Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын халыққа арнаған Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес», деген болатын. Яғни агроөнеркәсіп кешенін дамытуға Президент пәрмен беріп отыр.
Сондықтан ауыл шаруашылығы саласына, соның ішінде инвестициялық жобаларға тиімді шартпен несие беру және сол несиелерді кепілдендіру – кезек күттірмейтін игі іс. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің құрамындағы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры екінші деңгейлі банктердің инвестициялық жобаларға беретін несиесін кепілдендіреді. Осы бір қолдау механизмі жөнінде кеңірек тоқталайық.
Инвестициялық жобаны іске асыруға бел байлаған «Шаңырақ Р» ЖШС Қордың кепілдігіне қол жеткізіп, оннан астам қажетті заманауи техника сатып алыпты. Ақмола облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын егумен айналысатын серіктестіктің егіс көлемі әу баста 5 мың гектар болған екен. Қазір 50 мың гектарға жетіп қалған. Осыншама жерден алынған арпа, зығыр, күнбағыстарды тіпті экспорттап та жатыр.
«20 жылдан бері егіншілікпен айналысып келеміз. «Халық банктен» 1,4 млрд инвестициялық несие рәсімдедік. Алайда кепілдікке қоятын мүлігіміздің құны жетпеді. Сол үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жүгіндік. Қор алған несиеміздің 700 млн теңгесін кепілдендірді. Соның арқасында 6 комбайн, 2 трактор, тағы да басқа керек техникаларды сатып алдық», дейді ЖШС директоры Уәли Рахметов.
Несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беру кәсіпкерлер үшін керемет көмек болып тұр. Қор өкілдерінің айтуынша, кепілдендіру шартына сәйкес банктен алатын несие 5 млрд теңгеден аспауы тиіс және жылдық сыйақы мөлшерлемесі 17 пайыздан жоғары болмау керек. Айта кетейік, несие 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
«Басым инвестициялық жобалар іске қосылғанша кепілдендіру мөлшері 85 пайызға дейін болады. Жоба толық іске қосылғаннан кейін 50 пайызға дейін төмендейді», дейді Қордың Кепілдендіру департаментінің директоры Тілеужан Серікмұхаметов.
Кәсібін кеңейту үшін қаржы беретін мүмкіндік тапқанымен, сол қаржыға кепілдігі – жетпеген Жаңаарқа ауданындағы Ali bolysy шаруа қожалығы. Қожалық басшысы Өміржан Көпбосын 54 бас асыл тұқымды жылқы сатып алғысы келген.
«Мемлекеттік көмектің арқасында қажет қаржыға қол жеткіздік. Тез арада керек құжаттарды жинап, бір аптаның ішінде ақша қолға тиді. Сатып алынған мал басына сұрыптау жасаймыз деп отырмыз. Біз жыл бойына тебіндеп жайылуға бейім мұғалжарлық тұқымын сатып алдық. Несие есебінен мал басын көбейттік, тіпті алғашқы төлдерін де алып жатырмыз. Әрине, мұнымен тоқтап қалмаймыз. Жаңа бағыттарды игеру үшін тағы да қорға өтініш жасау ойымызда бар», дейді Өміржан Көпбосын.
Кепілдік алу үшін алдымен банк рұқсаты қажет және салық бойынша кешіктірілген қарызы болмауы керек. Қаржылық және банктік ұйым алдындағы өтелмеген қарызының болмауы да ерекше маңызға ие. Несие ұйымы несие рәсімдеуге рұқсат бергеннен кейін құжаттар қорға жіберіледі. Қор кепілдік ұсынуға келісім берген жағдайда банк, фермер мен Қор арасында үшжақты келісімшарт жасалады.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының көмегі арқасында егіс науқанын сәтті тәмамдап, қысқа уақыт ішінде қажетті техникаға қол жеткізіп үлгергендердің бірі – Қостанай облысындағы «Ақсай» ЖШС.
– «Биыл ақпан айынан бастап банкке барып несие алуға талаптандық. Алайда қажетті соманы алу үшін кепілге қояр мүлкіміз жетпеді. Сол кезде бізге Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қостанай облысындағы филиалы көмектесті. Кәсіпорын жұмысына экономикалық талдау жасауға бір аптадай уақыт кетті. Қолдау көрсеткендеріне алғысымыз шексіз. Қор тек кепілдік ұсынып қана қойған жоқ, мамандар құжаттарды рәсімдеуге бастан-аяқ көмектесіп, несие алғанға дейін жанымызда болды. Нәтижесінде, сәуір айында техникаларымыз түгенделіп, егін егуге толық дайын болдық. Соның арқасында биыл егіс науқанын мерзімінен бұрын аяқтадық», деп ризашылығын білдірді шаруашылық басшысы Ғалия Ермекбаева.
Қордың Қостанайдағы филиалының директоры Мақсат Қасымбековтің айтуынша, «Ақсай» ЖШС-не берілген 411 млн теңге несиенің 205,5 миллион теңгесі кепілдендірілген. Шаруашылық осымен сегізінші жыл қатарынан 14 мың гектар егіс алқабына бидай, зығыр, жасымық егіп келеді. Елу адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Серіктестіктің өзі облыс орталығынан 100 шақырым жердегі шағын ғана Борки ауылында орналасқан. Ауылдағы 80 үйдің халқына осы «Ақсай» серіктестігі жұмыс беріп отыр. Шаруашылық ауыл жұртына жалақы төлеуден бөлек, ауылдың әлеуметтік мәселелерін де шешеді. Жыл сайын еңбек өнімділігі де артып жатқанын айтады шаруашылық өкілдері. Мәселен, былтыр гектарына 15 центнерден өнім алған.
Қор Банк несиелерінен бөлек, кәсіпкерлердің «Еңбек» бағдарламасы арқылы несие серіктестері мен микроқаржы ұйымдарынан алған шағын несиелерін де кепілдендіреді. Мәселен, енді бастаған кәсіпкерлер несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік алса, көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққандардың несиесі 95 пайызға дейін кепілдендіріледі. Кепілдендіру сомасы 8000 АЕК көлемінде болады. Бұл – 23 млн теңге қаржы.
Ең бастысы, ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсетуге дайын Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бар. Қордың қолдауының арқасында шаруалар егіс алқаптарын ұлғайтып, мал санын көбейтеді. Бір сөзбен айтқанда, ауыл жұртының табысы артып, тұрмысы түзеледі.