. Еріктілер «Жомарт жүрек» атты топ құрды. Ондағы негізгі мақсат – жүдеген жандарды жүрек жылуымен жылыту. Жоғарыда аталған топқа ел тұрғындары өздері тұтынбайтын, бірақ су жаңа заттарын әкеліп табыс ете бастады. Бәлкім біреулерге қажет болып қалар. Осылайша, азық-түлік, киім-кешек, тіпті жиһазға дейін жиналды. Шын мәнінде бұл иелеріне қа­жетсіз заттар емес, ақ көңіл адам­дар­­дың өзгеге көмек көрсетсем деген шынайы ақ тілегі іспетті еді. Ал бір орталықта жиналған заттар көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларына теңдей етіп бөлініп берілді. Ша­пағат нұрына бөленген шаруа әлі де жалғасуда.

Бүгінде аудан жастары «Ерікті елдің ішінде» айдарымен әлеуметтік желілер арқылы жомарт жандардың жақсы ісін оң қырынан насихаттауда. Қамқорлық жайлы құлақтанған ауданның өзге де жастары сауапты іске үлес қосуға ұмтылуда. Адамдар ғана емес, табиғат та таңның мөлдір шығындай таза ниетті жастардың жан сәулесі арқылы айрықша әдемі ажарға ие болып, нұрлана түсуде. «Таза әлем» акциясы аясында аудан­ның барлық елді мекендері абаттандырылып, күл-қоқыстан тазартылды, ағаш көшеттері егілді. Қоршаған ортаға қиянат жасамау туралы бейнебаяндардың нәти­же­сін­де әсерлі әңгімелер айтылды.

Жақсының жанашырлары ел бірлігі үшін, халықтың қамы үшін әлі де аянбай еңбек етуде. Еріктілердің ерлікке пара-пар шаруасы осы күні ел аузында ілтипатпен аталады.

 

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы